«Біржан-Сара» айтысы. Қазақ әдебиеті, 9 сынып, қосымша материал. 1-сабақ.


БІРЖАН МЕН САРАНЫҢ АЙТЫСЫ ОЙДАН ҚҰРАСТЫРЫЛҒАН БА?

емесе Қабдеш ағаның ақиқаты

Қазақ әдебиеті мен өнері тарихында ақтаңгер әнші-композитор Біржан Сал мен қазір Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына баратын жол бойында ескерткіші тұрған ақын Сараның өзіндік орны бары айтпаса да түсінікті. Олардың аты-жөні жеке де, қосып та айтылатын. Біржанның әні «Теміртас», «Жанбота», Сара деген елден-ерек ақын қыз болыпты дегендей. Мектепте оқып жүргенде «Біржан-Сара» айтысы жайлы білдік. Одан өткен ғасырдағы 40-жылдардың орта тұсында «Біржан-Сара» операсы жайлы құлақтанып, радиодан ара-тұра арияларын тыңдайтынбыз.

Бүгінде қазақ әдебиетінің алтын қорына енген «Біржан-Сара айтысы» туралы түрлі алып-қашпа әңгімелер бар.

АБіржан салдың ақиқаты әм Сарамен айтысына қатысты көлемді зерттеу еңбек жазған жазушы Қабдеш Жұмаділовтің жаңа сұхбаты baistars.kz сайтына жарияланды.

Айта кетейік жақында Қабдеш Жұмаділовтің «Әріп пен Сара» атты кітабы жарық көрген болатын.

Әріп менің бұрыннан кейіпкерім. «Тағдыр» дейтін романымда бұл кісінің аты аталады – деп бастады әңгімесін қазақтың қабырғалы жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов. Әріп ол уақытта Шәуешектегі орыс консулы Николай Балқашиннің тілмаші болып жүреді. Бір жағынан көмекшісі. 1884 жылы қазіргі шекара тартылғанда соны жасауға бастан-аяқ қатысқандардың бірі осы – Әріп Тәңірбергенұлы. Содан кейін 1887 жылы Әріп туған еліне қарай қайтады. Бұрын Аягөз жақта да тілмаш болған. Аягөз жерінде бір начальниктің жемқорлығын әшкерелеймін деп араздасып елден кеткен. Ол жаққа енді барғысы келмейді. Сөйтіп Қапалға келіп орналасады. Бұл мекен біз білетіндей Сараның туған жері. Самойлов деген начальниктің тілмашы болады. Өзі өте білімді адам. Парсы, орыс тілдеріне сауатты. Осында келіп 17-18 жастағы Сарамен танысады. Сараның сол уақытта ойын-тойларда болатын айтыста өзі қатарлы бозбалаларды бетқаратпай жеңіп жүрген кезі екен. Әріпті де ел біліп қалған. Бұған дейін Қазан баспасынан оның үш кітабы шыққан. «Мың бір түннің» оқиғалары бойынша ғашықтық жырлар жазған. Соны Сарада оқыған. Бір тойда танысып, сырласып кетеді. Әріптің отбасы бар, бірақ әйел бала-шағасы Аягөзде қалған. Өзі мұнда салт келген. Жасы 33-35-ке таяп қалған шағы. Сараның басы байлаулы. Жиенқұл байға қатын үстіне қатын қылып атастырып қойған. Жиенқұл өзі саудагер, өзі дәулетті. Сараның аулынан Тұрысбек, Маман есімді байлар шыққан. Өзі кедей Тастанбек деген кісінің қызы. Ол уақытта байлар барымташы ұстайды. Матайдың жуандары 200 жылқыны айдап әкетеді. Бұл әрекеттері әшкере боп қалады. Осылайша аудандық сот бірнеше адамды Сібірге айдайтын болып үкім де шығарып қояды. Істі болғандардың ішінде Сараның ағасы Жайсаңбек деген момын кісі де бірге кетеді. Бар бәлені Жайсаңбекке жабады. Бірақ істі насырға шаптырмай, ым-жымсыз бітірейік дейді. Осылайша олар Жиенқұлға барып, екі жүз жылқының жүз жылқысын жылқыдай қайтарайық, қалғанына бір сұлу қыз берейік дейді. Басында Жиенқұл келіспейді. Бірақ Сараны көрген бойда райынан қайтады. Осылайша Сараның басы байлаулы боп қалады. Қайран қыз Матайдың жуандары ұрлаған жылқының орнына кетеді ғой. Әріп келгенде ол әлі ұзатылмаған. Начальник Самойловтың өзі бұл іске басымды сұқпаймын деп ат тонын ала қашады. Матайдың жуандарымен араздасқым келмейді, өйткені мағанда абырой керек, бұлар үстімнен арыз-шағым түсіруі де ықтимал дейді.

Сара мен Әріп бір жылқышының отауында оңаша кездесіп жүреді. Мынадай бір өлең жолдары бар:

Ақ үйге аңдып басып кірді біреу,

сипалап керегені жүрді біреу.

кешікпей іздегенін тура тауып,

етегін ақ көйлектің түрді біреу.

қырдан ұшқан қанды көз қаршығадай,

аққуын айдын көлдің ілді біреу.

шіркін-ай осы кеште таң атырмай,

жібермей ұстап тұрса тілді біреу.

қу жаның шығып кетпей қалай тұрар,

сорғанда солқылдатып тілді біреу – дейді.

Тура осы өлеңде не айтылса, Әріп пен Сараның арасында соның бәрі болды дейміз. Әріп енді Сараны қалай құтқарам деп басы қатады. Әрі ойлап, бері ойлап тапқаны Сараны әшкерелеу керек. Қалайша? Матайдың жуандары қызды жылқыға сатып алды, адам бостандығы қайда, қазақтың өнерпаз қызын қор қылды дейді ғой Әріп. Құр өле қылып жарияласа оны біреу жаттайды, біреу білмейді. Газет-журнал деген жоқ, бірден тарала қоюы екіталай. Бұл 1889-1890 жылдар шамасы. Мұны айтыс түрінде шығарайын дейді. Тәуке мен Рухияның айтысы сияқты етіп жазайын деген ойға тоқтайды. Оны да Әріп жазған. Матайдың жуандарын әшкерелеп Сараны біреумен айтыстырмақ. Кім айтысу керек? Мәселе осыған келіп тіреледі. Ол өмірде бар адам болу керек. Бұл өзіне таныс арғын мен найманды айтыстырмақ болады. Абай айтыспайды, Шәкәрім айтыспайды, Көкбайды айтыстырайын десе, Көкбайдың аузының дуасы жоқ. Әсетті айтыстырайын десе ол жас. Әлі елге танылмаған кезі. Шіркін үш жүзге таныс Біржандай адам болса ғой деп. Біржан шал ғой. Ештеңе етпейді 35 жастағы кісі қылып алады. Ол Керей ғой. Арғын боп айтыса ма? Айтыс елге тараса болды ғой, Арғын етіп ала саламыз дейді. Осылайша отырып Біржан мен Сараның айтысын жазып шығады ғой Әріп. Жазып шыққан соң бірнеше дана етіп көшіртіп, Матай жаққа, бірнешеуін Аягөзге жөнелтеді. Осымен Біржан-Сара айтысы жайылады да кетеді. Абай бар ол кезде. Бәрі оқып көреді. Абайға шабуыл жасайды. Мұндай айтыс жазатын басқа ақын жоқ, Әріп сонда жүр. Мұны Әріп Тәңірбергенұлы шығарған дейді. Тобықтың Қонысбай деген ақыны Әріпке өлеңмен хат жазыпты. Өлеңі арқылы Әріпті біраз айыптаған көрінеді. Әріпте оған жауап қайтарады. Матайдың жуандары аң-таң. Әй, біздің жаққа Біржан келіп пе еді? Жоқ. Тексеріп көрсе бұл жаққа Біржан ат ізінде салмаған. Ендеше мұны істеп жүрген Әріп. Әріптің үстінен арыз жазып, Уез начальнигі Самойловқа кіргізеді. Сіздің тілмашыңыз елді дүрліктірді, ұзатылғалы отырған қызымызды бұзды – дейді. Әріпті бұл өлкеден басқа жаққа жер аударыңыз дейді. Самойлов Әріпті шақырып алып, мұның болмады елден кетесіз, қайда барғыңыз келеді деп сұрайды. Аягөзге бармаймын деп бірден бас тартады. Сұрастыра келе Алматыдағы поштаның бастығы жоқ екен. Осы қызметке адам қарастырып отырған беті екен. Екі тілге жүйрік Әріп амалсыздан келіседі. Айлығы да қомақты болып шығады. Қапалды қимай Әріп Алматыға кетіп бара жатады. Осы жерден менің повесім бітеді – деп сөзін аяқтады Қабдеш ағамыз.

Мақаланың түпнұсқадағы тақырыбы: «Біржан  мен Сара айтысы ойдан құрастырылған»

Abai.kz

https://abai.kz/post/43696

Біржан мен Сара айтысы

Біржан мен Сара айтысы — айтыс өнерінің озық үлгілерінің бірі. Айтыс 1871 ж. қазіргі Алматы обл-ның Қапал-Ақсу өңірінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді.

19.11.2014 35935 Пікір

Біржан мен Сара айтысы — айтыс өнерінің озық үлгілерінің бірі. Айтыс 1871 ж. қазіргі Алматы обл-ның Қапал-Ақсу өңірінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 ж. Қазанда “Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады. Кейін Зайсаннан 2-нұсқасы табылып, “Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны” деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы — 969 жол, 2-нұсқасы — 1080 жол. Әріп Тәңірбергенұлы жазған тағы бір нұсқасы 1907 ж. жарық көрді. 1918 жылға дейін бұл үлгілер сегіз рет, Кеңес өкіметі тұсында он бір рет жарияланды. Сөйтіп, ел ішіне жазбаша да, ауызекі де таралып келді. Айтыстың жарық көруіне, таралуына, өңделіп сарапталуына Сара, Жүсіпбек қожа, Әріп ақын елеулі үлес қосқан. Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті, шындықты өзекті де әлеум. тақырып етіп көтереді. Екі ақын өздері тұрған екі өңірдің жақсы-жайсаңдарын кезекпе-кезек сараптай отырып, олардың сан алуан адамгершілік қасиеттері мен келеңсіз іс-әрекеттерін жайып салып, оларға халық талабына сай келетіндей баға беріп отырады. Сонау қияндағы Сарыарқадан Сараны жеңемін деп Жетісуға келген Біржан сал ә дегеннен амандасу рәсімінің өзін бойында дос тұрмақ дұшпан кемітер бір міні жоқ сұлудың, шебер ақын, шешен қыздың бетін қайырып, жігерін жасытып алуға пайдаланбақ болады. Бірақ білімді де ақылды қыз Хауа анаға Адам атаның өзі келгенін “Хиссас-ул-Әнбиядан” оқып білгенін дәлел етіп ұсынады. Мұндай жауапты күтпеген Біржан қатты тосылса да, сөз кезегін әрі қарай жалғастыра береді. Қос жүйрік бұдан әрі жалпы ақындық өнер, адам бойындағы сан алуан қасиеттер, ел дәстүрі, байлық, салтанат, ел басшыларының іс-әрекеттері секілді мәселелерді сөздеріне арқау етеді. Айтыс алғашында рулық бағыт алса да, кейін дәстүрлі арнадан ауытқып, жүйелі өнер сайысына, көркем де кестелі сөз жарысына айналады, қазақ қоғамындағы әлеум. қарым-қатынастың адам өміріне әсері, тұрмыстың мән-мазмұны филос. ой-толғамдармен қосыла өріліп, өз нақышын тауып жатады. Айтыста халқымыздың әдептілік пен әсемдік туралы пікірлері, эстет. талғам-талаптары кең көрініс тапқан. Осының бәрі Б. мен С. а-ның 19 ғ-дағы қазақ халқының болмыс-тіршілігін жан-жақты суреттейтін көркем туынды екенін айқын аңғартады. Б. мен С. а. атақты екі ақынның арасындағы сөз айтысы ғана болмай, айтыс өнеріндегі көркемдік қуаты, тіл бейнелілігі жағынан ерекше эстет. талғам биігінен көрінген айтыстың үздік үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады. Айтыс негізіндегі Қ.Жұмалиевтің либреттосы бойынша 1946 ж. М. Төлебаев “Біржан — Сара” операсын жазды.

М. Жармұхамедұлы

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том

http://el.kz/kz/news/archive/content-1145



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу