Қазыбек би «Кім жақын? Не қымбат? Не қиын?» . Қазақ әдебиеті, 9 сынып, дидактикалық материал. 1-сабақ.


1-мәтін. Қаз дауысты Қазыбек би, Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін Болатқожа атасынан шыққан ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек — есімдері елге белгілі әділ билер болған.

Қаз дауысты Қазыбектің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты дерек жоқ, дегенмен ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.

Тәуке хан үйсін Төле, алшын Әйтеке, арғын Қазыбек билерге жаңа заң жобасын – “Жеті жарғыны” жасатып, Күлтөбенің басында бүкіл халық алдында қабылдатты. Сөйтіп, ұлы үш бидің көмегімен ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамайлар, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі, т.б. мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.

Ел “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен кезеңде Қазыбек би өзге де билермен бірге Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. Орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда, Қазыбек би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық елшілік айла-әрекеттерін жасаған. Би 1762 ж. Абылай сұлтанға Қытай боғдыханынан іргені аулақ салуға кеңес берген. Қазыбек мемлекет істерімен қатар руаралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған. Орыс патшасының өктемдігіне қарсы 1740 жылғы башқұрттар көтерілісінің басшысы Қарасақалдың Қабанбай батырға бармас бұрын Қазыбек биге келіп паналағаны белгілі. Ал Барақ сұлтан қысастықпен 1748 ж. 24 тамызда Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіргенде, мұны ел бірлігіне іріткі салатын қылмыс деп бағалаған.

Би 18-ғасырдың 40-жылдарының басында Сыр бойынан Арқаға қарай көшіп, Ұлытау, Қарқаралы өңірін қоныс қылып, Семізбұғы тауының беткейлерін жайлаған. Қазыбектен: Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет есімді бес ұл, Маңқан (Қамқа) деген бір қыз туған. Қазыбек ұрпақтары ата-баба жолын қуып, сөз ұстаған парасатты әділ қазылар атанған. Баласы Бекболат, одан кейінгі Тіленші, Алшынбайлар да дүйім жұртты аузына қаратқан әділ де тура билер болған. Белгілі әнші-композитор Мәди Бәпиұлы да Қазыбек бидің ұрпағы.

Қазыбек би 1764 жылы Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен. Денесін баласы Бекболат Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлеп, басына құлпытас орнатқан. Қазыбек бидің қайраткерлік қызметі мен шешендік өнері туралы Алексей Левшин, Шоқан Уәлиханов, Шаһабуддин Маржани, Балтабай Адамбаев, Нысанбек Төреқұлов, т.б. зерттеулері сақталған. Жазушы Софы Сматаевтың “Елім-ай” романында кемеңгер бидің келісімді тұлғасы жасалған. Қарағанды облысында бір ауданға, Алматы, Шымкент қалаларында көшелерге би есімі берілген, ел ордасы – Астанада ескерткіш орнатылған. Қазыбек бидің әдеби мұрасы әр жылдарда баспадан жарық көрген шешендік сөздер жинақтарына енгізілген.

2-мәтін. Кім жақын? Не қымбат? Не қиын?

Қаздауысты Қазыбектің тапқырлығы мен шешендігін өз құлағымен естіп, көз жеткізігісі келген бір білгір адам оған: Кім жақын? Не қымбат? Не қиын? деген үш сұрақты қатарынан қойса керек. Сонда Қазыбек би оған былай деп жауап қайырған екен деседі:

Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, апайың жақын.

Бауырмал болса, інің жақын,

Инабатты болса, келінің жақын.

Алдыңа тартқан адал асың,

Қимас жақын – қарындасың.

Сыбайлас болса, нағашың жақын.

Адал болса, досың жақын.

Еркелейтін немерең жақын,

Өз ұрпағың - шөберең жақын.

Жан серігің жас кезіңнен

Бәрінен де әйелің жақын....

 

- Алтын ұяң – Отаның қымбат,

Құт-берекең – атаң қымбат,

Мейірімді анаң қымбат,

Асқар тауың – әкең қымбат,

Туып өскен елің қымбат,

Ұят пен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат...

 

Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын,

Шанышқылаған сөз қиын,

Дәл осындай жағдайда,

Пана болмас өз үйің.

Жазылмаса дерт қиын,

Іске аспаған серт қиын.

Ақылыңнан адасып,

Өзің түскен ор қиын,

Тентек болса ұл қиын,

Не істеріңді біле алмай

Ашиды сонда бас, миың.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу