Адам құқығы түсінігі және оның негізгі түрлері. Құқық негіздері, 10 сынып, қосымша материал, 5 - сабақ.
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 21 қарашадағы N 87 Заңы
Нью-Йоркте 1966 жылғы 16 желтоқсанда жасалған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті
ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ МӘДЕНИ ҚҰҚЫҚТАР ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАКТ
БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ 1967
ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ МӘДЕНИ ҚҰҚЫҚТАР ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАКТ(2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2006 ж., № 4, 30-құжат)
Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған қағидаттарға сәйкес, адам баласы отбасының барлық мүшелеріне тән қадір-қасиетін, олардың құқықтарының теңдігі мен ажырамастығын тану-бостандықтың, әділдіктің және жалпыға бірдей бейбітшіліктің негізі болып табылатынын назарға ала отырып, бұл құқықтар адам баласына тән қадір-қасиеттен туындайтындығын тани отырып, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес әркім экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын да өзінің азаматтық және саяси құқықтарымен бірдей пайдалана алатындай жағдай туғызғанда ғана, үрей мен мұқтаждықтан бостандығын иеленген еркін адам үлгісі жүзеге асырылуы мүмкін екендігін тани отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша мемлекеттер адам құқықтары мен бостандықтары жалпыға бірдей құрметтелуін және сақталуын көтермелеп отыруға міндетті екендіктеріне назар аудара отырып, әрбір жеке адам, басқа адамдарға және өзі мүшесі болып саналатын ұжымға қатысты міндеттері бола отырып, осы Пактіде танылған құқықтарды көтермелеуге және сақтауға қол жеткізуі тиіс екендігіне назар аудара отырып, төмендегі баптар туралы келісті:
І БӨЛІМ
1-бап
1. Барлық халықтар өзінің мемлекеттік құрылысын өздері шешуге құқылы. Осы құқық бойынша олар өз елінің саяси мәртебесін еркін белгілеп, оның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуын еркін түрде қамтамасыз етеді. 2. Барлық халықтар алдарына қойған мақсат-мұраттарына жету жолында халықаралық экономикалық ынтымақтастықтан туындайтын, өзара тиімділік қағидаттар мен халықаралық құқыққа негізделген қандай да болсын міндеттемелерге нұқсан келтірместен, өз елінің табиғи байлықтары мен ресурстарын еркін игере алады. Бірде-бір халықты меншігіндегі тіршілік етуге қажетті заттардан еш уақытта айыруға болмайды. 3. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттердің бәрі, соның ішінде өзін-өзі басқарушы емес және қамқорлығындағы аумақтарды басқаруда жауапты мемлекеттер де, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелеріне сәйкес, мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқығын жүзеге асыруын көтермелеуге және ондай құқықты құрметтеуге тиіс.
ІІ БӨЛІМ
2-бап
1. Осы Пактіге қатысушы әрбір мемлекет дербес түрде және халықаралық көмек пен ынтымақтастық ретінде, атап айтқанда, экономикалық және техникалық салаларда, осы Пактіде танылған құқықтарды барлық тиісті тәсілдермен, атап айтқанда, заңнамалық шаралар қабылдауды қоса алғанда, бірте-бірте толық жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін қолда бар ресурстардың барынша ауқымды шегінде шаралар қабылдауға міндеттенеді. 2. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер Пактіде жарияланған құқықтар нәсілге, түр-түске, жынысқа, тілге, дінге, саяси немесе өзге наным-сенімдерге, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүліктік жағдайға, сондай-ақ туылуы немесе өзге де жағдаяттарға қарамастан, қандай да болмасын кемсітусіз жүзеге асырылатынына кепілдік беруге міндеттенеді. 3. Дамушы елдер адам құқықтарын және өз халық шаруашылығын тиісті есепке ала отырып, өздерінің азаматтары болып табылмайтын адамдарға осы Пактіде танылған экономикалық құқықтарды қандай ауқымда беруге кепілдік бере алатынын айқындай алады.
3-бап
Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер Пактiде көзделген барлық экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтарды ерлер мен әйелдердiң тең пайдалануы құқығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
4-бап
Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер сол немесе өзге бiр мемлекет осы Пактіге сәйкес қамтамасыз етіп отырған құқықтарды пайдалануға қатысты, осы мемлекет бұл құқықтарға тек заңмен белгiленген, аталған құқықтар табиғатына сыйымды болатындай, және демократиялық қоғамдағы жалпы әл-ауқатты жақсартуға жәрдемдесу мақсатындағы шектеулердi ғана белгiлей алатынын таниды.
5-бап
1. Осы Пактiдегі ешбiр қағида қандай да бiр мемлекетке, қандай да бiр топқа немесе қандай да бiр адамға осы Пактіде танылған кез келген құқықтар немесе бостандықтарды жоюға, не болмаса оларды осы Пактіде көзделгеннен көп мөлшерде шектеуге бағытталған қандай да болмасын iс-әрекетпен айналысуға немесе қандай да болмасын iс-әрекет жасауға құқық бередi деп түсiндiрілмеуге тиiс. 2. Қайсыбiр елдерде заң, конвенциялардың, ережелердiң күшiмен не болмаса әдет-ғұрыптар арқылы танылған немесе қолданыстағы қандай да бiр болмасын негiзгi адам құқықтарын аталған Пактiде мұндай құқықтар танылмайды немесе танылған күннiң өзiнде кем ауқымда танылады деген сылтаумен ешбiр шектеуге немесе кемiтуге жол берiлмейдi.
IІІ БӨЛIМ
6-бап
1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әр адамның өз еркiмен таңдап алған немесе өз еркiмен келiскен еңбегімен күнкөрiс жасау мүмкiндiгi құқығын қамтитын еңбек етуге құқығын мойындайды және осы құқықты қамтамасыз етуге тиiстi қадамдар жасайды. 2. Бұл құқықты толық жүзеге асыру мақсатында осы Пактiге қатысушы мемлекеттер қабылдауға тиiстi шараларға адамның негізгi саяси және экономикалық бостандықтарына кепiлдiк беретiн жағдайдағы кәсiби-техникалық оқыту мен дайындық бағдарламалары, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени ұдайы даму мен толық өнімді еңбекке қол жеткiзудiң жолдары мен тәсiлдерi кiредi.
7-бап
Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әркiмнiң әділетті және қолайлы еңбек жағдайына ие болу құқығын таниды, оған, атап айтқанда: а) барлық еңбеккерлерге, кем дегенде: i) құндылығы бiрдей еңбектерi үшiн ешбiр айырмашылықсыз әдiл жалақы мен бiрдей сыйақы алуын және де, атап айтқанда, әйелдер үшiн еңбек жағдайы бiрдей еңбегi үшiн бiрдей еңбекақы алатын ер адамдар пайдаланатын еңбек жағдайынан кем болмауына кепілдiк берiлуiн; іі) осы Пактінiң қаулыларына сәйкес өздерi мен отбасы мүшелерi қанағаттанарлықтай тiршiлiк жасауын қамтамасыз ететін сыйақы; b) қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына жауап беретiн еңбек жағдайы; с) еңбек өтiлi мен бiлiктiлiгiнiң негiзiнде ғана жұмыста тиiстi жоғары сатыларға көтерiлуi үшiн бәрiне бiрдей мүмкiндiк берiлуi; d) тынығу, бос уақыт және жұмыс уақытының орынды шектелуi, мерзiмдi ақылы еңбек демалысы, сонымен қатар, мереке күндерiнде iстеген жұмысы үшiн сыйақы алу құқығы кiредi.
8-бап
1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер: а) әрбiр адамның, өзiнiң экономикалық және әлеуметтiк мүдделерiн жүзеге асыру және қорғау үшiн кәсiптiк одақтарды құру және осындай ұйымдарға өзiнiң таңдауы бойынша, сол тиiстi ұйымның ережесiн бұзбау шартымен ғана кiру құқығын; аталған құқықты пайдалану заң бойынша көзделген және демократиялық қоғамдағы мемлекеттiк қауiпсiздiк немесе қоғамдық тәртiп мүдделерiн немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн қажеттiлерiнен басқа ешбiр шектеулерге жатпайды; b) кәсiптiк одақтардың ұлттық федерациялар немесе конфедерациялар құру құқығын және де соңғылардың халықаралық кәсiподақ ұйымдарын ашу немесе соларға қосылу құқығын; с) кәсiптiк одақтардың өз жұмыстарын кедергiсiз және заң бойынша көзделген және демократиялық қоғамдағы мемлекеттiк қауiпсiздiк немесе қоғамдық тәртiп мүдделерiн немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн қажеттiлерiнен өзге қандай да бiр болмасын шектеулерсiз жұмыс жүргiзу құқығын; е) әр елдiң заңдарына сәйкес жүзеге асырылған жағдайдағы ереуiлдерге шығу құқығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi. 2. Осы бап қарулы күштер, полиция немесе мемлекет әкiмшiлiгi құрамына кiретiн адамдар үшiн бұл құқықтарды пайдалануға заңды шектеулер енгiзуге кедергі жасамайды. 3. Осы баптағы ешбiр қағида қауымдастықтар бостандығы мен ұйымдастыру құқығын қорғауға қатысты Халықаралық еңбек ұйымының 1948 жылғы Конвенциясына қатысушы мемлекеттерге аталған Конвенцияда көзделген кепiлдiктерге нұқсан келтiретiн заңнамалық актiлерiн қабылдау немесе заңды осы кепiлдiктерге нұқсан келтiретiндей етiп қолдану құқығын бермейдi.
9-бап
Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның, әлеуметтiк қамсыздандыруды қоса алғанда, әлеуметтiк жағынан сақтандыру құқығын таниды.
10-бап
Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер: 1. Қоғамның табиғи және негiзгi ұясы болып табылатын отбасына, әсiресе, жаңа шаңырақ көтерген тұста және жас балаларына қамқорлық жасау мен олардың тәрбиесiне жауапкершiлiк жүктелген кезде, мүмкiндiгiнше барынша кең ауқымды қорғау мен жәрдем көрсетiлуi қажет екендiгiн таниды. Неке екi жақтың өзара еркiн келiсiмi бойынша ғана қиылуы тиiс. 2. Аналарға, бала туғанға дейiнгi және одан кейiнгi тиiстi уақыт iшiнде айрықша қамқорлық көрсетiлуi тиiс. Жұмыс iстейтiн аналарға осы мерзiм iшiнде ақылы демалыс немесе әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша жеткiлiктi жәрдемақылық демалыс берiлуi тиiс. 3. Барлық балалар мен жасөспiрiмдерге шығу тегiне байланысты немесе өзге бiр белгiсi бойынша қандай да болмасын кемсiтусiз қорғау мен жәрдемнiң ерекше шаралары қабылдануға тиiс. Балалар мен жасөспiрiмдер экономикалық және әлеуметтiк қанаудан қорғалуы тиiс. Олардың еңбегін имандылығы мен денсаулығына, немесе қалыпты өсiп-жетілуiне зиян келтiретiн немесе өмiрiне қауiп төндiретiн салаларда пайдалану заң жүзiнде жазалануға тиiс. Бұдан басқа, мемлекеттер жас мөлшерi шегiн белгілеуге тиiс, ал одан жасы төмен баланың ақылы еңбегiн пайдалануға заң бойынша тыйым салынады және жазаға тартылады.
11-бап
1. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әркiмнiң өзi және отбасының жеткіліктi тамақтануын, киiмi мен баспанасын қамтитын, жеткiлiкті тұрмыс деңгейiнде өмiр сүру және тұрмыс жағдайын үнемi жақсарту құқығын таниды. Қатысушы мемлекеттер, бұл ретте еркiн келiсiмге негiзделген халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенiн тани отырып, осы құқықтың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшiн тиiстi шаралар қабылдайды. 2. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның аштықтан бостандығы негiзгi құқығын тани отырып, дербес өзi және нақты бағдарламалардың жүргiзілуiн көздейтiн халықаралық ынтымақтастық тәртiбiнде: а) техникалық және ғылыми білiмдi кеңiнен қолдану жолымен азық-түлiкті өндiру, сақтау және тарату әдiстерiн жақсарту, табиғи ресурстарды неғұрлым тиiмдi игерiп, пайдалану үшiн тамақтану принциптерi мен аграрлық жүйенi жетiлдiру немесе реформалау туралы білiмдi тарату үшiн; b) азық-түлiк өнiмдерiн экспорттаушы, сонымен қатар импорттаушы елдердiң қажеттiлiктерiне сәйкес және олардың проблемаларын ескере отырып, дүниежүзілiк азық-түлiк қорының әдiл бөлiнуiн қамтамасыз ету үшiн қажетті шаралар қабылдауға тиiс.
12-бап
1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның тәндiк және психикалық саулылығының ең жоғары деңгейiне қол жеткiзу құқығын таниды. 2. Бұл құқықты толық жүзеге асыру үшiн осы Пактiге қатысушы мемлекеттер: а) балалардың өлi тууы мен шетiнеу санының азаюын қамтамасыз ету және балалардың салауатты дамуына жағдай туғызу; b) сыртқы орта гигиенасының және өнеркәсiптегi еңбек гигиенасының барлық аспектiлерiн жақсарту; с) iндет, эндемиялық, кәсiби және өзге де аурулардың алдын алу және олармен күресу; d) науқастанған жағдайда, баршаға медициналық жәрдем беру мен дәрігерлiк күтiмдi қамтамасыз ететiндей жағдай жасау үшiн қажеттi iс-шараларды қамтуға тиiс.
13-бап
1. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның бiлiм алуға құқығын таниды. Олар бiлiм - адамның жеке басының толық кемелденуiне және өзiнiң қадiр-қасиетін сезiнуiне бағытталып, адам құқықтары мен негiзгі бостандықтарына деген құрметті нығайтуы тиiс екендiгімен келiседi. Бұдан әрi, олар бiлiм баршаға еркiн қоғамның пайдалы қатысушылары болуына мүмкiндiк туғызып, барлық ұлттар мен нәсiлдiк, этникалық және дiни топтар арасындағы өзара түсiнiстiк, төзiмділiк пен достыққа ықпал етiп, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының бейбiтшiлiктi қолдау жолындағы жұмысына жәрдемдесетiнiн құптайды. 2. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер осы құқықты толық жүзеге асыру үшiн: а) бастауыш бiлiм баршаға бiрдей мiндеттi және тегiн болуы тиiс екендiгiн; b) әр түрлi нысанда орта бiлiм алу, бұған кәсiптiк-техникалық орта білiмдi қоса алғанда, барлық қажетті шараларды қабылдау жолымен, атап айтқанда, бiртiндеп тегiн білiм беру жүйесiн енгiзу сияқты ашық және бәрi үшiн қолжетiмдi болып жасалуы тиiс екендiгiн; с) жоғары бiлiм алу әркiмнiң қабiлетiне қарай барлық қажеттi шараларды қабылдау жолымен, атап айтқанда, бiртiндеп тегiн білiм беру жүйесi сияқты, бәрi үшiн бiрдей қолжетiмдi болып жасалуы тиiс екендiгiн; d) бастауыш бiлiм алмаған немесе бастауыш бiлiмнiң толық курсын аяқтамағандар үшiн қарапайым бiлiм алу, мүмкiндiгiнше көтермеленiп, немесе үдетiлiп оқытылу керек екендiгiн; е) барлық сатыдағы мектеп жүйелерiн дамытудың белсендi түрде жүргiзiлуi, стипендияның қанағаттанарлықтай жүйесiнiң орнатылуы, оқытушылар құрамының материалдық жағдайының үнемi жақсартылып отырылуы тиiс екендігін таниды. 3. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ата-аналардың және тиiстi жағдайларда, қамқоршылардың өз балаларын оқыту үшiн мемлекет билiгi құрған мектептердi ғана емес, сонымен қатар мемлекет белгілеуi немесе бекiтуi мүмкiн бiлiм беру талаптарына жауап беретiн және өз балаларының наным-сенiмдерiне сәйкес дiни және имандылық тәрбие берудi қамтамасыз ететiн басқа да мектептердi таңдау еркiндiгiн құрметтеуге мiндеттенедi. 4. Осы баптың ешбiр бөлiгi осы баптың 1-тармағында баян етілген принциптер сақталған жағдайда жеке адамдар мен мекемелердiң оқу орындарын құру және басқару еркiндiгiн кемiту және бұндай оқу орындарында білiм беру талаптары мемлекет белгiлеген талаптармен үйлесiмдi болуын орындамау деп түсiндiрiлмеуi тиiс.
14-бап
Егер әрбiр осы Пактiге қатысушы мемлекет қатысушылар құрамына кiрген кезде өз метрополиясына қарасты аумақта немесе оның юрисдикциясына қарасты басқа аумақтарда мiндеттi тегін бастауыш білiм берудi белгілей алмаған жағдайда, ол екi жыл iшiнде, ақылға сыйымды жылдар бойында бiртiндеп қолға алынатын, жылдар саны көрсетiлуi тиiс, жалпыға бiрдей мiндеттi тегiн бiлiм беру принципiн жүзеге асыру iс-шараларының егжей-тегжейлi жоспарын жасауға және қабылдауға мiндеттенедi.
15-бап
1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның: а) мәдени өмiрге қатысу; b) ғылыми прогресс пен оларды iс жүзiнде қолдану нәтижелерiн пайдалану; с) өзi авторы болып табылатын кез-келген ғылыми жұмыстарға, әдеби немесе көркем туындыларға байланысты туындаған моральдық және материалдық мүдделерiн қорғауды пайдалану құқығын таниды. 2. Осы құқықты толық жүзеге асыру үшiн осы Пактiге қатысушы мемлекеттер қабылдауға тиiс шараларға ғылым мен мәдениет жетiстiктерiн қорғау, дамыту және тарату үшiн қажеттi шаралар да кiредi. 3. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық қызмет үшiн сөзсiз қажет бостандықты құрметтеуге мiндеттенедi. 4. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ғылым мен мәдениет салаларындағы халықаралық байланыстар мен ынтымақтастықты көтермелеуден және дамытудан келетiн пайданы таниды.
ІV БӨЛІМ
16-бап
1. Пактiнiң осы бөлiмiне сәйкес осы Пактiге қатысушы мемлекеттер Пактiде танылған құқықтарды сақтауға қол жеткiзу жолында қабылдаған шаралары мен ілгерілеулер туралы баяндамалар тапсырып отыруға мiндеттенедi. 2. а) Барлық баяндамалар Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына тапсырылады, ол осы Пактiнiң ережелерiне сәйкес олардың екiншi даналарын Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңестiң қарауына жiбередi; b) осы Пактiге қатысушы мемлекеттер мамандандырылған мекемелердiң де мүшесi болып табылатындықтан Бас хатшы Пактiге қатысушы мемлекеттер баяндамаларының даналарын немесе олардың кез келген тиiсті бөлiмiнiң екiншi данасын мамандандырылған мекемелерге де жiбередi, өйткенi мұндай баяндамалардың немесе олардың тиiстi бөлiмдерiнiң аталған мекемелердiң олардың конституциялық актiлерiне сәйкес алған мiндеттерi шеңберiне кiретiн кез келген мәселелерге қатысы болады.
17-бап
1. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер өздерiнiң баяндамаларын қатысушы мемлекеттердiң және мүдделi мамандандырылған мекемелердiң консультациясы бойынша, осы Пактi күшiне енген соң бiр жылдың iшiнде Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңес белгiлеуге тиiс бағдарламаға сәйкес кезең-кезеңiмен тапсырады. 2. Баяндамаларда осы Пакт бойынша жүктелген мiндеттердi орындау дәрежесiне ықпал ететiн факторлар мен қиыншылықтар көрсетiлуi мүмкiн. 3. Егер тиiсті мәлiметтердi осы Пактiге қатысушы қайсыбiр мемлекет Бiрiккен Ұлттар Ұйымына немесе қайсыбiр мамандандырылған мекемеге бұрын хабарлаған болса, онда оларды қайталап жатпай, осындай түрде хабарланған мәлiметтерге нақты сiлтеме берілсе де жеткiлiктi.
18-бап
Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша адам құқықтары мен негiзгі бостандықтары саласындағы өз мiндеттерiн орындау мақсатында мамандандырылған мекемелермен осы Пактiнiң олардың қызметі саласына жататын қаулыларын сақтауға қол жеткiзу жолындағы iлгерiлеу туралы баяндамаларын өзiне тапсыру жөнiнде келiсiм жасай алады. Бұл баяндамаларға мұндай жүзеге асырулар туралы олардың құзыретті органдары қабылдаған шешiмдер мен ұсынымдар енгізiлуi мүмкiн.
19-бап
Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңес, 16 және 17-баптарға сәйкес мемлекеттер тапсыратын адам құқықтарына қатысты баяндамаларды және 18-бапқа сәйкес мамандандырылған мекемелер тапсыратын адам құқықтарына қатысты баяндамаларды қарау және жалпы ұсыныстар беру үшiн немесе тиiстi жағдайларда мәлiмет үшiн Адам құқығы жөнiндегi комиссияға жiбере алады.
20-бап
Осы Пактiге қатысушы мүдделi мемлекеттер және мамандандырылған мекемелер 19-бапқа сәйкес Адам құқығы жөнiндегi комиссияның кез келген баяндамасында берiлген кез-келген жалпы ұсыныс бойынша немесе кез келген құжатта осындай ұсынысқа берiлген сiлтемелер бойынша ескертпелерiн Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңеске тапсыра алады.
21-бап
Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңес Пактiде танылған құқықтардың жалпыға бiрдей сақталуын қамтамасыз ету саласында қабылданған шаралар мен қол жеткен жетістіктер туралы осы Пактiге қатысушы мемлекеттерден және мамандандырылған мекемелерден алынған жалпылама сипаттағы ұсыныстар мен қысқаша мазмұны бар мәлiметтер кiрген баяндамаларды мезгiл-мезгiл Бас Ассамблеяға тапсыра алады.
22-бап
Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес осы Пактінi тиiмдi түрде бiрте-бiрте жүзеге асыруға жәрдемдесе алатындай халықаралық шаралардың орындылығына қатысты өз құзыретi шегiнде шешiм шығару кезiнде, бұл органдардың әрқайсысына пайдалы болуы мүмкiн Пактiнiң осы бөлiмiнде аталған баяндамаларға байланысты туындаған кез келген мәселелерге Бiрiккен Ұлттар Ұйымының басқа да органдарының, олардың қосалқы органдары мен техникалық көмек берумен айналысатын мамандандырылған мекемелерiнiң назарын аудара алады.
23-бап
Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер Пактiде танылған құқықтарды жүзеге асыруға ықпал жасайтын халықаралық iс-шаралар қатарына конвенциялар жасасу, ұсынымдар қабылдау, техникалық көмек көрсету, консультациялар алу мақсатында аймақтық кеңестер мен техникалық кеңестер өткiзу, сондай-ақ мүдделi үкiметтермен бiрлесiп ұйымдастырылған зерттеулер жүргiзу тәрiздi тәсiлдердi қолдану жататынына келiседi.
24-бап
Осы Пактiдегi ешбiр қағида Бiрiккен Ұлттар Ұйымының әртүрлi органдары мен мамандандырылған мекемелерiнiң осы Пактiге қатысты мәселелер бойынша мiндеттерiн анықтайтын Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысы қаулыларының және мамандандырылған мекемелерiнiң жарғыларының маңызын төмендету деп түсiндiрiлмеуге тиiс.
25-бап
Осы Пактідегі ешбiр қағида барлық халықтардың өздерiнiң табиғи байлықтары мен ресурстарын толық және еркiн иеленуi мен пайдалануы жөнiндегі ажырамас құқығын кемiту деп түсiндiрілмеуге тиiс.
26-бап
1. Осы Пактi Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше кез келген мемлекеттiң немесе оған мүше кез келген мамандандырылған мекемелердiң, Халықаралық Сот Статутына қатысушы кез келген мемлекеттiң және Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы осы Пактiге қатысуға шақырған кез келген басқа мемлекеттiң қол қоюы үшiн ашық. 2. Осы Пактi бекiтуге жатады. Бекiту грамоталары Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға берiледi. 3. Осы Пактi осы баптың 1-тармағында аталған кез келген мемлекеттің қосылуы үшiн ашық. 4. Қосылу - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына қосылу туралы құжатты сақтауға беру арқылы жасалады. 5. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Пактiге қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердiң бәрiне әрбiр бекiту грамотасының немесе қосылу туралы құжаттың сақтауға берiлгендiгi туралы хабарлайды.
27-бап
1. Осы Пактi отыз бесiншi бекiту грамотасын немесе қосылу туралы құжатты Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырған күнiнен үш ай өткен соң күшiне енедi. 2. Отыз бесiншi бекiту грамотасын немесе қосылу туралы құжатты сақтауға бергеннен кейiн осы Пактiнi бекiтетiн немесе оған қосылатын әрбiр мемлекет үшін осы Пактi ол меншiкте бекiту грамотасын немесе қосылу туралы құжатын сақтауға бергеннен кейiн үш ай өткен соң күшiне енедi.
28-бап
Осы Пактiнiң қаулылары федеративтiк мемлекеттердiң барлық бөлiктерiне ешбiр шектеусiз немесе алып қоюсыз таратылады.
29-бап
1. Осы Пактiге кез келген қатысушы мемлекет түзетулер ұсынып және оларды Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына тапсыра алады. Бас хатшы бұдан соң кез келген ұсынылған түзетулердi осы Пактiге қатысушы мемлекеттерге жолдай отырып, олардың осы ұсыныстарды қарау және олар бойынша дауыс беру мақсатында қатысушы мемлекеттердiң конференциясын шақыру қажеттiлiгi жөнiнде өзiне хабар берудi өтiнедi. Егер осындай конференцияның шақырылуын қатысушы мемлекеттердiң ең болмағанда үштен бiрi қолдаса, онда Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының аясында конференция шақырады. Бұл Конференцияда болған және дауыс беруге қатысқан қатысушы мемлекеттердiң көпшiлiгiмен қабылданған кез келген түзету Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына бекiтуге ұсынылады. 2. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының бекiтуi бойынша және осы Пактiге қатысушы мемлекеттердiң үштен екiсiнiң көпшiлiгiмен қабылданған түзетулер сол мемлекеттердiң конституциялық рәсiмдерiне сәйкес күшiне енедi. 3. Түзетулер күшiне енгеннен кейiн, оларды қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшiн мiндеттi болады, ал басқа қатысушы мемлекеттер үшiн осы Пактінiң қаулылары және өздерi бұрын қабылдаған түзетулер мiндеттi болып қала бередi.
30-бап
26-баптың 5-тармағына сәйкес жасалған хабарламаларға қарамастан, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы сол баптың 1-тармағында сөз болған мемлекеттердiң бәрiн: а) 26-бапқа сәйкес қол қоюлар, бекiтулер және қосылулар туралы; b) 27-бапқа сәйкес осы Пактiнiң күшiне енген күнi және 29-бапқа сәйкес кез келген түзетулердiң күшiне енген күнi туралы хабардар етедi.
31-бап
1. Ағылшын, испан, қытай, орыс және француз тiлдерiндегi мәтiндерi тең түпнұсқалы осы Пактi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мұрағатына сақтауға тапсыруға жатады. 2. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Пактiнiң куәландырылған көшiрмелерiн 26-бапта аталған мемлекеттердiң бәрiне жiбередi.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШIН төменде қол қойғандар, тиiстi үкiметтерiнен тиiсiнше уәкiлеттiк алғандар, мың тоғыз жүз алпыс алтыншы жылғы он тоғызыншы желтоқсанда, Нью-Йоркте қол қою үшiн ашық, осы Пактiге қол қойды.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?