Коронавирус туралы тақпақтар, өлеңдер


Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясы ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Әркім қолынан келгенін жасап, көмектесуге әзір. Еліміздің ақындары мен 2 сынып оқушылары да осы індет туралы өлең мен тақпақ жазып, халықты үйде отыруға шақырып жатыр. Солардың топтамасын оқырманға ұсынуды жөн көрдік. 

Коронавирус туралы өлеңдер

Мінәжат

Тұра берсін жерім аман, тауым да аман;

Аман жүрсін досым да, жауым да аман;

Адам түгіл, шөптер мен жәндіктердің,

Қиналғанын сезіну – ауыр маған...

 

Көңілім бар ешкімге тарылмаған,

Аман болсын жат адам,

бауыр да аман,

Адам түгіл, тұп-тұнық мына аспаннан,

жұлдыз ағып құласа – ауыр маған...

 

Шаршасам да қуатты дауылдардан,

Жауындардан беймезгіл сауылдаған.

Бәріне де көнер ем, тек сәбидің,

Жаутаңдаса жанары – ауыр маған...

 

Далам да аман тұрса екен, бауым да аман,

Қалам да аман тұрса екен,

ауыл да аман.

Бір адамның өлгенін естіп қалу –

Өзім өліп қалғаннан ауыр маған.

 

Өткереді не зұлмат, құйынды адам,

Елім аман болсыншы, үйім де аман.

Мына сұлу ғаламды сақта, Құдай,

Сол болсыншы беретін сыйың маған!

 

Aвторы Ақберен Елгезек

 

Дәуір дерті

 

Дабыра мен дақпыртқа құмар ек тым,

Қауқылдаған кешегі құлады екпін.

Тынышталып бір сәтке,

Тыңдайықшы,

Не дегісі келіп тұр мына дерттің?!

 

Отырмыз ғой арандап, алаңдап та,

Тыңдайықшы,

Құлақ сап ғалам жаққа.

Тілін егер түсінсең мына дерттің,

Айтары бар секілді адамзатқа.

 

Жақсылықты жамандық жуып бітті,

Жүректер де кеткендей суып тіпті,

Оңашада отырып ойлансын – деп,

Адамзатты үйіне қуып тықты.

 

Зар илетіп сонан соң сор үйірген,

Заман да өтті молалар мол үйілген.

Бар болғаны үйіңе қамап қойды,

Қуып шықса қайтер ең сол үйіңнен.

 

Тексіздікке төр беріп күле кірген,

Тапты ма екен тілінен, тілегінен.

Байқасаңыз мына дерт,

Басқа емес,

Жайылуда адамзат жүрегінен!

 

Aвторы Әлібек Шегебай

 

Қамын ойла, өзгенің, өзіңнің де...

 

Сыналатын кезі бұл төзімнің де,

Қамын ойла, өзгенің, өзіңнің де.

Еріксізден үйіңде отырғанда,

Еркіндіктің қадірін сезіндің бе?

Бос уақытты енді осы пайдаңа асыр,

Кешке дейін құр ұйықтап, көзіңді ілме!

 

Қауқарсызын көргенде күшіңнің де,

Қамын ойла, үлкеннің, кішіңнің де.

Тәуелді боп үйіңде отырғанда,

Тәуелсіздік қадірін түсіндің бе?

Құрығынан әлемді кезген дерттің,

Құтылмайды тығылып кісі үңгірге!

 

Бұл күніңнің қадірін білші бүгін,

Тоқтағандай тынымсыз тіршілігің.

Қауіп пенен қатерден сақтау үшін,

Иманыңның көктеткін бір шыбығын,

Бір Аллаға қол жайып, дұға қылсақ,

Қорған болар тоқтаусыз құлшылығың!

 

Адастырмай пендені арман-үміт,

Атар сонда арайлы таң да күліп.

Құлшылықпен тіршілік жалғасады,

Күмәнсіз сен, көңілге алма күдік.

Бүкіл әлем болсын деп тыныштықта,

Жаратқаннан сұрайық жалбарынып!

 

Авторы Олжас Отар

 

ҮЙДЕ БОЛ...

 

Жазатайым жығылғысы келер дейсің орға кім?

Сезінбесең секем алмай сыртқы жауды, сорладың.

Қабырғаң дүр болғанымен, қоғамың бір – бауырым,

Үйден шықпа, елді сақта!

Үй қазіргі – ҚОРҒАНЫҢ!

 

Кембағал да кешіп жатыр, байбалам сап бай да мұң,

Еуропа, Азия да таппай бірін айланың.

Өзіңе де, өзгеге де көмегің сол – бауырым,

Үйден шықпа, елді сақта!

Үй қазіргі – ЖАЙЛАУЫҢ!

 

Қабыл ал да риза бол, Жаратқанның сынағын,

Елге түскен өтер бастан сәл шыдасаң, мына күн!

Ошақ бөлек болғанымен, Отан ортақ – бауырлар,

Үйден шықпа, елді сақта!

Үй қазіргі – ЖҰМАҒЫҢ!

 

Авторы Асқар Дүйсенбі

 

Жер мен Көктей таныдым ба алыпты?

Кеудемдегі сүйемін бе жарықты?

 

Ізгілікте бар ма менің үлесім?

Кім жеңеді кереғарлық күресін?

 

Күллі әлем алақандай ап-анық, 

Күллі жанар бір нүктеге қадалып,

 

Күрсінеді ғалам іштен тынғандай,

Күнтізбеден күліп шығар күн қандай?

 

Көзді арбаған бақ па, сор ма, маңызды?

Жаратқаным тіл қататын тәрізді.

 

Жер бетіне жетпей бәлкім, мейірім?

Сынап жатыр адамзаттың пейілін.

 

Күбірлейді жаһан үні құлақта,

Күмілжіген жан менен тән сынақта.

 

Күллі әлемді қауызына сыйдырып,

Батқан күнді базынасыз сый қылып,

 

Бір тамшыдан мына мені жаратқан,

Құдіретпен сәтім көп пе санасқан?

 

Аспан үнсіз тағылымын төккенде,

Шұғыласы маңдайымнан өпкенде,

 

Өтедім бе жер ананың қарызын?

Өтедім бе адамзаттың парызын?

 

Қарашыққа үміт жасын тұндырып,

Көлбеңдейді ғұмыр дейтін құндылық.

 

– Жер ананың сақтай гөр, – деп бесігін,

Тәңірімнен сұрап тұрмын кешірім...

 

Толқын Қабылша

 

 

Нұрланып биыл да көк пен жер,

Бүр жарып, жайқалып көк белдер.

Келгенмен сағынтқан, аңсатқан бұл Наурыз ,

күтпеген дәл мұндай, көңілсіз көктемді ел.

 

Далада біртүрлі бұлқыныс,

қалада мың түрлі құлшыныс.

Бекеттер бекінген,

базарлар тым-тырыс.

 

Хошы жоқ тірлікте күйбелең,

адамдар көңілсіз күйменен.

Олардың санасын күні, түн,

үрей бар билеген.

 

Үндеу мен дабылдан,

қақпалар, есіктер жабылған.

Жиналмай жұмаға жамағат,

Мешітке адам жоқ ағылған.

 

Көктемнің көңілді жыры жоқ,

кептердің шерулі үні жоқ.

Құс келер уақытта,

сұс келді тілі жоқ.

 

Әлемді шарпыған "қара дақ"

бар елді жүргенін аралап,

желіден бір шығып, кіргенше,

жаршылар жазуда жаңалап.

 

Заманға тыныштық,

адамға құт тілеп,

арылды дей-тұғын індет пен жұт ,түнек.

Шатты күн туса екен сүйінші сұрайтын,

«Ең соңғы дертті жан жазылып шықты», – деп...

 

Жангелді Немеребай



Коронавирус туралы тақпақтар

2-класс оқушысы Абылай Қуанышұлы “Пандемия” атты тақпақ жазған.

Пандемия

Пандемия бар әлемді жаулаған,
Жас дәуренді үйде оқуға баулыған.
Қашан кетер екен дейміз бәріміз,
Қашан кірер бәріміздің сәніміз.




Кәусар Әбдірахым да 2-класта оқиды.

Қиын заман

Мына індет бүкіл елді дауылдай шарлағандай,
Адамзат көп нәрсенің қадірін біле түскендей,
Бұл індетті жеңіп шығар ниет барда,
Үйде отыр тыныштығы үшін еліміздің!




4-класс оқушысы Ерасылдың “Коронавирус” аталатын өлеңінен оның пандемия қатерін сезінгенін байқауға болады.


Коронавирус

Коронавирус келді деп,
Ел-жұртымыз дүрлікті.
“Талай жанды алды” деп,
Халық талай қынжылды.




2-класс оқушысы Ділда Испанбетова шығарған “Біз індетті жеңеміз!” деп аталатын тақпақ оптимизмге толы.


Біз індетті жеңеміз!

Вирус келді, балақай,
Үйде отыр, шықпа далаға!
Даладан келсең егер де,
Қолыңды жу қалай да!

Сонда вирус тимейді,
Біз індетті жеңеміз.
Бетпердені шешеміз,
Жақсы өмір сүреміз!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу