Қазақша құттықтау - тілек: Тұсаукесер тойы

Қазақша құттықтау - тілек: Тұсаукесер тойы

Мынау тұсаукесердегі бата-тілегіме қол жайып бата жасайық, халайық:
Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам,
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Тақымыңды жаз балам!
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық,
Қаз-қаз балам, жүре ғой.
Әумин!

Қуанышты тойдың көңілді сәні мен тәрбиелік мәні қызықшылық біткен соң ұмытылмауға тиіс. Біз осы есте қаларлық сәтке өз үлесімізді қосайық деп келдік. Осы тойда сөйлегендердің тілектеріне біз де қосыламыз. Айтарымыз Азаматымыздың дені сау болып, ата-анасына қуаныш пен бақыт әкелсін. Өмірде сүрінбесін. Әрбір басқан қадамы оңғарылып, Қыдыр ата қолдап жүрсін.
Мен осы айтқан той-тілегім үшін дастархандағы дәмнен алып отырыңыздар!

Тәй-тәй басқан кішкентайымыздың тұсауы кесіліп, болашағына жол ашылғандай күй кешудеміз. Құтты болсын! Өмір жолы ақ, түзу болсын! Ешқашан сүрінбесін, дұшпан көзіне ілінбесін! Өмірі нұрға, көңілі жырға бөленіп жүрсін!
Кішкентай адамның басқан қадамы құтты, өмір жолы жарқын болсын! Арайлап атқан әр таңы қуанышқа толы болсын! Көзінен жас ақпасын, жамандықтың дәмін татпасын! Қадамын сүрінбей басып, тек қана алға ұмтылсын, басына бақ орнасын, Қыдыр қолдасын!

Еліңе ырыс-құт орнасын,
Жеріңе тыныштық орнасын!
Өсек аянның құрбаны болма,
Озбырлардың шұлғауы болма!
Жүзің нұрлы болсын,
Жүрегің сырлы болсын,
Тілің жырлы болсын –
Жігіттің сұлтаны атанып,
Өнерің сегіз қырлы болсын!

Тұсауың кесілді, құлама,
Тізеңді жаралап жылама.
Құлындай құлдырап жүгірші,
Кәніки өзіңді сына да
Секірсең құздардан сүрінбе
Шыңдарға шыққанда бүгілме.
Болаттай қабырғаң қатайып,
От ұшқын ойнасың түгіңде.
Ұзақ боп Иншалла өмірің,
Тасысын шаттықтан көңілің.
Жарқырап күн санап өсе бер,
Жарқылдап семсердей сенімің.

Басып жатыр бір қадам, екі қадам,
Щоқты қара көзінен шашыраған.
Қуанышпен кеудеден жасыра алмай,
Төр іздейді тіршілік-сахнадан.

Балдырғанды бал үміт алға сүйреп,
Тәй-тәй басты, қадамың алғаш рет.
Қаз-қаз тұрып,
Қарыштап жүріп кетсін,
Ата-ананың соқпағы, жалғасы боп.

Тұсауын кес сәбидің, бар да жылдам,
Құр қалмасын өмірдің сайранынан.
Шапқыласын туған жер төсінде еркін,
Жігіт болсын желі ескен айдарынан.



Комментарии для сайта Cackle