Адам құқығы түсінігі және оның негізгі түрлері. Құқық негіздері, 10 сынып, дидактикалық материал, 4 - сабақ.


 1-қосымша

 

 Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия

 Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1994 жылғы 12 ақпандағы Жарлығымен Мемлекет басшысының жанынан консультациялық-кеңесшi орган ретiнде Адам құқықтары жөнiндегi комиссия құрылды.

 2007 жылғы 18 қаңтардағы жай-күй бойынша Комиссияның құрамын қазақстандық қоғамның түрлi әлеуметтiк-экономикалық қабатын, ұлттық, саяси, кәсiби, ведомстволық өзгешелiгiн бiлдiретiн 22 адам құрайды.

 Адам құқықтары жөнiндегi комиссия қызметiнiң негiзгi бағыты Мемлекет басшысының адамның құқықтары мен бостандықтарының кепiлi ретiндегi өзiнiң конституциялық өкiлеттiктерiн iске асыруына жәрдемдесу болып табылады. Комиссия адам құқықтары және құқық қорғау тетiктерiнiң тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясатты жетiлдiру жөнiнде ұсыныс әзiрлейдi. Комиссияға түсетiн өтiнiш, бәрiнен бұрын, адам құқықтарымен байланысты ахуалды зерделеу үшiн, заңнамалық қордағы және мемлекеттiк органдардың құқық қолдану практикасындағы кемшiлiктердi анықтау үшiн қажет.

 Комиссия мемлекеттiк органдармен, соттармен, прокуратурамен, полициямен бiрлескен қызмет қазақстандықтардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл жасайды.

 

 Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi ұлттық комиссия

 Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 1 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды әрi жұмыс iстейдi. Оның мәртебесi – отбасыны, балалардың, әйелдер мен ер адамдардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ гендерлiк саясатты дамыту мәселелерiмен айналысатын консультациялық-кеңесшi орган.

 

 3-бап

 Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер, осы Пактiде көзделген барлық азаматтық және саяси құқықтарды пайдалану құқығы ерлер мен әйелдерге тең болуын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

 Қазақстан Республикасының Конституциясында заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең екендiгi көзделедi. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды.

 Қазақстанда әйелдер жауапты шешiм қабылдауды күтпейтiн лауазымдарға ие. Билiктiң типтiк гендерлiк пирамидасы бар, онда әйелдер төменгi және орта деңгейлерге қатысады, шешiм қабылдау деңгейiндегi жоғары лауазымдарда аз кездеседi. Мемлекеттiк билiк органдарында мемлекеттiк лауазыммен айналысатын қызметкерлердiң жалпы санынан әйелдер 59 %, ерлер 41 % құрайды. Елiмiздiң үкiметi құрамында - 1 әйел бар.

 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесi басшысының орынбасары болып тұңғыш рет әйел тағайындалды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн басқаратын, министрлердiң орынбасарлары не министрлiктер мен басқа да мемлекеттiк органдардың жауапты хатшылары болып табылатын әйелдер саны өстi.

 Бiрде бiр облыс немесе қала әкiмi әйел болған емес, небәрi 4 әйел - облыс әкiмдерiнiң орынбасарлары, екi әйел - аудан әкiмдерi, бұл 1 % құрайды. Аудан әкiмдерi орынбасарларының iшiнде 16,6 %, ауылдық және кенттiк округ әкiмдерiнiң iшiнде 11,6 % әйел.

 Өңiрлiк мемлекеттiк органдарда 19,9 % және кәсiпорындар пен Ұйымдарда 28,3 % әйелдер басқарады.

 Қазақстан Республикасы Парламент Мәжiлiсiнiң IV шақырылымында алдыңғы шақырылыммен салыстырғанда әйелдер саны азайған, 8-ден 17-ге дейiн 2 есе өскен және 15,9 % құрайды.

 Әйелдер мен ерлердiң құқықтары ғана емес, мүмкiндiктер теңдiгiне қол жеткiзу үшiн Мемлекет басшысының 2005 жылғы 28 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасында 2006 - 2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясы бекiтiлдi, онда шешiмдер қабылдау деңгейiнде әйелдердiң 30 % өкiлдiк етуiне қол жеткiзу мiндетi қойылды.

 

 

 

 

 

 1-қосымша

 6-бап

 1. Өмiр сүру құқығы - әрбiр адамның ажырамас құқығы болып табылады. Бұл құқық заңмен қорғалады. Ешкiмнiң де өмiрi ерiксiз қиылуға тиiс емес.

 2. Өлiм жазасы жойылмаған елдерде, өлiм жазасы тек қана айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшiн, қылмыс жасалған уақытта қолданыста болған заңға сәйкес және осы Пактiнiң, сондай-ақ Геноцид қылмыстарының алдын алу және жазалау туралы конвенцияның қаулыларына қайшы келмеген жағдайда ғана, ең ауыр жаза ретiнде берiледi. Бұл жаза тек қана құзыреттi сот шығарған ақтық үкiмдi орындау үшiн ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.

 3. Өлiм жазасы геноцид қылмыстары үшiн берiлген болса, онда осы баптағы ешбiр қағида осы Пактiге қатысушы мемлекеттерге Геноцид қылмыстарының алдын алу және жазалау туралы конвенцияның қаулылары бойынша қабылдаған кез келген мiндеттемелерiнен қайсы бiр жолдармен жалтару құқығын бермейтiндiгiн ескеру керек.

 4. Өлiм жазасына кесiлген әрбiр адамның кешiрiм берудi немесе шығарылған үкiмдi жеңiлдетудi сұрап арыздануға хақысы бар. Барлық жағдайда да рақымшылдық, кешiрiм беру немесе өлiм жазасы туралы шығарылған үкiм ауыстырылып берiлуi мүмкiн.

 Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабы 2-тармағы 1)тармақшасына сәйкес әркiмнiң өмiр сүруге құқығы бар. Ешкiмнiң өз бетiнше адам өмiрiн қиюға хақысы жоқ.

 Конституцияда ешкiмнiң өз бетiнше адам өмiрiн қиюға хақысы жоқтығы белгiленген. Өлiм жазасы адамдардың ең ауыр жаза ретiнде заңмен белгiленедi, ондай жазаға кесiлген адамның кешiрiм жасау туралы өтiнiш ету хақы бар.

 Ең ауыр жаза туралы норманы шектеулi деп санаған жөн, өйткенi ол тек аса ауыр қылмысқа ғана қолданылады. Өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн аса ауыр қылмыстың нақты құрамын Қылмыстық кодекс айқындайды. Бұл ретте аса ауыр қылмыс үшiн заңда өлiм жазасынан басқа да жаза белгiленуi мүмкiн.

 Кодекс әйелдерге, 18 жасқа дейiн қылмыс жасаған, сондай-ақ үкiм шыққан сәтте 65 жасқа толған адамдарға өлiм жазасын тағайындауға тыйым салады. Сонымен бiрге өлiм жазасына балама жаза - өмiр бойы бас бостандығынан айыру енгiзiлдi.

 ҚР Қылмыстық-атқару кодексiнiң 165-бабына сәйкес сот үкiмiнiң заңды күшiне енуi Қазақстан Республикасы Бас прокурорының қадағалау тәртiбiмен соттың үкiмiне қарсылық жасау үшiн негiздердiң жоқтығы туралы және iстi қадағалау тәртiбiмен қарау үшiн негiздердiң жоқтығы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының қорытындылары, сондай-ақ кешiрiм жасау туралы өтiнiштiң қабылданбағаны туралы хабарлама немесе сотталушының кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруден бас тартқаны туралы акт өлiм жазасы түрiндегi жазаны орындау үшiн негiз болып табылады.

 Кешiрiм жасау туралы өтiнiштi Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 5 шiлдедегi Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Кешiрiм жасау мәселелерi жөнiндегi комиссия қарайды. Кешiрiм жасау туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайды.

 Кешiрiм жасау мәселелерi жөнiндегi комиссия туралы ережөнiң 14-тармағына сәйкес кешiрiм жасау туралы мәселе қаралған кезде:

 1) жасалған қылмыстың қоғамдық қауiптiлiк сипаты мен деңгейi, сотталған адамның жеке басы, оның мiнез-құлқы, еңбекке көзқарасы, бас бостандығынан айыру орындарындағы ынталы Ұйымдардың жұмысына қатысуы, өтелмеген жаза мерзiмi, отбасы жағдайы және кешiрiм жасау туралы өтiнiштi қарау кезiнде маңызы бар басқа да жағдаяттар;

 2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының және Бас прокурорының сотталған адамға қатысты кешiрiм жасауды қолданудың орындылғы туралы қорытындылары;

 3) түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң, қоғамдық бiрлестiктер мен еңбек ұжымдарының пiкiрлерi;

 4) сотталған адамға кешiрiм жасау туралы жәбiрленушiнiң өтiнiшi (болған жағдайда) зерделенедi және назарға алынады.

 Кешiрiм жасау туралы өтiнiш сот үкiмi (қаулысы) заңды күшiне енгеннен кейiн қаралады.

 "Қазақстан Республикасында өлiм жазасына мораторий енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2003 жылғы 17 желтоқсандағы N 1251 Жарлығымен Қазақстан Республикасында 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап өлiм жазасына мораторий енгiзiлдi. Енгiзiлген мораторийдi Жарлықта тiкелей көрсетiлгендей, оны толық жою туралы мәселе шешiлгенге дейiн сақтау жалғасып келедi.

 Жалпы, жалпыға танылған халықаралық бағытты қолдай отырып, мемлекет өлiм жазасын кезең-кезеңмен жою саясатын жүргiзуде. Осыған байланысты осы мәселенi үйлестiру мақсатында Үкiметтiң 2006 жылғы 19 шiлдедегi N 687 қаулысымен Қазақстан Республикасында өлiм жазасының күшiн жою туралы мәселенi зерделеу жөнiндегi комиссия құрылды және жұмыс iстейдi.

 

 

 1-қосымша

 

 19-бап

 1. Әрбiр адам өз ой-пiкiрiн еш кедергiсiз ұстануға құқылы.

 2. Әрбiр адам өз пiкiрiн еркiн бiлдiруге құқылы. Бұл құқық мемлекеттiк шекараларға қарамастан кез келген ақпараттар мен идеяларды еркiн iздеу, тауып алу және оларды өз қалауынша таңдап алған құралдар арқылы ауызша, жазбаша немесе баспасөз арқылы немесе көркемдiк бейнелеу формалары түрiнде тарату бостандығын да қамтиды.

 3. Осы баптың 2-тармағында көзделген құқықтарды қолдану ерекше мiндеттер мен ерекше жауапкершiлiктi жүктейдi. Сондықтан оларды қолдану кезiнде кейбiр шектеулердiң кездесуi мүмкiн, алайда ондай шектеулер заңмен белгiленiп және:

 а) басқа тұлғалардың құқықтары мен абырой-беделiн құрметтеу;

 b) мемлекеттiк қауiпсiздiктi, қоғамдық тәртiптi, жұртшылықтың денсаулығын немесе имандылығын қорғау қажеттiлiгiнен туындауы тиiс.

 Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматқа өзiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi. Конституцияда сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады. Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиясы болып табылатын мәлiметтер тiзбесi заңмен белгiленедi. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi.

 Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабында шектеулер қоюдың басқа да негiздерi мен шектеулердiң шарттары бекiтiлген, ол мынаны көздейдi:

 "1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн.

 2. Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.

 3. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр түрде шектеуге жол берiлмейдi...".

 Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы 3-тармағына сәйкес мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматқа өзiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

 Қазақстанның Қылмыстық кодексi қарапайым азаматтардың ар-ожданы мен беделiн қорғау туралы мынадай алты бапты қамтиды: 129-бап "Жала жабу"; 130-бап "Қорлау"; Қазақстан Республикасы Президентiнiң ар-ожданы мен қадiр-қасиетiне қол сұққаны және оның қызметiне кедергi жасағаны үшiн жауаптылықты белгiлейтiн 318-бап ; Депутаттың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне қол сұққаны және оның қызметiне кедергi жасағаны үшiн жауаптылықты белгiлейтiн 319-бап ; өкiмет өкiлiн қорлағаны үшiн - 320-бап ; Судьяға, алқабиге прокурорға, тергеушiге, алдын ала анықтауды жүргiзушi адамға, сарапшыға, сот приставына, соттың атқарушысына қатысты жала жапқаны үшiн - 343-бап.

 Ар-намыс, қадiр-қасиет және iскерлiк бедел сияқты мүлiктiк емес жеке құқықтарды, өз бейнесiне құқықты Азаматтық кодекс қорғайды. Оның бiрқатар ережелерi "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған, онда азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадiр-қасиетiне кiр келтiретiн мағлұматтар таратылған болса, олар мұндай мағлұматтарды терiске шығарумен бiрге келтiрiлген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы деп көрсетiлген.

 Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы қодексiнiң (Қазақстан Республикасының ӘҚБтК) ерекше бөлiмiне баспа және ақпарат саласында жауапкершiлiктi қөздейтiн 10-бап кiредi. Солардың iшiнде 346-бапта , басылымдарда сот шешiмiн алдын ала шешу жолымен бұқаралық ақпарат құралдарымен сотқа ықпал жасағаны үшiн, 348-бапта мерзiмдi баспа басылымдарының бақылау және мiндеттi даналарын берудiң тәртiбiн бұзғаны үшiн, 349-бапта темекi және алкогольдiк өнiмдердi насихаттайтын теле-радиохабарлар мен жарнамалық роликтердi эфирге тарату тәртiбiн бұзғаны үшiн және 350-бапта шығарылым деректерiн жариялау тәртiбiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi белгiлейдi. Соңғы үш бап БАҚ-тың таралымын тәркiлеу және олардың шығуын 6 айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұру әрi айыппұл түрiндегi санкцияларды қарастырады.

 

 1-қосымша

 27-бап

 Этникалық, дiни және тiл азшылығы бар елдерде, осындай азшылық құрамындағы адамдар өз тобының басқа мүшелерiмен бiрге өз мәдениетiн пайдалану, өз дiнiн тұтыну, дiнiнiң салт-жораларын ұстану және ана тiлiнде сөйлеу құқығынан айырылмауы тиiс.

 Қазақстан мемлекеттiк тәуелсiздiк және егемендiк алған сәтiнен бастап демократиялық мемлекет құруға, әлеуметтiк серiктестiктi және азаматтық келiсiмдi, саяси және ұлтаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуде нық бағдар алды.

 Қазақстан халықтарының тiлдерiн дамыту туралы қамқорлық мемлекеттiк саясат деңгейiне көтерiлдi және ұлттық саясаттың құрамды бөлiгi болып табылады.

 2001 жылдан бастап тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы iске асырылуда. Оны әзiрлеудiң негiзi Қазақстан Республикасы Конституциясының 7, 93-баптары, 1997 жылғы 11 шiлдедегi "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Қазақстан Республикасының Заңы , Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы N 3186 өкiмiмен мақұлданған Қазақстан Республикасының тiл саясатының тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 5 қазандағы N 4106 Жарлығымен бекiтiлген Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы болды.

 Осы бағдарламаларды әзiрлеу мемлекеттiк билiктiң барлық тармақтарымен және жалпы қоғамның Қазақстанда оңтайлы функционалды-лингвистикалық кеңiстiк жасау үшiн нысаналы дәйектi қызметiн жүзеге асыру жөнiнде бiрыңғай стратегияны дайындау қажеттiгiне негiзделген.

 Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына республиканың бiлiм беру ұйымдарында ұлттық топтардың ана тiлiн меңгеру құқықтарын iске асыру негiзгi қағидаларының бiрi орындалады.

 2003 - 2004 оқу жылында республика мектептерiнiң 2980 мың оқушысы ана тiлiнде: 20,3 мыңы (0,7 пайыз) - ұйғыр, 86,4 мыңы (2,9 пайыз) - өзбек, 2,9 мыңы (0,09 пайыз) - тәжiк, 165 мыңы - украин тiлiнде оқыды.

 2005 - 2006 оқу жылында 2778077 оқушының 1 594019-ы - қазақ тiлiнде, 1 07971-i - орыс тiлiнде, 17525-i - ұйғыр тiлiнде, 82974-i - өзбек, 3225-i - тәжiк, 178-i - украин, 485-i немiс тiлiнде бiлiм алуда.

 2003 - 2004 оқу жылында республиканың 129 жалпы бiлiм беретiн мектебiнде 17533 оқушы жеке пән ретiнде 12 ана тiлiн: немiс - 400 адам, поляк - 1895 адам, украин - 165, корей - 463, дұнған - 6673, татар - 357, түрiк - 6012, шешен - 145, әзiрбайжан - 212 адам, курд - 815, ұйғыр - 336, грек тiлiн - 60 оқушы оқыды.

 2005 - 2006 оқу жылында республиканың 119 жалпы бiлiм беретiн мектебiнде 17150 оқушы жеке пән ретiнде 16 ана тiлiн: немiс - 277 оқушы, поляк - 1830 оқушы, корей - 444, дұнған - 7154, татар - 503, түрiк - 4936, әзiрбайжан - 430, курд - 962, ұйғыр - 257, шешен - 199, грек - 60, армян - 25, иврит - 40, белорус - 10, тәжiк - 15, украин - 8 оқушы оқыды.

 59 жексенбiлiк мектепте факультативтi немесе үйiрмелерде ана тiлiн 2597 оқушы оқиды: немiс - 644, корей - 322, иврит - 173, татар - 244, поляк - 327, украин - 169, армян - 92, грек - 45, әзiрбайжан - 99, шешен - 85, белорус - 63, қазақтардың диалектiсi - 46, чуваш - 28, болгар - 25, қазақ - 120, орыс - 53, парсы (иран) - 20, дағыстан - 15, тәжiк - 14, чех - 13 оқушы.

 Республикада дiни және этникалық төзiмдiлiк дәстүрлi түрде жоғары болып қалып отыр. Республикадағы ұлтаралық қатынастар жеткiлiктi түрде тұрақты дамуда, ал туындап жатқан мәселелер өркениеттi нысанда шешiлуде. Өз ұлтының мүддесiн күйттеу емес, ұлтаралық қатынастардың адамгершiлiк, құқықтық негiздерiн нығайту бұлардың игiлiктерiнiң тәсiлi болып табылатынын неғұрлым жiтi түсiнушiлiк үрдiсi байқалуда.

 Демократиялық қоғам құру процесiнде мемлекет пен дiни бiрлестiктер арасындағы қатынастар түбегейлi түрде өзгердi. Қазақстан Республикасының Конституциясына және 1992 жылы қабылданған "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дiнге сенушiлер өздерiнiң жалпы адами және азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн шектеуге ұшырамай, дiндi еркiн ұстануға мүмкiндiк алды.

 Қазақстанда тәуелсiздiктiң 15 жылы iшiнде дiни институттар саны мен сапасы өсуi едәуiр өстi. Айталық католиктiк дiни бiрлестiктер саны екi есеге (42-ден 86-ға дейiн), протестанттық үш есеге (457-ден 1272-ге дейiн), қазақстан үшiн жаңа конфессия үш есеге (14-тен 49-ға дейiн) өскен. Жалпы дiни бiрлестiктердiң саны 671-ден 4173-ке дейiн, яғни 6 еседен астам өскен. Республикадағы этникааралық қатынастарды дамытуда маңызды қадам - рухани бiрлiк идеяларын қалыптасыру және тарату мiндеттерiн шешу, халықтар достығы, ұлтаралық келiсiмдi нығайту және сақтау, этникааралық қатынастар саласында терiс үрдiстердi ескерту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру және қызметi болды.

 

 

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?