Қасым-Жомарт Тоқаевтың ата-әжесін жалмаған зұлмат
Қазақ халқының басына түскен ашаршылық нәубеті ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да отбасын айналып өтпеген. Әкесі Кемел Тоқаев ашаршылық пен соғыстың азабын бала кезінен тартқан. Нәубет тұсында отбасынан, соғыста аса қамқор ағасы – Қасымнан айрылған.
«Ол ең ауыр жыл еді, жұрт аштыққа ұшырап, күн сайын мыңдаған адам ажал құшып жатты. Келе жатқан қаһарлы қыс ең ауыр сынақ болды. Кедейлер үшін қыс ешқандай жақсылық әкеліп жарытпайтындығы белгілі. Сол қыста мерт болғандардың арасында әкемнің жақын туыстары да бар еді.
Қожайынның үйінде жұмыс істеп жүрген күндердің бірінде атам еңбегіне алған ескі етікті нанға айырбастау үшін қала базарына барады. Жейтін бірдеңе іздеу мақсатында ағасы Қасыммен бірге әкем де базарға кетеді. Қалаға барар жолда оларды қаңғыбас балаларды жинап жүрген милиция патрулі тоқтатады. Нашар киінген екеуін тұл жетім – қаңғыбас балалар деп ойлап, оларды күшпен арбаға отырғызады.
Балалардың қаңғыбас емеспіз, біздің ата-анамыз бар деген сөздеріне, жалынып-жалбарынғанына милиционерлер назар аудармайды. Тіпті олардың бірі «егер де қарсыласа берсеңдер, құдыққа тастап жібереміз» деп қорқытады. Осыдан кейін балалар тынышталып, тағдырдың дегеніне мойысұнып, сабасына түскен. Бір сағаттан соң оларды жетімдерді қабылдайтын жерге әкеледі. Құжаттарын шұғыл рәсімдегеннен кейін балалар үйіне апарған. Осылайша әкем аз ғана ғұмыры қалған ата-аналарының көзі тірісінде-ақ жетім атанған.
Сол қасіретті күні әжем үйде кіші қызымен қалады. Әкемнің қарындасы қатты суықтан қорғанып, пештің жанында ойнап отырған екен. Бір кезде аяғы тайып, жанып тұрған отқа түсіп кеткен. Төсекке таңылған ана сәбиіне қол ұшын соза алмайды. Туған баласы тірідей өрт құшағына оранған қасіретті оқиғаны көруден басқа дәрмені жоқ ана жүрегі де осынау жан шошырлық көрініске шыдай алмай, бірнеше минуттан кейін мәңгілік тыныс тапқан. Бір сұмдықты сезген атам мен Яков жүгіріп жеткен. Қайғылы оқиғаны көріп, әл-дәрмені құрыған атам әйелінің жанына тізерлей отырып, егіліп жылаған.
Осы аралықта Яков пешке су шашып, одан жанып кеткен қыздың денесін шығарып алған.
Яков атама әйелі мен қызын жерлеуге көмектескен, одан кейін екеуі жоғалған балаларды іздеуге шыққан. Ұзақ уақыт іздегенмен нәтиже болмаған. Ешкім де олардың қайда екендігін айтып бере алмаған. Көршілерінің бірі балаларды бір үлкен адамдар күшпен арбаға отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткендігін айтады. Бұл әйелі мен қызының өліміне қосымша тағы бір үлкен соққы болды. Оған қос ұлын қылмыскерлер немесе әлдекім құлдыққа алып кеткендей көрінеді.
Ол кезде мұндайлар көп екен. Үйге әрең дегенде жеткен ол Яковке өмірдің мүлде мәні қалмағанын айтып мұңаяды. Балалардың бірі қайтып оралатын болса қол ұшын беруді сұрайды. Сол түні атам үйден біржола кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген. Осылайша ол із-түзсіз жоғалған».
Қасым-Жомарт Тоқаев, «Әке туралы толғаныс»
Ықшамдаған Сабина Зәкіржанқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?