Шәкәрім Құдайбердіұлы «Еңлік-Кебек» дастаны. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 15-сабақ.


Оқушыларға арналған дидактикалық материалдар

Көркем образ

http://www.izden.kz/referattar/kazak-tili-men-debieti/31

Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрінің құйылар арнасы, ең басты және өзекті мәселесі-образ және образдылық. Кең ауқымда алып қарасақ, көркем образ-өмірлік шындықты игеру мен қайтадан қорытып, жаңадан жасап шығарудың өнерге ғана тән ерекше тәсілін сипаттайтын эстетикалық категория. Сонымен бірге көркем шығармада жасалған алуан құбылыстарды да, көбінесе кейіпкерлер мен әдеби қаһарманды «образ» деп атаймыз.

Негізінде образдың ерекшелігін екі мәселеге, яғни нақты шындық пен ойлау үрдісіне қатысты қарастыру дәстүрі қалыптасқан. Соған сәйкес, образдың обьективті-танымдық сипаттары 2 түрлі жағдайға байланысты анықталады.

Образ көркемдік шындыққа тән болғанымен, өмірлік негізінде жасалатындықтан, ақиқат өмірдегі кеңістік, уақыт, қоғам, заттар мен құбылыстардан алшақ кете алмайды. Сондай-ақ, образ ақиқат болмыспен біте қайнасып кетуге де тиіс емес. Оның сыры-образдың өмір сүру ортасына қатысты. Нақтылай түсер болсақ, образ ақиқат өмірден бастау алғанымен, көптеген шарттылықтар арқылы одан ажырап, көркем туындыдағы «қиялдан туған» әлемге көшеді.

Образ-шығармашылық ой жемісі. Яғни образ тек қана ақиқатты суреттеп берумен шектелмейді. Өмір шындығын жинақтай отырып, жекелеген оқиғаларды, құбылыстарды бейнелей отырып, адам баласын толғандырып келе жатқан мәңгілік сауалдардың мәніне де үңіледі. Образ-нақты ұғым. Қандай құбылысқа негізделсе де, образ ол құбылысты дерексіз, тиянақсыз әлденелерге бөлшектемей керісінше, оның тұтастығын, өзіндік бітімін сақтап қалады. Әдебиетте адам бейнесін жасаудың амалы алуан түрлі. Ол сөздегі суретпен ғана бітпейді, көркем бейне жасауға қажет өмірлік материалды жинақтаудан әдеби тұлғаны даралауға дейін барады.Жинақтау дегеннің өзі-әдеби тип жасау әрекеті. «Типтендіру деген суреткердің іс жүзінде өмір шындығын өз дүние танымы тұрғысынан белгілі бір уақытпен кеңістікке, әлеуметтік орта мен дәуірге сай талғап-тануы, таңдап іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы, даралуы болып табылады» дейді академик З.Қабдолов.

Типтендіру – мөлшерлі «сфераға» енетін, өлшеулі «формаға» көнетін әрекет емес, ақиқат өмірдегі кісілерден әдеби шығармадағы жанды бейнелер туғызудың аса қиын, күрделі және әрқашан тың, тынымсыз харакеті. Суреткер өзі жасаған көркем бейненің құны мен қасиетін қатаң қағидаға қарап белгілемейді, оның өмірдегі жанды дерегіне қарап бағалайды. Жазушыға тип жасау әрекетінің үстінде керегі-типтілік туралы «қисын» емес, тірі мүсін-прототип.

Кейде оқырман күнделікті өмірдегі адам мен әдеби қаһарманды бірдей ұғым ретінде қабылдайтыны бар. Бұл жағдай әсіресе, әдеби бейненің өмірдегі прототипі болғанда ерекше байқалады. Алайда, прототип пен әдеби қаһарман бір ұғым емес. М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбайды тарихтан белгілі Құнанбайдың таза көшірмесі деп түсінуге болмайды. Өйткені, әдеби бейнеде қаламгер концепциясы жинақталады да, соған орай көркем бейне жасалады.Сонымен бірге авторлық позицияға байланысты кейіпкер халықтық қаһарманға айналуы да, қаламгердің көркемдік жүйесіне байланысты да болады.Шындық құбылыстарды типтендіре жинақтау арқылы суреткер болашақ образдың немесе типтің жалпы бітімін, тұлғасын қалыптастыруымен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды. Әрбір әдеби тұлғаны өз ортасынан адам ретінде бөлек, оқшау танытып тұратын, оның тек өзіне ғана тән, өзгелерде жоқ және қайталанбайтын психикалық ерекшеліктері болуы шарт. Суреткердің өмір шындығын жинақтау әрекеті әрқашан оның адам мінезін даралау әрекетімен ұласады.Мінез – адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы. Осы мінездің өзін жазушы әр түрлі тәсілмен жасайды. Мысалы: бірі-тура мінездеу, тағы бірі-жанама мінездеу.

Мінездеу, жанама мінездеу, адамға тән сүйініш, күйініш, сезімдерді суреттеу, адамның өз сөзін (монолог), немесе өзгемен сөйлесуін (диалог) келтіру-осылардың бәрі жеке-жеке тұрған, бір-біріне жеке, дара мақсатты нәрселер емес, керісінше бірін-бірі толықтырып, бірінен-бірі туып жалғасып жатқан дүниелер. Мұндай бірліксіз бұлар адам мінезін де, тұлғасын да жасай алмаған болар еді.Сонымен бірге адамның ішкі бітімімен қатар сырт келбеті (портреті) де адам образын ашуға қызмет етеді. Портрет адамның бүкіл анатомиясын түгел қамтып, жіпке тізе беру шарт емес. Әр портретте әр адамның ең бір ерекше сипаты нақты, қысқа суреттеледі.Әдеби шығарма не туралы жазылса да бәрібір, сайып келгенде, бәрі де адам, тек адам туралы ғана сыр шертеді. Көркем шығармаларда суреттелетін табиғат көріністерін, яки пейзажды да әншейін бір уақыт пен кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамай, адам образын толықтыра түсетін тәсілдің, бірі деуімізге болады. Образдың жасалу тәсілдеріне лайық образдың түрлері туады.

Образдың түрлерін белгілеудің бірнеше (әдістік, тектік, тәсілдік) факторлары бар. Көркемдік әдіс тұрғысынан келгенде, образ екі түрлі :романтикалық образ, реалистік образ. Әдеби тек тарапынан келгенде, образ үш түрлі: эпикалық образ, лирикалық образ, драмалық образ. Ал, жалпы жасалу тәсілдеріне келетін болсақ, образ юморлық, сатиралық, фантастикалық, трагедиялық, комедиялық, қаһармандық, т.б. бейнелер деп бірнеше тұрғыдан жіктеуге болады. Осылардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар, оны білу әдебиетшіге ауадай қажет.

Әдебиеттегі көркемдік әдіс, негізінен екі түрлі:(романтизм, реализм). Біз қазір образдың көркемдік әдіс тұрғысынан өзіндік ерекшеліктеріне ғана тоқталамыз.Романтикалық образ - әдебиеттегі адам бейнесінің байырғы түрлерінің бірі. Бұл образдың алғашқы үлгілері баяғы көне дүние әдебиетінде, әсіресе мифте, немесе қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде жатыр. Бұл образ өмірдегі болған немесе бар деректен гөрі өмірде әзірше жоқ, бірақ болатын дерекке негізделеді.Романтикалық образ – қай жанрдың туындыларында болса да молынан кездесетін, образдың дәстүрлі, қалыптасқан түрі.Реалистік образ - әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Реалист – сөзінің латын тіліндегі мағынасы заттық деген ұғымды білдіреді. Сонымен қатар, «шындық, шыншыл, шынайы, ақиқат» деген сияқты ұғымдарды да білдіреді. Демек, өнер түрлеріне қатысты қалыптасқан реалистік образ ұғымы өмірлік шындыққа негізделген, эстетикалық-тәрбиелік мәні зор, қоғамдық сипаты айқын, өз бойына жалпылық және жалқылық белгілерді қатар дарытқан, сонымен бірге қоғамдық, көркемдік дамуға байланысты ұдайы өзгеру, жетілу үстінде көрінетін шыншыл бейне деген түсінікті білдіреді.Реалистік образ – нанымды образ:оның мінез-құлқа, іс-әрекеті, оны қоршаған орта, оның басынан өтетін оқиға, бәрі өлшеулі. Өйткені суреткер шыншыл образ жасау үстінде өзін шындық шеңберінен шығармайды.

Реалистік образ – типтік образ. Өнердегі шыншыл образ өмірдегі бір адамның ғана көтерілген жоқ, бірнеше адамнан жинақталып шыққан.Әдеби тек тұрғысынан образдар эпикалық, лирикалық, драмалық болып 3 топқа бөлінеді. Аталған образ түрлерінің қай-қайсы да адам болмысын жан-жақты танып, ашып көрсетуді мақсат етеді. Сол себепті, образ бойында бүкіл адам баласына ортақ тылсым құбылыстардан бастап, өмірдің кейбір сәттері мен жеке адамға ғана тән сезімдік шарпысуларға дейін қамтыла береді. Әдеби тектердің әрқайсына тән ерекшеліктерге сәйкес, образ тұлғалауда қаламгерде сол тектерге тән тәсілдерді пайдаланады.Эпикалық образ - жазушының авторлық баяндаулары мен әдеби қаһарманның өзінің сөздері, яғни кейіпкер сөзі арқылы жасалатын орбаз. Портрет пен мінездеу, диалог пен монолог, түрліше сезімдер мен харакеттерді суреттеу секілді көркем бейне жасаудың көп-көп амал-тәсілдер, әсіресе эпикалық образ үшін керек.Оқырман эпикалық образдың тек түсін танып қана қоймайды, оның ішінде біледі. Бұл ретте эпикалық жанр оның мінез-құлқын асықпай ашып танытуға, ойын, сезімін, сөз мәнері мен сөйлеу машығына дейін оқырманға жайып салады.

Лирикалық образ - сыршыл өлең-жырлардағы ақынның өз бейнесі, оның ішкі бітімі, сыры мен сезімі. Мұнда, эпикалық образдағыдай ұзақ, кең, мол суреттеліп, жан-жақты ашылған адамның сыртқы кейпі де, тағдыры да, қимыл-қаракеті де көріне бермеуі мүмкін.Лириканың міндеті өмір құбылыстарының әсерінен туған адамның ойлары мен сезімдерін бейнелеу болып табылады.

Драмалық образ – кейіпкердің өз сөздері мен іс-әрекеттері арқылы бейнеленетін образ. Драмалық образдың басты бір ерекшелігі оның сахнада сомдалуына қатысты. Драмалық образдың жасалу тәсілдер де өзінше бөлек эпикалық образ кең құлашты баяндаулар мен суреттеулер арқылы, лирикалық образ түрлі көңіл күйлері мен шабытты толғаныстар арқылы жасалса, драмалық образ шиеленісінен тартыстар мен қақтығыс қимыл-әрекеттер арқылы жасалады.Образдың жасалу тәсіліне байланысты түрлерін таратып, бас-басына сипаттама бермес бұрын, жалпы әдемлік туралы ілімінде бірнеше (комедия және трагедия, фантастика дегендер тәрізді) эстетикалық категориялар болатынын білу шарт. Комедия ақиқат шындықтағы не адам мінезі мен бітіміндегі күлкілі жайлардан туса, трагедия бұған қарама-қарсы қайғылы құбылыстардан туатыны фантастика асыңқы, асқақ әрекеттерден туатыны мәлім. Міне, осы тәсілдердің әр қайсысына лайық, трагедиялық, фантастикалық образдар болатыны сияқты, комедиялық тәсіл арқылы көркем образдар юморлық және сатиралық түрлері жасалады.Юморлық образ - күлкілі кейіпкер: юмор - өмірдегі кісі күлерлік құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі жоқ жерде юмор да жоқ. Ал күлкілі әешейін жеңіл желпі нәрсе деуге болмайды. Күлкіде зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр жатады.

Әрине, эстетикалық комедиялық категориясындағы юмордың, сатираның, иронияның, сарказмның, гротескінің әрқайсысындағы күлкінің сипаты әр бөлек, юморда күлкілі құбылыстардың ең бір майда, зиянсыз түрлері алынады. Юмордағы күлкі-әзіл, ал әзіл келемежге айналса – ирония келемеж ащы мысқылға айналып, сын үдей түссе - сарказм болғаны. Юмор бар жерде ылғи сын бар деуге де болмайды.

Сатиралық образ - сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті көптің көз алдында – көрінісіне шығарады, халықты одан түңілтеді. Құлық пен сұмдықты, екіжүздікпен мансапқорлықты, ұятсыздықты, өмірдегі зиянды жайттарды аяусыз әшкерелеп, адамдарды онымен ымырсыз күреске үндейді.

Мәз болады болысың, Күнде жақсы бола ма,Арқаға ұлыс қаққанға. Бір қылығы жаққанға?Шел тірейтіп орысың, Оқалы тон тола ма,Шенді шекпен жатқанға. Ар-ұятын сатқанға. (АБАЙ)Сатираның юмордан өзгешелігі – мұнда қаламгердің өзі сынап отырған адамына жаны ашымайды; оның мінін түзеу, өзен өнегелі өмірге қайта қосу мүддесі болмайды, керісінше, автор мұндай жексұрындық өмірде болмауы керек деген қатал үкімін шығарады; юморда түзеу мақсаты жатса, сатирада жою, жоқ қылу мақсаты жатады.Сатираның юмормен бірлігі – мұнда да юмордағы секілді күлкі болады, бірақ мұндағы күлкі жай әзіл, әжуа емес, мазақ, мысқыл, кекесін – күлкі. Сатиралық образ жасаудың тәсілдері әр түрлі өнер ирония, сарказм.Ирония – кемшілікті, астармен перделеп санау, мысқылдау, кекету.Сарказм – сыналған объект тәлкек етіліп қана қоймайды, оның дәрменсіз бейшаралығын да қоса әшкерелейді.Көркем образ жасауға, адам мінезін ашуға лирикалық нәзіктік қандай керек болса, сатиралық өткірлік те, сондай қажет.Фантастикалық образ – қиялдан туған қаһарман әдебиетіндегі адам образының ерте замандардан күні бүгінге дейін келе жатқан көне түрлерінің бірі. Қай халықтың сөз өнері болсын, оның ең байырғы түрлерінің бірі – ертегі десек, сол ертегі түгелге жуық қиялға негізделген ертегілердің адам бейнелерінің көбінде қиял-ғажайып сипат болатыны мәлім. Бұл да фантастикалық образдың көнелігін байқатса керек.

Трагедиялық образ - әдебиетте тым ертеден келе жатқан адам бейнелерінің бірі. Трагедиялық образ ескі мен жаңа, адам мен қоғам, адамдық пен жауыздық арасындағы ымырсыз күрестен, бітіспес тартыстан, қайшылықтан, адам жеңіп болмас ауыр, азапты жайларды әдеби шығармада терең және шебер жинақтаудан туады. Трагедиялық құбылыста өмірде де, өнерде юморлық не сатиралық құбылыстарға қарама-қарсы: юмор мен сатирада күлкілі жайлы әжуа, мысқыл, кекесін түрінде көрінсе, трагедияда қатерлі нәрселер қайғы, қорқыныш, қаза түрінде көрінеді.

Трагедиялық қаһарманның өмірі көбіне өліммен аяқталып отырады. Өйткені оның айқасқан жауы өзінен күшті, әлеуметтік қиянат адам еркінен тыс үлкен.Көне әдебиеттерде әсіресе грек әдебиеттерде, трагедиялық шығармаға негіз, трагедиялық шығармаға негіз, трагедиялық образға психологиялық дәлел болатын, көбіне, жазымыш еді. Дүние жүзілік әдебиетте трагедиялық өнер мен трагедиялық образдың қалыптасуындағы жаңа кезең-ренессанс драматургиясының шыңы боп табылатын Шекспир творчествосы. Бұл тұста, трагедия туралы ұғымның өзі жаңарып еді.Бұрын, айталық, адам өміріндегі апат «жазмыштың бұйрығы» болса, ендігі қасірет адамдардың өздеріне өздері жасаған қиянат пен қастықтан, өшпенділік пен өктемдіктен туындап жатты.Трагедиялық образ XIXғ әдебиет одан әрі өрби түсті. Бальзактың «Адам ажуасындағы» адамның рухани құлдырауы, Пушкин мен Гоголь, Достоевский шығармаларындағы «кішкене кісілердің» аянышты халдері мен ауыр тағдырлары сөз өнеріндегі трагедиялық жинақтаудың әрі тереңі, әрі шыңы болатын.Қазақ әдебиетінде трагедиялық образдың небір керемет үлгілері бар. Әсіресе әйел образды айрықша көрінеді. Қыз Жібек пен Баян сұлу, Қамар мен Шұға, Еңлік пен Сұлушаш, т.б. осылардың қай-қайсысын алмаңыз, қасіретті, қиын тағдырлары оқырманды енжар қалдырмайды, оның ой-сезімін тұтқындап, жан дүниесін тебірентіп, оны әрқайсысы өз тағдырына ортақ етеді. Трагедиялық образдың өзгеше эстетикалық мәні осында жатса керек.

Геройлық (қаһармандық) образ – адамға тән небір тамаша сипаттардың жинақталуынан тұратын сом тұлға, өз дәуірінің ең аяулы, асыл мұраттарынан туған тарихи тегі. Әдебиеттегі «қаһармандық»дегеннің өзі-қоғамдық, адамдық биік мақсат жолындағы өрлік пен ерлікті, қайсарлықпен қаһармандықты жырлау. Адам рухының ұлылығын қастерлейтін әдебиеттегі геройлық сөз өнерінің ең сұлу қасиеттерімен біртұтас. Бұл ретте қаһармандық образ - суреткердің ең биік идеалының және асыл мұратының көркем жинақталуы.Қаһармандықтың қайнар көзі көп және әр алуан. Әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрес, туған елді жаудан қорғау, халықтың азаттығы жолындағы асқақ әрекеттер, адамгершілік ардың тазалығы үшін тартысы, әділдік пен шындық, достық пен махаббат жолындағы қаракеттер.Қаһармандық образ – еңбек пен күрес адамының көрінісі. Әдебиеттегі ең көрнекті типі биік үлгісі сөз өнеріндегі қаһармандық дегеннің орасан зор тәрбиелік мәні де осында жатыр.

Образдың жасалу жолдары

https://referattar.kazaksha.info/%D0%BE%D0%B1%D1%80%D0%B0%D0%B7%D0%B4%D1%8B%D2%A3-%D0%B6%D0%B0%D1%81%D0%B0%D0%BB%D1%83-%D0%B6%D0%BE%D0%BB%D0%B4%D0%B0%D1%80%D1%8B

Көркем әдебиеттегі жинақтау — типке әкелсе, даралау — мінезге әкеледі дедік. Образ осылай туады. Мұның өзі, шын мәніндегі өнер адамы үшін әрі әдемі, қызық әрекет те, әрі “инемен құдық қазғандай” қиын әрекет. Суреткерлік шеберлік те осы әрекет үстінде көрінбек.

Әлемге әйгілі “Марсельезаның” ғажайып музыкасын француз армиясының әшейін бір қатардағы капитаны Руже де Лиль бір түн ішінде (түн ортасы ауа бастап, таң білінгенше) жазып бітірген. Бірақ ол қалған өмірінде осыдан өзге ештеңе жазып жарытпапты. Талант атаулының бәрін осынау Марсель топырағында туған марғасқа музыкант секілді “бір түндік данышпан” деуге болмайды. Әсіресе қаламгер еңбегі шетсіз де шексіз: сөз өнеріне тұңғыш ден қою сәтінен соңғы демі таусылғанға дейін, оның барлық ғұмырының өн бойында толасыз созылып жатпақ.

Жазушының ғұмыр бойғы әрекеті — жазушылық шеберлік жолындағы әрекет. Шеберлік тағы да шексіз. Шығарма жазу нағыз шебер үшін шеберленген сайын қиындай береді.

Шеберлік демекші, қаламгер шеберлігінің түпкі түйіні — жазушының өз жан-жүрегіндегі сезім мен сырды өзгенің ой-санасына мейлінше әсерлі және сұлу жеткізу,ұтымды және дәл дарыту. Бұл үшін жазушыға керек нәрсе үшеу: “Тіл, дәлдік және қысқа жазу — шеберлік материгі осынау үш киттің үстінде тұр” (В. Инбер).

Шеберлікке жетілу жолының бұралаңдары да шексіз.

Уақыт өтіп жатыр. Тарих керуені үздіксіз көшу үстінде. Дәуірді дәуір, заманды заман ауыстырумен, игі ниетті адамзат ылғи алға ұмтылумен келеді.

Біздің ұлы революция да болып өтті: өмірдің келбетін бүтіндей өзгертіп кетті. Қандай еңбек саласында болмасын, бәрінде — прогресс. Қол еңбегі бірден бірге жеңілдеп, адамды көп жағдайда машина ауыстырып жатыр.

Ал жазушы еңбегін ешбір машина ауыстыра алмайды, оны ешбір құдірет “творчесгво азабынан” да құтқара алмайды: жазушы еңбегінің түрі мен тәсілі Көне дүние мен Орта ғасырда немесе ренессанс пен XIX ғасырда қандай болса, қазір де сондай. Оның өндіріс құралы да —сол баяғы атам заманындағы құрал—қағаз, қалам, сия. Сөз өнеріндегі ұлы туындылардың бәрі тек қана қолмен жасалған. Және бұл қандай ауыр, азапты жұмыс десеңші, әр шығарманы қапысыз халге жеткізу харекетінде мүлде шек жоқ: “Шегірен былғарыны” Бальзак, бастан-аяқ қайта жазғандай, тоғыз рет адам танығысыз өзгеріске ұшыратса, Гоголь “Ревизорын” бес рет, Флобер “Иродиадасын” он рет, Горький “Анасын” алты рет түбегейлі өзгерткен, жетілген үстіне жетілдірген. Ал Фадеев кереметтей өзгертіле, жетілдіріле, кем дегенде, үш немесе бес рет бастан-аяқ қолдан көшірілмеген романды мүлде роман деп білмеген.

Біздің елде талай тамаша заңдар қабылданды. Бәрі де адам үшін, адамның бақыты мен рақаты үшін! Бір заң жұмыс күнін ретке келтірсе, тағы бір заң еңбек аптасын алты күннен бес күнге түсірді. Еңбек адамдары қазір бес күн жұмыс жасап, екі күн дем алады.

Ал жазушының жұмыс күні қысқартуға келмейді, жазушы еңбегі ешқандай заңға сыймайды, тәртіпке көнбейді. Паустовский күндіз жазған, Шолохов түнде жазса, Хемингуэй қай кезде шабыты келсе, сол кезде қаламға жабысқан; кейде он күн жұмыссыз жүрсе, кейде он күн күндіз-түні бірдей, тәулігіне он бес-жиырма сағат столдан үзіле алмаған. Қысқасы, әр жазушы өзінше еңбек етеді, бәріне бірдей ортақ еңбек тәртібі жоқ және болуы мүмкін де емес. Өйткені әр жазушының көркем шығарма туғызу тәсілдері мен амалдарының өзі әр түрлі: Байрон — қанатты қиял иесі, кез келген құбылысты оп-оңай өрбітіп әкетсе, Ламартин үшін ойдан шығару — алынбас қамал; Флобер әр жазғанына он рет орала берсе, Золя бір жазғанын қайта қарағысы келмеген; Гольдони бір маусымда он алты пьеса туғызса, Альфиери бір отырғанда бірнеше трагедияны қатар жаза білген; Шатобриан қолына қалам алмай, ойлай алмаса, Гончаров жазарының бәрін басында әбден пісіре қорытып алмай, қаламға жуымаған.

Осылардың бәрі бір-ақ мақсаттың әрекеті — тек қана образ жасау әрекеті. Нағыз образ- бедерлі бейне -тірі кісі дедік. Өз образының тірі кісі екенін ең алдымен автордың өзі түсінуге тиіс. Бальзактың өз геройларынан тыс өмірі болмауы тегіннен-тегін емес. Өзі жасаған образды тірі кісі деп түйсінбесе, айталық, Гете өзі мүсіндеп отырған Адельгейда сұлуға немесе Пушкин шеркес қызына “ғашық” болмаған болар еді. Диккенс өз геройының өліміне жыламаған болар еді. Образ тек осындай әрекеттер арқылы ғана туады.

Әдеби образдың тірі адамға айналу процесі- адам айтып түгесе алмас ұзақ әңгіме.

Мінез — адамның ішкі бітімі болғанда, тип — сом тұлғасы екені мәлім. Осылардың нақтылану сырының біз айтқаннан басқа да көп-көп қырлары, яки нақтылау тәсілдері бар.

Тек мінез жағына ғана назар аударып көрелікші. Осының өзін жазушы іс жүзінде қалай жасайды? Әртүрлі тәсілмен жасайды. Бірі — тура мінездеу. Мысалы, жас қаламгер Е. Домбаев “Болмаған оқиға” деген повесінің бас кейіпкері Әбен Нысанбаевты былай мінездейді: “Дүниеде Әбекеңнің өлердей жек көретін үш нәрсесі бар. Оның бірі — музыка, бірі — шыбын, енді бірі —саясат” (“Жұлдыз”, 1964, №4, 30-бет). Бұл —кәдімгі “өгіздің мүйізіне” шап бергендей тура мінездеу. Өзі уытты юмор арқылы әжептәуір ұтымды шықкан: шыбыны — шыбын, ал оған қоса музыка мен саясатты да жек көретін адамның өзі кім, құлқы қандай екенін бұдан әрі созудың тіпті де қажеті жок.

Тағы бір тәсіл — ж а н а м а м і н е з д е у. Мұнда әлгідей төтеден сипаттау болмайды, жазушы мінез-құлқын, әдет-ғұрпын анықтағысы келген жеке адамның немесе бір топ адамның өзі емес, соның қатысы бар өзге заттарды суреттеу арқылы әлгінің өз құлқын не ғұрпын айқындайды. Мысалға

Ғ. Мүсіреповтің “Этнографиялық әңгімесін” алып қарайық. Бұл әңгімеде жазушы «Жаңбыршы» деген ауылдағы төре тұқымдарының өмірге икемсіз, сөзге бар да, іске жоқ дәрменсіздігін, бүгінде сіңірі шыққан кедейлігіне қарамай, баяғы бай күндеріндегі құр кеуде, паң, керенау, кердең құлқы әлі өзгермегенін, “жыртық төбелерінен жүн жұлынып шығып тұрса да, тымақтарда бір тәкаппарлық бар” екенін уытты, ащы мысқыл мен масқара мазаққа айналдырады. Жаңбыршы ауылының ең ардақты үлкені — “опырық ауыз сары шал”,. одан кейінгі қадірлісі “сақалы ‘бар, мұрты жоқ еркек”, одан кейінгі аяулысы — “үңірейген көсе қара…” Сырт түрлеріне қарағанда, өзімізге таныс қазақылықпен “кең далада, аспан астында орын талғасып, үлкендік жасасып отырған” өңшең бір ақсүйек мыктылар. Тосын көрген кісіге өздерінің мінез-құлқын білу-ақ қиын: “көздері бүл дүниенің ар жағындағы бірдемеге қадалғандай, бет-ауыздарында қатып қалған тас менмендік” сірестіріп қойып, үлкеннің айтқанын қалғандары екі реттен аудармай қайталап, төрт құбыла-лары теп-тегіс отырған ылғи бір ығай мен сығайлар. Бұлармен қол алысып амандасудың өзінде жазылмаған заң, бұзылмаған сән бар. Бұл — өз күйлері. Ал енді осылардын, үйлері қандай? Енді соған келейік. Қонақтарды қадірлеп апарып түсірген үлкен үйінің сиқы мынадай:

Үлкен қара үйдің іші ертедегі байлықтың қазіргі «күндегі жұтаң кедейліктің» жайын айтып тұр. Ең алдымен бұл — киіз үй біткеннің ішіндегі ең жыртық-тесігі көп үй.. Бес-алты уығы алақандай жалпақ, бір кезде сырланғандығы, зерленгендігі байқалады. Өзге уықтары қырық ру — бірі жіңішке, бірі иінсіз, шаңырақка тік тіреліпті. Тағы бір бес-алты уықта жосаның ізі де жок, ыстың ізі ғана бар. Аңырайған іргеден бір төрт көз қара ала ит кіріп келе жатыр. Оң жақ босағада, аласа жүкаяқтың үстінде темірмен белдеуленген аруақты бір ескі сандық, бетінде екі-үш жерде ғана сүйектелген өрнектің ізі қалған ескі кебеже.. Көрпе-жастық дегеннің ізі байқалмайды. Екі басы қайықтай қақырайған ағаш төсектің үстінде сырмак сияқты, кұрамыс көрпе сияқты бірдемелер қоқып жатыр. Төр алдында тай, тайынша, ешкі, лақ терілері шикі күйінде төселген. Бір кезде көк сауырлатқан, күмістеткен үйрек бас ер осы үйдің төріне мың жыл бұрьш ілінген күйі кала бергендей, қаусап тұр. Таралғылары қырқылып күмістеткен үзенгілері үзіліп түскелі тұр.

“Үйін көр де, түсінен түңіл” дегендей, ең қадірлі қонақ қабылдайтын үлкен үйінің сиқы мынадай болса, әлгі жайсаңдардың әлгідей керіліп-созылып, “тәрбиені тай өгізге жегуінде” не мағына бар? Түк те мағына жоқ. Олай болса, бұдан асқан парықсыздық бола ма?..

Міне, бір топ төренің төл мінезін жазушы оқырманға осылай аңғартады. Бұл арада әр адамның не бар адамның мінезін тікелей баяндау жоқ, солар тұратын үйді суреттеу арқылы танытып отыр. Мұндай мінездеу— жанама мінездеу.

Әдебиеттегі адамның ішкі бітімі тек мінездеу немесе жанама мінездеу арқылы ғана жасалмайды, типті тұлғалауға қажетті өзге тәсілдер де түгел осы мақсатта қызмет атқарып жатады. Адамның әлдебір күйініш-сүйінішін немесе кескін-кейпін, қимыл-әрекетін суреттеу, оның өз - өзін немесе өзгемен сөйлесуін келтіру, ең арғы жағы, түрліше табиғат құбылыстарын суреттеу…— осылардың бәрі, сайып келгенде, әдебиеттегі адамның сыртқы түрін анықтап, ішкі сырын ашу үшін керек.

“Абай жолының” екінші кітабында Абайдың Әйгерімді тұңғыш тануы ғаламат, қызық. Қонақ боп отырған үйінде Ерболмен бірге ұйықтап кеткен Абай түсінде өзінің зарыға сағынған ғашығы Тоғжанды көреді. Тоғжан да бұған “аңсадым ғой, зарықтым ғой” деп ынтыға жақындап, мұның өзі үйреткен “Топай көк” әнін айтады. Абай оған құшақ жая ұмтылып, “кел, келші, сәулем” деп барып, ояна келсе, әлгінің бәрі түс екен: Тоғжан жоқ, бірақ о, ғажап, үні құлақта, - дәл әлгі ән, дәл әлгі Тоғжан үнімен көрші үйде шырқалып жатыр. Ербол да оянады. Міне, Абайдың дәл осы сәттегі сағыныш - мұң, қуаныш - сыр аралас құйындай ұйытқыған шым-шытырық көңіл күйін, оның нағыз ақындық мінезін танытатын қиын да қызық сезімін — жан толқыны мен жүрек лүпілін жазушы тағы да “тілсіз сезім тілімен” былай суреттейді:

«Қатты өзгеріп, жат толқынға түскен Абай әлі оңалған жоқ. Құлағы мен ынта-бейлі тыста. Жалғыз бір үнде. Әқде ме, әлде? Алғаш шапшаң түрегелген жерде буын-буыны калтырап, жығылып қала жаздады. Ербол ғана сүйеп калып, зорға дегенде буынын бекітті. Бірақ сонда да өзін-өзі аңғарып жүрген жоқ. Бір тұман, түс ішінде, алдағы бір ғана сәулеге асығып, қалтырап, ұмтылып бара жатқандай. Оқшау, сұлу ән үзілген жоқ Содан кұлағын алмайды. Көңіл дені соған ауып, ұйып қапты. Есікті қалай тауып, үйден калай шыққанын да білмейді. Тыска шыға сала, Абай тымағын жұлып алып, ән шыққан жаққа бар сүлдерімен ұмсына түсіп, катьп, жабысып, тыңдап калды. Ән — “Топай көк” Енді ғана нәзік ырғақ соншалық-бір сұлу сәнмен, еркеленіп, толқып кеп, баяулай басылды. Ән бітті. Абай Ерболға қарай ұмтылып қап:

— Тоғжан! Япырау, мынау Тоғжан, Тоғжаным ғой мынау! Дәл өзінің үні. Айнымаған өз ырғағы. Өз нақысы ғой. Ербол-ау, мен қайда тұрмын осы? Мынау үйде мені шақырып отырран Тоғжаным ғой! — деп, бар сабырдан айрылып, тағы да өзгеше бұзылып кетті.

Адамның ішкі тұңғиық тереңін, адам психологиясының көзге ілінбес нәзік қалтарыстарын, адамға тән құштарлықтың жан түсінбес қиын құпиясын жарқ еткізіп ашып, қопара көрсеткен осынау керемет зергерлік — образ жасаудың тағы бір тамаша тәсілі — озғын үлгісі. А д а м н ы ң с е з і м і н, к ү й і н уі не с ү й і н у х а л і н с у р е т т е у деп осыны айтады. Бұл — орасан қиын тәсіл. Бұл тәсіл кез келгенге меңгертпейді. Бұл тәсілді тек тарлан таланттар ғана игере алады. Әрбір шын суреткер әрқашан да ақын деп білсек, оның нағыз ақындығын сынайтын тәсіл де — осы тәсіл. Әдеби образды оқырманның жан-жүрегін баурап алар құдіретті күшке ие қылатын да осы тәсіл. Кейде үлкен үмітпен ашқан кейбір әдеби туындылар оқығанымызда онша татымды әсер етпей, бізді жөнді тебіреніске түсірмей, көңіл қалдыратыны бар. Сонда, бақсақ, көбіне-көп ондай шығармалардағы образдардың өзіяде табиғи толқыныс, жан құбылыстары болмай шығады. Сезім мен сырдан ада, бітеу “геройлар” бізді қайдан қозғай алсын!

Әдебиеттегі адамның ішкі бітімі тек мінездеу немесе жанама мінездеу я болмаса күйініш-сүйінішін суреттеу жолымен ғана жасалмайды, оның өзін сөйлету арқылы да мінез-құлқынан талай сыр түюге болады. “Адам сөйлессе” дегендей, әркімнің сөзі арқылы өзін танимыз. Өйткені әркімнің сөйлеген сөзінде оның бүкіл ішкі болмысы, өзіне тән психологиялық өзгешелігі — ақылы, ойы, сезімі, ұғымы, нанымы, танымы, білімі, мәдениеті түп-түгел тунып тұрады.

Бейімбет Майлин 1930 жылы жазған және дәл сол тұстағы қазақ аулының шындығынан туған, көлемі шап-шағын, бірақ мазмұны терең “Арыстанбайдың Мұқышы” деген әдгімесін былай бастайды:

Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, бұл Арыстанбайдын Мұқышы екен де де қой. Мұқыш екенін сездіруге өзі де құмар: қызмет басындағы адамды көрсе, шырғалып, соның маңынан шықпайды.

— Жақсы келдің, шырағым, сені көруге құмар болып отыр едік,— деп, өзіңе жастық қоя, сені мақтай сөйлейтіні де бар.

— Қеңес өкіметінің жұмысына қасық қаным қалғанша дайынмын! — деп, белсенділік көрсететіні де бар. Онда да түсіне алмай томырықтық істесең:

— Арыстанбайдың Мұқышы деген белсенді кедейің, мен боламын! —деп, төсін қағып қоюдан да тайынбайды.

Осының бәрін жаудырса, “Мұқыш осы екен ғой” деп өзін де қол қоясың.

Осы үзіндідегі Мұқыштың үш ауыз сөзінде оның күллі құлқы жатқан секілді. Өзінің айтып отырғанының бәрі өтірік. “Жақсы келдің, сені көруге құмар болып отыр едік” дегенінде ызалы мысқыл, қыңыр қулық жатыр. Әйтпесе, оның көргісі келмейтіні сол - қызмет басындағылар. “Кеңес өкіметінің жұмысына қасық қаным «қалғанша дайынмын» деген сөзінде шындықтан саңылау да жоқ: оның “қасық қаны қалғанша” қарсы боп жүргені сол — ауылдағы жаңа тұрмыс — колхоз құрылысы. “Белсенді кедейің мен боламын” деген көлгірлік — Мұқыштың ұяттан әбден жұрдай болған жері, әйтпесе “Арыстанбайдың атқамінер, қу, ел жегіш парақор болғаны, Мұқыштың соның ізімен жүргені” колхоз мүшелеріне айдан анық. Сонымен, ниеті жат, пиғылы нашар әрі арамза, әрі арызқой адамның бір алуан мінезін оқырман оның екі-үш ауыз сөзінен-ақ ұғып, таниды. Демек, бұл.да әдеби шығармадағы адам мінезін жасаудың, типтік тұлға қалыптастырудың тағы бір әсем тәсілі.

Мінездеу, жанама мінездеу, адамға тән күйініш, сүйініш сезімдерді суреттеу, адамның өз сөзін (монолог) немесе өзгемен сөйлесуін (диалог) ‘келтіру — осылардың бәрі жеке-жеке тұрған, біріне-бірінің қосылшаңы жоқ дара мақсатты (самодель) нәрселер емес. Керісінше, бірін-бірі толықтырып, бірінен-бірі туып, біріне-бірі жалғасып жатқан дүниелер. Мұндай бірліксіз бұлар адам мінезін де, тұлғасын да жасай алмаған болар еді.

Бұлармен қатар көркем шығармада адамның қимыл-әрекеті суреттелмек. Бұл да “өйтті, бүйтті” деген тәрізді жеке көрсетілмейді, әлгідей ұштасулар, жалғасулар,тұтасулар арқылы көрсетіледі. Міне, Ғ. Мүсіреповтің бір әңгімесіндегі (“Сілекеевтердің кенжесі”) геройдың жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы:

Жас жігіт менің кабинетіме ордаңдай басып кірді.

— Сау боларсыз!..

Бұдан он минут бұрын телефон соққанда да, сөйлесу әлпетінде де бір ірілік барлығы байқалып еді, мен онысына қарамай, кел дегенмін.

Қағазға толы сұрғылт папка бар салмағымен менің столыма сылқ ете түсті. Жігіттің өзі кең креслоға шалқая отыра беріп:

— Темекі тартатыныңыз жақсы екен… Рұқсат болар? — деді, менің темекіме қолын созып.

— Рұксат!..

— Біз болсақ, “Беломор”, “Бүркіт”, “Прима” тартамыз ғой. “Лайка” деген ерекше бірдеме болар?

— Ерекше ештеңесі жоқ.

— Сонда да…

Екі аяғы есерлік, ессіздік дейтін екі баспалдақта тұрған адам сияқты екен.

Жазушы өз геройының қимылын жеке-дара алмай, оның сөйлеген сөзімен ұштастыра суреттеп, оған өзінің авторлық көзқарасын (эстетикалық бағасын) білдіріп еді, бұл геройдың кім екенін, қандай мінез-кұлықтын адамы екенін тасқа таңбалағандай білдік те алдық.

Қысқасы, әдебиеттегі адам образын жасаудың жолдары мен тәсілдері көп және әр алуан. Жалғыз-ақ, жазушы шын мәніндегі шебер, зергер болуы шарт, сонда ол қолданған әрбір амал адам образын ашуға қызмет етеді. Әдебиеттегі адамның ішкі бітімімен қатар сырт келбетін (портретін) де осы тұрғыдан түсінген жөн. Әйтпесе, портрет те — самоцель емес.

Оқырман өзі оқыған белгілі бір көркем шығармадағы геройлардың мінезін біліп, сөзін ести тұра сырт пішінін, кескін-кейпін де көргісі келеді. Портрет тәсілі осыдан туған.

«Портрет» дегенде біздің көз алдымызға кескін өнеріндегі (живописьтегі) портрет елестейді. Айталық, Ә. Қастеев салған Аманкелді Имановтың портреті (1950): батырдың басында қама бөрік, үстінде шолақ тон, белінде қайқы қылыш, қолында бірер парақ қағаз, ашық аспан астында оңаша отырып, жақа ғана оқыған нәрсесін ойлап, алысқа қарап қапты. Сәукеле сақал, қияқ мұрт, қыр мұрын кісінің кең ашылған “өзінде батырға лайық ұшқын мен айбыннан гөрі, дәл осы жолы ойлыға тән жұмсақ кіреуке нұр басым ба, -қалай?.. Не болғанда да, әйтеуір, біз «»Аманкелді» деген кісінің кескінін Ә. Қастеев салған осы портрет арқылы білеміз. Бұл — кескін өнеріндегі портрет. Бұл портреттің ерекшелігі — өзгермейтіні, қозғалмайтыны, қашан көрсек те тек осы қалыпта ғана тұратыны.

Ал сөз өнеріндегі портрет бұлай емес, ол — бір қалыпта қатып тұрып қалмайтын, өзгеретін, қозғалатын жанды келбет, тірі кескін. Мынаған қараңыз: “Бұл жігіттің жасы отыз шамасында. Орта бойлы, дөңгелек денелі, қысқалау мұрынды, шоқша сақалды, сұрғылт беті дөңгелек, жалпақтау. Суық қарайтын қисық біткен кішілеу өткір көзінде және түксиген қабағында өзгеше қаталдық бар. Кішкене мұрны көз-қабағына үйлеспейді. Бұл адамның күлгендегі пішіні құмарлыққа көп салынғандығын білдіріп тұрады”М. Әуезов, “Қорғансыздың күні”). Қөрдіңіз бе, мұнда кескін, келбет әр күйге бір түсіп, біздің көз алдымызда құбылып тұр. Бұл адамның сырт пішінінің өзінен ішкі мінезін аңғарамыз, күлгеніне қарап бозбалалық “құмарлыққа көп салынған” жігіт екенін байқап қаламыз. Осы секілді, әдебиеттегі адамның сырт бітімін, кескін-кейпін, жүріс-тұрысын суреттеуді «портрет» дейтін болсақ, бұл да -образ жасаудың өзгеше бір тәсілі, жолы, амалы. Бұған да айрықша суреткерлік, шеберлік керек. Портрет адамның бүкіл анатомиясын түгел қамтып, жіпке тізе беруі шарт емес. Әр портретте әр адамның ең бір ерекше сипаты ғана нақты, затты, қысқа, қызық суреттелгені жөн. Портрет -сонда ұтымды шықпақ. Мұндай ұтымдылықтың айта қалғандай үлгісі Чеховта бар. Мына бір әйелдің кескінін қараңызшы: “Оның беті теріге тапшы болатын, сондықтан көзін ашу үшін аузын жабуы, аузын ашу үшін көзін жұмуы .керек еді” *. Қып-қысқа айтылған бірнеше сөз, ал оқи қалсақ суреттелга отырған адамның ең айрықша белгісі көзге елесгейді және жай елестемейді, көз алдымыз қимылға толып кетеді. Шебер сурет! Дәл осындай шеберліктің нәтижесі болуға тиіс, Лермонтовтың Печорины біздің жадымызда мәңгі-бақи өзі күлген-мен көзі күлмейтін, өзі жүргенмен қолы қозғалмайтын қалпында, Гончаровтың Обломовы әрқашан әйгілі шапанын шешпестен төсек үстінде кесе-көлденең көлбеген қалпында қалған да қойған.

А. П. Чехов, Шығармалар, М., XVII т., 214-бет.

Ал қазіргі қазақ әдебиетіндегі адам портреттерінің авторлық баяндаумен астасқан әрлі де әсерлі үлгісін “Абай жолынан” табуға болады. Мысалға мына бір ұзағырақ үзіндіні арнайы келтіріп, әрқайсымыз үнсіз ойлана оқып байқасақ, айтылмыш тәсілдің небір тамаша сыры мен сипатын айтпай аңғарып, тамсана тұшынуымыз мүмкін:

Тегінде, ертекші, өлеңші не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай тесіле карап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді. Адам пішіні әрдайым бұған бір тамаша, өзгеше кызық сурет тәрізденетін. Әсіресе әжімі мол үлкендер пішіні бір кызық хикая тәрізді. Ол кей адамның айғыз-айғыз әжімінен, салбыраған ұртынан, қыртыстанған маңдайынан немесе бояуы оңған көздерінен, әр алуан сақал-мұртынан — өзінше неше түрлі жанды, жансыз дуние сипаттарын көргендей болатын. Қына басқан, сызаты көп тас па? Я селдір тоғай ма? Не көде-көкпек пе? Кейде мал мен аң бейнесі ме? Бәріне де ұқсап кетіп отыратын адам мүсіндері болады.

Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басынын құлақтан жоғары жері қаз жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын үлкен бетіне ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда Кұнанбайдың жалғыз сау көзі, онын көтеріңкі жал тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жок сергек, катал күзетші.

Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды. Қірпігін де сирек кағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқия отырып сөйлеген Кұнанбай осы үйде әркімге қарамайды. Қарсысында отырған Сүйіндікке ғана қадалып сөйлейді.

Сақал-шашы бір реңдес, қара бурыл Сүйіндік оқта-текте бір карап қойған болмаса, Құнанбайға тесіле қарамайды. Көзін төмендете береді. Абайға оның пішіні — көп кездесетін, әңгімесі аз пішін сияқты. Бөжей де оншалық өзгеше емес. Түсі ақ сұр келген, өзі қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бөжей — осы отырғандардын бәрінен де сұлу. Бетінде әжімі де аз. Бірак Абайдың көзін оған көп тартатын бір нәрсе — мұның бітікшелеу, кішкене келген көздері.

Кұнанбай ұзақ сөйлеп отырған кезде Бөжей қыбыр етіп қозғалған жоқ. Көзін де төмен салған қалпынан бір көтермеді. Сондықтан оның ұйықтап отырғаны я ойланып отырғаны мәлім емес. Қалың етті, салбыраңқы кабағы кішкене көзін көрсетпей, тасалап алған сиякты.

Құнанбайға бұлардың ішінен көз алмай, қырандай карап отырған — дәл төрдегі Байсал. Қызыл жүзді, жирен сақалды Байсалдың денесі ірі, қапсағай. Көкшіл түсті үлкен көздері — әрі салқын, әрі сыр берместей сабырлы.

Осы ғасырдағы ең мәдениетті прозаның бұл секілді классикалық үлгісі бір ғана портрет жайы емес, әдебиеттегі адам образын жасаудың тамаша тәсілдерінің тоғысқан жері десек, артық айтқанымыз емес. Адамның сырт пішінін бастағы бөріктен аяқтағы етікке дейін баттастыра тізіп, санап шығатын әдеттегі стандарт мұнда атымен жоқ.

Сыр сандықты ашып қара, Сым пернені басып қара,

Ашып қара, сырласым, Басып қара, жырласын! —

деп, Сәкен Сейфуллин айтқандай, адамның сыртқы әр бедері ішкі көңіл күйінің “сым пернесі” секілді, басып қалсаңыз, “жырлай” жөнеледі. Құнанбай мен Сүйіндік, Байсал мен Бөжей тек сырт отырыстарының өзімен-ақ қандай іш-пікірдің адамдары екенін ап-анық аңғартқандай. Бұлардың бәрін және автор тіп-тіке өз атынан баяндамай, Абай көзімен бажайлайды. Сонда бұлармен қоса Абай мінезі де жарыса ашылып жатыр. Керемет дәл, аумаған ақын мінезі: көз алдындағы көріністерді әшейін көзбен көріп қана қоймайды, көкірекпен қабылдап, өзінше, өзгеше бір бейнемен кейіптеп, кестелеп, бе-дерлеп көреді. Мұндай суреткер шөберлігі әдебиеттегі әрбір әрекет тек адам бейнесін жасау, образын жасау, тұлғасын қалыптастыру әрекеті екенін, көркем әдебиеттің Горький айтқандай, “Адам тану” екенін ұққан үстіне ұқтыра түседі.

Әдеби шығарма не туралы (“Холстомер” ат туралы, “Ақ азу” ит туралы дегендей) жазылса да бәрібір, сайып келгенде, бәрі де адам, тек адам туралы ғана сыр шертеді. Сөз өнерінде адамнан тыс, адам тағдырынан тыс бірде-бір өрнек — өмір суреті жоқ және болуы да мүмкін емес. Бұл ретте, көркем шығармаларда суреттелетін табиғат көріністерін, яки пейзажды да әшейін бір уақыт пен кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамай, адам образын толықтыра түсетін тәсіл десек, ағат айтқан болмаймыз. Өйткені, адамның сыры мен сезімінен, өмір тіршілігі мен көңіл күйінен тыс ешқандай пейзаж болуы мүмкін емес. Бұл арада да “Абай жолының” әдемі беттерінің бірін аудармасқа амалымыз жоқ. Міне, оқып қарайық:

Қөптен қаладан шықпаған Абайға жаңа көктем өзінің енді ғана келе жатқанын баян етті. Сол жакта, алыс көкжиекте’, көкшіл мұнар ішінде Семейтау көрінді. Қардан о да арылыпты. Кесек, жұмыр бір ғана қатты толқын бүктетіліп, түйіліп кеп, мәңгіге мелшиіп, қатып тұрып қалғанға ұқсайды. Айнала сар дала ортасында оқшау бітіп, оқыс тұрып қалған бір үзік тау. Мәңгі-бақи жым-жырт боп, жай созылған сахараның бір заманда әлденеден булығып, лықсып шыққан ереуіл толқыны ма? Ашу қажыры ма? Сол бейнелі бөлек тау.

Абай тау ажарынан осындай оқшау бір бітім көріп, қадала қарап отырып, тымағын алды. Пысынаған басына, бетіне Семейтаудан ескен қоңыр жел кеп, леп тиді. Денесі серги бере, сүйсіне бір күрсінгендс, сергек, сезімтал көңіл де өрби түскендей болды Абай жер көркін, өз көңілін еркін өлең етіп кетті.

Осындағы бар сөз тек бір ғана мақсатқа — адам образын жасауға қызмет етіп тұр. Көктемгі сұлу табиғат көркі адамның көңіл -күйімен астасқан шақта сол тірі адамның өзіндей тыныстап, ойлап, ойнап, күліп, күрсініп шыға келген. Мұндай суретті толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Ал оқырманды толқыту, тебіренту, яғни баурап алу — тек шебер суреткердің ғана қолынан келетін мықтылық. Сонда оқырман неге толқып, неге тебіренеді? Табиғаттың экзотикалық сипаттағы жалаң көшірмесіне емес, адамның көңіл - күйімен астасып, тіпті бірігіп, біте қайнасып кеткен ғаламат сұлу, сырлы, кәдімгідей жанды, тірі суреттеріне толқып, тебіренеді. Әлгі суреттің әр қалтарысында адам, адамның сезімі, ойы, арманы, қиялы, адамның көл-көсір философиясы толқып, төгіліп түр. Біздің әдеби шығармалардан іздейтініміз, міне, осындай пейзаж.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу