Туған жер ыстық әрқашан!


Сайын қазақ даласы, киелі қара топырағымның аңғыған иісі...Адам бойында көзге көрініп, қолмен ұстамаса да жүрегін кернеп, тұла бойын шымырлататын ерекше махаббат сезімі болады. Соның ішінде туған жерге деген махаббатты сезініп көрдіңіз бе?! Мен ес білгелі орыстанған кішкентай ауылымыз біздің отбасымызды «оралмандар» деп атаушы еді. Отанға, туған жерге деген сағынышты, ерекше махаббатты сол «оралмандардан» көрдім. Сол «оралмандарыңыз» тілін шұбарлатпай, қазағымыздың бай тілін барынша паш етіп, көркем сөйлеп, ата-бабасының салт-дәстүрін бұлжытпай орындап, қаскелең ұрпақтың санасына сіңірді. Соның бір дәлелі еліміздің болашағы жастар, мына - мен. Ел басшылығының көрегендік саясатының арқасында мемлекетіміз егемендігін алған жылы біздің де отбасымыз шет елде жүрген қандастардың көшін бастап келгендердің алғашқысы болды. Шыны керек, алғашында орыстанған халықтың наласына шыдамай, намыстанатын еді.

Біздегі жиындар үйдің маңына тігілген алты қанат киіз үйде, ет пен жал-жаясы асылған, сорпасы қайнаған, шелпектің иісі аңқыған, қымыз ішіп, суырып салма ақындар жыр жарыстырып, әншілер «елім бар, жерім бар деп келген кезде, өзегім өртенеді» деп реніштерін бір айтып, артынша «туған жер ыстық әрқашан» деп домбырамен шырқайтын әуендермен өтетін еді. Менің бала көкейіме осы сәт ерекше сақталып қалыпты. Балаларымыз өзінің туған жері, қазақ жерінде өніп-өссін, өзінің тегін білсін деген мақсатта келіп едік, енді өзегімізді өртеп, қабылдамай жатқандары қиын екен деп көздеріне еріксіз жас алатын. Біраз уақыттан соң, үйренісіп, ауылымыздың неміс Мария апасына дейін қазақша сөйлегенде сайрап, қазақтың дәстүрінің ең асыл, ең тәрбиелі екенін өле өлгенше мойындап кетті. Мен – сол қарапайым ауылда туып-өсіп, туған жеріме деген адал махаббатты ұядан тәрбие қылып алып, бүгінде өз Отанымда еркін сөйлеп, азаттықта жүрген бақытты қандастарыңыздың бірімін. Отанға адал қызмет етіп, елімнің жарқын болашағына үлес қосу үшін мен не істеп жүрмін деген сұрақ әркімнің көкейінде тұру керек. Әрқайсымыз отбасы- ошағымыздан, айналамыздағынан бастап, жарқын болашақ үшін күресіп, өз ісінің шебері болсақ, туған жерге титтей де пайдаңның тигені деп білемін. Осы орайдағы менің кішкентай ғана үлесім - өзімнің де ұстаздарым сияқты кешегі мен бүгіннің арасын жібек арқаудай жалғап, ұрпақ сабақтастығының, елге адал қызмет етудің, адамның баласы болудың, сөз құдіретін түсінудің әсем үлгісін көрсетіп, жарғақ құлағым жастыққа тимей жас ұрпақты талаптың тұлпарына мінгізіп, Абайды танытып, әдебиет әлеміне ғашық қылу.Және де сол міндетімді абыроймен атқарып келемін деп сенемін.

...Кең дала! Менің далам!Кие қонған, құт дарыған қазақ даласы...Сайын далада еркін өсіп, жусан иісі аңқыған, домбыраның үні ерекше сән беретін қасиетті мекен!Осы мекенде дүниеге келген мен қандай бақытты едім! Талай ғасырлардың куәсі болған асқар тау мен қара тасқа тіл бітетін болса, сонау тарих қойнауының сыр пернелерін шертер еді. Шырайлы шығыс елі,еркелеп аққан Ертісім, Марқакөлім-туған жеріме алты Алаштың ұрпағы тәу етеді.

Өмірдің шалқар дариясында шебер жүзе білу де өнер ғой. Алайда қызығы мен шыжығы үнемі қатар жүретін өмір жолы бір құпия әлем. Өмір белестеріндегі даңғыл жол қиылыстарында адамның адасып, жалғызсырап қалатын кезі баршамызға белгілі шығар. Сіз сондай сәттерде не істейсіз?! Мен болсам, туған жеріме барып, суымен,тасымен, тауымен сырласамын. Кейде «мыңмен жалғыз алысып», кейде «сап, көңілім,сап» деп сабаға келіп, соңында «талаптың тұлпарын мініп алып» арман құзырына шығып келемін. Мейлі сен кәрі я жас бол, туған елдің түтіні де ыстық демекші, қандай жағдай болмасын, ауылға жол тарту керек. Үлкендеріміз жасы келген шағында «өлсем,туған жеріме жерлеңдер» деп айтып отыратыны белгілі, бөтен жердің асылын берсең де, қара шаңырақтан алыстамайтын жағдайларда жетерлік. Оның бірде –бір құпиясы туған жердің ерекше бір атмосферасы, аурасы бар. Әлі күнге дейін өмірімде болатын елеулі өзгерістерге шешім қабылдамас бұрын, туған жерімнің әр бөлшегімен сырласамын. Дәл кішкентай кезімдегідей, қи қораның үстіне шығып, жұлдыздарға қарап, арман-мақсатымды жіпке тізіп, ерекше энергия алып, қажырланып қамшылана түсемін. Ауыра қалсам, шаңын иіскеп, таза суынан нәр аламын.

Бүгінде талай белестерді бағындырып, шет елге танылып жүрген аға-әпкелеріміз туған жерінің түтінін ұмытпай, ауылымызға келіп, мектеп салып, ауруханаларды жаңартып, ескерткіштер салып, дүбірлетіп той жасап, елінің қазынасы, қарияларын қуантып тұрады. Мұның өзі туған жерге деген ерекше құрмет, ұстаздан берілген тәрбие деп білемін.

Сондықтан да, мен де бұл жәннат мекеніме адал еңбек етіп, өршіл ұлдарымыз бен текті қыздарымызды тәрбиелеуге ұстаздық ант беремін!

Нұргүл Өмірханқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу