Бұрымды “бұйымтайы”. Отырған қыздарға психолог кеңесі
Бүгін қыздардың ой-өрісі, өмір сүру қағидалары мен отбасын құруға деген көзқарастары өзгеріп, аруларымыз қай салада болмасын жетістікке жетуде. Заман ағымымен оза шауып жүргендері қаншама. Сол себепті болар, отбасын құруды кері шегеретін немесе теңін таба алмай жүрген бойдақ қыздар саны күн артып көбеюде. Өкінішті-ақ! Ал, бұл жағдайда бойдақ қыздың ата-анасы, туған-туысы мен таныстарының барлығы дерлік «тұрмысқа қашан шығасың?!», «жасың кетіп барады», “осылай жүре бересің бе?” деген әңгімелерімен бір жағы асықтырып, бір жағы кінәлап, қыспаққа алатыны белгілі. Осы дұрыс па?! , деп хабарлайды "Сырласу" сайты.
Көптеген қыздар «қашан тұрмыс құрасың?» деген сұрақтан соң, тез тұрмыс құруға асығып, қате таңдау жасап жатқаны жасырын емес. Нәтижесінде ажырасу, бақытсыздық, әкесіз өскен бала саны артуда.
Бойдақ қыздарды қыспаққа алудың орнына оған неғұрлым дұрыс таңдау жасап, отбасын құруына септігін тигізетін кеңестер ұсынамыз. Жалпы, қыз бен ер баланың болашағына, өмірлік жар табуына алдымен ата-ана, одан кейін қоғам да жауапты екендігін ұмытпайық.
Анасына! Қыз баланы отбасын құруға кәмелеттік жасқа толғанынан бастап, 17-18 жастан дайындау қажет. Ата-аналардың көпшілігі «менің қызым дәрігер болады немесе атақты ғалым, қаржыгер болады» т.с.с.деп өсіреді. Оныңыз дұрыс-ақ, бірақ оған қоса анасы «Ертең жар атанасың, ана боласың. Мүмкін үлкен әулеттің келіні боларсың» дегенді айта отырып, ас әзірлеу, қонақ күту, ер азаматты құрмет тұту, өз басын сыйлата алу сынды отбасылық өмірдің аздаған қыр-сырларын айтып отыруы аса қажет. Бұл, қыздың санасын отбасылық өмірге дайындау болып табылады.
Әкесіне! Қызыңызға шынайы мейіріміңіз бен әкелік махаббатыңызды көрсетіп, құрмет тұтып өсіріңіз! Себебі, қыз бала ер адамның кім екенін, қандай болу керек екенін әкесіне қарап ұғынады. Бала күнінен әкесінің құрметін, мейірімі мен махаббатын көріп өскен қыз бала, шынайы жақсы көрудің, әкенің махаббаты мен құрметті болудың не екенін біліп, сезініп өседі. Сондықтан, мұндай қыз балалар қашанда ер адамның алдында өзін еркін сезінеді, ер адамдарға қатысты «жақсы мен жаманды», «өтірік пен шындықты» оңай ажырата алады. Жар таңдауда, қателесе қоймайды.
Ал, әкесінен ұялып, еркін қарым-қатынас жасап көрмеген, тіпті қорқып, сескеніп өскен қыз бала болашақта басқа да ер адамдармен қарым-қатынас жасаудан қысылуы, ұялуы, ашық, еркін қарым-қатынас жасай алмауы әбден заңды. Шынайы мейірім мен махаббаттың қандай болатынын көрмей, оны сезінбей өскен қыз бала көлденең келген көк аттының «жақсы көремін, сенсіз өмір сүре алмаймын» деген өтірігіне сеніп қалады, тіпті сенгісі келеді. Осылайша мүмкін бірінің алдауына түсіп, бірінің мысы басып, оның дұрыс таңдау жасауы қиындай түседі.
Бойдақ жүрген қызыңызға/қарындасыңызға/танысыңызға айтуға болмайтын
5 қағида
Кінәламаңыз! «Неге саған жолықпайды?», «Өзіңнен де бар шығар?», «Дұрыс сөйлесе алмайтын шығарсың?» деген сияқты сөздер арқылы оны кінәлап, жазғырып тұрсыз. Осы арқылы оны кінәлі етіп, қалайда «өз кінәсін тезірек жөндеуге» мәжбүрлейсіз, осылайша қате шешім қабылдауға итермелейсіз.
Асықтырмаңыз! «Қашан шығасың?», «Жасың кетіп барады», «Сенің жасыңдағылардың баласы мектепке барайын деп жүр» т.с.с. сөздер арқылы оны асықтырып, қалай болсын, кімге болсын, әйтеуір тұрмысқа шығуың керек дегенді ұғындырасыз. Соның салдарынан қыздың қате шешім қабылдауы әбден мүмкін.
Басқалармен салыстырмаңыз! «Бәленшенің қызы мықты жерге барды», «Жұрттың қыздарына кездесе қалады?!», «Пысық, ақылды қыз ғой, керемет жігітке шықты» деген сияқты сөздер арқылы, басқаларды одан жоғары қойып, бойжеткенді төмендетіп, жігерін жасытасыз, болашаққа деген сенімін жоғалтасыз.
Қолдау көрсетіңіз! Кінәлаудың, асықтыру мен салыстырудың орнына анасы, әпкелері «мен сені түсінемін», «асығыс шешім қабылдамауға тырыс», «маған сенуіңе болады», «уайымдама, біз жаныңдамыз» деген сынды қолдау көрсетулері қажет. Бұл өте маңызды.
Әрекет етіңіз! Отбасының 50-60% студенттік шақта құрылатыны мәлім. Ол кезең өткен соң, жастар отбасын көбінесе жақындарының таныстыруы арқылы құрады. «Жеңгетайлық» қазақ халқында бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Сондықтан қыздың әпкелері, жеңгелері, туыс-жақындары қызға лайықты ер азаматтарды қарастырып, таныстырулары өте дұрыс жағдай. Егер, қыз бала тікелей танысудан қашатын болса немесе оған ыңғайсыздық туғызғыңыз келмесе, таныстықты түрліше ұйымдастыруға болады. Мәселен, мерекелік дастарқанға қонаққа шақыру арқылы таныстыру және т.с.с.
Бойдақ бойжеткен құлағына алтын сырға!
⇒ Жасыңыз келіп, ағайын-туысыңыз сұрақтың астына алып жатқан болса, ең алдымен олардың сіз үшін алаңдайтын жанашыр екенін есте ұстаңыз. Сонда бос ашуланудан, күйгелектенуден арыласыз;
⇒ Жақындарыңыздың сұрақтары сізді мазалап, ашуландыратын болса, осы жағдайдың сізге жағымсыз әсер ететінін, тіпті ауыр тиетінін оларға ашық айтуыңыз қажет;
⇒ Басқалармен, біреулердің қызымен салыстырмауын өтініңіз. Мысалы, «бәленшенің қызы мықты жерге шығыпты», «жұрттың қызы пысық…» т.с.с. Не себептен салыстырмау керек екенін, сізге ол қалай әсер ететінін түсіндіріңіз;
⇒ Өз өміріңізге тек өзіңіз ғана жауапты екеніңізді есте ұстаңыз! Сіз қалай шешсеңіз солай болады. Сонда ғана басқалардың асықтырғанына әлсіздік танытпай, дұрыс шешім қабылдай аласыз;
⇒ Асығыстық танытып, қателессеңіз, одан тек сіз ғана ұтыласыз. Сондықтан, жүрегіңізді тыңдаңыз;
⇒ Әрекет етіңіз! Танысудан қашпаңыз, «жұмыс – үй» принципімен өмір сүрсеңіз, жаңа таныстықтың болмайтыны, осылайша жалғыз жүріп қалу ықтималдығы өсетіні сөзсіз. Сондықтан, театр, кино, мерекелік кештер мен т.б. көпшілік орталарға шығып тұру қажет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?