Қадыр Мырза Әли (Мұрат-мүдде пернесі)

 Қадыр Мырза Әли (Мұрат-мүдде пернесі)

Қай жерде де бір өлім,
Қаймықпадым дәуден де.
Бүкіл жұрттың жүрегі
Мына менің кеудемде.

Бітпей қалған ел үшін
Бала күнгі ойным да.
Бүкіл халық борышы
Мына менің мойнымда.

Адамды адам жылатып
Жатса жердің шетінде,
Ұят!
Бүкіл ұятың
Мына менің бетімде!

***

Жаны жомарт жерімде
Жүрсе де жұрт төркінсіп,
Жайғасып өз төрімде
Жата алмаймын еркінсіп.

Жаным жалын мекендеп
Жанған ердің жайын ұқ.
Жайлау өмір екен деп,
Жүре алмаймын жайылып!

***

Көңілім – дос соңында ерген құлын.
Құрбымның құшағында – терген гүлім.
Мен үшін барып тұрған ақырзаман –
Біреуден бір қиянат көрген күнім.

Әділдік ауылында түстенгенмін,
Ақиқат азап шексе тістенгенмін.
Мен үшін ең ғажап күн өмірімде –
Біреуге бір жақсылық істеген күн!

***

Көкейіне қонсын деп қазағымның,
Бір өлеңді бір емес, жазамын мың.
Жазып-жазып қалжырап,
Келесі күн
Рахатын көремін азабымның.

Болмай бірақ тұрмайды бір ағаттық,
Бірге тойлап қызығын жұрағаттың,
Бөсіп-бөсіп түнімен,
Келесі күн
Тартып жатамын азабын рахаттың!

***

Бәрін істе,
Жау не істесе батырға:
Аштан қатыр,
Бір тамшы су татырма! –
Бәрін де мен көтеремін,
Бәрін де.
Бірақ маған айқайлама,
Бақырма!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!