Шәкәрім Құдайбердіұлы «Еңлік – Кебек» дастаны. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 19-сабақ.


Оқушыларға арналған дидактикалық материалдар

Абайдың ақын шәкірті Шәкәрім

 http://kitaphana.kz/ru/downloads/referatu-na-kazakskom/231-kazak-adebieti/2550-shakarim.html

Арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, өз бетінше іздене жүріп және Абай ағасының басшылығымен жан сарайын байытқан Шәкәрім өз заманында қазақ арасындағы, кала берді, бүкіл Түркістан өлкесіндегі аса білімдар, ойшыл адамдардың бірі атанады. Араб, парсы, түрік тілін білді, орыс тіліне жетік болды.

Жасымнан жетік білдім түрік тілін,

Сол тілге аударылған барлық білім.

Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,

Жарқырап қараңғыдан туып күнім.

Оятқан мені ерте Шығыс жыры,

Айнадай айқын болды әлем сыры.

Талпынып орыс тілін үйренумен

Надандықтың тазарып кетті кірі,

- дейді ақын өзінің "Жасымнан жетік білдім түрік тілін" атты өлеңінде. Бұл арада ақынның білім деңгейінің қаншалықты болғаны айқын аңғарылады. Сонда да болса ақын:

Көп білім жоқ бойымда,

Шын мақтан жоқ ойымда,

- деп, әлі де оқи түссем деген ой-арманынан ажырамайды. Бұл оның өмірлік нысанасы, сөз өнері әлеміндегі темірқазықтай бағдары болса керек. Сол себепті де оның өз бетімен ізденіп тапқан рухани қазынасы да аз болмаған. Сол арқылы ол өз заманының парасатты азаматы атанған.

1904 жылы Шәкәрімнің ұлы ұстазы Абай қайтыс болады. Осы жылы ол өзінің қос бауыры Ақылбай мен Мағауиядан айырылады. Оның үстіне халыққа бостандық әкеле ме деп үміттенген Ресейдегі революция жеңіліске ұшырайды. Замана биігінен, халықтық ауқымда ой толғайтын Шәкәрімге бұл оқиғалар аса ауыр соққы болып тиеді. Ендігі жерде ол айналасындағы тіршілік құбылыстары туралы, тағдыр шырғалаңдары жайында ішкі сауалдарына жауап іздеп, философиялық ойлардың иіріміне беріледі. Білімін кеңейтуге, көп оқуға ден кояды. Үлкен үміт арқалап 1905 -1906 жылдары Меккеге барып қайтады.

"Меккеге барам деп шықтым, - деп жазады Шәкәрім, - ары бара жатқанда Стамбулда 13 күн болып, келе жатқанда, 13 күн болып, қанша тарих ақтарып, керек кітаптарды почтамен үйге жіберіп отырдым. Меккенің де, Мәдиненің да тарихтарын ақтардым, бірақ, жол қатынасы жайсыз болып, Египетке баруға рұқсат ала алмадым. Сол кездері Шығыс, Батыс ғалымдарымен көп сөйлесіп, ой-пікірлерімен, Шығыс, Батыстың ертедегі ғалымдарының шығармаларымен танысып, оларды жаздырып алдым. Александр салдырған кітапханада қызмет еткен ғалымдардан сұрап, керекті кітаптарды жаздырып алдырдым. Абайдың ақыл-кеңесі болмағанда мен ол жерлерге бармаған да болар едім". Осыған қарағанда, Шәкәрімнің Меккеге бару сапары ұстазы Абайдың көзі тірісінде айтқан ақыл-кеңесін іс жүзіне асыру мақсатына арналған. Бұл ақынның санасын жаңа биікке көтеріп, білім өресін, ой тынысын кеңейткен ізденіс сапары болды.

1909-1910 жылдар шамасында Шәкәрім елден аулақтап, Шақпақ деген жерде жалғыз үй өмір сүреді. Ондағы мақсаты өмір бойы жинаған білім қазынасын оңашада қағаз бетіне түсіру, кейінгі ұрпаққа жеткізу еді. Өзінің "Кейбіреу безді дейді елден мені" деп аталатын өлеңінде Шәкәрім былай дейді:

Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.

Елу бес жинаған қазынамды

Оңашада корытам ойға салып.

1917 жылы төңкерістерден кейін ақын ел ортасына оралып, белсенді қызметпен айналыса бастайды. Баспасөзде бірқатар мақалалар жариялайды. Жаңа заманнан жақсылық күтеді. Бірақ көп ұзамай шындыққа көзі жеткен Шәкәрім Шақпақтағы үйіне қайтады да, өмірінің соңына дейін сонда болады. Ақын 1931 жылы 2- қазан күні қаза табады.

Өзінің жарты ғасырдан астам уақытқа созылған шығармашылық, сапарында Шәкәрім халқына аса мол мұра қалдырып кетті. Осы мұраның ең бір шұрайлы да көлемді көркем саласы - оның поэзиялық туындылары, әсем лирикасы.

Шәкәрім - XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің шежіресіндегі Абайдан кейін тұрған тұлғалы ақын. Ол ұлы Абайдың сөз өнеріне деген ықыласы мен пейілін көріп өсті. Содан да болар, ол о бастан-ақ ақындық, өнердегі өзінің биік нысанасын, асыл мұратын айқын сезініп қалыптасты. Халықтың мұңын жырлау, адам қасиеттерін қастерлеу оның шығармаларының алтын арқауына айналды.

Өзінің алдына:

Адамдық борыш, ар үшін,

барша адамзат қамы үшін.

Серт бергем еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін,

- деп қатаң серт қояды ақын. Шәкәрім лирика жанрында Абай қалыптастырған реалистік дәстүрді жемісті жалғастырды. Өз туындыларына өзі өмір сүрген дәуірдің барлық шындығын тап басып суреттей білді. Ол сол кездегі қазақ даласынан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсы білді. Сол себепті де Шәкәрімнің шыншыл лирикасы сол дәуірдегі қазақ өмірінің айнасына айналды.

Шәкәрім лирикасының тақырыптық қамту ауқымы өте кең. Ақын мұраларының ішінде сезімнің нәзік сырларын шертіп, жастықтың жалынды шақтарын мөлдірете зерлеп берген махаббат лирикасын да, өз заманының бүкіл болмыс-бітімін барынша сезіне отырып, уакыт пен қоғам, тіршілік пен адам жайында шабыттана сыр ақтарған саяси-әлеуметтік лирикамен де, даланың әсем көркі мен жаратылыстың тамаша кұбылыстарын шебер өрнектеген табиғат лирикасын да, заттар мен құбылыстар, акиқат пен болашак,, тіршіліктің негізі туралы терең толғанысты ойлар ұсынатын азаматтық, философиялық лириканы да молынан ұшыратамыз.

Шәкәрімнің лирикалық шығармаларында жеке адам бойындағы ұсақ-түйек міндерден бастап, сол кездегі қоғамның саясаты сияқты күрделі мәселеге дейінгінің бәрі қамтылған. Халық өміріндегі кері тартар кемшілік атаулыға жүрегі езіліп, бұқараны саналы әрекетке шақырады. Өз тұсындағы байлық пен мансапты мансұқ етіп, соған жету жолында ел мүддесін құрбан етуге даяр тоғышарлар мен ұлықтарды, шенқұмар әкімдерді өткір сынға алады. Осының бәрінде де ол халық бұқарасынан қол үзбейді, Шәкәрім лирикасындағы Абай дәстүрінің іздері оның өлеңдеріндегі гуманистік, адамгершілік сипаттан да айқын көрінеді. Шәкәрім өлендеріндегі ең басты нысана - адам. Ол адамды үнемі жақсылыққа жеткізуге, оның бойында жаңаша қасиеттер қалыптастыруға ұмтылады. Адамның мінез-құлқындағы салақтық пен еріншектік, жалқаулық пен мақтаншақтық қасиеттерді сынға алды.

Еріншектен салақтық

Салақтықтан надандық.

Бірінен бірі туады,

Жоғалар сүйтіп адамдық, - дейді ақын.

Шәкәрім лирикасының аса бір ауқымды саласы - оның Абай дәстүрінде жазылған ағартушылық сарындағы өлеңдері. Ол өзі өмір сүрген заманның барлық болмысын, бүкіл қазақ қауымының экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуының дәрежесін жан-жақты түсінген қайраткер болды. Өзінің туған жұртының болашағы үшін жаны ауырып, жүрегі сыздады. Осы сезіммен көптеген жырларын жазды. Бұл тұста да ол Абаймен Үндесу Ғылымға қол жеткізудің, халықтың өміріне кішкентай болса да жақсылық жасаудың бірден-бір жолы адал еңбек ету деп білген данышпан Абай:

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім,

- деп білім табуға шакырса, Шәкәрім жырлары да адамды адал еңбекке, ғылым мен мәдениет үйренуге бағыттайды:

Күні – түні дей көрме, ғылым ізде,

Қалсын десең артында адам атың,

- дейді ол.

Абай көтерген әділет идеясы, ар тазалығы Шәкәрім лирикасының да басты сипаттарының бірі болды. Шәкәрім өзінің лирикалық қаһарманың халқының күні сияқты жарық, өзі сияқты ойлы болуға шақырады. "Насихат" деп аталатын өлеңіндегі ойлар соның айғағы:

Сусағанның сусыны бол су сықылды сұп - сұйық,

Бірақ, ондай болма салқын ел көңілін қалдырып.

От сықылды жылы болсын жүзіңіз бен сөзіңіз,

Бірақ ондай махаббатсыз болма өртеп, жандырып.

Ақын өз халқының басындағы кемшіліктерді ең алдымен европалық, әлемдік ғылым-білімнен шет қалуының салдары деп білді:

Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,

Қазақ жүр құмарланып құр атаққа,

- деп күйзелді. Бұл тұстағы ақынның түсінігінде оқу мен білім іздеу, ғылым табу - адамзат баласын нәрлі бастаудан сусындатып, алдыңғы бағытқа жеткізетін асыл қазына, адам бойындағы жамандықтың тамырына балта шабатын ең қуатты қару.

Сондықтан да ол қазақ қоғамының сол кездегі сипатын шыншылдықпен суреттей келе, өмір, болашақ туралы терең ой толғау барысында көзі ашық көкірегі ояу азаматтардың ел ішінде көп болуын, сол арқылы халқын сауаттылық сахнасына шығаруды армандады. Әсіресе "Ашу мен ынсап" атты өлеңінде ақын позициясы айқын көрінеді.

Үйренсе ғылым менен сан өнерін,

Білер еді-ау өнердің не берерін.

Танысса ақын, ойшыл адамымен,

табар еді-ау адалдық ар көмегін,

- деп "Молдалар өзгелерді кәпір дейді" атты өлеңінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің биігіне ұмтылды. Сол жақсылықтарға халқының назарын аударуға тырысты. Өзге елдер әдебиетінің үздік шығармаларын қазақ тіліне аудару арқылы осы идеясын жалғастыра түсті.

Қазақ халқының жақсы болашағы туралы ақынның үні 1917 жылғы оқиғалар кезінде ерекше қуатты естілді. "Бостандық таңы атты", "Бостандық туы жарқырап", "Қош, жұртым" сиякты - өлеңдерінде ақын қазақты оянуға, марқаулықтан арылуға шақырды. Бұл кезеңде Шәкәрімге елінің басына тәуелсіз заман туғандай көрінді, содан үміттенді. Ақынның лирикалық қаһарманы да осы сарында үн қатты. Шәкәрімнің кейіпкері шарқ  ұра ойланады, кемшілік атаулының себебін, тығырықтан шығудың амалын іздейді.

Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ,

Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым, - деп ақын қоғам дамуының бүгіні мен ертеңіне ойшылдықпен көз жібереді. Өмір бойы әділет іздеп өткен Шәкәрім зорлық пен зомбылық, өзгені қарудың күшімен бағындыру бар жерде адам баласы ешқашан дегеніне жете алмайтынын айтады. Ол жақсылық пен жамандықтың, дұрыс пен терістің ара жігін тамаша айырады. Тіпті адамзатты бақытқа жеткізеді деген ғылымның өзіне кейде сескене қарайды. "Сен ғылымға" атты өлеңінде Шәкәрім шын иесін таппаған ғылымның аса қауіпті екенін айтады:

Шын залымға берме ғылым,

ол алар да, оқ қылар.

Шәкәрімнің лирикалық қаһарманының бейнелеу ерекшеліктері де көңіл аударарлық. Абай өлеңдеріндегі сияқты Шәкәрімде де "жүрек", "тіл", "сөз" ұғымдары мол ұшырасады. Бұлардың қай-қайсысы да кейіпкердің азаматтық парасатын, адамгершілік тазалығын немесе белгілі бір сәттегі көңіл күйін дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Ақын "менінің" басындағы сан алуан сезімдерді, қуаныш пен күйінішті, үміт пен торығушылықты осы ұғымдар арқылы пайымдай аламыз. Шәкәрім заманының құдреттілігі оның өлеңдерінен, ондағы лирикалық қаһарманның кейде, "тәтті" кейде "ащы", кейде "долы" тілінен аңғарылып жатады: Көп жағдайда ақынның "мені" "таза жүрек" іздеу жолында "от жүрегін" қолына ап, "сұм жүректермен" айқасқа шығады, заман әмірімен аса алмай қалған шақтарында пұшайман күйге түсіп, "дертті жүрекке", "жаралы жүрекке" айналады. Ашынған сәттерінде Шәкәрімнің "мені"

Мен досыңмын, жау емес,

Еліре берме, қайта ту.

Жүрегім дертті, сау емес,

Сол себепті сөзім у, - деп айғай салады. Бірақ "жартасқа барып, күнде айғай салып" өткен ұлы Абайдың басындағы хал Шәкәрімде де бар.

Айналасынан оң сөзін ұғар жан таппайды. Сол себепті де ол

өзінің "Ашу мен ынсап" деген өлеңінде:

Айырмайды арасын,

Бұлдыр менен анықтың.

Енді қайда барасың,

Түрі мынау халықтың,

- деп тығырыққа тірелгендей, тіршіліктен торыққандай болады.

Шәкәрімнің азаматтық лирикасының ауқымы өте кең. Негізінен адам, хал, қоғам сияқты қадау-қадау категорияларды нысана еткенімен, ол ондағы тарам-тарам тақырыптардың барлығына дерлік тиянақты зер салып отырды. Оның адамгершілік, имандылық туралы ойлары ақынның азаматтық үнін, гуманистік сипатын танытты. Бұл қатарда Шәкәрімнің "Ескіден қалған сөз теріп", "Насихат", "Мұтылғанның өмірі" атты өлеңдерді айтуға болады. Адалдық пен әділдікті жырлауға келгенде Шәкәрімнің даусы аса зор. Ол өз замандастарының бойындағы кеселдерге жиіркене қарайды.

Адалдың жолы болар заман бар ма,

Жем болдық шын жексұрын надандарға.

Адастың деп отырмын айқай салып,

Бар тапқаным сол болды амал бар ма?

-дейді.

Әдетте Шәкәрімнің азаматтық лирикасына көз жібергенде оның өлеңдерінде "қазақ" деген сөздің жиі кездесетіні байқалады. Бұл ақынның өз халқының шеңберінде ғана шектелгенін білдірмесе керек. Абай тәрізді Шәкәрім де өз халқының мақсат-мұратын бүкіл адамзат арманынан бөлек алып қарамайды. "Ойласаң, барша адамзат - туған бауыр" деп ұққан ақын өзінің "Анадан алғаш туғанымда" атты философияға толы өлеңінде: « Өзімшіл болма көпті ардақта, Адамның бәрі - өз халқың» , - деп туған жұртына өнеге ұсынады.

Ақын ойларының дәлдігі, Шәкәрім жүрегінің сезімталдығы мен көрегендігі оның шығармаларын бүгінгі күнмен де үндестіріп, олардың өміршеңдігін танытып жатыр. Шәкәрімнің өз заманында айтқан терең ойларымен сырлы сөздері дәл қазір өмірге келгендей сезілетіні бар.

Мәселен, ақынның "Епті тышқан" атты өлеңіндегі мына жолдарды бүгінгі күннің шындығынан алшақ жатыр дей аламыз ба?

Ойласам, сол тышқандай бұзықтар көп,

Сырты сопы, іші арам қылықтар көп.

Пара алып, не қазынаның ақшасын жеп,

Адалымсып жүретін ұлықтар көп.

Еңбек тақырыбы - Шәкәрім лирикасындағы ең басты тақырыптардың бірі. Қоғам дамуындағы еңбектің рөлі туралы Шәкәрімнің алдында өткен ағартушылардың барлығы айтқан. Шоқан, Ыбырай, Абай өнегелерін бойына сіңірген Шәкәрім де еңбекті адам қасиеттерінің ең тұлғалысы деп білді. Шәкәрім әлеуметтік прогреске жетудің екі жолы бар, оның бірі сауатсыздықты жойып, адамдардың оқуға, білім мен ғылымға ұмтылуы, ал екіншісі адал еңбек ету жолы деп таныды. "Адамдық борышың", "Жолама, қулар, маңайға", "Піскен мен шикі" сияқты көптеген шығармаларында ақын оның бүкіл адамзат баласының дамуындағы биік рөлі мен тарихи маңызына зер салды. Адам болғаннан кейінгі ең басты борышың еңбек ету деп түсіндірді.

Мысал үлгісінде жазылған "Піскен мен шикі" өлеңінде анда жүріп елден көз жазып қалған бай баласы мен кедей баласының іс-әрекеттеріндегі, қабілеттеріндегі жер мен көктей айырманы ашып көрсетеді. Үлде мен бүлдеге оранып, қиындық пен таршылықтың не екенін білмей өскен бай баласы күнделікті тіршіліктің тауқыметінде шыңдалып піскен серігінің тапқырлығының арқасында ғана елді табады. Шәкәрімнің ұғымында бай баласы шикі де, кедей баласы піскен. Ақын талаптанып еңбек еткен жан ғана ақылды әрі тапқыр болады, өмірге бейім келеді деген ой тұжырымын ұсынады.

Ақын шығармашылығының бүкіл өн бойына өзек болып тартылған еңбек тақырыбы Шәкәрімнің пайымдауынша, барлық жаман әдеттерден арылудың жалғыз жолы, адамзат баласының алға жылжуының кілті.

Ақ жүрек пен таза ақыл,

Қылсаң адал еңбек.

Бәрінен де сол мақұл,

Артқыға жол бермек.

Арсыздардың арам ойы түкке тұрмай жойылып,

Аяғында хақиұатты бұл үшеуі жеңбек.

Шәкәрімнің "Мен кетемін" деп аталатын өлеңінен келтірілген бұл жолдар ақынның еңбек тақырыбына, жалпы еңбек мәселесінің адамның өміріндегі маңызына қаншалықты ден қойғанын, қандай мұрат ұстағанын айқын аңғартып тұрған жоқ па? Бұл өлеңнен Шәкәрімнің лирикалық мұрасына тән формалық жаңалық та бой көрсетеді. Ақын өзінің жас кезінде жазған алғашқы жырларынан бастап-ақ осындай жаңашылдық қасиет танытқан болатын. Шығыстың дәстүрлі поэзиясынан хабарының және өлең әлеміне, ауыз әдебиетінің үздік үрдістеріне білімдарлықпен зер сала білудің арқасында Шәкәрім айрықша үлгідегі жауһар жырлар тудырды. Формалық жаңалығы айқын байқалатын өлендер қатарына ақынның  "Қалжыңшыл қылжақпас", "Достыңыз зор", "Өлген көңіл, ындынсыз өмір", "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" сияқты туындыларын жатқызуға болады. Бұл шығармаларда сыңғырлаған үйлесім, ішкі ұйқас, сөздер үндестігі, дыбыстар саздылығы мен тілдік бояу-өрнектердің қанықтығы айрықша сезіледі. Сонымен қатар ақын айтар ойын образды түрде жеткізуде де шеберлік танытады. Мәселен, "Өлген көңіл, ындынсыз өмір" өлеңінде кездесетін:

Көшейін деп қыбырлап,

Ел қыстаудан козғалды,

Жаралы жүрек жыбырлап,

Жазылмай жалғыз сол қалды, - деген жолдарды оқығанда данышпан Абайдың әйгілі Татьянасының басындағы жағдайға орай айтқан:

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс,

- деген сөздері еріксіз ойға оралады. Бұл арада "Жаралы жүрек жыбырлап" деген жаңа тіркес арқылы өлеңнің мәндік бояуы, әсерлілік жағы, ішкі динамикасы шырқау биікке көтерілген. Ақын мұнда халық әдебиетінің бейнелі образдары мен сөз өрнектерін дамытып, өзіндік өлшемін ұсынады.

Шәкәрімнің Абайдың реалистік дәстүрін жалғастырудағы бір жемісті қыры - оның эстетикалық мәселелер, дәлірек айтқанда, ақындық өнер, өлеңсөз құдіреті жайындағы пайымдаулары. Бұл тұста ол Абай салған соқпақты, тамаша әдеби дәстүрді, көркемдік тәсілді басшылыққа алып қана қойған жоқ, өлең әлемінде, сөз патшалығында өзіндік қолын, өз бағытын табуға ден қойды. Шәкәрімнің көптеген өлеңдеріндегі ішкі үйлесім, ғажайып үндестік, сырлы бояу мен жаңаша түр оның осы бағыттағы жемісті ізденісін аңғартады.

Ақынның 1919 жылы жазылған "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" атты өлеңінде өлең сөздің сиқырын меңгерем деуші талапкерлердің алдында мынадай биік міндет қойылды:

Ауыр

Осы әнге тауып сөз салмақ.

Тәуір,

Татымды ұйқас жиналмақ,

Тереңнен толғанып.

Сырын

Бұл әннің айтып қарайын.

Түрін Сипаттап тізіп санайын.

Өлең тап ойланып.

Буыны - сегіз,

Алтау, егіз,

Үшем деңіз

Екеуі

Кім дәл басты,

Кілтін ашты,

жақсы ұйқасты

Нешеуі?

Шәкәрімнің өзі де алдына міне, осындай биік талап қойды. Бұл қасиет ақынның бүкіл лирикалық шығармаларының өн бойынан айқын аңғарылып тұрды. Сол себепті де Шәкәрімнің лирикалық қаһарманының бейнесі алуан қырлы. Ол өзінің бойына сол дәуірдің бүкіл болмысын, ел тағдырын, халықтың арман-тілегін жинақтады. Онда кей сәттерде заман мен қоғам қайшылықтарынан туындайтын мұң табы да бар. Әйтсе де ол жалаң күйзелу, боркеміктік емес, үмітке ұласатын өршіл мұң. Оның бойында трагедиялық және оптимистік қасиеттер қатар жүреді. Осының бәрін Шәкәрім өзінің лирикалық өлеңдерінде ерекше бір шабытпен өрнектейді.

Махаббат шуағын мадақтаған, жастық қызығын дәріптеген ақын тағы бір өлеңінде адамды қаусатып, бар құмардан айыратын кәрілікті даттайды. Адам ғұмырын кезең-кезеңге бөле сипаттау, сол арқылы тіршіліктің мән-мағынасы туралы толғану — қазақ поэзиясында тым ертеде қалыптасқан дәстүр, үйреншікті тақырып. Алайда Шәкәрім бұл ретте де өзіндік үн табады. Кәрілік — өмірдің өшуі, құмардың тозуы ғана емес, бар тірліктің таусылуы. Берері жоқ, алары ғана бар, төңірегіне түгел бөгет, сиықсыз, сүйкімсіз. Өзіне бейнет, өзгеге мысал шақ. Сондықтан жас ақын өз сөзін:

Алпыстан ары бармаңдар,

Аңдамай шал боп қалмаңдар,

- деп түйіндейді.

Бұл сөз қырыққа жаңа келсе де:

"Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың — ашыған у, ойың - кермек"

- деп отырған,

"Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан"

- деп отырған ақын ағаның шамына тиеді. Зор талантқа өзгеше талап қойған аға інісінің тым жеңілдеп кетпеуін ойлаған еді. Әрине, кезінде ауыр тигені анық. Қазір де ауыр естіледі. Бірақ тек қана пайдаға шықса керек. Шәкәрім өлең өрісін кеңейте түседі. Білім жолына бас қояды. Қазақ тұрмысына ғана емес, бүкіл әлем кейпіне ойшыл көзбен қарайды. Бүгінді жете танып, болашақ сұлбасын аңдайды. Барды байыптап, халық қазынасын жаңаша таразылайды. Өмірге, қоғамға, санаға өзіндік көзқарасы қалыптасады. Ақыр түбінде өнердің өзгеше өрісіне шығады.

Ақын туған  халқын жарық сәулеге үндеумен ғана шектелмейді. Ел тірлігіндегі кеселді құбылыстарды ашады, алға жылжуға бөгесін, кертартпа сананы әшкерелейді, діни және рухни соқырлықтың мән-мағынасын ашуға тырысады. Адам баласының басқа тіршілік иелерінен айырым белгілерін сөз етеді. Адамның өзгеше болмыс-бітімін, оның ақыл-ойын ғана емес, түйсік-сезімін, тіпті физологиялық ерекшеліктерін де өлеңге арқау етеді. Еуропа ғылымының адамтану саласындағы жетістіктерін көпшілік алдына тартуды мұрат тұтады. Ақын шығармаларындағы қазіргі оқырманға әншейін ақылгөйлік көрінуі де мүмкін осындай сипаттардың өзі қазақ халқының қоғамдық ойының даму жолындағы үлкен үлес еді. Жаратылыстану жайын былай қойғанда, гуманитарлық ғылымдардың өзі қалыптаспаған өткен ғасырда әдебиет айрықша ауыр жүк, кейде өз болмысынан тысқары міндет атқаруға тиіс болғанды. Замана кейпі, тіршілік кебі туғызған бұл ерекшеліктің бір ұнамды сипаты — ойшылдықпен астас азаматтық әуен. Ақын араласпайтын, ақын үн қоспайтын құбылыс жоқ десек те, өмір тану, дүние тану, ізгілікке, кісілікке үндеу жолында Абай мектебі айрықша өнеге тастады. Қазан төңкерісі қарсаңындағы елу жылда ақын даусы асқақ естілуі, ақын сөзі өзгеше күшке айналуы кездейсоқ емес. Бейбіт әуезді ағартушылық сарыны уақыт оза келе арқыраған күрес үніне ұласқан еді. Көзіңді аш, оян, есінді жи деп бастап, ғылым-білімге, өнер жолына үндейтін өлең жолдары енді бақыт — күресте, шын — мақсат — бас бостандығы, ел еркіндігінде жатыр дейтін замана шындығынан, халық арманы, тарихи жағдай ауқымынан туындаған жаңаша ұранға айналады.

Батыстың отаршыл мемлекеттерінің түпкі саясатын нақты тану, әсіресе бірінші дүние жүзілік соғыс тек Шәкәрімге ғана емес, сол тұстағы ағартушылық жолын ұстанған бүкіл қазақ зиялысына қатты әсер еткен еді. Бар бақыт, бар ізгілік өнер-білімде болмай шықты. Үстірт қарағанда ғана "ғылымды елдің сырты таза" көрінеді екен.

Еуропа білімді жұрт осы күнде,

Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде,

- дейді импералистік соғыс сұмдықтарынан түршіккен ақын. Тексере қараса, бұл — бір күнде пайда болған келеңсіздік емес. Арыдан басталған, уақыт озған сайын, жұрт білімденіп, қару-жарақ жетілген соң мүдде шектен шыққан ахуал.

Тамам жан өзін өзі "мен" деседі,

Өзгелерді жатырқап, "сен " деседі.

"Біз" дейтұғын бір елді таба алмайсың,

Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі?!

Күш-қуаты, өнер-білімі шамалас елдер өзара бақ таласса, барлық жаратылыс байлығын әскер ұстауға, қару сайлауға ғана жұмсаса, үстемдікке ұмтылса, ұсақ халықтардың, әлсіз жұрттардың көрер күні тіпті қараң. Дүлей күш "әлсізді аңша қыруға", момынды құлдануға қызмет етеді. Ақын биіктен барлап, тереңнен толғайды. Жауыз халық жоқ. Жат нәсіл жоқ. Бар кілтипан -теріс пиғыл, жемқор қиянатшылдықта жатыр. Адамда ынсап та, мейірім мен шапағат та мол. Алайда "мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ". Адамзат оң жолға — бауырластық, кісілік жолына түсуі үшін "ар түзейтін ғылым" керек. Сонда ғана зұлымдыққа тоқтау салынбақ.

Шәкәрімнің мейір мен зорлық, әділет пен зұлымдық, ғылым мен мораль, адам мен заман туралы толғаныстары екі ғасыр шегіндегі қазақ қоғамдық ойының марқайған қалпын, бүкіл Түркістан өңіріндегі алдыңғы қатарлы, биік өресін айғақтаса керек. Бұл кезде қазақ әдебиеті ел ішіндегі кертартпа құбылыстар сияқты аса мәнді, бірақ кезеңдік тақырыптарды еркін игеріп, бүкіл адамзаттық мәселелерге, әлемдік тақырыптарға біржола ден қойған еді. Бұл тараптағы Абай салған жол кеңейе, даңғылдана түскен болатын. Сондықтан да Шәкәрімнің азаматтық лирикасы тек қазақ қана емес, әлем халықтарының поэзиясындағы, туыстас, тағдырлас жұрттардың барлығының рухани даму тарихындағы өзгеше құбылыс деп бағалануы ләзім.

Шәкәрім лирикасының тағы бір озық сипаты - нәзік те терең психологизм. Сезім қылын шертер, санаға таңбаланар сыршылдық ақынның алғашқы туындыларынан-ақ байқалған. Қаншама әсерлі болғанымен, бұл өлеңдерде жалаң сезім қуанышы, жастық көңіл буы басым еді. Абай ағаның өнердегі әрбір жаңа қадамын, өзгеше лепесін қалт жібермей қадағалап, терең түсіну, Шығыс поэзиясын, оның ішінде әсіресе Хожа Хафиздің сырлы жырын бойына сіңіру, бұдан соңғы жерде орыс әдебиетін етене тану, орыс тілі арқылы бүкіл Батыс сөз өнеріне қол созу ақын талантына өзгеше қуат берді. Қоғам тану, дүние тану өз алдына, өнер мұраты туралы жаңа түсінік қалыптасты. Енді ақын сезім шырғаландарын таңбалауға ден қояды. Адамның ішкі әлемін аша талдауға, — қуаныш, реніш, сүйініш, махаббат жайын байыптауға айрықша көңіл бөледі. Тіршілік мәні, тұрмыс, машақты, әділет пен зұлымдық туралы ой түйеді. Өмір өріне шыққан ақсақал көзімен ғана емес, өнер биігіне жеткен ақылман тұрғысынан өз өткеніне, соған орай, басы жұмыр пенде атаулының фәни ғұмырына баға береді.

Қазақ реализмі Абай тұсында қалыптасты, ұлы ақынның өнерлі шәкірттерінің жан-жақты қызметі нәтижесінде әдебиетте жетекші әдіске айналды десек, бұл реттегі Шәкәрім еңбегі тек лирикалық поэзиямен ғана шектелмейді. Білімдар Шәкәрім эпикалық жанрларға да қалам тартады. Ақынның атын бүкіл қазақ даласына танымал еткен "Қалқаман — Мамыр" және "Жолсыз жаза" ("Еңлік — Кебек") поэмалары.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу