Ғарышкерлер және ғарышқа саяхат. Дүниетану, 4 сынып, дидактикалық материал.
Талғат Мұсабаев: Алғаш ғарышқа ұшқан сәтім жадымда мәңгі сақталады 2016 жылғы 21 қараша 13:38 4094 Бөлісіңіз: Талғат Мұсабаев: Алғаш ғарышқа ұшқан сәтім жадымда мәңгі сақталады АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғарышкер, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ҚР Президентінің кеңесшісі Талғат Мұсабаев 1994 жылы ғарышқа алғаш рет ұшқан сәті туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жерге қонған сәтте Президенттің өзі күтіп алған ғарышкер мен болғандықтан, сіздерге 1994 жылы менің алғашқы ғарышқа аттанған сәтімнен естеліктерімді айтып беруге рұқсат етіңіздер. Ол 1994 жылдың 4 қарашасы болатын. Біз Арқалықтан алыс емес жерге, қаладан солтүстік-шығысқа қарай 77 шақырым қашықтықта қондық. Нұрсұлтан Әбішұлы - «Байқоңырдан» ғарышкерлерін шығарып салып, Жерге қонған сәтінде күтіп алған әлемдегі жалғыз президент», - деді Мұсабаев «Қазақстандағы ғарыш күндері-2016» атты халықаралық семинарда. Оның айтуынша, ғарышқа аттанған үш кезде де, Жерге қону барысында оны Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі күтіп алып отырған. Талғат Мұсабаев: Алғаш ғарышқа ұшқан сәтім жадымда мәңгі сақталады «Иллюминатор терезесінен алғаш көрген бейне - күзгі даламен жүріп келе жатқан Президент болды. Нұрсұлтан Әбішұлы бізді күтіп алуға асығып келе жатты. Арқалық даласының қараша айындағы пейзажы, капсула жанында тұрған Президент пен оның көздеріндегі ағалық жылуы, менің өмірімдегі ең керемет сәттердің бірі ретінде есте қалыпты», - деп атап өтті ғарышкер. «Ғарышта ұшу барысында Нұрсұлтан Назарбаев біздің экипажбен байланысқа шығатын. Ол Республика Сарайындағы мерекелік жиында болды. Біздің Президентпен болған сұхбатымыз барлық залға естіліп тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы сол кезде былай деген еді: «Мен сені шығарып салдым, мен сені күтіп аламын». Елбасы сол сөзінде тұрды», - дейді Мұсабаев. Ғарышкер сөзін ары қарай алғашқы ұшырылыммен жалғап, Жерге қону сәтімен бөлісті. «Жерге қону қиындық туғызды, себебі жел қатты болатын. Жерге алғаш рет өте қатты соғылдық, серпіліп барып, люкпен тағы соғылдық, серпілдік те, табанымен жерге дүңк етіп қондық. Рациямен бізге қауіпсіздік белдіктерін ағытуды тапсырды. Бірақ біз орындықтардан ешқайсымыз тұра алмадық. Гравитациядан әбден айығып қалыппыз. Бір тонна салмақты көтеру керек сияқты болды. Ентігіп, күшеніп, әйтеуір орнымыздан тұрдық. Сыртқа өзіміз шықтық», - деп еске алады ол. «Туған жерімізге қайтып оралғаныма қуанып, оның үстіне Президенттің өзі жеке күтіп алғанын көріп, бақыттан басым айналып, аяққа тік тұрыппын. Барлықтарының көзі шарасынан шығып кете жаздады. Себебі олай жасауға болмайды. Әдетте, ғарышкерлер Жерге қонғанда, капсуладан оларды қолдарынан сүйретіп шығарады да, қолмен көтеріп алып кетеді. Мен болсам, аяққа тік тұрып, Президентке ұшырылым сәтті аяқталғаны туралы мемлекеттік тілде баяндап бердім. Ол мені жылы құшақтап, алғысын жеткізді. Эйфория деп осыны айт. Кейін барлық ұшырылым барысында мен өз аяғыма тұрып, өзім баратын болдым. Бұл менің принципім болды. Себебі Президент мені жеке өзі күтіп алатын, ал Президентті тек тік тұрып қарсы алу керек», - деп аяқтады сөзін қазақ ғарышкері. Талғат Мұсабаев: Алғаш ғарышқа ұшқан сәтім жадымда мәңгі сақталады Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев - қазақтың 2-ші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері. 1994 жылғы маусымның 1-інен қарашаның 4-іне дейін «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің борт-инженері ретінде ғарышта болып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Ұшу кезінде қазақстандық ғылыми-зерттеулердің 2-бағдарламасын орындады. 25-негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 жылы қаңтардың 29-ы мен тамыздың 25-і аралығында «Союз-ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің командирі ретінде ғарышта болды. Ұшу кезінде 5 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл сапар барысында ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 3-бағдарламасы орындалды. 2001 жылғы сәуірдің 28-і мен маусымның 6-ы аралығында «Союз-ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық стансасына барған бірінші экспедицияның экипаж командирі міндетін атқарды. Бұл ұшу кезінде ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 4-бағдарламасы орындалды. Айта кетейік, Астанадағы халықаралық семинарға 20 мемлекеттен 50-ге тарта ғарыш компаниясы - «Airbus Defence and Space» (Франция), «Surrey Satellite Technology Limited» (Ұлыбритания), «IABG» (Германия), «МКК «Космотрас» (Ресей), «Hexagon Geospatial» (АҚШ), «UrtheCas» (Канада); «SESTEMA/SUNACS» (Судан), «ГеоСкан» (Ресей), «Компания Совзонд» (Ресей), «Ракурс» (Ресей), «СКАНЭКС» (Ресей), Digital Globe (АҚШ) келіп отыр.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/talgat-musabaev-algash-garyshka-ushkan-satim-zhadymda-mangi-saktalady_a2971714
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?