Адам құқығы түсінігі және оның негізгі түрлері. Құқық негіздері, 10 сынып, қосымша материал, 4 - сабақ.


Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы N 91 Заңы

      Нью-Йоркте 1966 жылғы 16 желтоқсанда жасалған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының       Президенті

Азаматтық және саяси құқықтар туралыхалықаралық пактi(Нью-Йорк, 1966 ж. 16 желтоқсан)

(2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2006 ж., № 4, 30-құжат)

      Қараңыз: Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті ережесіндегі шектеу және тартыну түсіндірмесінің Сиракуз принциптері ББҰ құжаты E/CN.4/1985/4, Қосымша (1985)

      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер,      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған қағидаттарға сәйкес, адам баласы отбасының барлық мүшелерiне тән қадiр-қасиетiн, олардың құқықтарының теңдiгi мен ажырамастығын тану-бостандықтың, әдiлдiктiң және жалпыға бірдей бейбiтшiлiктiң негiзi болып табылатынын назарға ала отырып,      бұл құқықтар адам баласына тән қадiр-қасиеттен туындайтындығын тани отырып,      Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес әркiм экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтарын да өзiнiң азаматтық және саяси құқықтарымен бірдей пайдалана алатындай жағдай туғызғанда ғана, азаматтық және саяси бостандығын және үрей мен мұқтаждықтан бостандығын иеленген еркiн адам үлгiсi жүзеге асырылуы мүмкiн екендiгiн тани отырып,      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша мемлекеттер адам құқықтары мен бостандықтары жалпыға бірдей құрметтелуiн және сақталуын көтермелеп отыруға мiндеттi екендiктерiне назар аудара отырып,      әрбір жеке адам, басқа адамдарға және өзi мүшесi болып саналатын ұжымға қатысты мiндеттерi бола отырып, осы Пактiде танылған құқықтарды көтермелеуге және сақтауға қол жеткізуi тиiс екендiгiне назар аудара отырып, төмендегi баптар туралы келiстi:

I БӨЛIМ

1-бап

      1. Барлық халықтар өзiнiң мемлекеттік құрылысын өздерi шешуге құқылы. Осы құқық бойынша олар өз елiнiң саяси мәртебесiн еркiн белгiлеп, оның экономикалық, әлеуметтiк және мәдени дамуын еркiн түрде қамтамасыз етедi.      2. Барлық халықтар алдарына қойған мақсат-мұраттарына жету жолында халықаралық экономикалық ынтымақтастықтан туындайтын, өзара тиiмдiлiк қағидаттары мен халықаралық құқыққа негiзделген қандай да болсын мiндеттемелерге нұқсан келтiрместен, өз елiнiң табиғи байлықтары мен ресурстарын еркiн игере алады. Бiрде-бір халықты меншiгіндегі тiршiлiк етуге қажеттi заттардан еш уақытта айыруға болмайды.      3. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттердiң бәрi, соның iшiнде өзiн-өзi басқарушы емес және қамқорлығындағы аумақтарды басқаруда жауапты мемлекеттер де, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерiне сәйкес, мемлекеттік құрылысын өзi шешу құқығын жүзеге асыруын көтермелеуге және ондай құқықты құрметтеуге тиiс.

II Бөлiм

2-бап

      1. Осы Пактiге қатысушы әрбір мемлекет, осы Пактiде танылған құқықтарды өзiнiң аумағының шегiнде және юрисдикциясына қарасты аумақта тұратын барлық жұртты нәсiлiне, түр-түсiне, жынысына, тіліне, дiнiне, саяси, немесе басқа да наным-сенімiне, ұлттық немесе әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк жәй-күйiне, туу немесе өзге де жағдаяттарына қарамастан, еш алаламай аталған құқықтарды құрметтеуге және қамтамасыз етуге мiндеттенедi.      2. Мұндай мiндеттер қолданыстағы заң жүзiнде, немесе басқа шаралар түрiнде ескерiлмеген жағдайда, осы Пактiге қатысушы әрбір мемлекет, өзiнiң конституциялық процедуралары мен осы Пактiнiң ережелерiне сәйкес, осы Пактiде танылған құқықтарды жүзеге асыру үшiн қажет болатын заң шығару немесе басқа да шараларды қабылдау үшiн қажеттi шаралар қабылдауға мiндеттенедi.      3. Осы Пактiге қатысушы әрбір мемлекет:      а) осы Пактiде танылған құқықтары мен бостандықтары бұзылған кез-келген адамға, олардың құқықтары мен бостандықтарын ресми тұлғалар бұзған күннiң өзiнде де, тиiмдi құқықтық қорғау амалын қамтамасыз етуге;      б) құқығын қорғауды талап еткен кез келген адамның құқықтық қорғау құқығы мемлекеттік құқықтық жүйесiмен көзделген құзыреттi сот, әкiмшілік, заң шығару билiктерi немесе басқа құзыреттi орган арқылы белгiленуiн және сот арқылы қорғалу мүмкiндiгінiң дамуын қамтамасыз етуге;      с) құқықтық қорғау құралдары берiлген күнде, оларды құзыреттi өкiмет орындарының пайдаланып қолдануларын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

3-бап

      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер, осы Пактiде көзделген барлық азаматтық және саяси құқықтарды пайдалану құқығы ерлер мен әйелдерге тең болуын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

4-бап

      1. Мемлекеттегi төтенше жағдай ұлт өмiрiне қауiп төндiрген күнде, және ол ресми түрде жарияланған болса, осы Пактiге қатысушы мемлекеттер осы Пактi бойынша өз мiндеттерiнен жалтару шараларын қиын жағдайдың шиеленiсi талап ететiн дәрежеде ғана және бұл шаралар халықаралық құқық бойынша басқа да мiндеттемелерiне қайшы келмейтiн жағдайда және нәсiлге, түр-түске, жынысқа, тiлге, дiнге немесе әлеуметтiк текке негiзделген кемсiтуге әкелiп соқпайтын жағдайда ғана қолдана алады.      2. Бұл ереже 6, 7, 8 (1, 2-тармақтар), 11, 15, 16 және 18-баптардан қандай да бір жалтаруға негiз бола алмайды.      3. Жалтару құқығын пайдаланып отырған осы Пактіге қатысушы кез келген мемлекет, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы арқылы, осы Пактiге қатысушы басқа мемлекеттердi қандай ережелерден жалтарғанын және мұндай шешiм қабылдауға мәжбүр еткен себептердi айтып, дереу хабардар етуге тиiс. Сонымен қатар, сол дәнекер арқылы, жалтару құқығының пайдалану мерзiмi қай уақытта аяқталатыны да хабарлануы тиiс.

5-бап

      1. Осы Пактiдегi ешбір қағида, қайсыбір мемлекетке, қайсыбір топқа, немесе қайсыбір адамға аталған Пактiде танылған кез-келген құқықтар мен бостандықтарды жоюға, немесе оларды осы Пактiде көзделген дәрежеден тыс шектеуге бағытталған қандай да бір жұмыспен айналысуға немесе қандай да бір iс-әрекет жасауға құқық бередi деп пайымдалуы тиiс емес.      2. Осы Пактiде танылған немесе осы Пактiге қатысушы қайсыбір мемлекетте заң, конвенция, ереже, немесе әдет-ғұрып жүзіндегі қандай да бір негiзгi адам құқықтарын осы Пактiде танылмайды немесе, танылған күнде де, кем ауқымда танылады деген сылтаумен ешқандай шектеуге немесе кемсiтуге жол берiлмейдi.

III БӨЛIМ

6-бап

      1. Өмiр сүру құқығы - әрбір адамның ажырамас құқығы болып табылады. Бұл құқық заңмен қорғалады. Ешкiмнiң де өмiрi ерiксіз қиылуға тиiс емес.      2. Өлiм жазасы жойылмаған елдерде, өлiм жазасы тек қана айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшiн, қылмыс жасалған уақытта қолданыста болған заңға сәйкес және осы Пактiнiң, сондай-ак Геноцид қылмыстарының алдын алу және жазалау туралы конвенцияның қаулыларына қайшы келмеген жағдайда ғана, ең ауыр жаза ретiнде берiледi. Бұл жаза тек қана құзыреттi сот шығарған ақтық үкiмдi орындау үшiн ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.      3. Өлiм жазасы геноцид қылмыстары үшiн берiлген болса, онда осы баптағы ешбір қағида осы Пактiге қатысушы мемлекеттерге Геноцид қылмыстарының алдын алу және жазалау туралы конвенцияның қаулылары бойынша қабылдаған кез келген мiндеттемелерiнен қайсы бір жолдармен жалтару құқығын бермейтiндiгiн ескеру керек.      4. Өлiм жазасына кесiлген әрбір адамның кешiрiм берудi немесе шығарылған үкiмдi жеңiлдетудi сұрап арыздануға хақысы бар. Барлық жағдайда да рақымшылдық, кешiрiм беру немесе өлiм жазасы туралы шығарылған үкiм ауыстырылып берiлуi мүмкiн.      5. Он сегiз жасқа толмаған адамдар жасаған қылмыстары үшiн өлiм жазасына кесiлмейдi және де өлiм жазасына кесiлген әйелдiң аяғы ауыр болса, өлiм жазасы жүзеге асырылмайды.      6. Осы баптағы ешбір қағида осы Пактiге қатысушы қайсыбір мемлекеттер үшiн өлiм жазасын жою мәселесiн болдырмауға, немесе өлiм жазасын жоюды кейiнге қалдыруға негiз бола алмайды.

7-бап

      Ешкiм де азапталуға немесе оның қадiр-қасиетiн қорлайтындай адамшылыққа жатпайтын қатыгездiк жолымен жәбірленуге немесе жазалануға тиiс емес. Iшiнара, ешбір тұлға өзiнiң ерiктi түрдегi келісімiнсіз медициналық немесе ғылыми тәжiрибеге ұшыратылуы тиiс емес.

8-бап

      Ешкiм де құлдықта ұсталуы тиiс емес; құлдық пен құл саудасының барлық түрiне тыйым салынады.      1. Ешкiм де кiрiптарлықта ұсталуы тиiс емес.      2. а) Ешкiм де ықтиярсыз немесе мiндеттi еңбекке мәжбүрленуi тиiс емес.      б) азапты жұмыстарды қолданатын елдерде, жасалған қылмыс үшiн тағайындалатын бас бостандығынан айыру жазасы азапты жұмыстармен iлесетiн болса, осындай жазаны тағайындаған құзыреттi соттың үкімін орындау үшiн, азапты жұмыстарды қолдануға 3 а) тармағы бөгет бола алмайды.      с) осы баптағы "ықтиярсыз немесе мiндеттi еңбек" деген термин қамтымайтын жұмыс пен қызметтiң түрлерi:      i) b тармақшасында көрсетiлмеген, әдетте соттың заңды ұйғарымы негiзiнде тұтқында жүрген немесе тұтқыннан шартты түрде босатылған адам атқаруға тиiс жұмыс пен қызметтiң қай түрi болмасын;      іі) әскери сипаттағы қызметтiң қай түрi болмасын, ал саяси және дiни этникалық себептермен әскери қызметтен бас тарту танылған елдерде, осындай себептермен әскери қызметтен бас тартқан адам үшiн заңды түрде белгiленген қызметтiң қай түрi болмасын;      iii) жұрттың өмiрi мен игiлiгiне қауiп төндiретiн төтенше жағдай немесе апат кезiнде мiндеттi түрде атқарылатын қызметтiң қай түрi болмасын;      iv) әдеттегi азаматтық мiндеттерге жататын жұмыс пен қызметтiң қай түрi болмасын.

9-бап

      1. Әрбір адамның бостандыққа және жеке басының өмiрiне қол сұғылмауына құқығы бар. Ешкiм де ерiксіз қамауда немесе тұтқында ұсталуға тиiс емес. Әркiм өз бостандығынан тек қана заң негiзiнде және сол заңда белгiленген процедураға сәйкес айырылуы мүмкiн.      2. Қамауға алынған әрбір адамға қамалған кезiнде оның қамауға алынған себептерi мен өзiне тағылған кез келген айып жедел түрде хабарланады.      3. Қамауға алынған немесе қылмыстық айыптау бойынша ұсталған әрбір адам судьяның немесе заң бойынша сот билiгiн жүзеге асыру құқығы бар және ақылға қонымды уақыт iшiнде iстi сотта қарауға немесе босатуға құзыретi бар басқа лауазымды адамның алдына жедел жеткiзiлуi тиiс. Сотта iсi қаралуын күтiп отырған адамдарды тұтқында ұстау жалпыға бірдей тәртiп болып саналмауы тиiс, бірақ босату - сотқа кел, сотта iсiнiң қаралуының қай сатысында болмасын келу, керектi жағдайда үкiм орындалу кезiне келу кепiлдігі берiлсе ғана жүзеге асырылады.      4. Қамау немесе тұтқында ұстау арқылы бас бостандығынан айрылған әрбір адамның, оның ұсталуының заңды-заңсыз екендiгi туралы сот кiдiртпей қаулы шығарып және ұсталуы заңсыз болған күнде оны босату туралы бұйрық беру үшiн iсi сотта қаралуына құқығы бар.      5. Қамаудың, я болмаса тұтқында ұсталудың құрбаны болған әрбір адам талаптық күшi бар өтемақы төлемдерiне құқылы.

10-бап

      1. Бас бостандықтарынан айрылған барлық адамдар өздерiне деген адамгершiлiктi көзқарасқа және адам баласына тән қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне құқылы.      2. а) айыпкерлер, ерекше жағдай тумаған күнде, сотталушылардан жеке орналастырылады және оларға жеке, сотталмаған адамдардың мәртебесiне сай, режим берiледi.      b) кәмелетке толмаған айыпкерлер, кәмелетке толған айыпкерлерден бөлек ұсталады және өте қысқа мерзiм iшiнде, шешiм шығарылуы үшiн, сотқа жеткiзiледi.      3. Тұтқындарға, пенитенциарлық жүйе бойынша, олардың түзелуiн және оларға әлеуметтiк қайта тәрбие берудi маңызды мақсат тұтатын режим қарастырылады. Кәмелетке жасы толмаған құқық бұзушылар кәмелетке жасы толған құқық бұзушылардан бөлек ұсталады және оларға өздерiнiң жасы мен құқықтық мәртебесiне сай режим берiледi.

11-бап

      Тек қана қайсыбір шарттық мiндеттеменi орындау дәрменсіздiгiнiң негiзiнде ешкiм де бас бостандығынан айырылуға тиiс емес.

12-бап

      1. Кез келген мемлекеттің аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам сол аумақтың шегiнде еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты мекен-жайды өз қалауынша таңдау құқығына ие болуы тиiс.      2. Әрбір адам өзiнiң туған елiн қоса алғанда, кез келген елдi тастап шығуға құқылы.      3. Жоғарыда айтылған құқықтар, заңда көзделген, мемлекеттік қауiпсіздiктi, немесе қоғам тәртібін, жұрттың денсаулығы мен имандылығын, немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн және осы Пактiде танылған құқықтармен қабысатын басқа құқықтарды қорғау үшiн қажет шектеулерден тыс ешқандай шектеулердiң объектiсi бола алмайды.      4. Ешкiм де өзiнiң туған елiне қайтып оралу құқығынан ерiксіз айырылуы тиiс емес.

13-бап

      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттердiң қайсыбірiнiң аумағында заңды негiзде жүрген шетел азаматын осы аумақтан, заңға сәйкес шығарылған шешiмдi орындау бағытында ғана қайтаруға болады, және де, егер мемлекет қауiпсіздiгiнiң императивтi қажеттілігi басқадай шараларды талап етпесе, ол өзiнiң қайтарылуына қарсы дәлелдемелердi ұсынып, құзыреттi өкiмет арнайы тағайындаған, құзыреттi өкiмет орны, тұлға, немесе тұлғалар арқылы iсiнiң қайта қаралуын талап етуiне және осы мақсатпен сол өкiметтiң, тұлғаның, немесе тұлғалардың алдына келтiрiлуiне құқығы бар.

14-бап

      1. Сот пен трибунал алдында жұрттың бәрi тең. Әрбір адам өзiне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезiнде немесе қайсыбір азаматтық процесте оның құқықтары мен мiндеттерiн анықтау кезiнде заң негiзiнде құрылған құзыреттi, тәуелсіз және әдiл сот арқылы iсi әдiлеттi және ашық қаралуын талап етуге құқылы. Егер, iстiң ашық қаралуы демократиялық қоғамда адамгершiлiк пен қоғамдық тәртiп, мемлекет қауiпсіздiгiнiң пайымдаулары ескерiлген жағдайда немесе азаматтардың жеке өмiрiнiң мүдделерi талап етсе немесе соттың пiкiрi бойынша, жариялылық әдiл соттың мүдделерiн бұзатын ерекше жағдай тудыратын болса, онда соттың iстi қарауы басынан аяғына дейiн немесе оның бір деңгейiнде, жабық түрде, баспасөз өкiлдерi мен жұртшылықты қатыстырмай, жүргiзiлуi мүмкiн; алайда, кез келген қылмыстық, не болмаса азаматтық iстер бойынша шығарылған қаулылардың бәрi, тек кәмелетке толмағандардың мүдделерi басқа шараларды талап еткен жағдайда немесе матримониалдық дау-дамайлар немесе балаларды қамқорлыққа алу жөніндегі iстер бойынша шығарылған қаулыларды қоспағанда, көпшiлiк алдында жария етiлуi тиiс.      2. Қылмыстық iс бойынша айыпталған әрбір адам, кiнәсi заң бойынша дәлелденгенге дейiн, кiнәсіз деп есептелуге құқылы.      3. Әрбір адамның өзiне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезiнде, ең кем дегенде, төменде көрсетiлген, толық теңдiк негiзiнде берiлетiн кепiлдiктерге:      а) өзiне тағылған айыптаудың сипаты мен негiзi жөнiнде өзi түсiнетiн тiлде толық және дереу хабардар етiлуiне;      b) қорғау шараларына дайындық жүргiзуге және өзi таңдап алған қорғаушымен жүздесiп-тiлдесуге мүмкiндiк берiлiп, жеткiлiктi уақытпен қамтамасыздандырылуына;      с) дәлелсіз ұстау негiзiнде сотталмауына;      d) өз қатысуымен сотталуға және өзiн өзi дербес қорғауына немесе өзi таңдап алған қорғаушы арқылы қорғалуына: егер оның қорғаушысы жоқ болса, онда осындай құқығы бар екендiгi жөнiнде хабардар етіліп, қандай жағдай болмасын әдiл сот мүдделерi талап етсе, өзiне тағайындалған қорғаушының көмегiн пайдалануына және де қорғаушының еңбегiне төлейтiн жеткiлiктi қаражаты жоқ болса, оның көмегiн ақысыз пайдалануына;      e) өзiне қарсы көрсетпе берген куәлардан жауап алынуына немесе осы куәлардан жауап алуды талап етуiне, сонымен қатар өзiнiң куәлары шақыртылуына және олардан жауап алу шарты өзiне қарсы көрсетпе берген куәлардан жауап алу шартымен бірдей болуына;      f) егер сот жұмысын атқаруда пайдаланатын тiлдi түсiнбесе, немесе сол тiлде сөйлей алмаса тiлмаштың көмегiн ақысыз пайдалануына;      g) өз-өзiне қарсы көрсетпе беруге немесе өзiн-өзi кiнәлi деп мойындауға мәжбүрленбеуiне құқығы бар.      4. Кәмелетке толмағандар жайындағы iс, олардың жасы ескерiлiп және қайта тәрбиеленулерiне ықпал жасайтын ықылас бiлдiрiлiп жүргiзiлуi тиiс.      5. Қайсыбір қылмыс үшiн сотталғандардың қай-қайсысы болмасын өзiнiң айыпталуы және шығарылған үкiм, заң бойынша жоғарғы сот инстанцияларында қайта қаралуын талап етулерiне құқықтары бар.      6. Егер қайсыбір адам қылмыстық iс жасағаны үшiн ақтық шешiм бойынша сотталып, одан кейiн соттың қателiгiн даусыз дәлелдейтiн қайсыбір жаңа немесе бұрын мәлiм болмаған мән-жайдың негiзiнде шығарылған үкiм бұзылса немесе оған кешiрiм жасалса және де жаңадан табылған жағдай кезiнде мәлiм болмағандығына сотталушының өзi iшiнара немесе толық кiнәлi еместiгi дәлелденсе, онда осындай сотталудың нәтижесiнде жазаланған адамға заң бойынша өтемақы төленедi.      7. Ешкiм де, егер жасаған қылмысы үшiн әрбір елдiң заңы мен қылмыстық iс жүргiзу құқығына сәйкес кезiнде үзiлдi-кесiлдi сотталып немесе ақталған болса, онда осы қылмысы үшiн екiншi рет сотталуға немесе жазалануға тиiс емес.

15-бап

      1. Ешкiм де жасаған iс-әрекетi немесе жiберген қателiгi негiзiнде, егер сол iс-әрекет жасалған кезде қолданыстағы мемлекетiшiлiк заң тұрғысынан немесе халықаралық құқық бойынша қылмыстық iс болып саналмаса, қандай да бір қылмыстық iске кiнәлi деп айыпталуына жол берiлмейдi. Сондай-ақ, кесiлген жаза, қылмыстық iс жасалған кезде қолданылатын жазадан ауыр болмауы тиiс. Ал егер қылмыс жасалғаннан кейiн сондай қылмыс үшiн кесiлетiн жазаның түрi, бұрын қолданып жүрген түрiнен гөpi, заң жүзiнде жеңiлдетiлген болса, онда қылмыскер соңғы заң бойынша айыпталуы тиiс.      2. Осы баптағы ешбір қағида кез келген адамды кез келген iс-әрекетi немесе жасаған қателiгi үшiн, егер де сол iс-әрекет жасалған кезiнде халықаралық қоғамдастық таныған құқық қағидаттары бойынша қылмыстық iс болып табылған болса, сот алдына келтiрiп жазалауға кедергi етпейдi.

16-бап

      Әрбір адам, қай жерде жүрсе де, құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқылы.

17-бап

      1. Әрбір адам жеке және отбасылық өмiрiне өзгелердiң өз бетінше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетінше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғылуынан, ар-намысы мен абырой-беделiне нұқсан келтiрiлуiнен қорғалуы тиiс.      2. Әрбір адамның осындай озбырлық пен қол сұғушылықтан заңмен қорғалуына құқығы бар.

18-бап

      1. Әрбір адамның ой-пiкiр, ар-ождан және дiн бостандығына құқығы бар. Бұл құқық дiнге сену немесе дiндi қабылдау және наным-сенімiн өз қалауынша таңдап алу еркiндiгiн, өз дiнiн, наным-сенімiн жеке өзi немесе басқа адамдармен бірiгiп тұту бостандығын, жария түрде немесе жеке жолмен уағыздау, құдайға құлшылық ету, дiни және наным-сенім мен iлiм салт-жораларын орындау бостандығын да қамтиды.      2. Ешкiм де дiнге сену немесе дiн мен наным-сенімдерiн өз қалауынша таңдап алу еркiндiгін кемiтетiн мәжбүрлiкке ұшыратылуы тиiс емес.      3. Дiнге сену немесе наным-сенімдерiн тұтыну еркiндiгi тек қана қоғам қауiпсіздiгін, тәртiптi, денсаулық пен имандылықты, сондай-ақ басқалардың негiзгi құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн заңмен белгiленген шектеулермен ғана шектелуi тиiс.      4. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ата-аналардың, тиiстi жағдайларда заңды қамқоршылардың, балаларына өздерiнiң наным-сенімдерiне сай дiни және имандылық тәрбиенi қамтамасыз ету бостандығын құрметтеуге мiндеттенедi.

19-бап

      1. Әрбір адам өз ой-пiкiрiн еш кедергiсіз ұстануға құқылы.      2. Әрбір адам өз пiкiрiн еркiн бiлдiруге құқылы. Бұл құқық мемлекеттік шекараларға қарамастан кез келген ақпараттар мен идеяларды еркiн iздеу, тауып алу және оларды өз қалауынша таңдап алған құралдар арқылы ауызша, жазбаша немесе баспасөз арқылы немесе көркемдiк бейнелеу формалары түрiнде тарату бостандығын да қамтиды.      3. Осы баптың 2-шi тармағында көзделген құқықтарды қолдану ерекше мiндеттер мен ерекше жауапкершiлiктi жүктейдi. Сондықтан оларды қолдану кезiнде кейбір шектеулердiң кездесуi мүмкiн, алайда ондай шектеулер заңмен белгiленiп және:      а) басқа тұлғалардың құқықтары мен абырой-беделiн құрметтеу;      b) мемлекеттік қауiпсіздiктi, қоғамдық тәртiптi, жұртшылықтың денсаулығын немесе имандылығын қорғау қажеттілігiнен туындауы тиiс.

20-бап

      1. Соғысты қандай түрде болса да насихаттауға заң тұрғысынан тыйым салынуы тиiс.      2. Ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни өшпендiлiкке әкелiп соғатын, өздiгiнен кемсiтуге, араздыққа немесе зорлық-зомбылыққа арандатушылық болып табылатын қандай да бір үгiт жүргiзуге заң тұрғысынан тыйым салынуы тиiс.

21-бап

      Бейбiт түрдегi жиналыстарды өткізу құқығы танылады. Бұл құқықты пайдалану тек демократиялық қоғамның мемлекеттік, немесе қоғамдық қауiпсіздiк пен қоғамдық тәртiп мүдделерiн, жұрттың денсаулығы мен имандылығын сақтау және басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қажет етiлетiн, заңмен көзделген шектеулерден тыс шектелуi тиiс емес.

22-бап

      1. Әрбір адамның басқалармен бірiгiп қауымдастықтар құру бостандығына оның iшiнде кәсiподақтарды құрып оларға өз мүдделерiн қорғау мақсатымен кiруге құқығы бар.      2. Бұл құқықты пайдалану демократиялық қоғамның мемлекеттік немесе қоғамдық қауiпсіздiк пен қоғамдық тәртiп мүдделерiн, жұрттың денсаулығы мен имандылығын сақтау және басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қажет етiлетiн, заңмен көзделген, шектеулерден тыс шектелуi тиiс емес. Осы бап бұл құқықты пайдалануда қарулы күштер құрамындағы және полицияда iстейтiн адамдар үшiн заңды шектеулер енгiзуге кедергi етпейдi.      3. Осы баптағы ешбір қағида Халықаралық еңбек ұйымының қауымдастықтар бостандығы мен ұйымдасу құқығын қорғау жөніндегі 1948 жылғы конвенциясына қатысушы мемлекеттерге, аталған Конвенцияда көзделген кепiлдiктерге нұқсан келтiретiн заң актілерін қабылдау, немесе заңды осы кепiлдiктерге нұқсан келтіретiндей етiп пайдалану құқығын бермейдi.

23-бап

      1. Отбасы қоғамның табиғи және негiзгi ұясы болып табылады, және қоғам мен мемлекет тарапынан қорғалуға құқылы.      2. Heкe жасына толған ер азаматтар мен әйелдер некеге тұруға және отбасын құруға құқылы екендiктерi танылады.      3. Бiрде бір неке, некеге тұратын екi жақтың өзара еркiн және толық келісімдерiнсіз қиылмайды.      4. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер некенi қию, некелi болу уақытында және некенi бұзған кезде ерлi-зайыптылардың құқықтары мен мiндеттерiнiң теңдігін қамтамасыз ететiн тиiстi шаралар қабылдауға тиiс. Неке бұзылған жағдайда балалардың бәрiне тиiстi қорғау шаралары көзделуi қажет.

24-бап

      1. Әрбір бала нәсілiне, түр-түсiне, жынысына, тілiне, дiнiне, ұлттық, немесе әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк немесе туу жағдаяттарына қарамастан, ешқандай кемсiтусіз отбасы, қоғам және мемлекет тарапынан, өзiнiң жас шамасы талап ететiн тиiстi қорғау шараларын иеленуге құқылы.      2. Әрбір бала туғаннан кейiн дереу тiркеуден өткiзiлiп, есiмi қойылуы тиiс.      3. Әрбір бала азаматтық алуға құқылы.

25-бап

      Әрбір азамат 2-баптағы айтылған қандай да болсын кемсiтушiлiкке және негiзсіз шектеуге ұшырамай:      а) тiкелей өзi, сондай-ақ ерiктi түрде сайланған өкiлдерi арқылы, мемлекет iсiн жүргiзуге қатысу;      b) сайлаушылардың еркiн бiлдiру бостандығын қамтамасыз ететiн жасырын дауыс беру жолымен жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы негiзiнде өткiзiлетiн шынайы мерзiмдi сайлауда дауыс беру және өзi сайлану;      с) жалпыға бірдей теңдiк шарты бойынша өз елiнде мемлекеттік қызметке орналаса алу құқығы мен мүмкіндігiне ие болуы тиiс.

26-бап

      Барлық адамдар заң алдында тең және қандай да болсын кемсiтуге ұшырамай, заңмен тең қорғалуға құқылы. Бұл орайда кемсiтудiң қандай түрiне болса да, заң тұрғысынан тыйым салынады және заңда барлық адамдар, қандай да бір белгiсiне, нәсiлiне, түр-түсiне, жынысына, тіліне, дiнiне, саяси және басқа да наным-сенімдерiне, ұлттық және әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк жағдайына, туу және басқа жағдаяттарына қарамастан кемсiтуден тең және тиiмдi түрде қорғалатынына кепiлдiк берiлуi тиiс.

27-бап

      Этникалық, дiни және тiл азшылығы бар елдерде, осындай азшылық құрамындағы адамдар өз тобының басқа мүшелерiмен бірге өз мәдениетiн пайдалану, өз дiнiн тұтыну, дiнiнiң салт-жораларын ұстану және ана тілінде сөйлеу құқығынан айырылмауы тиiс.

ІV БӨЛІМ

28-бап

      1. Адам құқығы жөніндегі комитет (осы Пактiде бұдан кейiн Комитет деп аталады) құрылады. Оның құрамы 18 мүшеден тұрады. Комитет төменде көзделiп отырған жұмыстармен айналысады.      2. Комитет құрамына осы Пактiге қатысушы мемлекеттердiң азаматтары және адам құқығы саласында өзiнiң біліктілігімен танылған, адамгершiлiгi мол адамдар кiредi. Сонымен қатар заңгерлiк тәжiрибесi бар бірнеше адамдардың болуы пайдалы екендiгiне назар аударылады.      3. Комитет мүшелерi дербес түрде сайланып, жұмыс iстейдi.

29-бап

      1. Комитет мүшелiгiне, осы Пактiге қатысушы мемлекеттер сайлау мақсатымен ұсынған тiзiм iшiнен, 28-баптың көздеген талаптарына сай тұлғалар жасырын дауыс беру жолымен сайланады.      2. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрқайсысы көп дегенде екi адамды ғана ұсына алады. Олар, өздерiн ұсынып отырған мемлекеттердiң азаматтары болуы тиiс.      3. Кез-келген адам қайта сайлануға ұсынылуға құқылы.

30-бап

      1. Бастапқы сайлау, осы Пактi күшiне енгеннен кейiн, алты ай мерзiмнен кешiктірiлмей өткізiлуi тиiс.      2. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы комитет мүшелiгiне өткiзiлетiн әрбір сайлаудың қарсаңында, 34-бапқа сәйкес ашылған деп жарияланған бос орынға өткiзiлетiн сайлауды қоспағанда, сайлау күнiнен кем дегенде төрт ай бұрын, осы Пактiге қатысушы мемлекеттерге, үш айдың iшiнде Комитет мүшелiгiне ұсынылатын кандидатуралардың тiзiмiн жасап жiберулерiн сұрап, хат жолдайды.      3. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осындай түрде ұсынылған тұлғалардың тiзiмiн, оларды ұсынған мемлекеттердi атап, алфавит тәртібімен жасайды да, осы тiзiмдi осы Пактiге қатысушы мемлекеттерге әрбір сайлаудың қарсаңында, сайлау өткiзiлетiн күннен кем дегенде бір ай бұрын тапсырады.      4. Комитет мүшелерiн сайлау Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерiнде, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының шақыруымен жиналған осы Пактiге қатысушы мемлекеттердiң отырысында өткiзiледi. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттердiң үштен екiсi қатысуы кворум болып саналатын осындай отырыста, қатысушылардың санының көпшiлiк дауысын және дауыс беруге қатысқан қатысушы мемлекеттер өкiлдерiнiң санының басым көпшiлiк дауысын алған кандидатуралар, Комитетке сайланған тұлғалар деп есептеледi.

31-бап

      1. Комитетке бір мемлекеттен сол мемлекеттің бір ғана азаматы кiре алады.      2. Комитетке сайлау кезiнде мүшелердiң географиялық жағынан әдiл бөлiнуiне және өркениеттiң түрлi формалары мен негiзгi заң жүйелерiнiң өкiлдiгi болуына назар аударылады.

32-бап

      1. Комитет мүшелерi төртжылдық мерзiмге сайланады. Кандидатуралары екiншi рет қайта ұсынылған болса, олар қайта сайлануға құқылы. Бiрақ та, бірiншi сайлауда сайланған тоғыз мүшенiң өкiлеттiк мерзiмi екi жылдық мерзiмнiң аяғында аяқталады; осы тоғыз мүшенiң аты-жөнiн сайлаудан кейiн дереу жеребе тастау арқылы 30-баптың 4-тармағында аталған отырыстың төрағасы белгiлейдi.      2. Өкiлеттiк мерзiм аяқталғаннан кейiн сайлау осы Пактiнiң осы бөлiмiнiң алдыңғы баптарына сәйкес өткiзiледi.

33-бап

      1. Егер Комитеттiң басқа мүшелерiнiң бірауыздан айтылған пiкiрi бойынша Комитеттiң қайсыбір мүшесi уақытша жоқ болған кезiн есепке алмағанда, бір себептермен өз функцияларын орындауын тоқтатқан болса, онда Комитет төрағасы осы жағдаймен Бipiккeн Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын хабарлар етедi, осыдан кейiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы сол мүшенiң орнын бос орын деп жариялайды.      2. Комитет төрағасы Комитеттiң қайсыбір мүшесiнiң қайтыс болуын, немесе жұмыстан мүлдем кетуiн дереу Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлайды, Бас хатшы осы орынды, мүшенiң қайтыс болған күнiнен бастап, немесе жұмыстан мүлдем кетуi расталған күнiнен бастап, бос орын деп жариялайды.

34-бап

      1. 33-бапқа сәйкес бос орын пайда болғаны жария етiлген болса, және де орнынан алынатын мүшенiң өкiлеттiк мерзiмi осы бос орын жария етiлгеннен кейiн алты айдың iшiнде аяқталмайтын болса, бұл жөнiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Пактiге қатысушы мемлекеттердiң әрқайсысын хабардар етедi. Әр мемлекет 29-бапқа сәйкес осы орынға өз кандидатурасын, екi айдың iшiнде ұсына алады.      2. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осындай түрде ұсынылған тұлғалардың алфавит ретiмен келтiрiлген тiзiмiн жасап, тiзiмдi осы Пактiге қатысушы мемлекеттерге тапсырады. Содан кейiн, пайда болған бос орынға, осы Пактiнiң осы бөлiмiнiң тиiстi ережелерi бойынша, сайлау өткiзiледi.      3. 33-бапқа сәйкес жарияланған бос орынға сайланған Комитет мүшесi лауазымды орынға, аталған баптың ережелерi бойынша, орнын босатқан мүшенiң өкiлеттiк мерзiмiнiң қалған бөлiгi аяқталғанға дейiн ие болады.

35-бап

      Комитет мүшелерi, Комитет мiндеттерiнiң маңыздылығы ескерiлiп, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы белгiлеген тәртiппен және шарт бойынша, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының қаражатынан берiлетін, Бас Ассамблея бекiткен, сыйақы алады.

36-бап

      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Комитет өз жұмысын осы Пактiге сәйкес тиiмдi түрде жүзеге асыруын көздеп қажеттi қызметкерлер бөлiп, материалды қаражатпен қамсыздандырып отырады.

37-бап

      1. Комитеттiң бірiншi отырысы Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының шақыруымен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерiнде өткiзiледi.      2. Комитет, өзiнiң бірiншi отырысынан кейiн, өзiнiң рәсiмдiк ережелерiнде көзделген уақытта жиналады.      3. Комитет, әдетте, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерiнде немесе Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлiмшесiнде жиналады.

38-бап

      Комитеттiң әрбір мүшесi, өз мiндеттемелерiне кiрiсуден бұрын, Комитеттiң ашық отырысында өзiнiң мiндеттерiн адал және риясыз жүзеге асыратыны туралы салтанатты түрде мәлiмдеме жасайды.

39-бап

      1. Комитет өзiнiң лауазымды адамдарын екi жылдық мерзiмге сайлайды. Оларға қайта сайлануға болады.      2. Комитет өзiнiң жеке рәсiмдiк ережелерiн белгiлейдi, алайда бұл ережелерде, атап айтқанда, төмендегiлер көзделуi тиiс:      а) Комитеттiң он екi мүшесi кворумды құрайды;      b) Комитет қаулылары қатысып отырған мүшелердiң көпшiлiк дауысы арқылы қабылданады.

40-бап

      1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер, осы Пактiде танылған құқықтарды жүзеге асыру жөніндегі шаралар және осы құқықтарды қолдануда қол жеткiзiлген iлгерiлiк туралы баяндамаларын ұсынуға мiндеттенедi:      а) тиiстi қатысушы мемлекеттер үшiн, осы Пактiнiң күшiне енгенiнен кейiн бір жылдың iшiнде;      b) бұдан кейiнгi уақытта, Комитет талап еткен барлық жағдайларда.      2. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы барлық баяндамалармен танысады және оларды Комитеттiң қарауына жiбередi. Баяндамаларда осы Пактiнi жүзеге асыруға ықпал ететiн, егер ондайлар болған жағдайда, факторлар мен қиыншылықтар көрсетiледi.      3. Бірiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы мүдделi мамандандырылған мекемелерге, олардың құзыретiне жатуы мүмкiн баяндамалар бөлiктерiнiң нұсқаларын Комитетпен консультациялар жасағаннан кейiн жiбере алады.      4. Комитет осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ұсынған баяндамаларды қарайды. Ол қатысушы мемлекеттерге өзiнiң баяндамалары және орынды деп санаған жалпы сипаттағы ескертпелерiн жолдайды. Сонымен қатар, Комитет осы ескертпелердi, осы Пактiге қатысушы мемлекеттерден алынған баяндамалардың нұсқаларымен қоса, Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңеске де жiбере алады.      5. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер, осы баптың 4-тармағына сәйкес жасалуы мүмкiн кез келген ескертпелер жөнiнде өздерiнiң ой-пiкiрлерiн Комитетке ұсына алады.

41-бап

      1. Осы бапқа сәйкес осы Пактiге қатысушы мемлекет, басқа бір қатысушы мемлекет осы Пактi бойынша мiндеттемелерiн орындамай отырғаны туралы қайсыбір қатысушы мемлекеттің мәлiмдеп отырғаны туралы мәлiметтердi Комитеттiң қабылдануға және қарауға құзыретiн танитындығын кез келген уақытта мәлiмдей алады. Осы бапта көзделген мәлiметтер, оларды Комитеттiң құзыретiн танитындығы туралы мәлiмдеме жасаған қатысушы мемлекет ұсынған жағдайда ғана қабылдануы және қаралуы мүмкiн. Комитет, мұндай мәлiмдеме жасамаған қатысушы мемлекетке байланысты берiлген мәлiметтердiң ешқайсысын қабылдамайды. Осы бап бойынша алынған мәлiметтер төмендегiдей рәсiмдерге сәйкес қаралады:      а) егер осы Пактiге қатысушы қайсыбір мемлекет, басқа бір қатысушы мемлекет осы Пактiнiң қаулыларын жүзеге асырмай отыр деп тапса, ол осы мәселенi, аталған қатысушы мемлекетті жазбаша мәлiмет арқылы хабардар ете алады. Осындай мәлiмет алған мемлекет, мәлiметтi алғаннан кейiн үш айдың iшiнде, өзiне мәлiмет жiберген мемлекетке осы мәселеге байланысты, мазмұнында мүмкiндiгiнше және қажеттілікке орай, қабылданған болашақта қабылданатын және қабылдануы мүмкiн iшкi рәсiмдерiн мен шаралар көрсетуi тек түсiнiктеме берiп, жазбаша түрде түсiндiрме, немесе кез келген басқа мәлiмдеме ұсынады.      b) егер алушы Мемлекет бастапқы хабарлауды алғаннан кейiн алты ай iшiнде мүдделi қатысушы мемлекеттің екеуiн де қанағаттандыратындай болып мәселе шешiлмесе, осы мемлекеттердiң кез келгенi ол туралы Комитетке және басқа мемлекетке хабарлай отырып, бұл мәселенi, Комитетке ұсынуға құқығы бар.      с) Комитет барлық iшкi шаралардың, осы жағдайда халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған принциптерiне сәйкес қолданылғанына және қолданылып болғанына көзi жеткеннен кейiн ғана өзiне тапсырылған мәселенi қарайды. Бұл ереже осындай шараларды қолдану ұзаққа себепсіз созылған жағдайларда қолданылмайды.      d) Комитет осы бапта көзделген мәлiметтердi өзiнiң жабық отырыстарында қарайды.      e) Комитет "с" тармақшасының қаулыларын орындай отырып, қатысушы мемлекеттерге осы мәселенi осы Пактiде танылған адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу негiзiнде ықыласпен шешу мақсатында риясыз қызметтер көрсетедi.      f) Комитет өз қарауына ұсынылған кез келген мәселе жөнiнде "в" тармақшасында аталған мүдделi қатысушы мемлекеттерге осы iске қатысты кез келген ақпаратты беру жөнiнде сұрау сала алады.      g) "в" тармақшасында аталған қатысушы мемлекеттер Комитетте мәселе талқыланған кезде қатысуға және ауызша және/немесе жазбаша ұсынымдар жасауға құқығы бар.      h) Комитет баяндаманы, "в" тармақшасына сәйкес хабарлама алған күннен кейiн он екi ай iшiнде ұсынады.      i) "e" тармақшасының қаулысы шегiнде шешiмге қол жеткiзiлсе, Комитет өз баяндамасында деректер мен қол жеткiзiлген шешiмдi қысқаша баяндаумен шектеледi.      ii) "е" тармақшасы қаулыларының шегiнде шешiмге қол жеткiзiлмесе, Комитет өз баяндамасында деректердi қысқаша баяндаумен шектеледi: мүдделi қатысушы мемлекеттер берген жазбаша ұсыныстар мен ауызша мәлiмдемелердiң жазбалары баяндамамен қоса берiледi.      Әрбір мәселе бойынша баяндама мүдделi қатысушы мемлекеттерге жолданады.      2. Осы баптың қаулылары, осы Пактiге қатысушы он мемлекет, осы баптың 1-тармағына сәйкес, мәлiмдеме жасағанда, күшiне енедi. Қатысушы мемлекеттер мұндай мәлiмдемелерiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы тiркейдi және олардың көшiрмелерiн қалған қатысушы мемлекеттерге жолдайды. Мәлiмдеменi кез келген уақытта Бас хатшыға хабарлап, қайтып алуға болады.      Мұндай iс-әрекет осы бапқа сәйкес бұдан бұрын берiлген хабарламаның тақырыбы болып табылатын кез келген мәселенi қарауға кедергі етпейді; егер, Бас хатшы мәлiмдеменi қайтып алу туралы хабарламаны алғаннан кейiн мүдделi қатысушы мемлекет жаңа мәлiмдеме жасамаса, кез келген қатысушы мемлекеттің қандай да кейiнiрек жасаған хабарламаларының ешқайсысы қабылданбайды.

42-бап

      1. а) егер 41-бапқа сәйкес Комитетке берiлген қандай да бір мәселе бойынша мүдделi қатысушы мемлекеттер қанағаттанарлықтай шешiм таппаса, онда Комитет, мүдделi қатысушы мемлекеттердiң алдын ала келісімi бойынша, арнайы Келісім комиссиясын (бұдан әрi - "Комиссия" деп аталатын) тағайындай алады. Комиссияның риясыз қызметтерi аталған мәселенiң осы Пактiнiң ережелерiн сақтау негiзiнде ымыралы шешiлуi мақсатында мүдделi қатысушы мемлекеттерге ұсынылады.      b) Комиссия мүдделi қатысушы мемлекеттердiң келiсуiмен бес адамнан тұрады. Егер мүдделi қатысушы мемлекеттер Комиссияның толық құрамы немесе құрамының бөлiгi жөнiнде, үш айдың iшiнде келісімге қол жеткiзбесе, онда тағайындалуы жөнiнде келісімге қол жеткiзiлмеген Комиссия мүшелерi Комитет дауыстарының үштен екi көпшiлiгiмен жасырын дауыс беру жолымен сайланады.      2. Комиссия мүшелерi өз мiндеттемелерiн дербес түрде атқарады. Олар мүдделi қатысушы мемлекеттердiң, немесе осы Пактiге қатысушы емес мемлекеттің, немесе 41-бапқа сәйкес, мәлiмдеме жасамаған қатысушы мемлекеттің азаматтары болмауы тиiс.      3. Комиссия өз төрағасын сайлайды және өзiнiң рәсiмдiк ережелерiн белгiлейдi.      4. Комиссияның отырыстары әдетте Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерiнде немесе Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы Бөлiмшесiнде өтедi. Сонымен қатар олар, Комиссия Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысымен және тиiстi қатысушы мемлекеттермен кеңесе отырып белгiлеген басқа қолайлы жерлерде өтуi мүмкiн.      5. 36-бапта айтылған Хатшылық осы баптың негiзiнде тағайындалған комиссияларға да өз қызметтерiн көрсетедi.      6. Комитет алған және зерттеген ақпарат Комиссияның қарауына жiберiледi және Комиссия мүдделi қатысушы мемлекеттерден осы iске байланысты кез келген ақпаратты сұрай алады.      7. Комиссия осы мәселенi өзiне жiберiлген күнiнен бастап он екi айдан барлық жағдайларда кешiктiрместен толық қараған кезде мүдделi қатысушы мемлекеттерге жiберу үшiн Комитет төрағасына баяндама ұсынады:      а) егер Комиссия осы мәселенi қарауды он екi ай iшiнде аяқтай алмаса, онда ол баяндамасында осы мәселенi қарауының ахуалын қысқаша баяндаумен шектеледi.      b) осы мәселенiң ымыралы шешiлуiне, осы Пактiде танылған адам құқықтарын сақтау негiзiнде қол жеткiзiлсе, комиссия өз баяндамасында деректердi және қол жеткiзген шешiмдi қысқаша баяндаумен шектеледi.      с) "b" тармақшасында көрсетiлген шешiмге қол жеткiзiлмесе, Комиссияның баяндамасында мүдделi мемлекеттердiң арасындағы дауға қатысты iс жүзіндегі барлық деректер бойынша оның қорытындары және осы мәселенi ымыралы реттеу мүмкiндiктерi туралы ой-тұжырымдары қамтылады. Бұл баяндамада сондай-ақ жазбаша ұсынымдар және мүдделi қатысушы мемлекеттер ауызша жасаған ұсыныстардың жазбалары қамтылады.      d) егер Комиссияның баяндамасы "c" тармақшасына сәйкес ұсынылған болса, онда мүдделi қатысушы мемлекеттер осы баяндаманы алғаннан кейінгi үш ай iшiнде Комиссия баяндамасының мазмұнымен келiскендiгi туралы Комитет Төрағасына хабарлайды.      8. Осы баптың қаулылары 41-бапта көзделген Комитет мiндеттемелерiн кемiтпейдi.      9. Комиссия мүшелерiнiң барлық шығындары, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы жасаған сметаға сәйкес мүдделi қатысушы мемлекеттер арасында тең бөлiнедi.      10. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы, қажет болған жағдайда, Комиссия мүшелерiнiң шығындарын, олардың мүдделi қатысушы мемлекеттермен осы баптың 9-тармағына сәйкес өтелуiнен бұрын өзi төлеуге құқығы бар.

43-бап

      42-бапқа сәйкес тағайындалуы мүмкiн Комитет мүшелерi және арнайы келiсу комиссияларының мүшелерi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы конвенциясының тиiстi тарауларында көзделгендей Бiрiккен Ұлттар Ұйымы iссапарға жiберетiн сарапшылардың жеңiлдiктерiне, артықшылықтары мен иммунитеттерiне құқығы бар.

44-бап

      Осы Пактiнi жүзеге асыру жөніндегі ережелер Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және арнайы мекемелердiң құрылтайшы актілерімен және конвенцияларымен ұйғарылған адам құқықтар саласындағы рәсiмдерге нұқсан келтiрместен немесе оларға сәйкес қолданылады және осы Пактiге қатысушы мемлекеттерге олардың арасында қолданылатын жалпы және арнайы халықаралық келісімдердiң негiзiнде дауларды шешудiң басқа рәсiмдерiне жүгiнуге кедергi жасамайды.

45-бап

      Комитет Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес арқылы өзiнiң жұмысы туралы жылдық баяндама ұсынады.

V БӨЛIМ

46-бап

      Осы Пактiде ешнәрсе Бiрiккен Ұлттар Ұйымының әр түрлi органдары мен арнайы мекемелердiң осы Пактiге қарасты мәселелер бойынша тиiстi мiндеттемелерiн анықтайтын Бiрiккен Ұлттар Ұйымы мен арнайы мекемелердiң қаулыларының маңызын кемiту деп түсiндiрiлуi тиiс емес.

47-бап

      Осы Пактiде ешнәрсе барлық халықтардың өздерiнiң табиғи байлықтарын және ресурстарын толық және еркiн иемдену және пайдалануға мызғымас құқығын кемiту деп түсiндiрiлуi тиiс емес.

48-бап

      1. Осы Пактi кез келген - Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекет немесе оның кез келген арнайы мекемесiнiң мүшесi, кез келген Халықаралық Сот Статутына қатысушы мемлекет және Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы шақырған кез келген мемлекет үшiн осы Пактiге қатысуға қол қою үшiн ашық.      2. Осы Пактi бекітуге жатады. Бекіту грамоталарын Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы тiркейдi.      3. Осы Пактi осы баптың 1-тармағында көрсетiлген кез келген мемлекеттің қосылуына ашық.      4. Қосылуды Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы қосылу туралы құжатты тiркеу арқылы iске асырады.      5. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Пактiге қол қойған немесе оған қосылған барлық мемлекеттерге әрбір бекіту грамотасын, немесе қосылу туралы құжатты тiркеу туралы хабарлайды.

49-бап

      1. Осы Пактi отыз бесiншi бекіту грамотасын немесе қосылу туралы құжатты Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырған күнiнен үш ай өткен соң күшiне енедi.      2. Осы Пактi, отыз бесiншi бекіту грамотасын немесе қосылу туралы құжатты тiркеу күнiнен кейiн осы Пактiнi бекiткен немесе оған қосылған әрбір мемлекет үшiн, олардың өздерiнiң бекіту грамотасы немесе қосылу туралы құжаты тiркелген берiлген күнiнен үш ай өткен соң күшiне енедi.

50-бап

      Осы Пактiнiң қаулылары федеративтiк мемлекеттердiң барлық бөлiктерi ешбір шектеусіз немесе алып тастаусыз таралады.

51-бап

      1. Осы Пактiге қатысушы кез келген мемлекет түзетулер ұсынып және оларды Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына тапсыра алады. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы кез келген ұсынылған түзетулердi осы Пактiге қатысушы мемлекеттерге жолдай отырып, олардан осы ұсыныстарды қарау және олар бойынша дауыс берудi жүргiзу мақсатында қатысушы мемлекеттердiң конференциясын шақыру жөнiнде көзқарастарын бiлдiрiп, өзiн хабардар етудi өтiнедi. Егер осындай конференцияның шақырылуын қатысушы мемлекеттердiң ең кем дегенде үштен бірi қолдаса, Бас хатшы конференцияны Бiрiккен Ұлттар Ұйымының аясында шақырады. Конференцияға дауыс беруге және қатысқан қатысушы мемлекеттердiң көпшiлігi қабылданған кез келген түзету Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына бекітуге ұсынылады.      2. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының бекітуi бойынша және осы Пактiге қатысушы мемлекеттердiң үштен екiсiнiң көпшiлiгiмен қабылданған түзетулер сол мемлекеттердiң конституциялық рәсiмдерiне сәйкес күшiне енедi.      3. Түзетулер күшiне енгеннен кейiн, оларды қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшiн мiндеттi болады, ал басқа қатысушы мемлекеттер үшiн осы Пактiнiң қаулылары және өздерi бұрын қабылдаған түзетулер мiндеттi болып қала бередi.

52-бап

      48-баптың 5-тармағына сәйкес жіберілетін хабарламаларға қарамастан, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы аталған баптың 1-тармағында сөз болған мемлекеттердiң бәрiн:      а) 48-бапқа сәйкес қол қоюлар, бекітулер және қосылулар туралы;      b) 49-бапқа сәйкес осы Пактiнiң күшiне енген күнi және 51-бапқа сәйкес кез келген түзетулердiң күшiне енген күнi туралы хабардар етедi.

53-бап

      1. Ағылшын, испан, қытай, орыс және француз тiлдеріндегі мәтiндердi тең түпнұсқалы осы Пактi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мұрағатына сақтауға тапсыруға жатады.      2. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Пактiнiң куәландырылған көшiрмелерiн 48-бапта көрсетiлген барлық мемлекеттерге жiбередi.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН төменде қол қойғандар, тиiстi үкiметтерiнен тиiсiнше уәкiлеттiк алғандар, мың тоғыз жүз алпыс алтыншы жылғы он тоғызыншы желтоқсанда, Нью-Йоркте қол қою үшiн ашық, осы Пактiге қол қойды.

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?