Әкесіз үй


Тұңғышпын ғой…
Тұлымшағым желкілдеп,
Туған үйге барушы едім төркіндеп,
Сонадайдан әкем қарсы алатын,
-Құлыншағым, кел, кір,-деп…

Жанарында сәулеленіп мейірі,
Анам жүрер,
алып-ұшып пейілі.
Еркелігім қайта тулап бойымда,
Балалықтың басылмайтын сейілі.

Әр бөлмеден тауып алып ізгілік,
Сағынышым сарқылмайтын,
жүз кіріп.
Әкем жаққан отқа үнсіз жылынып,
Қыс өтетін, жаз жететін, күз күліп.

Қайран күндер,
Төрде әкем жантайып,
Бал-бұл жанып жыр оқушы ем,
… марқайып.
Тұңғышының талабына сүйініп,
Босағада анам тұрар қалқайып.
*
Кең дүниенің сездіргендей тарлығын,
Ғұмыр кейде,
тәрк етеді-ау барлығын.
Бұл күндері суреті тұр әкемнің,
Жеткізе алмай жалғанымның бар мұңын.

Суреті тұр,
үнсіз ғана қарсы алып,
Жанарында сол мейірім,
жан-салық.
Айтылмастан кетті әкелік қанша арман,
Үмітіңді ақтай алдым қаншалық?!

Әкем жатқан құс жастықта күрсініп,
Сағыныштың таңы атады,
күн шығып.
Батқан күннің базынасы секілді,
Тірілерде сол баяғы тіршілік.

-»Қызым, келіп, шәй ішіп кет, үйден,-деп,
Анам жүрер, ас үй жақта күйбеңдеп.
Төргі бөлме, төр жатады, қаңырап,
Тағдыр- солай, мойынсұнып,үйрен,-деп.

Алақанын сағынсам да ананың,
Бұл күндері, үйге сирек барамын.
Әкесіз үй, сондай салқын екен-ау,
Әкесіз үй, ашпайды екен қабағын.

-Әке,сенің мейіріңді аңсадым!

Толқын Қабылша-ақын.Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.Өлеңдері испан,түрік,әзербайжан тілдеріне аударылған."Шабыт"шығармашылық фестивалінің жүлдегері."Жаныммен жалғыз кешкем мұң","жаңбырдағы сағыныш","Осы бір сәт ұнайды"жыр кітаптарының авторы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу

Ілмектер: әке, үй