Қорқыт «Байбөрі баласы Бамсы-Байрақ туралы жыр». Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 2-сабақ.


  • ҚОРҚЫТ АТА (VІІІ - Х ғ.ғ.).

Өлімнен қырық жыл бұрын Қорқыт қашқан,

Қазылған көрді көріп қатты сасқан.

Тағдырдың тақымына тәнті болмай,

Ажалмен арпалысып жанталасқан

(Әлқуат Қайнарбаев. "Қорқыт").

 Тарихшылардың айтуынша, дана Қорқыт Мұхаммед пайғамбардың замандасы екен. Сыр бойында туған. Қорқыттың бейіті бүгінде Қызылорда облысының Қармақшы стансасынан 18 шақырым жерде тұр. Өзі оғыз тайпасының Баят руынынан, анасы – қыпшақ қызы. Оғыз-қыпшақтар – қазақ халқының арғы аталары. Түркілер шежіресін жазған Әбілғазының айтуынша: "Қорқыт – оғыз қыпшақтарының ұлы атасы, оғыз ұлысынан шыққан асқан сәуегей, ақылшы, кеңесші. Ол - Оғыз хан заманындағы үлгі айтып, билік құрған, дана кісі. Оғыз елінің жұрттары күн шығыста: Ыстықкөл, Алмалық, Талас; Ортасы: Сайрам, Қазығұрт, Қарашық тауы (Қаратау), Ұлытау, Кішітау, мыстың кені (Жезқазған); Күн батыста: Сыр суының аяғы (қазақ жырында: "Су аяғы - Қорқыт") - Жанкент, Қарақұм. Осы айтылған жерлерді оғыздар бес мың жылдай қоныс етіп отырады". В.ВБартольд пен В.М.Жирмунский: "Қорқытты қадірлеудің Сырдария жағасында мың жылдық өнегесі бар"- деген.

 Қорқыт туғанда Қаратауды қараңғылық басып, сұрапыл дауыл соққан, содан Қараспан тауы аталған. Ел аузында:

Қорқыт туар кезінде,

Қараспанды су алған,

Қара жерді құм алған,- деген сөз бар.

Қорқыт осылай елді қорқыта туғандықтан, Қорқыт атаныпты дейді.

 Тағы бір аңызда Орта Азияға ортақ кейіпкер Көроғлы сияқты, көрден туған болып шығады. Анасының құрсағынан шыға салып, сөйлеп кетіпті. Ел есінде ерекше сақталған батырлардың тез-тез өсіп-жетілуі батырлық жырлардың бәріне ортақ деуге болады. Мысалы, Оғыз батыр, Қобыланды, Алпамыс батырлар күн санап, сағат санап өскен.

 Қорқыт жиырма жасқа жеткенде түс көріп, түсіндегі ақ киімді кісі: "Қырықтан артық өмір сүрмейсің",- деген. Содан нағашылары сыйлаған желмаяға мініп алып, өлмейтін жер іздеуге шығады. Қазақ тарихында желмаяға мініп, жанға жайлы жер іздеген екі ойшыл бар. Бірі – Қорқыт, екіншісі – Асан қайғы.

 Қорқыт жүріп келе жатса, алдынан қазылған көр шығады.

– Бұл не? - деп сұраса, – Қорқыттың көрі, - деп жауап береді.

Жан сақтауға жер қалмаған соң, Сыр суының үстіне кілем төсеп, қобызын тартып, сонда отырады.

 Қорқыт – ел есінде қобызды алғаш жасап тартқан адам. Қорқыттың жанын алғалы келген ажал күндіз-түні күңіренген қобыздың даусынан жақындай алмайды. Неге келгенін ұмытып, тұрып қалады. Қорқыттың көп күйлері сонда тартылады."Ұлардың ұлуы", "Әупбай" т.б. Қорқыт көп заман өліммен алысады. Өлімді бәрібір жеңе алмайды. Шаршап қалғып кеткенде, ажал қайрақ жыланның кейпіне еніп, шағып өлтіріпті.

 Қорқыт туралы тағы бір ел аузында айтылатын аңызда: күңіренген қобыздың даусын естіп, маңайдағы жұрт дарияның екі жағынан жиналып тыңдайды. Кешке соққан самал желмен қобыз үні Арқаға дейін жетеді. Оны естіп, үйінен шыққан қырық қыз жүгіре-жүгіре жете алмай, шаршап құлайды. Жалғыз бір қыз аяғының талғанына қарамай жүгіреді. Ақыры Қорқыттың жанына жетіп жығылады. Аяғы ақсақ боп қалады. Шындығында, Қорқыт атаның күмбезінен Арқаға қарай бір шақырымдай жерде "Ақсақ қыздың мұнарасы" бар екен.

 Тағы бір аңызда: Әзірейіл Қорқыттың жанын алу үшін алтын сандық жасатып әкеліпті де:

– Мына сандыққа кір!- дейді. Қорқыт:

– Әуелі өзің кіріп көрсет,- дейді. Әзірейіл ішіне кіргенде, Қорқыт сандықтың аузын жауып, дарияға ағызып жібереді. Оны бір балықшы тауып алып, аузын ашқан бойда Әзірейіл жанын алады.

Бұл аңыздың ел аузында ондаған нұсқалары айтылады. Соның бірі – "Зергер мен Әзірейіл".

 Бір зергер адал еңбегімен күн көреді. Бір күні Әзірейіл келіп жанын алмақшы болыпты. Ол кезде Әзірейіл көзге көрінеді екен. Шебер балаларына тамақ тауып беріп кету үшін бір айға мұрсат сұрайды. Күні-түні жұмыс істейді. Бір айдан соң Әзірейіл келсе, керемет әдемі сандық жасап қойыпты. Бір нүктесін басып қалса, сыңғыр етіп ашылады. Іші сыртынан да әдемі екен. Қызыл барқытпен тысталған. Әзірейіл ішіне түсіп көреді, сол кезде сандықтың аузы жабылып қалады. Зергер оны дарияға ағызып жібереді. Көп жылдар өтеді. Ағып бара жатқан сандықты балық аулап тұрған жас жігіт көріп, ұстап алады. Аузын ашып жібергенде, Әзірейіл секіріп шығып, жазықсыз жігіттің жанын алады. Сол бетімен құдайдың алдына келеді.

Құдай тағала: – Е, қайда жүрсің, жер бетінде адамдар сыймай кетті ғой, - дейді.

Әзірейіл болған оқиғаны айтып береді. Сонда құдай тағала: "Бұл адамдардан айла құтылмайды екен. Енді адамның жанын көзге көрінбей келіп алатын боласың", - депті. Содан былай Әзірейіл көзге көрінбейтін болыпты.

 Өліммен күресу оқиғасы Шумер эпосы "Гильгамеште" суреттелген. Прометей мен Харта аңызында да айтылады. Осы сарын көне парсыларда да бар. "Алкестида" трагедиясында өлгелі жатқан Адметтің орнына әйелі Алкестида өлуге келісім береді. Бірақ Геракл адам жанын билеуші Танатпен соғысып, Алкестиданы аман алып қалады. Қорқыттың өлімнен қашуы одан бұрынғы Тұран патшасы Алып – Ер Тұңғаның да басынан өткен. Ол-дағы өлімнен құтыла алмай, ажал құшқан еді.

 Қорқыттың өлімнен қашуы, өлімді жеңу ойлары да ислам діні келгенге дейінгі дәуірде айтылғанын көрсетеді. Өйткені өлімді мойынсұнбау ислам дініне жат. Әзірейілмен күресі – бұл дінді әлі қабылдап болмаған заманда туғанының айғағы. Қорқыт-әулие, бақсы, жырау, батагөй абыз. Қазақ даласында ислам діні күшейген кезде "Қорқыттың жолын қуған бақсылардың халі нашарлай бастаған көрінеді. Ислам оларды өлім жазасына дейін апарды. Кейін келе бақсылар бүтіндей азып-тозып, ерте кезде қолданған, мойыншақпен өрнектелген қобыздарын да сақтай алмай қалды" (Марғұлан Ә. Ежелгі жыр-аңыздар. 166-б). Қорқытты ажалдан құтқарған қобызы болғандықтан, кейінгі бақсылар да ауруды, ажалды қобызбен қорқытқан. Қорқыт – бүкіл жырау-бақсылардың атасы. Қорқыт сарынын мирас еткен Қойлыбай, Төбе тәңір, Кет-Бұғы сынды көптеген бақсылар болды. "Қорқыттың күйшілік дәстүрі Орта Азиядағы мәдени оянудың ІХ-Х ғасырлардағы жарқын бір көрінісі болған еді" (Ә. Қоңыратбаев).

http://kz1.fatwords.org/safia/iraubajizi-bes-tomdi-shiarmalar-jinai-astana/main.html

Алма Қыраубайқызы

  • «Қорқыт ата» кітабы. Өмірінен мәлімет» бейнефильмі (2.39-2.57 мин.).

https://www.youtube.com/watch?v=VUF4Ti_485A

[attachment=28306:az_-d_8-syn_1-tar_2-cab_osymsha-resurs_1-nsa.docx]
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу