Адам құқығы түсінігі және оның негізгі түрлері. Құқық негіздері, 10 сынып, дидактикалық материал.


Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы. Декларация Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда № 217 А (III) қабылданған

1 бап.       Барлық адамдар тумысынан азат және қадір-қасиеті мен құқықтары тең болып дүниеге келеді. Адамдарға ақыл-парасат, ар-ождан берілген, сондықтан олар бір-бірімен туыстық, бауырмалдық қарым-қатынас жасаулары тиіс.

2 бап.       Әр адам, нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе басқа да наным-сенімдеріне, ұлттық, немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік, тектік-топтық, немесе басқа да жағдаяттарға қарамастан осы Декларацияда жарияланған барлық құқықтар мен бостандықтарға алаланбай, бірдей тең ие болуы тиіс.

      Сонымен қатар, ешкім де өзі тұратын елінің, не болмаса территорияның саяси, құқықтық, немесе халықаралық мәртебесінің негізі бойынша, және де ол территория тәуелсіз, әлде біреудің қарамағында, әлде өзін-өзі басқарушы емес, немесе оның егемендігі әртүрлі нысанда шектеулі болған күннің өзінде де, алаланбауы тиіс.

3 бап.   Әр адам өмір сүруге, бостандықта болуға және оның жеке басына қол сұғылмауына құқылы.

4 бап.  Ешкім де құлдықта немесе кіріптарлықта ұсталуы тиіс емес. Құлдық пен құл саудасына, қандай түрде болса да, тыйым салынады.

5 бап.       Ешкім де азапталуға немесе қадір-қасиетін қорлайтындай адамшылыққа жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленуге, немесе жазалануға тиіс емес.

6 бап.       Әр адам қай жерде жүрсе де, құқықтық субъектісі ретінде танылуына құқылы.

7 бап.       Заң алдында жұрттың бәрі тең және де заң арқылы алаланбай, бірдей тең қорғалуға құқылы. Барлық адам осы Декларацияның ережелерін бұзатын кемсітуден және кемсітуге арандатушылықтың барлық түрінен тең қорғалуға құқылы.

8 бап.       Әр адам, конституциямен, немесе заңмен берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайда, құқығын құзыретті ұлттық сот арқылы тиімді түрде қалпына келтіруге құқылы.

9 бап.       Ешкім де негізсіз тұтқындалуға, қамауда ұсталуға немесе қуғынға ұшыратылуға тиіс емес.

10 бап.       Әр адам, өзінің құқықтары мен міндеттерін анықтап, өзіне тағылған қылмыстық айыптаудың негізділігін белгілеу үшін, ісі толық теңдік негізінде, әділеттік талаптарға сай, тәуелсіз және әділ сот арқылы ашық қаралуына құқығы бар.

11 бап.       1. Қылмыс жасады деп айыпталған әр адам, қорғану құқығы қамтамасыздандырылып, заңды және ашық сот талқылауы оның кінәсін толық анықтағанға дейін, кінәсіз деп есептелуге құқығы бар.

      2. Ешкім де жасаған әрекеті немесе әрекетсіздігі негізінде, егер ол әрекеті ұлттық заңдар мен халықаралық құкық бойынша қылмыс болып саналмаса, жауапқа тартылмайды. Сонымен қатар қылмыс үшін берілген жаза, қылмыс жасалған кезде заңмен көзделген жазадан ауыр болмауға тиіс.

12 бап.       Әр адам жеке және отбасылық өміріне өзгелердің өз бетінше араласуынан, озбырлық жасап баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғуынан, ар-намысы мен абырой беделіне нұқсан келтіруінен қорғалуға құқығы бар.

13 бап.       1. Әр адамның әр мемлекеттің ішінде жүріп-тұруына және өз қалауынша тұратын мекен-жайды таңдауына құқығы бар.       2. Әр адам кез келген елден, соның ішінде өзінің туған елінен, басқа елге қоныс аударуға және өз еліне қайтып оралуға құқылы.

14 бап.       1. Әр адамның қуғынға ұшыраған жағдайда, басқа елдерден баспана іздеп және сол баспананы пайдалануға құқығы бар.       2. Бұл құқық шынтуатында саяси емес қылмыстың негізінде, немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен қағидаларына қайшы келетін әрекеттері үшін қуғындалғандарға жүрмейді.

15 бап. 1. Әр адамның азаматтыққа құқығы бар.  2. Ешкімді де азаматтығынан немесе азаматтығын өзгерту құқығынан еріксіз айыруға болмайды.

16 бап.  1. Кәмелеттік жасқа толған ерлер мен әйелдер өздерінің нәсіліне, ұлтына, дініне қарамастан некеге тұрып, отбасын құруға құқылы. Олар некеге тұрған, некеде болған және ажырасқан кезде бірдей құқықтарды пайдаланады. 2. Неке, тек екі жақтың өзара еркін және толық келісімі бойынша ғана қиылады.   3. Отбасы қоғамның табиғи және негізгі ұясы болып табылады, және қоғам мен мемлекет тарапынан қорғалуға құқылы.

17 бап. 1. Әр адамның дүние мүлікті жеке өзі, немесе басқалармен бірлесіп иемденуге құқығы бар.

  2. Ешкім де өз мүлкінен еріксіз айрылмауға тиіс.

18 бап.   Әр адам ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар; бұл құқық өз дінін немесе наным-сенімін өзгерту еркіндігін, өз дінін, наным-сенімін жеке өзі, немесе басқа адамдармен бірігіп тұтып, жария түрде, немесе жеке жолмен уағыздау, құдайға құлшылық ету, діни салт-жораларын орындау бостандығын да қамтиды.

19 бап.  Әр адам наным-сенім бостандығына және өз көзқарасын еркін білдіруіне құқығы бар; бұл құқық өз наным-сенімін кедергісіз ұстану еркіндігін және мемлекеттік шекаралар тәртібіне тәуелді болып қалмай, ақпараттар мен идеяларды еркін іздеп, кез-келген құралдар арқылы тарату бостандығын да қамтиды.

20 бап.   1. Әр адамның бейбіт жиналыстар және ассоциацияаларды құру бостандығына құқығы бар.

      2. Ешкімді де белгілі бір ассоциацияға зорлықпен кіргізуге болмайды.

21 бап.   1. Әр адамның, өз елін басқару ісіне тікелей өзі, немесе ерікті түрде сайланған өкілдері арқылы қатысуға құқығы бар.  2. Әр адам өз елінде мемлекеттік қызметке тең дәрежеде қол жеткізуге құқылы.

      3. Халықтың еркі үкімет билігінің негізі болуы тиіс; бұл ерік мерзімді және бұрмаланбаған сайлау арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Сайлау жалпыға бірдей тең сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру жолымен, немесе осы сияқты сайлау бостандығын қамтамасыз ететін басқа да, осы мәндес әдістер арқылы өткізілүі тиіс.

22 бап.  Әр адам, қоғам мүшесі ретінде, әлеуметтік жағынан қамсыздандырылуына және оның қадір-қасиеті қолдау табуына, жеке басы еркін кемелденуіне қажетті экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалар бойынша құқықтары әрбір мемлекеттің құрылымы мен ресурстарына сай, ұлттық ыкпал және халықаралық ынтымақтастық арқылы жүзеге асырылуына құқығы бар.

23 бап. 1. Әр адамның еңбек етуге, жұмыс түрін еркін таңдауға, әділ және қолайлы еңбек жағдайына, жұмыссыздықтан қорғалуына құқығы бар.  2. Әр адамның құндылығы тең еңбегі үшін, нендей бір кемсітусіз, тең еңбек ақы алуына құқығы бар. 3. Жұмыс істеп жүрген әр адам өзінің және отбасының ылайықты өмір сүруін қамтамасыз ететіндей әділ және қанағаттанарлық, және, қажет болған кезде, басқа әлеуметтік қамсыздандыру құралдары арқылы толықтырылып отыратын, сый-сияпатқа құқылы.  4. Әр адам кәсіподақтарын құруға және өз мүдделерін қорғау үшін, кәсіподақтарына кіруге құқылы.

24 бап.   Әр адам тынығуға және мәдени демалуға, оның ішінде ақылға қонымды шектеулі жұмыс күніне және мерзімді ақылы демалысқа, құқылы.

25 бап. 1. Әр адам өзінің және отбасы мүшелерінің денсаулығын әл-ауқатын қамтамасыз ететіндей, тамақты, киімді, баспананы, медициналық күтімді қамтитын өмір сүру деңгейіне құқылы және де жұмыссыз қалған күнде, науқас болған кезде, мүгедек болып қалған, жесір болып қалған күнде, қартайған шақта, немесе өзіне байланысты емес басқа да себептермен тіршілік ету мүмкіншілігінен айырылып қалған жағдайда қамсыздандырылуына құқылы.  2. Ана және нәресте болу жағдайы айрықша қамқорлық пен көмек алуға құқық береді. Балалардың бәрі, некелі немесе некесіз туған, бірдей әлеуметтік қорғауды пайдаланады.

26 бап. 1. Әр адамның білім алуға құқығы бар. Білім беру, ең болмағанда бастауыш және жалпы білім, тегін болуы тиіс. Бастауыш білім баршаға міндетті болуы тиіс. Техникалық және кәсіптік білім көпшіліктің қолы жетерліктей болуы тиіс және жоғары білім де, әркімнің қабілетіне қарай көпшіліктің қолы жетерліктей болуы тиіс.

      2. Білім беру адамның жеке басының толық кемелденуіне және құқықтары мен негізгі бостандықтарына деген құрметті арттыруға бағытталуы тиіс. Білім беру барлық ұлттар, нәсілдік және діни топтары арасында түсіністік, шыдамдылық пен достық қарым-қатынас орнатуға ықпал жасап және Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілікті қуаттау жолындағы жұмысына ықпал жасап, дем беруі тиіс.

      3. Ата-аналардың өздерінің жас балаларына білім беру түрін таңдауда құқығы басымды.

27 бап. 1. Әр адам қоғамның мәдени өміріне еркін қатысуға, өнерден рахат-ләззат алуға, ғылыми прогреске ат салысуға әрі оның игілігін пайдалануға құқылы. 2. Әр адам өзі автор болып табылатын ғылыми еңбегінің, әдеби немесе көркем шығармаларының нәтижесінде туындайтын рухани және материалды мүдделерін қорғауға құқылы.

28 бап.  Әр адам осы декларацияда баянды етілген құқықтар мен бостандықтарды толық жүзеге асыра алатын әлеуметтік және халықаралық тәртіпке құқылы.

29 бап.  1. Әр адамның, адам баласының еркін және толық кемелденуіне мүмкіншілік беретін қоғам алдында міндеттері бар. 2. Өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда әр адам тек басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті түрде тану және құрметтеу мақсаты көзделген жағдайда ғана және демократиялық қоғамдағы моральдің, қоғамдық тәртіп пен игіліктің әділетті талаптарын қанағаттандыру мақсаты көзделген жағдайда ғана, заңмен белгіленген шектеуге ұшырауы тиіс.  3. Осы бостандықтар мен құқықтарды жүзеге асырылуы Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен қағидаларына қайшы келмеуі тиіс.

30 бап. Осы Декларациядағы ешбір қағида қайсыбір мемлекетке, адамдар тобына немесе жеке адамдарға аталмыш Декларацияда баянды етілген құқықтар мен бостандықтарды жоятын қызметпен айналысу немесе іс-әрекет жасау құқығын береді деп пайымдалуы тиіс емес.

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактi (Нью-Йорк, 1966 ж. 16 желтоқсан)

II Бөлiм. 2-бап.

1. Осы Пактiге қатысушы әрбір мемлекет, осы Пактiде танылған құқықтарды өзiнiң аумағының шегiнде және юрисдикциясына қарасты аумақта тұратын барлық жұртты нәсiлiне, түр-түсiне, жынысына, тіліне, дiнiне, саяси, немесе басқа да наным-сенімiне, ұлттық немесе әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк жәй-күйiне, туу немесе өзге де жағдаяттарына қарамастан, еш алаламай аталған құқықтарды құрметтеуге және қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

3. Осы Пактiге қатысушы әрбір мемлекет: а) осы Пактiде танылған құқықтары мен бостандықтары бұзылған кез-келген адамға, олардың құқықтары мен бостандықтарын ресми тұлғалар бұзған күннiң өзiнде де, тиiмдi құқықтық қорғау амалын қамтамасыз етуге;

б) құқығын қорғауды талап еткен кез келген адамның құқықтық қорғау құқығы мемлекеттік құқықтық жүйесiмен көзделген құзыреттi сот, әкiмшілік, заң шығару билiктерi немесе басқа құзыреттi орган арқылы белгiленуiн және сот арқылы қорғалу мүмкiндiгінiң дамуын қамтамасыз етуге;

3-бап. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер, осы Пактiде көзделген барлық азаматтық және саяси құқықтарды пайдалану құқығы ерлер мен әйелдерге тең болуын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

III БӨЛIМ. 6-бап. 1. Өмiр сүру құқығы - әрбір адамның ажырамас құқығы болып табылады. Бұл құқық заңмен қорғалады. Ешкiмнiң де өмiрi ерiксіз қиылуға тиiс емес.

2. Өлiм жазасы жойылмаған елдерде, өлiм жазасы тек қана айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшiн, қылмыс жасалған уақытта қолданыста болған заңға сәйкес және осы Пактiнiң, сондай-ак Геноцид қылмыстарының алдын алу және жазалау туралы конвенцияның қаулыларына қайшы келмеген жағдайда ғана, ең ауыр жаза ретiнде берiледi. Бұл жаза тек қана құзыреттi сот шығарған ақтық үкiмдi орындау үшiн ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.

4. Өлiм жазасына кесiлген әрбір адамның кешiрiм берудi немесе шығарылған үкiмдi жеңiлдетудi сұрап арыздануға хақысы бар. Барлық жағдайда да рақымшылдық, кешiрiм беру немесе өлiм жазасы туралы шығарылған үкiм ауыстырылып берiлуi мүмкiн.

5. Он сегiз жасқа толмаған адамдар жасаған қылмыстары үшiн өлiм жазасына кесiлмейдi және де өлiм жазасына кесiлген әйелдiң аяғы ауыр болса, өлiм жазасы жүзеге асырылмайды.

7-бап. Ешкiм де азапталуға немесе оның қадiр-қасиетiн қорлайтындай адамшылыққа жатпайтын қатыгездiк жолымен жәбірленуге немесе жазалануға тиiс емес. Iшiнара, ешбір тұлға өзiнiң ерiктi түрдегi келісімiнсіз медициналық немесе ғылыми тәжiрибеге ұшыратылуы тиiс емес.

8-бап. Ешкiм де құлдықта ұсталуы тиiс емес; құлдық пен құл саудасының барлық түрiне тыйым салынады. 1. Ешкiм де кiрiптарлықта ұсталуы тиiс емес. 2. а) Ешкiм де ықтиярсыз немесе мiндеттi еңбекке мәжбүрленуi тиiс емес.

9-бап. 1. Әрбір адамның бостандыққа және жеке басының өмiрiне қол сұғылмауына құқығы бар. Ешкiм де ерiксіз қамауда немесе тұтқында ұсталуға тиiс емес. Әркiм өз бостандығынан тек қана заң негiзiнде және сол заңда белгiленген процедураға сәйкес айырылуы мүмкiн.

2. Қамауға алынған әрбір адамға қамалған кезiнде оның қамауға алынған себептерi мен өзiне тағылған кез келген айып жедел түрде хабарланады.

3. Қамауға алынған немесе қылмыстық айыптау бойынша ұсталған әрбір адам судьяның немесе заң бойынша сот билiгiн жүзеге асыру құқығы бар және ақылға қонымды уақыт iшiнде iстi сотта қарауға немесе босатуға құзыретi бар басқа лауазымды адамның алдына жедел жеткiзiлуi тиiс. Сотта iсi қаралуын күтiп отырған адамдарды тұтқында ұстау жалпыға бірдей тәртiп болып саналмауы тиiс, бірақ босату - сотқа кел, сотта iсiнiң қаралуының қай сатысында болмасын келу, керектi жағдайда үкiм орындалу кезiне келу кепiлдігі берiлсе ғана жүзеге асырылады.

4. Қамау немесе тұтқында ұстау арқылы бас бостандығынан айрылған әрбір адамның, оның ұсталуының заңды-заңсыз екендiгi туралы сот кiдiртпей қаулы шығарып және ұсталуы заңсыз болған күнде оны босату туралы бұйрық беру үшiн iсi сотта қаралуына құқығы бар.

10-бап. 1. Бас бостандықтарынан айрылған барлық адамдар өздерiне деген адамгершiлiктi көзқарасқа және адам баласына тән қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне құқылы.

11-бап. Тек қана қайсыбір шарттық мiндеттеменi орындау дәрменсіздiгiнiң негiзiнде ешкiм де бас бостандығынан айырылуға тиiс емес.

12-бап. 1. Кез келген мемлекеттің аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам сол аумақтың шегiнде еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты мекен-жайды өз қалауынша таңдау құқығына ие болуы тиiс.

2. Әрбір адам өзiнiң туған елiн қоса алғанда, кез келген елдi тастап шығуға құқылы.

4. Ешкiм де өзiнiң туған елiне қайтып оралу құқығынан ерiксіз айырылуы тиiс емес.

14-бап. 1. Сот пен трибунал алдында жұрттың бәрi тең. Әрбір адам өзiне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезiнде немесе қайсыбір азаматтық процесте оның құқықтары мен мiндеттерiн анықтау кезiнде заң негiзiнде құрылған құзыреттi, тәуелсіз және әдiл сот арқылы iсi әдiлеттi және ашық қаралуын талап етуге құқылы. Егер, iстiң ашық қаралуы демократиялық қоғамда адамгершiлiк пен қоғамдық тәртiп, мемлекет қауiпсіздiгiнiң пайымдаулары ескерiлген жағдайда немесе азаматтардың жеке өмiрiнiң мүдделерi талап етсе немесе соттың пiкiрi бойынша, жариялылық әдiл соттың мүдделерiн бұзатын ерекше жағдай тудыратын болса, онда соттың iстi қарауы басынан аяғына дейiн немесе оның бір деңгейiнде, жабық түрде, баспасөз өкiлдерi мен жұртшылықты қатыстырмай, жүргiзiлуi мүмкiн; алайда, кез келген қылмыстық, не болмаса азаматтық iстер бойынша шығарылған қаулылардың бәрi, тек кәмелетке толмағандардың мүдделерi басқа шараларды талап еткен жағдайда немесе матримониалдық дау-дамайлар немесе балаларды қамқорлыққа алу жөніндегі iстер бойынша шығарылған қаулыларды қоспағанда, көпшiлiк алдында жария етiлуi тиiс.

2. Қылмыстық iс бойынша айыпталған әрбір адам, кiнәсi заң бойынша дәлелденгенге дейiн, кiнәсіз деп есептелуге құқылы.

3. Әрбір адамның өзiне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезiнде, ең кем дегенде, төменде көрсетiлген, толық теңдiк негiзiнде берiлетiн кепiлдiктерге:

а) өзiне тағылған айыптаудың сипаты мен негiзi жөнiнде өзi түсiнетiн тiлде толық және дереу хабардар етiлуiне;

b) қорғау шараларына дайындық жүргiзуге және өзi таңдап алған қорғаушымен жүздесiп-тiлдесуге мүмкiндiк берiлiп, жеткiлiктi уақытпен қамтамасыздандырылуына;

с) дәлелсіз ұстау негiзiнде сотталмауына;

d) өз қатысуымен сотталуға және өзiн өзi дербес қорғауына немесе өзi таңдап алған қорғаушы арқылы қорғалуына: егер оның қорғаушысы жоқ болса, онда осындай құқығы бар екендiгi жөнiнде хабардар етіліп, қандай жағдай болмасын әдiл сот мүдделерi талап етсе, өзiне тағайындалған қорғаушының көмегiн пайдалануына және де қорғаушының еңбегiне төлейтiн жеткiлiктi қаражаты жоқ болса, оның көмегiн ақысыз пайдалануына;

e) өзiне қарсы көрсетпе берген куәлардан жауап алынуына немесе осы куәлардан жауап алуды талап етуiне, сонымен қатар өзiнiң куәлары шақыртылуына және олардан жауап алу шарты өзiне қарсы көрсетпе берген куәлардан жауап алу шартымен бірдей болуына;

f) егер сот жұмысын атқаруда пайдаланатын тiлдi түсiнбесе, немесе сол тiлде сөйлей алмаса тiлмаштың көмегiн ақысыз пайдалануына;

g) өз-өзiне қарсы көрсетпе беруге немесе өзiн-өзi кiнәлi деп мойындауға мәжбүрленбеуiне құқығы бар.

7. Ешкiм де, егер жасаған қылмысы үшiн әрбір елдiң заңы мен қылмыстық iс жүргiзу құқығына сәйкес кезiнде үзiлдi-кесiлдi сотталып немесе ақталған болса, онда осы қылмысы үшiн екiншi рет сотталуға немесе жазалануға тиiс емес.

16-бап. Әрбір адам, қай жерде жүрсе де, құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқылы.

17-бап. 1. Әрбір адам жеке және отбасылық өмiрiне өзгелердiң өз бетінше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетінше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғылуынан, ар-намысы мен абырой-беделiне нұқсан келтiрiлуiнен қорғалуы тиiс. 2. Әрбір адамның осындай озбырлық пен қол сұғушылықтан заңмен қорғалуына құқығы бар.

18-бап. 1. Әрбір адамның ой-пiкiр, ар-ождан және дiн бостандығына құқығы бар. Бұл құқық дiнге сену немесе дiндi қабылдау және наным-сенімiн өз қалауынша таңдап алу еркiндiгiн, өз дiнiн, наным-сенімiн жеке өзi немесе басқа адамдармен бірiгiп тұту бостандығын, жария түрде немесе жеке жолмен уағыздау, құдайға құлшылық ету, дiни және наным-сенім мен iлiм салт-жораларын орындау бостандығын да қамтиды. 2. Ешкiм де дiнге сену немесе дiн мен наным-сенімдерiн өз қалауынша таңдап алу еркiндiгін кемiтетiн мәжбүрлiкке ұшыратылуы тиiс емес.

3. Дiнге сену немесе наным-сенімдерiн тұтыну еркiндiгi тек қана қоғам қауiпсіздiгін, тәртiптi, денсаулық пен имандылықты, сондай-ақ басқалардың негiзгi құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн заңмен белгiленген шектеулермен ғана шектелуi тиiс.

19-бап.1. Әрбір адам өз ой-пiкiрiн еш кедергiсіз ұстануға құқылы. 2. Әрбір адам өз пiкiрiн еркiн бiлдiруге құқылы. Бұл құқық мемлекеттік шекараларға қарамастан кез келген ақпараттар мен идеяларды еркiн iздеу, тауып алу және оларды өз қалауынша таңдап алған құралдар арқылы ауызша, жазбаша немесе баспасөз арқылы немесе көркемдiк бейнелеу формалары түрiнде тарату бостандығын да қамтиды.

20-бап. 1. Соғысты қандай түрде болса да насихаттауға заң тұрғысынан тыйым салынуы тиiс.

2. Ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни өшпендiлiкке әкелiп соғатын, өздiгiнен кемсiтуге, араздыққа немесе зорлық-зомбылыққа арандатушылық болып табылатын қандай да бір үгiт жүргiзуге заң тұрғысынан тыйым салынуы тиiс.

21-бап. Бейбiт түрдегi жиналыстарды өткізу құқығы танылады. Бұл құқықты пайдалану тек демократиялық қоғамның мемлекеттік, немесе қоғамдық қауiпсіздiк пен қоғамдық тәртiп мүдделерiн, жұрттың денсаулығы мен имандылығын сақтау және басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қажет етiлетiн, заңмен көзделген шектеулерден тыс шектелуi тиiс емес.

22-бап

1. Әрбір адамның басқалармен бірiгiп қауымдастықтар құру бостандығына оның iшiнде кәсiподақтарды құрып оларға өз мүдделерiн қорғау мақсатымен кiруге құқығы бар.

23-бап. 1. Отбасы қоғамның табиғи және негiзгi ұясы болып табылады, және қоғам мен мемлекет тарапынан қорғалуға құқылы. 2. Heкe жасына толған ер азаматтар мен әйелдер некеге тұруға және отбасын құруға құқылы екендiктерi танылады. 3. Бiрде бір неке, некеге тұратын екi жақтың өзара еркiн және толық келісімдерiнсіз қиылмайды.

24-бап. 1. Әрбір бала нәсілiне, түр-түсiне, жынысына, тілiне, дiнiне, ұлттық, немесе әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк немесе туу жағдаяттарына қарамастан, ешқандай кемсiтусіз отбасы, қоғам және мемлекет тарапынан, өзiнiң жас шамасы талап ететiн тиiстi қорғау шараларын иеленуге құқылы. 2. Әрбір бала туғаннан кейiн дереу тiркеуден өткiзiлiп, есiмi қойылуы тиiс. 3. Әрбір бала азаматтық алуға құқылы.

25-бап. Әрбір азамат 2-баптағы айтылған қандай да болсын кемсiтушiлiкке және негiзсіз шектеуге ұшырамай: а) тiкелей өзi, сондай-ақ ерiктi түрде сайланған өкiлдерi арқылы, мемлекет iсiн жүргiзуге қатысу; b) сайлаушылардың еркiн бiлдiру бостандығын қамтамасыз ететiн жасырын дауыс беру жолымен жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы негiзiнде өткiзiлетiн шынайы мерзiмдi сайлауда дауыс беру және өзi сайлану; с) жалпыға бірдей теңдiк шарты бойынша өз елiнде мемлекеттік қызметке орналаса алу құқығы мен мүмкіндігiне ие болуы тиiс.

26-бап. Барлық адамдар заң алдында тең және қандай да болсын кемсiтуге ұшырамай, заңмен тең қорғалуға құқылы. Бұл орайда кемсiтудiң қандай түрiне болса да, заң тұрғысынан тыйым салынады және заңда барлық адамдар, қандай да бір белгiсiне, нәсiлiне, түр-түсiне, жынысына, тіліне, дiнiне, саяси және басқа да наным-сенімдерiне, ұлттық және әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк жағдайына, туу және басқа жағдаяттарына қарамастан кемсiтуден тең және тиiмдi түрде қорғалатынына кепiлдiк берiлуi тиiс.

27-бап. Этникалық, дiни және тiл азшылығы бар елдерде, осындай азшылық құрамындағы адамдар өз тобының басқа мүшелерiмен бірге өз мәдениетiн пайдалану, өз дiнiн тұтыну, дiнiнiң салт-жораларын ұстану және ана тілінде сөйлеу құқығынан айырылмауы тиiс.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ МӘДЕНИ ҚҰҚЫҚТАР ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАКТ. БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ 1967. (үзінді).

ІІ БӨЛІМ. 3-бап.      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер Пактiде көзделген барлық экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтарды ерлер мен әйелдердiң тең пайдалануы құқығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

5-бап.       1. Осы Пактiдегі ешбiр қағида қандай да бiр мемлекетке, қандай да бiр топқа немесе қандай да бiр адамға осы Пактіде танылған кез келген құқықтар немесе бостандықтарды жоюға, не болмаса оларды осы Пактіде көзделгеннен көп мөлшерде шектеуге бағытталған қандай да болмасын iс-әрекетпен айналысуға немесе қандай да болмасын iс-әрекет жасауға құқық бередi деп түсiндiрілмеуге тиiс.

      IІІ БӨЛIМ.6-бап.      1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әр адамның өз еркiмен таңдап алған немесе өз еркiмен келiскен еңбегімен күнкөрiс жасау мүмкiндiгi құқығын қамтитын еңбек етуге құқығын мойындайды және осы құқықты қамтамасыз етуге тиiстi қадамдар жасайды.

      7-бап.       Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әркiмнiң әділетті және қолайлы еңбек жағдайына ие болу құқығын таниды, оған, атап айтқанда:

      а) барлық еңбеккерлерге, кем дегенде:

      i) құндылығы бiрдей еңбектерi үшiн ешбiр айырмашылықсыз әдiл жалақы мен бiрдей сыйақы алуын және де, атап айтқанда, әйелдер үшiн еңбек жағдайы бiрдей еңбегi үшiн бiрдей еңбекақы алатын ер адамдар пайдаланатын еңбек жағдайынан кем болмауына кепілдiк берiлуiн;

      іі) осы Пактінiң қаулыларына сәйкес өздерi мен отбасы мүшелерi қанағаттанарлықтай тiршiлiк жасауын қамтамасыз ететін сыйақы;

      b) қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына жауап беретiн еңбек жағдайы;

      с) еңбек өтiлi мен бiлiктiлiгiнiң негiзiнде ғана жұмыста тиiстi жоғары сатыларға көтерiлуi үшiн бәрiне бiрдей мүмкiндiк берiлуi;

      d) тынығу, бос уақыт және жұмыс уақытының орынды шектелуi, мерзiмдi ақылы еңбек демалысы, сонымен қатар, мереке күндерiнде iстеген жұмысы үшiн сыйақы алу құқығы кiредi.

8-бап.       1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер:

      а) әрбiр адамның, өзiнiң экономикалық және әлеуметтiк мүдделерiн жүзеге асыру және қорғау үшiн кәсiптiк одақтарды құру және осындай ұйымдарға өзiнiң таңдауы бойынша, сол тиiстi ұйымның ережесiн бұзбау шартымен ғана кiру құқығын; аталған құқықты пайдалану заң бойынша көзделген және демократиялық қоғамдағы мемлекеттiк қауiпсiздiк немесе қоғамдық тәртiп мүдделерiн немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн қажеттiлерiнен басқа ешбiр шектеулерге жатпайды;

      е) әр елдiң заңдарына сәйкес жүзеге асырылған жағдайдағы ереуiлдерге шығу құқығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

      9-бап.      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның, әлеуметтiк қамсыздандыруды қоса алғанда, әлеуметтiк жағынан сақтандыру құқығын таниды.

10-бап.      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер:

      1. Қоғамның табиғи және негiзгi ұясы болып табылатын отбасына, әсiресе, жаңа шаңырақ көтерген тұста және жас балаларына қамқорлық жасау мен олардың тәрбиесiне жауапкершiлiк жүктелген кезде, мүмкiндiгiнше барынша кең ауқымды қорғау мен жәрдем көрсетiлуi қажет екендiгiн таниды. Неке екi жақтың өзара еркiн келiсiмi бойынша ғана қиылуы тиiс.

      2. Аналарға, бала туғанға дейiнгi және одан кейiнгi тиiстi уақыт iшiнде айрықша қамқорлық көрсетiлуi тиiс. Жұмыс iстейтiн аналарға осы мерзiм iшiнде ақылы демалыс немесе әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша жеткiлiктi жәрдемақылық демалыс берiлуi тиiс.

      3. Барлық балалар мен жасөспiрiмдерге шығу тегiне байланысты немесе өзге бiр белгiсi бойынша қандай да болмасын кемсiтусiз қорғау мен жәрдемнiң ерекше шаралары қабылдануға тиiс. Балалар мен жасөспiрiмдер экономикалық және әлеуметтiк қанаудан қорғалуы тиiс. Олардың еңбегін имандылығы мен денсаулығына, немесе қалыпты өсiп-жетілуiне зиян келтiретiн немесе өмiрiне қауiп төндiретiн салаларда пайдалану заң жүзiнде жазалануға тиiс. Бұдан басқа, мемлекеттер жас мөлшерi шегiн белгілеуге тиiс, ал одан жасы төмен баланың ақылы еңбегiн пайдалануға заң бойынша тыйым салынады және жазаға тартылады.

11-бап.       1. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әркiмнiң өзi және отбасының жеткіліктi тамақтануын, киiмi мен баспанасын қамтитын, жеткiлiкті тұрмыс деңгейiнде өмiр сүру және тұрмыс жағдайын үнемi жақсарту құқығын таниды. Қатысушы мемлекеттер, бұл ретте еркiн келiсiмге негiзделген халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенiн тани отырып, осы құқықтың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшiн тиiстi шаралар қабылдайды.

     12-бап.       1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның тәндiк және психикалық саулылығының ең жоғары деңгейiне қол жеткiзу құқығын таниды.

      2. Бұл құқықты толық жүзеге асыру үшiн осы Пактiге қатысушы мемлекеттер:

      а) балалардың өлi тууы мен шетiнеу санының азаюын қамтамасыз ету және балалардың салауатты дамуына жағдай туғызу;

      b) сыртқы орта гигиенасының және өнеркәсiптегi еңбек гигиенасының барлық аспектiлерiн жақсарту;

      с) iндет, эндемиялық, кәсiби және өзге де аурулардың алдын алу және олармен күресу;

      d) науқастанған жағдайда, баршаға медициналық жәрдем беру мен дәрігерлiк күтiмдi қамтамасыз ететiндей жағдай жасау үшiн қажеттi iс-шараларды қамтуға тиiс.

13-бап.      1. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның бiлiм алуға құқығын таниды.

      2. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер осы құқықты толық жүзеге асыру үшiн:

      а) бастауыш бiлiм баршаға бiрдей мiндеттi және тегiн болуы тиiс екендiгiн;

      b) әр түрлi нысанда орта бiлiм алу, бұған кәсiптiк-техникалық орта білiмдi қоса алғанда, барлық қажетті шараларды қабылдау жолымен, атап айтқанда, бiртiндеп тегiн білiм беру жүйесiн енгiзу сияқты ашық және бәрi үшiн қолжетiмдi болып жасалуы тиiс екендiгiн;

      с) жоғары бiлiм алу әркiмнiң қабiлетiне қарай барлық қажеттi шараларды қабылдау жолымен, атап айтқанда, бiртiндеп тегiн білiм беру жүйесi сияқты, бәрi үшiн бiрдей қолжетiмдi болып жасалуы тиiс екендiгiн;

      d) бастауыш бiлiм алмаған немесе бастауыш бiлiмнiң толық курсын аяқтамағандар үшiн қарапайым бiлiм алу, мүмкiндiгiнше көтермеленiп, немесе үдетiлiп оқытылу керек екендiгiн;

      е) барлық сатыдағы мектеп жүйелерiн дамытудың белсендi түрде жүргiзiлуi, стипендияның қанағаттанарлықтай жүйесiнiң орнатылуы, оқытушылар құрамының материалдық жағдайының үнемi жақсартылып отырылуы тиiс екендігін таниды.

      3. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ата-аналардың және тиiстi жағдайларда, қамқоршылардың өз балаларын оқыту үшiн мемлекет билiгi құрған мектептердi ғана емес, сонымен қатар мемлекет белгілеуi немесе бекiтуi мүмкiн бiлiм беру талаптарына жауап беретiн және өз балаларының наным-сенiмдерiне сәйкес дiни және имандылық тәрбие берудi қамтамасыз ететiн басқа да мектептердi таңдау еркiндiгiн құрметтеуге мiндеттенедi.

15-бап.       1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның:

      а) мәдени өмiрге қатысу;

      b) ғылыми прогресс пен оларды iс жүзiнде қолдану нәтижелерiн пайдалану;

      с) өзi авторы болып табылатын кез-келген ғылыми жұмыстарға, әдеби немесе көркем туындыларға байланысты туындаған моральдық және материалдық мүдделерiн қорғауды пайдалану құқығын таниды.

      2. Осы құқықты толық жүзеге асыру үшiн осы Пактiге қатысушы мемлекеттер қабылдауға тиiс шараларға ғылым мен мәдениет жетiстiктерiн қорғау, дамыту және тарату үшiн қажеттi шаралар да кiредi.

      3. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық қызмет үшiн сөзсiз қажет бостандықты құрметтеуге мiндеттенедi.

      4. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ғылым мен мәдениет салаларындағы халықаралық байланыстар мен ынтымақтастықты көтермелеуден және дамытудан келетiн пайданы таниды.

http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z050000087 сайтынан қысқартылып алынды



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?