Білім алу


Абай айнасы – рухани кемелдену
БІЛІМ АЛУ
Білім алу әдістерін де негізгі үш бөлікке бөлуге болады. Біріншісі, сезімдер арқылы. Бұл бөлік сезімдердің сезім объектілерімен байланысына қарай сыртқы және ішкі болып бөлінеді. Ішкіге көңіл - күй, сезім, ләззаттану немесе ақылмен қабылдау жатады. Бірақ бұл әдістің нәтижесі төмен. Себебі кезінде айтылғандай, фәни әлемдегі адамдарға төрт кемшілік тән. Сонымен бірге, бұл әдіс келешек пен өткен шақты қамти алмайды, яғни уақытпен шектелген. Материалдық сезімдермен шектеулі болғандықтан, бұл әдіс рухани білім алуға да жарамайды. Екіншісі, көріп - білген нәрселерді логикамен саралап білім алу. Бұл әдістің де кемшілігі бар – ол алғашқы ақпаратты сезім арқылы қабылдайды. Ал сезім шектеулі болғандықтан, бұл әдістің шамасы да шектеулі және рухани болмысты қабылдай алмайды. Үшіншісі, басқа біреуден есту арқылы. Егер білім беретін адам рухани жоғары жетілген болса, бұл әдіспен ең сенімді және толық білім алуға болады. Бұл әдіс арқылы білімді дедуктивтік, яғни жоғарыдан төмен қарай немесе жалпыдан жекеге қарай бағытта алуға болады. Ал бастапқы екеуімен тек қана индуктивтік, яғни төменнен жоғарыға қарай немесе жекеден жалпыға қарай бағытта алуға болады. Қандай білім алғанда да, әсіресе рухани білім алғанда, дедуктивтік әдіс индуктивтік әдіске қарағанда сенімді, әрі уақытты көп үнемдейді.
Білімді жадқа бекітудің жолы төртеу. Абай алған білімді ұмытпай жадқа бекіту жолы туралы отыз бірінші қара сөзінде былай дейді:
«Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек: екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер бір кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы - күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер». Бұл сөздерден ұғатынымыз, егер білімді бойға сіңіріп, ұмытпайтындай жасағымыз келсе, онда төмендегідей төрт шартты орындау керек. Біріншіден, осы білімді аламын деп берік шешім қабылдау керек; екіншіден, барлық ынта - жігерді салу керек; үшіншіден, іштен сол нәрсені бірнеше рет ойға салу керек; төртіншіден, уайымсыз салғырттық, ойыншы күлкішілдік, қайғыға салыну, басқа құмарлыққа берілу сияқты төрт кеселден аулақ болу керек.
Тасыр адам рухани білімді дұрыс қабылдай алмай, тез ұмытады. Есі жоғары жетілмегендіктен, ол рухани білімді есінде ұзақ сақтап тұра алмай ұмытып кетеді. Сондықтан оған алған білімді талаппен үнемі қайталау арқылы жадына тереңдетіп сіңіру керек. Сонда көңілінің көзі ашылып, сергиді. «Қайталау – білім анасы» деген сөз тегін айтылмаған. Қайталау – қандай да болмасын білім алудың негізгі әдісінің бірі. Сондықтан қайталауды Абай да білімді еске сақтаудың бір әдісі ретінде көрсеткен. Егер қайталамаса бір тәуліктің ішінде алған білімнің сексен пайызы ұмытылады. Сондықтан есте ұзақ қалдыру үшін тәуліктің ішінде бір қайталап, сонан кейін үш рет жеті күн өткен сайын тағы да еске түсіру керек. Ал өзін жан деп сезінетін рухани дәрежесі жоғары адамды алатын болсақ, ол қандай да болмасын білімді, әсіресе рухани білімді, бір естіп алса ұзақ уақыт ұмытпай, жадына берік сақтайды. Себебі ол білімді бірден жүрек арқылы, жанымен қабылдайды. Мұндай адамға Алла тағаланы үнемі жадында ұстап, бүкіл іс - әрекетін Соған бағыштау аса қиынға соқпайды. Рухани адамның басқалардан ерекшелігі осында.
Адамдардың ынтық болатын білімдері, оларды қабылдайтын деңгейлері, ұмытпау дәрежелері, алатын әдістері не себептен әр түрлі болады? Бұған жауап ретінде Абай «Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады» дейді. Алланың хикметін сезбек жолында, жоғарыда айтылғандай, жан иелері әр түрлі дәрежелерде тұр. Бұл дәрежелер олардың өздерін сезіну деңгейін көрсетеді. Біреулері өздерін тәнмен сезініп баласа, ал екіншілері өздерін жанмен сезініп балайды. Бұл екі ортада көптеген дәрежелер бар. Ең төменгісі – өзін сыртқы сезім арқылы, яғни тәні арқылы сезіну. Бұл – жануарлар мен жас балаға тән қасиет. Жас бала тамақ пен ұйқыдан басқаны керек қылмайды. Жануар да сондай, тек бұған күйлеген кезде жыныс қажеттігі мен қауіп төнгенде қорғану инстинкті қосылады. Білімді қабылдап, оны еске сақтау дәрежесі бұларда тек тән деңгейінде ғана. Мысалы, жас бала қолын бір рет отқа күйдірсе, ақылымен түсінбесе де, екінші рет отқа қолын салмайды. Бұдан жоғары деңгейі – өздерін нәзік дене арқылы сезіну. Бұл деңгейде білім ішкі сезімдер, яғни ой - өріс, ақыл - ес арқылы қабылданып, еске сақталады. Бұлардың еске сақтау қабілетін білдіретін жады қысқа және ұзақ деп екіге бөлінеді. Адамның ұзақ жады нәзік болмыстың сипаты және адамның жетілуіне байланысты түрлі дәрежеде болады. Мысалы, қарапайым адам Абайдың «адам өмірінің негізгі мақсаты – Түп Иеге қайту, ал бұл құлшылық жасау арқылы ғана мүмкін» деген қағидасын естіп, оған мойынсынуы мүмкін. Бірақ былай шыққаннан кейін, ол естігенін ұмытып, қайтадан өз қалпына келіп, фәнилік өмір мәселелерімен алданып кетеді. Осы айтылғандарды ұлы Абай жеріне жеткізіп былай дейді:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқты - барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.

Түзу кел, қисық - қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырың көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды.
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.
(«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», 1888 ж.)
Ақынның осы өлеңінен көп нәрсенің мәнін түсінеміз. Бұл өлеңде сөзді ұғарлық қасиет, сонымен бірге, ол сөзді қалай тыңдау керек екендігі, сөз ұқпаудың және өзінің өлең жазуының себептері көркем сөзбен жүрекке жеткізе беріледі.
Бірақ адам бұл дәрежеге ұзақ уақыт біртіндеп көтеріледі. Оның алғашқы шарты дұрыс адам болуға ұмтылу, ал ол үшін әуелі имандылықты қабылдау қажет.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу