Мұрагерлік құқық. Құқық негіздері, 11 сынып, дидактикалық материал.


Дереккөзі: https://www.zakon.kz/4976386-m-ragerl-k-y-tardy-or-audy-zh-zege.html

МҰРАГЕРЛІК ҚҰҚЫҚТАРДЫ ҚОРҒАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕРІ

 

 Тақырыбы бойынша ғылыми мақала

  

Авторлары: з.ғ.к., профессор Жайлин Ғ.А.

«Әділет» ҚЖМ-нің PhD докторанты Мақсатов Н.Р.

  

  

Алматы, 2019 ж.

 

 Мұрагерлік туралы істер бойынша дауларды шешкен кезде соттар мұра ашылған күнде қолданыста болған заңнаманы басшылыққа алуы тиіс.

 Мұрагерлік жөніндегі қатынастарды реттеудің бұрынғы тәртібіне қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң, ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған құқықтар мен міндеттерге қолданылады.

 Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 1042-бабына сәйкес мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі күшіне енген күн не сот шешімінде қайтыс болған деп белгіленген күн мұраның ашылу уақыты болып танылады. Егер бірінен кейін бірі мұрагер болуы мүмкін азаматтар бір мезгілде немесе бір күнтізбелік тәулікте, бірақ түрлі сағатта қайтыс болса, онда олар бірінен кейін бірі мұрагер болмайды және мұрагерлікке олардың әрқайсысының мұрагерлері шақырылады.

 Мұра қалдырушының соңғы тұрған жері мұраның ашылу орны болып табылады. АК-нің 16-бабына сәйкес азамат тұрақты немесе көбінесе тұратын елді мекен оның тұрғылықты жері деп танылады. «Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1063 қаулысына сәйкес, азаматтарды тіркеу тұрақты тұратын орны бойынша жүзеге асырылады. Әдетте, мұра қалдырушының соңғы тұрған жері тұрақты тұрған жеріне сәйкес келеді.

 Егер Қазақстан Республикасының аумағында мүлкі болған мұра қалдырушының соңғы тұрған жері белгісіз болса немесе оның аумағынан тыс жерде болса, Қазақстан Республикасында мұраның ашылу орны деп осындай мұрагерлік мүліктің орналасқан орны (жылжымайтын мүлік орналасқан жер, жылжымалы мүлік тіркелген жер, мұра қалдырушының шоты ашылған банк орналасқан жер және т.б.) танылады. Егер көрсетілген мұра әртүрлі жерлерде орналасқан болса, оның құрамына енетін жылжымайтын мүліктің орналасқан жері, ал жылжымайтын мүлік болмаған кезде - жылжымалы мүліктің немесе оның неғұрлым құнды бөлігінің орналасқан жері мұраның ашылу орны болып табылады. Мүліктің құндылығы оның нарықтық құнының негізінде айқындалады.

 Мұра қалдырушының тұрған жері мұрагерлерге белгілі болып, бірақ олар оны қандай да бір себептер бойынша құжаттармен дәлелдей алмаған жағдайларда, сот мұрагердің арызы бойынша Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 291 - 295 -баптарының тәртібімен мұраның ашылу орнының заңдық фактісін белгілеуі мүмкін.

 Азамат тұрақты тұрған жерінен тыс жерде (мысалы, міндетті әскери қызметті өткеруіне, оқуына, жұмыс жағдайына және сипатына, іссапарға, емдеу мекемесіне орналасуына, бас бостандығынан айыру орындарында болуына және т.б. байланысты) қайтыс болған жағдайда осындай адамдардың соңғы тұрақты тұрған жері деп олар қайтыс болғанға дейін (әскери қызметке шақырылғанға дейін, оқуға түскенге дейін, іс-сапарға шыққанға дейін, сотталғанға дейін және тағы басқа) тұрақты тұрған жері танылады.

 Кишиневте 2002 жылғы 7 қазанда қол қойылған, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы Заңымен бекітілген Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер үшін заңдық күші бар осы Конвенцияның 51-бабына сәйкес жылжымалы мүлікті мұраға қалдыру туралы істер бойынша істі аумағында қайтыс болу сәтінде мұра қалдырушының тұрғылықты жері болған уағдаласушы тараптың уәкілетті мекемелері жүргізуге құзыретті.

 Жылжымайтын мүлікті мұраға қалдыру туралы істер бойынша істі аумағында мүлік орналасқан уағдаласушы тараптың уәкілетті мекемелері жүргізуге құзыретті.

 Осындай ереже 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Минск Конвенциясының 48-бабындажәне 1997 жылғы 28 наурыздағы осы Конвенцияға хаттамада да бекітілген. Бұл Конвенция Кишинев конвенциясына қатысушы мемлекет пен оның қатысушысы болып табылатын, бірақ ол үшін Кишинев Конвенциясы күшіне енбеген мемлекет арасындағы қатынастарға қолданылады.

 АК-нің 1072-бабының 1-тармағына сәйкес мұраны алу үшін заң бойынша немесе өсиет бойынша мұрагер оны қабылдауы тиіс. Мұраны қабылдау тәсілі мұра ашылған кезде қолданыста болған заң бойынша айқындалады.

 Азаматтық кодекс (Ерекше бөлім) қолданысқа енгізілгенге дейін (1999 жылғы 1 шілдеге дейін) және 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен Азаматтық кодекске (Ерекше бөлім) енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілгеннен кейін (2007 жылғы 3 ақпаннан бастап) ашылған мұраны мұрагер мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге уәкілетті лауазымды тұлғаға мұраны қабылдау туралы немесе мұра алу құқығы туралы куәлікті беру туралы арыз беру арқылы не оны іс жүзінде қабылдау арқылы қабылдауы тиіс.

 Мұраны іс жүзінде қабылдау деп мұрагердің мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін соңғының мүлкін иеленуін және пайдалануын кәуландыратын әрекеттері, оның мүлкін ұстау мен сақтау жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруы, мұрагерлік мүлікке байланысты оның қарыздары мен салықтарын төлеуі не мұрагерлік массаға енгізілуге жататын мүліктік сипаттағы мұра қалдырушыға тиесілі төлемдерді, құндылықтарды алуы түсіндіріледі.

 Мұра қалдырушының қарыздары бойынша мұрагердің жауапкершілігі. Мұраны қабылдаған мұрагер оған ауысқан мұрагерлік мүліктің нақты құны шегінде ғана мұра қалдырушының қарыздары бойынша жауап береді. Мұра қалдырушының міндеттемелері бойынша мұрагерлердің бірінің жауапкершілігі үлесті болып табылады. Мұрагерлердің біреуі оған ауысқан мұрагерлік мүліктің активтеріндегі сол үлестің шегінде ғана мұра қалдырушының қарыздары бойынша жауап береді. Бұл мұра бойынша мүлік ауысқан мемлекеттің жауапкершілігіне де қатысты. Егер заң бойынша мұрагерлері жоқ мұра қалдырушы заң бойынша мұрагерлердің ортасына кірмейтін тұлғаға өз мүлігінің жартысын өситеттесе, онда басқа бөлігі мұра ету тәртібінде мемлекетке ауысады. Мұрагерлердің әрбіреуі заң бойынша мұрагер сияқты мемлекет әрбіреуіне ауысқан мұрагерлік мүліктің сол үлесінің нақты құны шегінде ғана мұра қалдырушының қарыздары бойынша жауап береді.

 Бұл кезде бір не бірнеше мұрагерлерге мұрагерлік мүліктің өтуіне тәуелсіз мұра қалдырушының қарыздары бойынша жауапкершілік көрсетілген мүліктің нақты құнының шегінен шықпайды.

 Егер мұрагерлік мүліктің активтері 6 мың теңге құраса және мұра тең үлестерде үш мұрагерлерге ауысты, ал мұра қалдырушының қарыздары 4,5 мың теңге құраса, онда мұрагерлердің әрбіреуі 1,5 мың теңге шегінде осы қарыздар бойынша жауапкершілік ұстанады. Қарызгерлер мұраны ашу сәтінен мұраны қабылдаған мұрагерлерге не өсиетті орындаушыға не мұраны ашу орны бойынша нотариалдық контораға өзінің талаптарын ұсынуға құқылы. Сәйкес талаптар мерзімінің келуіне тәуелсіз қуынымдар ұсынылады.

 Несие берушілер өздерінің талаптарын ұсынуға мерзімнің заңды табиғатын бұлтару мерзіміне жатқызу қажет, себебі қарызгерлер талап ету құқығын жоғалту қаупімен өзінің қуынымдары туралы шағымдануы тиіс.

 Біріншіден, бұл мерзімі мұра қалдырушының міндеттерінен шығатын талаптарға жатады және үшінші тұлғалардың заттан - құқықтың талаптарына тарамайды.

 Екіншіден, талапты беру үшін алты айлық мерзімге ескілік мерзімді тоқтату және қайта қалпына келтіру туралы ережелер тарамайды.

 Үшіншіден, айтылып кеткендей, мұра қалдырушыға қарау, оны жерлеу бойынша шағымдарда, сонымен қатар мұраны қорғау және оны басқару бойынша шағымдарды өтеу туралы талаптарға жалпы үш жылдық мерзім таралады.

 Төртіншіден, міндеттемелер бойынша кепіл ұстаушының талаптарына алты айлық мерзім тарамайды, себебі кепіл құқығы кепіл ұстанушының қайтыс болуымен тоқтатылмайды.

 Бесіншіден, белгіленген алты айлық мерзім міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап ету құқығын қарызгерлерді туындатпайды.

 Мұрагерлер көрсетілген әрекеттерді мұра ашылған кезден бастап алты ай ішінде жасауы тиіс.

  

 Мұрагердің мұрадан бас тартуы, басқа мұрагердің мұраны қабылдамауы немесе АК-нің 1045-бабында белгіленген негіздер бойынша мұрагерді мұраны қабылдаудан шеттету салдарынан мұрагерлік туындайтын басқа тұлғалар, олардың мұрагерлікке құқықтары туындаған күннен бастап алты ай ішінде мұраны қабылдауға құқылы.

 1999 жылғы 1 шілдеден бастап 2007 жылғы 3 ақпан аралығындағы кезеңде ашылған мұра бойынша мұрагерлікке шақырылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде мұрадан бас тартпаған, АК-нің 1045-бабында көзделген негіздер бойынша мұрагер құқығынан айырылмаған мұрагер өзіне тиесілі мұраға немесе оның бөлігіне (үлесіне) құқықты мұра ашылған уақыттан бастап иеленеді және заңда белгіленген тәртіппен оны мұрагер деп тағайындау туралы өсиеттік өкімді жарамсыз деп тану салдарынан мұрагерлік құқықты жоғалтпайды.

 Белгіленген тәртіппен қабылданған мұра, ол ашылған күннен бастап мұрагерге тиесілі деп танылады. Сондықтан мұра алу құқығы туралы куәлікті алу мұрагердің міндеті емес, құқығы болып табылады, көрсетілген куәліктің болмауы мұрагерлік құқықты жоғалтуға негіз бола алмайды.

 Егер мұрагер АК-нің 1072-1-бабының 2-тармағында көрсетілген қандай да бір әрекеттерді жасап, мұраны іс жүзінде қабылдаса, бірақ нотариус қандай да бір себептермен мұра алу құқығы туралы куәлікті беруден бас тартса, онда мұрагер сотқа ерекше іс жүргізу тәртібімен нотариустың әрекеттеріне шағым келтіруге құқылы.

  

 Мұрагер мұраны іс жүзінде қабылдаған, бірақ мұра алу құқығы туралы куәлікті алу үшін нотариусқа қажетті даусыз дәлелдемелерді келтіре алмаған және оларды өзге де жолмен алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда мұрагер мұраны қабылдаудың заңдық фактісін белгілеу туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы, арыз ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Егер, бұл ретте құқық туралы дау туындаса, онда мұндай фактіні белгілеу талап қою тәртібімен жүргізіледі.

  

 Мұрадан бас тарту туралы арыз мұрагер мұрагерлікке шақырылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде мұра ашылған орны бойынша нотариусқа мұрагердің жеке өзі келіп беруі немесе пошта арқылы берілуі мүмкін. Арыз пошта арқылы жіберілген кезде арызға қойылған қол куәландырылуы тиіс. Нотариус, елді мекенде нотариус болмаған жағдайда нотариаттық әрекеттерді жасауға өкілетті аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімі аппаратының лауазымды тұлғасы, сондай-ақ мұрагер уақытша немесе тұрақты шетелде тұрып жатқан жағдайда Қазақстан Республикасының атынан консулдық функцияны жүзеге асыратын лауазымды тұлға қолдың түпнұсқалығын куәландыруға құқылы.

 АК-нің 167-бабына сәйкес ресімделген сенімхатта мұрадан бас тартуға өкілеттік көрсетілген жағдайда ғана мұрагердің өкіліне сенімхат бойынша осындай арыз беруіне жол беріледі.

 Жасы он төртке келмеген кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері (олардың ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары), сондай-ақ белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың қорғаншылары сенімхатсыз әрекет етеді. Алайда, мұрадан бас тарту үшін олар қорғаншылық және қамқоршылық органынан рұқсат алуы қажет.

 Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар, соттың шешімімен әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар өздерінің ата-аналарының, асырап алушыларының, қамқоршыларының келісімімен мұрадан бас тартуға құқылы. Соңғылар қорғаншылық және қамқоршылық органының рұқсатымен ғана келісім бере алады.

  

 АК-нің 1074-бабының 1-тармағына сәйкес, мұрагер мұраны қабылдау үшін берілген мерзім (алты ай) өткеннен кейін, сондай-ақ мұраны іс жүзінде қабылдаған кезде мұрадан бас тарту құқығын жоғалтады. Мұрадан бас тарту үшін мерзім мұрагер өзінің мұрагерлікке шақырылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған кезден басталады. Сот дәлелді себептер болған жағдайда мұраны қабылдаудан бас тарту мерзімін ұзартуы мүмкін, алайда бұл мерзім екі айдан аспауға тиіс.

 Сот мұрагерлердің мұрагерлік мүлік туралы дауларын қараған жағдайда мұрагер сотта мұрадан бас тарту туралы өтінішін білдіре алмайды және сот оны қабылдамайды.

 Мұрадан бас тартқан адам кейіннен өзінің бас тартуының күшін жоя алмайды немесе оны өзгерте алмайды. Мұрадан бас тарту ерікті түрде жасалмаған жағдайда (басқа адамдардың тарапынан мәжбүрлеу, алдау немесе жаңылыстыру және т.с.с. арқылы жасалса), мұрагер мәмілені жарамсыз деп тану үшін АК-де көзделген негіздер бойынша сот тәртібімен даулауға құқылы.

  

 Егер мұрагер өсиет бойынша және заң бойынша мұрагерлікке шақырылса, онда ол осы негіздемелердің біреуі бойынша немесе екі негіздеме бойынша өзіне тиесілі мұрадан бас тартуға құқылы.

 АК-нің 1074-бабының 8-тармағына сәйкес ескерту жасап немесе шарт қойып мұрадан бас тартуға жол берілмейді. Егер мұрагер мұраның бір бөлігінен бас тартса, онда ол барлық мұрадан бас тартты деп есептеледі. Алайда, бұл ереже АК-нің 1079-бабына сәйкес мұрагерге үстелу құқығы бойынша тиесілі мұрадан бас тартқан жағдайға қолданылмайды.

 Мұрагерлікке шақырылған мұрагер өсиет бойынша немесе кез келген кезектегі заң бойынша мұрагерлердің қатарындағы басқа адамдардың пайдасына, оның ішінде ұсыну құқығы бойынша мұрагерлікке шақырылған адамдардың пайдасына немесе нақты адамдарды көрсетпестен мұрадан бас тартуға құқылы. Мұрагерлікке шақырылмаған ұсыну құқығы бойынша мұрагерлердің, АК-нің1046-бабының 4-тармағына сәйкес өсиет қалдырушы мұрадан айырған мұрагерлердің не лайықсыз мұрагерлер деп танылған адамдардың пайдасына мұрадан бас тартуға жол берілмейді.

 Егер мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагер заңда белгіленген мерзімде өзінің міндетті үлесін алу құқығынан бас тартса, онда мүліктегі оның үлесі өсиет бойынша мұрагерлерге ауысады. Міндетті үлеске құқық мұрагердің жеке басына байланысты болады, сондықтан міндетті үлестегі мұрадан басқа адамдардың пайдасына бас тартуға жол берілмейді.

  

 Мұра қалдырушы барлық мүлікті өзі тағайындаған мұрагерлерге өсиет етсе, онда мұрадан қандай мұрагерлердің пайдасына бас тартқанын көрсетпеген, мұрадан бас тартқан немесе шығын қалған мұрагерге тиесілі мұра бөлігі өсиет бойынша қалған мұрагерлерге ауысады және өсиетте өзгеше көзделмегендіктен, олардың үлестеріне бара-бар бөлінеді. Шығын қалған мұрагер деп мұрадан бас тартқан не АК-нің 1072-2-бабында белгіленген мерзімде мұраны қабылдамаған, сондай-ақ мұраны іс жүзінде қабылдамаған және мұра қалдырушыдан бұрын қайтыс болған мұрагерді түсіну керек.

 Мұрагердің АК-нің 1072-3-бабына сәйкес мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы арызын қарағанда сот мерзімді қалпына келтіріп, мынадай шарттар жиынтығы болған кезде:

 мұраны іс жүзінде қабылдаған дәлелдері болмаса;

 мерзім дәлелді себептермен (мұрагердің науқастануы, сондай-ақ мұраны қабылдау туралы арызды беруге кедергі жасайтын мән-жайлар) өткізіп алса;

 мұрагер осы мерзімді өткізіп алуының себебі жойылғаннан кейін алты ай ішінде сотқа жүгінсе мұрагерді мұраны қабылдаған деп тани алады.

 Бұл ретте, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы арызбен сотқа жүгінудің алты ай мерзімі АІЖК-нің 128-бабының тәртібімен қалпына келтірілмейтіні ескерілуі тиіс. Осы мерзімнің өтуінің басталуын анықтау мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алу себептерінің аяқталуына байланысты болғандықтан мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тану туралы арыз АК-нің 1072-3-бабында көрсетілген алты айлық мерзімнің өтуіне қарамастан соттың өндірісіне қабылданады.

 Мұраны қабылдау үшін мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тануды сот әрбір істің нақты мән-жайларына байланысты анықтайды.

 Мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тану туралы арыз мұрагерлік мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан орны бойынша сотта талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен мұраны қабылдаған басқа мұрагерлердің қатысуымен қаралады. Осындай мұрагерлер болмаған жағдайда мұраның ашылған орны бойынша коммуналдық меншікті басқаруға өкілетті орган іске қатысуға тартылады, себебі иесіз қалған мүлікті алу үшін мұраны қабылдау талап етілмейді.

 Арыз қанағаттандырылған жағдайда сот шешімнің қарар бөлігінде мерзімнің қалпына келтірілгендігі және мұрагердің мұраны қабылдағаны танылғандығы көрсетіледі, сондай-ақ нотариус берген мұра алу құқығы туралы куәлік бар болған кезде барлық мұрагерлердің үлесін белгілейді тіркеу органдарына мұра қалдырушының мүлкіне мұрагердің құқығын тіркеуді міндеттеп, мұра алу құқығы туралы куәлікті жарамсыз деп таниды. Қажет болған жағдайда сот АІЖК-нің 159 және 239-баптарына сәйкес жаңа мұрагердің мұраның оған тиесілі үлесін алу құқығын қорғау жөнінде шаралар қолдануға тиіс.

  

 Егер мұраны бөлу туралы талап қойылса, сот АІЖК-нің 219-бабының екінші бөлігінің ережелерін негізге алып, қойылған талаптың мәні бойынша шешім шығаруға міндетті.

 Нотариус мұра алу құқығы туралы куәлікті бермеген жағдайда арыз қанағаттандырылған кезде сот шешімнің қарар бөлігінде мерзімнің қалпына келтірілгендігі және мұрагердің мұраны қабылдағаны танылғандығы көрсетіледі. Соттың шешімі нотариустың мұра алу құқығы туралы куәлікті беруі үшін негіз болып табылады. [10, 6-7 бб]

 Мұра алу құқығы туралы куәлікті мұрагерлерге нотариус немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге өкілетті лауазымды тұлға мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін мұраның ашылған орны бойынша береді.

 Осы мерзім өткенге дейін заң бойынша және өсиет бойынша мұра алу құқығы туралы куәлік нотариустың немесе лауазымды тұлғаның мұраға қалдырылған мүлікке қатысты басқа мұрагерлердің жоқ екендігі туралы құжаттармен расталған дәйекті мәліметтері болған жағдайда ғана берілуі мүмкін.

  

 Табыс етілген мәліметтер күмән тудырған кезде нотариус мұра алу құқығы туралы куәлікті мерзімнен бұрын беруден бас тартуға құқылы. Бұл әрекеттер мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге кедергі болып табылмайды.

 АК-нің 1044-бабына сәйкес мұра ашылған кезде көзі тірі болған, сондай-ақ мұра қалдырушының көзі тірі кезінде іште қалған және мұра ашылғаннан кейін тірі туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.

 Мұра ашылғанға дейін құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагер болуы мүмкін.

 Заң бойынша мұрагерлер АК-нің 1061 - 1064 -баптарында көзделген кезектілік тәртібімен мұрагерлікке шақырылады. Заң бойынша мұрагерлердің әрбір келесі кезегі мұрагерлердің алдыңғы кезегі болмаған жағдайда мұра алу құқығын иеленеді.

 Мұра қалдырушының асырауында болған еңбекке жарамсыз адамдар, егер олар мұра ашылған кезде еңбекке жарамсыз болып, мұра қалдырушы қайтыс болғанға дейін кемінде бір жыл оның асырауында болса, олар ашылған мұрадан үлестерін алуға құқылы.

 АК-нің 1062 - 1064 -баптарында көрсетілген заң бойынша мұрагерлерге жататын еңбекке жарамсыз адамдар мұра қалдырушымен бірге тұрғандығына немесе тұрмағандығына қарамастан, мұрагерлікке шақырылған кезектегі мұрагерлермен бірге және тең мұра алады. АК-нің 1062 - 1064 -баптарында көрсетілген мұрагерлер тобына кірмейтін, заң бойынша мұрагерлерге жататын еңбекке жарамсыз адамдар, егер олар мұра қалдырушымен бірге тұрған болса, мұрагерлікке шақырылған кезектегі мұрагерлермен бірге және тең мұра алады.

  

  

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  

 1. Қазақстан республикасының Конституциясы 30.08.1995 ж. (23.03.19 ж. берілген өзгерістер мен толықтырулармен).

 2. Қазақстан республикасының Азаматтық кодексі. Ерекше бөлім 01.07.1999 ж.

 3. Қазақстан республикасының Азаматтық кодексі. Ерекше бөлім 01.07.1999 ж. (24.04.19 ж. берілген өзгерістер мен толықтырулармен).

 4. Қазақстан республикасының Азаматтық кодексі. Жалпы бөлім 27.12.1994 ж. (01.07.2019ж. берілген өзгерістер мен толықтырулармен).

 5. Қазақстан Республикасының Азаматтық процесстік кодексі. 31.10.2015 ж. (01.04.2019ж. берілген өзгерістер мен толықтырулармен).

 6. «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы» Минск Конвенциясы. 22.01.1993 ж.

 7. «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы» Кишинев Конвенциясы.07.10.2002 ж.

 8. Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» заңы 14.07.1997ж. (21.01.19 берілген өзгерістер мен толықтыруларымен).

 9. Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 12.06.2000 ж. № 1063 қаулысы.

 10. Жайлин Ғ. А. «Қазақстан Республикасының Азаматтық Құқығы, Ерекше бөлім» 2 том, Алматы, 2006 ж. - 382 б.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?