Ұям қалды Алтайдың құз шыңында...
Тым ерекше жанға сыйлар дауасы да,
Туған жердің дәрі ғой ауасы да.
Маған берсе билігін жер-жаһанның,
Батпағын қимас едім бар асылға.
Осы жайға әлі де қиналам мен,
Көшкенмін, туған жерді қимағанмын.
Ұлтыма жылы ұя бола алмады,
Бір басыма рахат сыйлағанмен.
Қайда тусам, тудым мен ұлтым үшін,
Ел дегенде ашылар бір тынысым.
Жан беруге дайынмын, құрбан болып,
Тыныш өтер қазақтың бір күні үшін.
Еркіндікті бағалап баққа батпан,
Атажұртқа оралдық ақ таңы атқан.
Ұям қалды Алтайдың құз шыңында,
Бабам жайлы көз тұнар ақпараттан.
Сағынышын сан қилы адам басары анық,
Көкірегін мұң басса қашан алып.
Тұмар ғып туған жердің топырағын,
Сақтап жүрмін бір күрек қашап алып.
Туған жер жүргенімен жүрегімде,
Бару қолдан келмейді-ау бірер күнге.
Ол да күтіп жүр ме екен төл перзентін,
Кеп қалар деп оралып бірер күнде.
Не де болса дүние емес қолдағы,
Басқа түскен сынақ шығар ол-дағы.
Ертең балам құран оқып тұрардай,
Еркін елде басым қалса болғаны.
Не болса да дүние емес қолдағы,
Бір құдайдың салған ісі ол-дағы.
Ертең балам басып жүрсе туған жерін алшаңдап,
Ұлтын, елін мәңгі сүйсе болғаны.
Өр Алтайда туып едім дегенмін,
Жер таяғын Жетісудан жегенмін.
Қазақ үшін сойыл болсам болғаны,
Елге егілген шыбығымын еменнің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?