География | Жанартау (видео)

 География | Жанартау (видео)

Жанартау, вулкан (лат. vulcanus – от, жалын деген мағынаны білдіреді, ежелгі римдіктердің мифологиясындағы от құдайы ұғымынан шыққан. ) – Жер қабатының тереңдегі жарылымдары мен жарықтарынан оның бетіне шығатын балқыған тау жыныстары мен ыстық газдардың геологиялық құрамалары.

Мазмұны
1 Жалпы мәліметтер
2 Жанартау түрлері
3 Сөнген жанартау
4 Жанартау атқылауы
5 Жанартау атқылауынан пайда болған тау жыныстары
6 Пайдаланған әдебиет


Жалпы мәліметтер

Жанартау — төбесінде шұңқырға ұқсас кратері не ойысы бар, көбінесе конус немесе күмбез тәріздес болып келетін геологиялық түзілім. Ол терендік магмалық ошақтардан жер бетіне лавалар, ыстық газдар мен булар, сондай-ақ тау жыныстарының сынықтарын атқылап тұратын жер қыртысындағы каналдар мен жарықтардың үстінде пайда болады. Атқылау каналдарының пішініне сәйкес жанартауларды орталық және жарықтық деп бөледі. Мұның екеуі де әрекетті, тыныштанған және сөнген болуы мүмкін. Жанартаулық атқылаудың типі, магманың мөлшері мен құрамы жанартаудың пішіні мен биіктігін анықтайды. Оның ең көп тараған типтері: конус тәріздес жанартау (атқыламасында сынық материалдар басым кезінде), күмбез тәріздес жанартау (тұтқыр лаваның сығымдалуы кезінде) және көлбеу қалқан тәріздес жанартау (сұйық лава аққан кезде). Жанартаудың бір рет қана атқылауы кезінде пайда болған түзілімді моногендік жанартау, бірнеше рет атқылаудан пайда болған түзілімді полигендік жанартау деп атайды. Жанартау жылына жер бетіне 5 – 6 км3 жанартаулық материалдар шығарады, оның 80%-ы су асты жанартауларына, 20%-ы құрлықтағы жанартауларға тиесілі.

Жанартау түрлері

Су асты жанартауы 3 – 4 км тереңдіктегі лавалық жарықтардан тыныш күйде шығып жатады, бірақ оларды тікелей бақылау мүмкін емес. Жер үсті жанартаулары атпа өнімдерінен құралады, ол орталық кратері бар конус пішінді тау түрінде болады. Сөнбеген жанартаулардың ең жоғары салыстырмалы биіктігі – мұхиттарда 9 км, аралдарда 6 км, таулы өңірлерде 3 км-ге жетеді. Жердегі сөнбеген жанартаулардың орташа биіктігі 1750 м, көлемі 85 км3.

Жанартаулар сөнбеген, потенциалды сөнбеген, шартты түрде сөнген және сөнген болып жіктеледі. Сөнбеген жанартауға соңғы 3500 жылғы тарихи кезеңде атқылаған не ыстық газдар мен су шығарған жанартаулар жатады, олардың жалпы саны 947 (2008). Потенциалды сөнбеген жанартауға 3500 – 13500 ж. ішінде байқалған голоцен дәуірінің жанартаулары жатады, олардың саны 1343. Голоцен дәуірінде ешқандай әрекет көрсетпеген, бірақ өзінің сыртқы пішінін сақтап қалған жанартаулар шартты сөнген жанартауларға жатады. Эрозияға шалынған, жартылай үгіліп, бүлінген және кейінгі 100 мың жылдан астам уақытта ешқандай әрекет жасамаған жанартаулар сөнген жанартау деп аталады.

География | Жанартау (видео)Жанартау шығу жолдарына байланысты орталық және жарықшақты болып бөлінеді.

Магманың шығу тереңдігіне қарай жанартау мантиялық (30 – 70 км және одан да терең), қыртыстық (5 – 45 км) және аралас болып бөлінеді. Бірінші жағдайда базальт жынысы, екінші жағдайда басым көпшілігі андезит, дацит, липарит тау жыныстары, үшіншісінде барлық жанартаулық тау жыныстары шығады.

Сөнген жанартау

Сөнген жанартау – көбіне қираған не шайылған, тарихи кезеңде белсенділігі білінбеген жанартау. Сөнген жанартауға кратері шайылып, Бүліне бастауы, беткейлерінде терең барранкостар пайда болуы мен құрылысының қирауы тән.
Кейбір сөнген жанартау кейде қайта атқылайды, мысалы,Камчаткадағы Безымянный жанартауы (1955). Әрекетті жанартаулар алаңында орналасқан сөнген жанартау ұйқыдағы жанартау деп аталады.

Жанартау атқылауы

Жанартаулардың атқылауы - Жер қабығындағы жарықтар мен каналдар бойымен ыстық газдардың, су буының, тау жыныстары сынықтарының, күлдің және лаваның Жер қойнауынан аспанға атылуы. Жанартау атқылаған кезде аспанға атылған шаңнан атмосфера қарауытады. Күн радиациясы] бәсендейді және жарық азаяды. Ауа ағыстарымен атмосфераның жоғарғы қабаттарында таралған жанартаулық ұлпа шаңдардан (күлден) оның атылған тұсында ғана емес, тіпті одан өте шалғай жерлерде аспанда шапақтың басқаша қызыл түсті оптикалық құбылысы болады. Жанартаулардың атқылауынан стратосфера мен мезосферадағы бұлттар пайда болады.

Жанартаулардың атқылауы ұзақ (бірнеше ондаған, жүздеген жыл) және қысқа (бірнеше сағат) мерзімді болады. Атқылау алдында жердің сілкінуі, дыбыс шығаруы, магнит өрісінің өзгеруі, т.б. құбылыстар байқалады. Жанартау атқылауы, әдетте газ бен суық лава кесектерін атқылаудан басталады. Кейде бұл атқылаулар лава (жанартау әсерінен Жер бетіне төгілетін отты-сұйық балқыма) ағуымен қатар жүреді. Қопарылыс күшіне байланысты күл мен лава кесектері ілескен ыстық газ бен бу 1 – 5 км және одан да үлкен (мысалы, 1956 ж. Камчаткадағы Безымянный жанартауының өнімдері 45 км биіктікке көтерілген) биіктікке көтеріледі. Атылған заттар айнала бірнеше км-ден мыңдаған км-ге дейін шашырайды. Жанартау атқылауынан шығатын жанартаулық өнімдер газ тәрізді (жанартаулық газдар), сұйық (лава) және қатты (жанартаулық тау жыныстары) болады.

Атқылау сипатына және магманың құрамына қарай жанартау бетінде биіктігі мен пішіні әр түрлі геологиялық құрылымдар пайда болады. Жанартаудың сұйық заттары кремнезем мөлшеріне қарай қышқыл, орта және негізгі құрамды лавалардан тұрады. Жанартау орталық кратерден және беткейлеріндегі қосалқы кратерлерден атқылайды. Жанартаудың өте жоғары қысымдағы бір рет атқылауынан маар деп аталатын төңкерілген конус пішінді ойыс, ал аса күшті атқылау кезінде жанартау конусы мен оның маңайының опырылуынан диаметрі кейде ондаған км-ге жететін кальдера деп аталатын үлкен ойыстар пайда болады. Жанартау әрекетінің себептері жер қыртысындағы күшті тектоникалық қозғалыстармен, магманың массасымен, күшті қатпарлану процесстерімен байланысты. Жер қыртысындағы аса терең жарылыстар магманың жоғары көтерілуіне жол ашады, үздіксіз тектоникалық қозғалыстар оның жер бетіне шығуына мүмкіндік береді. Қазіргі әрекетті жанартаулар күшті тектоникалық қозғалыстар байқалатын ұзындығы жүздеген, мыңдаған километр жас тау жоталары мен аса ірі терең жарылымдар бойында және мұхит түбі мен доғалы аралдарда орналасқан. Жанартаулардың 2/3-сі Тынық мұхиттың жағалары мен аралдарында (Тынық мұхиттың жанартаулық белдеуінде), Жерорта теңізі маңы мен Атлант мұхиты аймағында кездеседі. Жанартау өте қатерлі табиғи құбылыс болғандықтан, оларды алдын-ала болжау үшін зерттеу және бақылау жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.


Жанартау атқылауынан пайда болған тау жыныстары


Жанартаулық тау жыныстары, вулканиттер – жанартау атқылауынан пайда болған тау жыныстары. Атқылау сипатына байланысты жыныстардың 2 типі түзіледі: эффузивті тау жыныстары және пирокласты жыныстар (жанартау күлі, құм, туфтар, туфты брекчий). Жанартаулық тау жыныстары қалыптасу жағдайына қарай эффузивті, экструзивті, жанартаулық-кесекті, жанартаутекті-шөгінді болып ажыратылады. Эффузивті тау жыныстары магманың лава күйінде жер бетіне ағып шығып қатаюынан қалыптасады. Олардың пішіні лаваның тұтқырлығы мен сол ауданның жер бедеріне байланысты күмбез, конус тәрізді төбелер болып қалыптасады. Экструзивті жыныстар тұтқыр магманың сығылып шығып, күмбез пішінді болып қатаюынан пайда болады. Эффузивті жыныстардың сыртқы пішіні қатты өзгерген көне түрлері палеотипті, ал пішіні сақталған жасырақтары кайнотипті жыныстар деп аталады. Жанартаулық-кесекті жыныстар эффузивті кесекті, эксплозивті кесекті және шөгінді жанартау кесекті болып бөлінеді. Эксплозивті кесекті жыныстар түгелдей жанартаудың атқылау өнімдері – пирокластардан тұрады. Жанартаулық тау жыныстары Қазақстанның барлық аймақтарында кеңінен тараған: олармен темірдің, полиметалдың, мыстың, марганецтің, күкірттің, алтынның және басқа да элементтердің кендері бірге кездеседі. Құрылыс материалы ретінде кеңінен қолданылады.

Жанартаутекті шөгінді жыныстар – жанартаулық және шөгінді материалдардан тұратын тау жыныстары. Олар жанартаукесекті шөгінді жыныстар, тефроидтар және жанартаутерригенді жыныстар болып үшке бөлінеді. Жанартаутекті шөгінді жыныстарда яшма, фосфорит, боксит, темір, марганец, бораттың кендері кездеседі. Жанартаутекті шөгінді кендер – теңіздердің түбінде жанартаутекті шөгінді жыныстардың шөгуінен түзілген кендер. Мұндағы минералдық заттар жанартаудың ыстық газы мен суынан бөлініп, жанартау лавасы мен күліне сіңеді. Кейін суынған лава мен күл теңіз суының әсерінен әр түрлі бөлшектерге ыдырай бастайды. Ал жанартау әрекеті қайталанып, жаңадан бөлінген газдар мен сұйық ерітінділер қайта әсер еткенде олар ериді, сілтісізденеді, тотығады, жаңа химиялық қосылыстар, минералдар түзіп, шөгеді және су массасымен бірге бір орыннан екінші орынға көшеді. Сөйтіп, жанартау атқылауымен жердің терең қабаттарынан келетін заттар ыдырап, жер беті суымен тасымалданады. Жанартаутекті шөгінді кендерге силикаттар мен карбонаттардан, оксидтер мен гидроксидтерден тұратын темір мен марганецтің аса қалың қабаттары, құрамында темір, мыс, мырыш, кейде қорғасын сульфиттері және барит пен гипс болатын колчедан кентастары жатады. Мұндай кендер барлық геологиялық жүйелерде кездеседі. Жанартаутекті шөгінді кендерге Орталық Қазақстанның темір-марганец, Кенді Алтайдың полиметалл кен орындары жатады.

Жанартау шынысы, обсидиан – жанартау лавасының жер бетінде тез суып, кристалданбай қатаюынан пайда болатын тау жынысы. Химиялық құрамына қарай ультранегізді, негізді, орта, қышқыл, сілтілі болып бөлінеді. Жанартау шынысы химиялық құрамына, суу ортасына байланысты ажыратылады. Құрамында кремний оксидінің (SіO2) мөлшері көп, өте тұтқыр, қышқыл риолит лава түрлерінің қатаюы кезінде обсидиан деп аталатын жанартау шынысы түзіледі. Ал сирегірек кездесетін SіO2-ге кедейлеу базальттық лавалар шыны түрінде қатып, мөлдір емес қара базальтты жанартау шынысы – тахилит түзеді. Лава сулы ортада қатқан жағдайда жанартау шынысының құрамында (мысалы, пехштейн, яғни шайыртас) су көптеу болады. Кеуекті жанартау шынысы пемза деген атпен белгілі. Перлит жанартау шынысының құрамында 3 – 5%-ға дейін байланысқан су болады, ол өнеркәсіпте қолданылады. Жанартау шынысы шыны өндірісінде және құрылыс материалы ретінде қолданылады. Кендері Солтүстік Қазақстанда (Торғай), Шығыс Қазақстанда (Семейтау, Тарбағатай, Зайсан), Алматы (Жоламан, Малайсары), Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында белгілі.

Пайдаланған әдебиет
↑ Қазақ тілі термиңдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. — 264 бет. ISBN 9965-36-367-6
↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Геология— Алматы: "Мектеп" баспасы", 2003.ӀSВN 5-7667-8188-1 ӀSВN 9965-16-512-2
↑ Қазақ тілі термиңдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. — 264 бет. ISBN 9965-36-367-6
↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі:Геология— Алматы: "Мектеп" баспасы", 2003.ӀSВN 5-7667-8188-1 ӀSВN 9965-16-512-2

Жанартау атқылауы туралы деректі фильм - National Geographic

[media=https://www.youtube.com/watch?v=QXVAsolIdD0]


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?