“Ұлы халықтың - ұлы Абайы”


Ұлы халықтың - ұлы Абайы”
(сыныптан тыс іс - шара)

Тақырыбы.Ұлы халықтың - ұлы Абайы” 
Мақсаты: Қазақтың бас ақыны, ұлы дана, ойшыл, сазгер Абай Құнанбаевтың мол мұрасын сыныптан тыс сайыс арқылы насихаттау.

Міндеті: Оқушының бойына ақыл мен парасатты, сөз құдіреті мен көркем сөздің мәйегін бойына сіңдіру. Ұлыларымызды құрметтеу, сол арқылы оқушы бойына мақтаныш сезімін тудыру, даналардың даралығын бағалау, қастерлей білуге баулу.

Көрнекілігі буклеттер, кітап көрмесі, баннер, портрет, проектор, ноутбук
 Мұғалім сөзі: Келер 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны, қазақ сахарасының данасы, ұлы ойшыл, үлкен имандылықты бойына жинаған тамаша суреткер Абай атамыздың 175 жылдығын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында тойламақпыз.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!- деп келер ұрпаққа үн қата отырып, өзі үстем тап өкілінен шықса да бұқарашыл тілектегі халық ақыны болды. Ол шығармаларында сол халықтың мүддесін, арман - мұңын жырлады.
Көп адамдар өмірге бой алдырған,
Бой алдырып аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,- деп төрелігін өзі шешкен Абай бүкіл жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге жасасып келеді.
Өлмеу үшін, құлқынды жемдеу үшін,
Мен – дағы өлең жазбаймын ермек үшін.
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін,- деп Мұқағали ақын жырлағандай кешімізді бастайық.

 1 - жүргізуші:
Құрметті қонақтар, ұстаздар, тыңдаушылар! «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демеп пе еді ұлы қазақ?! Аты да, хаты да ел есінде мәңгі қалған Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған “Ұлы халықтың - ұлы Абайы” атты білім сайысымызға қош келдіңіздер!
2 - жүргізуші - Әрине, Абай атамыз туралы айта беру артық емес. Бір қарағанда таныс тақырып, таныс бейне секілденгенмен, ол туралы білетініміз тым аз - ау. Ұлылықтың сырына қанық болғымыз келсе, даралықтың қандай болатынын ұғынғымыз келсе, дана Абай әлемін шарлап қайталық, құрметті халайық! Абай кім? Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845 — 1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.
Презентация «Ұлы халықтың - ұлы Абайы»2 мин көрсетіледі
1 – жүргізуші: Білімді адам ешнәрседен қорықпайды, мазаланбайды. Әр уақытта да батыл.
Өмірдің өзі адамды тірестірген,
Бірі жаңарған, бірі ескірген.
Айнала отырып ап исі қазақ
  Азаматын өзара күрестірген - дей отырып бүгінгі сайысымызды бастаймыз!
Алдымен сайысымыздың әділ бағасын беру үшін қазылар алқасын тағайындайық
1. Молдахмет Сейдахметұлы - кафедра меңгерушісі
2. Наралиева Рахила - қазақ тілі пәнінің оқытушысы
3. Адилханова Ж. С.- қазақ тілі пәнінің оқытушысы
Енді сайыстың шарттарымен таныс болыңыздар. Бүгінгі сайыс - білім, өнер, шығармашылық ізденісте болмақ. Сайыс 5 бөлімнен тұрады.
1 - бөлім: «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» (Абай шығармаларын жатқа мәнерлеп оқу)
2 - бөлім: ««Қарасөздер» мазмұны» (Абайдың қарасөздерін талдау)
3 - бөлім: «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» (сұрақтарға жауап береді)
Абайдың өмірі мен шығармашылығына байланысты сұрақтар:

1. Абай алғашқы өлеңдерін қай ақынның атынан жариялап отырды? ( Көкбай ).
2. Абай туралы ең алғаш мақала жазған кім? (Әлихан Бөкейханов, 1903жылы Петербургта жазған).
3. Абайдың шын аты кім? (Ибраһим).
4. Абайдың қанша күйі бар? Аттарын ата.( Үш күйі бар: «Тоқжанға», «Май түні», Абайдың желдірмесі»).
5. Абайдың аяқталмаған поэмасы.(«Әзім әңгімесі».)
6. Абай Леермонтовтан қанша шығарма аударған? (Жиырма жеті шығарма аударған).
7. Абайдың әжесінің және шешесінің аттарын ата. (Зере, Ұлжан.)
8. Ділдәдән туған балалары.(Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия).
9. «Қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбаев» деп атаған кім?( Ахмет Байтұрсынов).
10. Әйгерім кім? Әйгерімнің шын атын ата.(Абайдың екінші әйелі, шын аты Шүкіман.)
11. Абай өлеңдер жинағы қайжылы басылып шықты және қай қалада? ( 1909 жылы Петербургта).
12. «Абай жолы» романын кім жазды?( Мұхтар Әуезов).
13. Абай ескерткіші алғаш қай қалада қойылды? (Алматы қаласында мүсінші - Наурызбай Х)
14. Абай кімге ғашық болды? (Тоқжанға)
15. Шәкәрімнің Абайға қандай туыстық жақындындығы болды?(Абайдың ағасының баласы.)
16 «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты өлеңі қай жылы жарық көрді? (1889ж.)
17 Абай алғаш орыс ақындарынан кімді оқыды? (Пушкин)
18 Қай поэмада Аристотель бар? (Ескендір)

  19 Абай кімнің хаттарын аударды? (Онегин мен Татьяна )

Абайдың өміріне қатысты қызықты деректер
Абай Құнанбайұлының шын есімі - Ибраһим. Әжесі Зере "Абай" деп еркелеткеннен кейін "Абай" атанып кеткен;
Құнанбайұлы көптеген өлеңіне өзі ән жазған. Олардың ішінде кеңінен тарағаны – "Көзімнің қарасы";
Абай Құнанбайұлы алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрген;
Абай Құнанбайұлы 13 жасында ел басқару жұмысына араласқан;
Абай Құнанбайұлының алғашқы махаббаты – Тоғжан;
Абай Құнанбайұлы 1860 жылы Ділдәмен отау құрған. Ол кезде Абай 15 жаста болды;
Абай Құнанбайұлы 16 жасында әке болды;
Абай Құнанбайұлы 21 жасында болыс болып сайланды;
Абай Құнанбайұлы екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген;
Еркежан - Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі. Ол Абайдың інісі Оспанның қалыңдығы болған. Еркежан Абайға өз қалауымен тұрмысқа шыққан;
Абай Құнанбайұлының 36 жасында тұңғыш немересі Әубәкір дүниеге келді.

4 - бөлім: Мысал өлеңдерден көрініс
5 - бөлім: Болмасаң да ұқсап бақ... (ақынға арнау )
1 – жүргізуші: 1. Топтың аты, ұраны, әні (Екі топ таныстырып шығады).
І топ:

Сәлем бердік баршаға,
тыңдаушылар сіздерге.
«Жүйрік» атты тобымызды,
Таныстырдық бәріңе.
Қандай жақсы сеніміңді ақтаса,
Қазақша сөйлеуді есте сақтаса.
Бар біліммен шығады ортаға
ІІ топ:
Толағайдың тасындай,
Көп ұланнан тұрамыз.
Сөзге жүйрік баламыз,
«Тұлпар» тобы осындай.
Әр тілдің болады әркез өздік мәні,
Үйренсең қазақ тілін өте сәнді.
Шығады қазақша сайрау үшін.

2 - жүргізуші: 1 - бөлім
Абай кестелі сұлу сөздің иесі, көркем әдебиеттің темірқазығы, өшпейтін жарық жұлдызы. Абай шығармаларын қазақ балалары кімнің алдында болса да, ұялмай мақтанышпен айта алады. Абай – ақын.
- Ұлы ақынның туған жері – табиғаты тамаша Семей жері, Шыңғыс тауының етегі. Осы туған жердің табиғаты, туған отбасы, заманы – барлығы Абайдың сезіміне, жүрегіне әсер етіп, оның ақындығына ықпал етті. Енді өзіміз білетін Абай атамыздың өлеңдеріне кезек берелік. «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» сайысымызды бастайық.
1 - жүргізуші: 2 - бөлім
Абай өмірінің соңында жазылған туындысы «қарасөздер» деп аталады. Қара сөздер - көркем әңгіме емес, алайда оларды даналық сөздер, мақала, ғылымдық, философиялық шолулар деп қарастыруға болады. Абайдың жалпы қарасөздерінің саны - 45. Абайдың қарасөздеріне кезек берейік. Бұл кезеңде әр топқа Абай атамыздың бір - бір қарасөзі тыңдатылады. Осы қарасөздің мазмұнын қағазға түсіресіздер, сол бойынша айтып бересіздер. 1 - топ 39 - қарасөзі, 2 - топ 15 - қарасөзі 3 - топ -
2 жүргізуші: Әннің де естісі бар, есері бар Тыңдаушының құлағына келері бар. Ақылдының сөзіндей ойды - күйді Тыңдағанда көңілдің өсері бар – деп, ән «Көзімнің қарасы» Ортаға -------------------------------------------------------- шақырамыз.
1 - жүргізуші: 4 - бөлім 
Өздеріңіз білетіндей, Абай - қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы және қазақ халқын орыс әдебиетімен таныстырушы, табыстырушы. Ол өзінің аудармалары арқылы қазақ жұртын орыс классиктерінің шығармаларымен таныстырған адам. Олай болса, Абай аудармаларын, оның ішіндегі мысал өлеңдерінен көріністерді тамашалаңыздар.
1 - жүргізуші: 5 - бөлім бойынша
Талант таудың ұшпағы - ұлы Абай,
Таңдан, әлем, қазақтың ұлы қандай!
Әр тасыңнан бастау - ап, өлең - бұлақ,
Сыбдыр қаққан балбөбек тілі балдай. Абай мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі - бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді,»,- деп Елбасымыз айтқандай Абай мұрасын жалғастырушы кейінгі ұрпақ не дейді? Абай атасыныңрухына бағыштағаноқушыларға кезек берсек.
2 - жүргізуші: Құрметті қонақтар оқушыларымыз дайындалғанша «- Орыстар үшін – Пушкин, ағылшындар үшін – Шекспир, грузиндер үшін – Руставели қандай ұлы құбылыс болса, қазақтар үшін Абай да сондай теңдессіз құбылыс деп, К. Кулиев айтқандай Абайдың өмірі мен шығармашылығын берілген бейнероликті тамашалайық.

1 жүргізуші: Оқушыларға бұл сайысқа дайындалуына уақыт берейік. Ал біз сіздермен, Келе жатқан үзілмей бабасынан,
Қазақ үшін қымбат жоқ баласынан!
Әлі талай шығады нағыз Шара
Балғын биші қыздардың арасынан - деп ортамызға биші қызымыз ------------------------ шақырамыз

Қазылар орнықтырар әділдікті,
Кімдердің дайындығы кәміл шықты.
Білім мен тапқырлықтың арқасында
Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты.
(Жеңімпаз топты анықтап, марапаттау
І жүргізуші:
Бойларыңда от бар екен байқадық,
Жүректерде шоқ бар екен байқадық.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып шарықтаңдар әрдайым,-
деген ізгі тілекпен сайыс жеңімпаздарын марапаттау үшін қорытынды сөз кафедра меңгерушісі Мырзахмет Молдахметұлына беріледі
Марапаттау: әділқазылар саралай келе, ұпайларын есептеп, ұпайы көп топқа "Озық ойлы Абайтанушы" атағын беру
1 - жүргізуші:
Әр сөзінде астарлы ой тұрады.
Оқысаң, ашылады ой тұманы.
  Сүрініп, жығылмауға Абайды оқы,
Абай сөзі – қазақтың бойтұмары
Қазақтың асқан кемелі
Жұрттың қамын жеп еді,
Ақынның рухы өлмейді,
Абай – ұлы себебі!
  - Кешегі ауыр да күңгірт заманда жалын боп жанып өткен Абайдың осы мұрасы туған халқы үшін ешқашан да сарқылмайды. Абай туған елін қаншама сүйсе, елі үшін күңіреніп, тебіренсе бүгінгі ұрпақ оны сонша құрметпен сүйіп отыр. Абайдың көзі тірісінде жетпеген арманына біздің заманымызда жетіп отыр. Өйткені, бүгінгі ұрпақ көзі ашық, ғылымға, білімге, өнерге құмар. Абай атамыздың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиетін көкіректе нық сақтайық. Осындай тылсым күштің иесі бола білген, «Жүректен кіріп, бойды алған» күш иесі Абай атамыз жасасың! Есімі ел есінде мәңгілік сақталсың! Келесі кездескенше, сау болыңыздар!



 



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу