Қорқыттың нақыл сөздері. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 5-сабақ.
ҚОРҚЫТТЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ
Жырдың кіріспесі
Баят руында Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңірі зердесіне салған соң, оның барлық болжамдары қатесіз болған ...оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді шешкен. Қандай ғана қиын іс болмасын, Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның барлық өсиетін (билігін) бұлжытпай орындаған.
Қорқыт атадан қалған бір сөз мынадай: «Тәңірге сыйынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бірі екеу болмайды. Тәңірі бәндесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді. Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді. Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байиды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді. Сулар тарам-тарам болып қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама бағып, қаққанмен ол саған ұл болмайды. Ер жетіп, ат жалын тартып мінген соң өз жөніне кетеді, бәлки ол тәрбиелеген адамға көрдім-білдім деген сөзді де айтпас. Күлді қаншама үйгенмен төбе болмас. Қара есектің басына жүген таққанмен - тұлпар болмас. Күңге сары пай шапан жапқанмен - бәйбіше болмас. Қар қаншама қалың жауғанмен - жазға бармас. Гүлденіп өскен бәйшешек - күзге бармас. Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел (дос) болмас. Ат қиналмай жол шалмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды. Ананың көңілі балада болар. Жақсы ана үшін бала - екі көздің сыңары. Ұлың өсіп жетілсе, ол отбасының мерейі, бас-көзі. Атадан қалған малы болмаса, баланың күні қараң. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Уа, хан ие, сізді тәңірім сондай ісінің сәті түспегендерден сақтасын.
Қорқыт ата өзінің ел-жүртына тағы мынадай өсиет айтқан: «Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Кавказ арғымағын мінгізуден келер пайда жоқ. Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе. Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі. Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық. Ат жемейтін ащы шөптің гүлденіп өспегені жақсы. Адам ішпес ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік сөз өрге баспайды. Өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық. Сөзіне берік, шыншыл адамға бұл дүниеде отыз жылды үшке көбейтіп, өмір сүрген де аз. Хан ием, сізге сансыз ұзақ ғұмыр тілеймін. Тәңірі сізді жамандықтан сақтап, бақ-дәулетіңіз арта берсін». Қорқыт бұдан басқа не айтқан екен соған келелік, хан ием: «Сайдың шөбін жекен білер, түздің шөбін бөкен білер. Күн мен түннің келгенін бозторғай білер. Ұлдың кімнен туғанын ана білер. Иесінің иісін ат білер. Жүктің ауыр-жеңілін есек білер. Беліне қай жерден арқан түскенін тең білер. Қолына қобыз ұстаған ұзан елден-елге, бектен-бекке барады. Кімнің батыр, кімнің бақыл екенін жырау білер. Қобызын сарнатқан жырауға думан керек. Уа, хан ием, мынау жарық дүниеде тәңірім (сіз бен бізді) адастырып, жарты жолда қалдырмасын».
«Қорқыт ата кітабынан» үзінді
Қорқыт ата кітабы. Оғыздардың батырлық жырлары: Эпос
/Орыс тілінен ауд. Ә. Қоңыратбаев, М. Байділдаев.— Алматы:
Жазушы, 1986.—128 бет, суретті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?