Еркілік пен оның малайларының көктен жерге һәм жерден тозаққа құлауы
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Еркілік пен оның малайларының көктен жерге һәм жерден тозаққа құлауы
Күн де, Ай да жарығын түсірмейтін екі теңіздің аралығындағы елге қуылған жамандық сайтаны Еркілік қайтадан Майтөреге келіп, одан: - Сен маған өз аспаным мен өз жерімді жаратуға рұқсат етесің бе? – деп сұрады.
Майтөре - әмірші бұған рұқсатын беріп: - Жер сенікі, оны біз сенің билігіңе бергенбіз. Онда не қылсаң да өз еркің! – деді.
Зұлым Еркілік өз жеріне қайта оралып, онда өзінің аспанын жасап, жердің пішінін өзгертті. Бірақ оның халқында өсіп - өну құқығы жоқ болғандықтан, Еркіліктің жаңа әлемі құлазып бос жатты. Сондықтан Еркілік Үлкен Тәңірге келіп, оған: - Мен өзіме жаңа аспан жараттым, жерді өзімше өзгерттім. Енді маған оны тұрғындармен – албастылармен, жын - шайтандармен толтыруға рұқсат ет, - деді.
Үлкен Тәңір Еркіліктің малайларының көбеюге мүмкіндіктері жоғын білгендіктен, мырс етіп: - Бар, толтыра ғой, - деді.
Зұлым Еркілікке керегінің өзі осы еді. Ол Үлкен Тәңірге асығыс тағзым етіп, «Сенің есімің мархабатты болсын!» деді де, жөніне кетті.
Күн жарығы түспейтін, Ай дидары алауламайтын өз иелігіне келе сала Еркілік балға, төс, көрік сияқты ұстаның керек - жарақ саймандарын жасап алды. Сосын темірді қыздырып, төске салып, балғамен ұра бастады. Ұруы мұң екен, сып етіп күрімес (сайтанның сапалағы, қара - неме) шыға келді. Ол осылайша өзіне қисапсыз көп жын - шайтандар мен малайларды жаратты.
Үлкен Тәңір Еркіліктің осы қулығын білген кезде қатты өкінді. Содан Еркіліктің жаңа жерінде не болып жатқанын байқап келуге Маңғышөре батырды жұмсады.
Маңғышөре батыр Еркіліктің жасағандарын түгел көріп, қасына келді. Ол оның көзінше тағы үш жануар: аю, борсық және көртышқанды жаратты.
Маңғышөре батыр Еркілік сайтанның зиянкес жануарлар жаратуына бөгет жасамақшы болды. Сол кезде зұлымдық сайтаны оған өзінің сарбаздары Керей хан мен Қарашты айдап салып, Маңғышөре батырды қуып жібермекке әрекеттенді.
Керей хан мен Қараш Маңғышөре батырмен шайқасып, оған от жіберді. Оттың жалыны атының жал - құйрығын өртеп, Маңғышөренің шашы мен кірпіктерін күйдірді. Маңғышөре батыр жебелермен атқылады, бірақ өзін от қатты күйдіріп тастағандықтан, ол Керей хан мен Қарашты жеңе алмады. Шегінуге мәжбүр болды.
Содан Маңғышөре батыр Үлкен Тәңірге келіп: - Еркілік аюды жаратты, бұл хайуан өте күшті әрі бұзық. Одан кейін борсықты жаратты. Борсық жүрген жерін бүлдіреді. Оған қоса көртышқанды жаратты. Көртышқан топырақты қазып, сүрлеулерді бүлдіреді. Мал оның ішіне аяғын тығып алып, сындырады. Еркіліктің істегенінің бәрі зиянкестік. Егер оған ерік берсе, ол тағы бір жаман нәрсе жасайды, - деді.
Үлкен Тәңір бұған. «Ешқандай жаманшылық болмайды! Менен әр түрлі күш - қуат ал да, мен «бар!» деген белгі берген кезде сен дереу аттанып жөнел», - деп жауап қайырды.
Үлкен осыны айтты да «Бар!» деп қолын сілтеді.
Маңғышөре батыр көзді ашып - жұмғанша Еркіліктің төбесінен түсті. Оған бірінші болып Еркіліктің дәулері қарсы шықты. Маңғышөре тайсалмастан оларды темірмен соқты. Керей ханды қылышпен шауып, Еркіліктің аспанынан төменге лақтырды. Сонан соң Қарашты атып жіберді. Ақыры онымен айқасуға Еркіліктің өзі шықты. Маңғышөре оны оң иығынан семсермен шаншып, сол бойда семсерін сайтанның сол жақ санынан көктей өткізіп, көтеріп алып жерге ұрды. Еркіліктің орнатқандарының бәрін тас - талқан етіп, жердің астына түсірді.
Еркіліктің малайлары, құдды бұршақтай, өз қожайындарының соңынан топырлай домалады. Суға құлағаны – Су иесі болды. Тасқа құлағаны – Тас иесі болды. Тауға құлағаны – Тау иесі, орманға құлағаны – Ағаш иесі, үйге құлағаны – Үй иесі, малға құлағаны – Мал иесі болды. Жерге құлағаны – Жер иесі болды. Осынау сайтан тектес мақұлықтар аңдарға, балықтарға, құстар мен барлық жанды атаулыға құлап, солардың иелеріне айналды. Кім қайда құласа, ол соның еншісіне тиді.
жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?