Райымбек батыр Түкеұлы


Райымбек батыр Түкеұлы (1705, қазіргі Алматы облысы — 1785, Алматы) — батыр, қолбасшы. Ұлы жүз албан ішіндегі алжан руының Сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр 18 ғ - дың 1 - жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 ж. Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберген.

Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т. б. хан, ноян, батырларын жекпе - жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы “Ойрантөбе” деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түсті. 1733 ж. Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанынан да білуге болады. Көзі тірісінде “көріпкел”, “әулие” атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген.

Жазушы Ж. Тұрлыбайұлы роман, ақын М. Мақатаев “Райымбек, Райымбек” атты поэма жазған. Алматы облысында Райымбек есімімен аталатын жер - су аттары көп кездеседі. Торайғыр тауындағы Айырлы асуының маңында “Райымбек бастауы” бар. Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандары бірігіп, қазірде Райымбек атымен аталады, онда батырға ескерткіш орнатылған. Батырдың бейіті Алматы қаласындағы оның есімімен аталатын үлкен даңғылдың бойында. Бейітінің басына кесене — күмбез тұрғызылған. 1990 ж. “Райымбек” тарихи - этногр. қоғамы құрылды.
Жоспар
1 Жастық шағы
2 Орта жүзге көмегі
3 Батыр тұралы мәліметтер
4 Райымбек батырдың аты қойылған жерлер
5 Пайдаланған әдебиет

Жастық шағы
Жастайынан жауға тиіп, күркіреген үнімен дұшпанын күңіренткен Райымбек батыр 1705 жылы дүниеге келген.
«15 жастан асқанша, садақ тарту, қылыш шабу, күресу секілді сарбазға лайық даярлықтан өтіп біткен Райымбек жоңғарларға қарсы жорықтарға қатыса бастайды. Жолбарыс жүректі жас жігіттің тапқырлығын қаруластары бірден байқаған. Оның негізгі ұстанымы: аз шығынмен жеңіске жету екен. Бұл мақсаты алғаш Іле бойындағы шайқаста жүзеге асады. Содан соң жас батыр жаудан Түргенді азат етеді. Қалмақ қолындағы тұтқындар босатылады. Керісінше, жаудың көп сарбазы тұтқынға түседі. Осыдан соң Райымбек жоңғардан Сөгеті мен Ойрантөбені және Жалағашты босатады. Алды - артына қарамай қашқан қалмақтардың: Ойрантөбе ойылды, Секер, Барақ жойылды. Райымбек келді де, Алмадай үзді мойынды, – деп зарлайтыны, міне, осы тұс еді. Батырдың бұдан кейінгі жорығы Жіңішкені, Таушілікті, Қарабұлақты, үш Меркіні, Кеңсуді, Қарқараны азат етуге арналды.

Орта жүзге көмегі
Райымбек батырдың тағы бір үлкен жорығы ретінде Орта жүз еліне көмекке баруын атаймыз. Қабанбай батырдан оралған шапқыншы Тарбағатай мен Шәуешек арасын жауып, жауды өзара қатынасуға мүмкіндік бермеу туралы ұсынысын әкелгеннен кейін Райымбек батыр бірден атқа мінеді. Сарытау, Үйгентасты азат етуге атсалысып, Ілені бойлаған күйі Қорғаспен бері қайтады. Дәл осы дерек Шыңжаңдағы Зейнолла Сәнік зерттеуінде де бар» дейді тарихшы Мәмбет Қойгелдиев.

Албанның Алжан руынан шыққан көкжал Хангелді батырдай атасынан тәлім алған Райымбектің жаужүректігі жастайынан байқалған. Жиендерінің жанарынан от байқаған Жалайыр Орақ батыр ұрпақтарынан бәсіреге жүйріктің тұқымын, қолға ұстарға шымболаттан құйылған қылыш сыйлауы содан болса керек. Әке, баба, нағашы жұрт ортасында бұлаң салған баланың бәйгіде өз атын өзі ұрандағаны жұртқа аян. Осы өр рух кейіннен жоңғарға қарсы алдаспан боп сермелді. 17 – інен Көкойнағын ойнатып, қалмаққа қырғын салған Райымбек Түкеұлы ерліктерінің арасында ерекше аталатыны қазірде Алматы - Нарынқол тасжолының 167 шақырымында тұрған Ойрантөбеде қалың қалмақты кезек жекпе - жекке шақырып, бөрі тиген қойдай дүрліктіруі.

Бадам өзені туралы естігендер көп. Бірақ, соның Райымбек батырдан жеңілген қалмақ нояны Бадам - бахадүрдің есімімен байланыстырылатынын көп адам біле бермейді. Кеген деген жер атауы да калмақ тайшысы Гегенге телінеді. Бір деректер Геген діни лауазым дейді. Райымбек батыр 1729 жылы Аңырақайдағы шайқаста Наурызбай, Өтеген, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ ерлерімен үзеңгі түйістіре отырып, Сары Мыңжаның әскерін талқандаған. Ал, Итембес өзенінің бойында Шона Доба жасағы жер жастанды.

Батыр тұралы мәліметтер
Қара су қақ жарылып жол беретін хас батыр атанған Райымбек Түкеұлының есімі бертінге дейін кең паш етілмеді. Мұның себебі беймәлім. Тіпті, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың аяқталмай қалған “Райымбек, Райымбек” атты дастанын жариялағаны үшін “Лениншіл жас” газетінің жетекшісі Сейдахмет Бердіқұлов партиялық сөгіс алған. Алайда, қыран мінез ұлдарының есімін тұмарындай қастерлейтін халықтың Алматының ортасында жатқан батыр зиратына келіп сыйынуын тоқтату мүмкін емес еді. Еш саясат ер рухы мен ел рухының арасын алшақтата алмады.

Қытай саясатының ықпалымен соғыс бастап, Шығыс Түркістандағы ұйғыр, одан бертіндегі қырғызды дем арада жаулап алған жоңғар мен қазақ ғасырға жуық арпалысты. Ұлтымыздың екі жасын екі жанарынан сорғалатып, алқасына сілемдей қатырған дұшпан швед офицері Густав Ренаттың көмегімен зеңбірек, тас ататын түрлі қарулар жасап, күйрете соққы беруді үдеткен. Жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлы бір мәліметінде Райымбек батыр ұсталарға сол зеңбіректің бір түрі «Қойшағырды жасатып, жау амалын өзіне қарсы қолданғанын» айтады.
Екі жарым мың жылдық тарихы бар ежелгі Алматының қақ ортасында кіндік қаны тамған, “Райымбек батыр” атанып тер төккен, сексен жыл өмір сүріп, әулиелікпен алдын болжап, келешегін бағамдап, дүние салар алдында:
“Елім Албан,
Жерім Жетісу.
Жайлауым Асы,

Қыстауым Алматының басы”, – деп сүйегін сол тұстағы Алматы қыстағының аумағына қойыңдар деп өзі өсиет еткен орынға жерленіп, бұл күнгі тәуелсіз елдің ұрпағы батыр, әулие баба өсиетін қалтқысыз орындап, сол сүйегі жатқан орынға зәулім күмбез тұрғызып, ақ атанның ақ мәрмәрдан алып мүсінін орнатқаны аса бір сауапты іс болды.
Батырдың 300 жылдығына орай ескерткіш қойылды. Бірқатар конференциялар өтті. Ең бастысы қазақ елдігін оятып, ертеңін торлаған қара бұлтты емен сапты найзасының ұшымен сейілткен ер есімі ел есінде қайта жаңғырды.

Қытай Халық Республикасы Іле Қазақ облысының орталығы – Құлжа қаласының көрнекті бір ғимаратының алдына қызыл гранит тастан қаланған биік тұғырға Райымбектің ат үстіндегі мүсіні орнатылыпты. Оны орнатуға мұрындық болған сол Қазақ автономиялы облысының әкімі Қызайжан есімді азамат екен.
Райымбек батырдың аты қойылған жерлер

Райымбек батыр жайлы ел ішінде аңыз - әңгіме, жырлар өте көп. Торайғыр және Сөгеті жоталары аралығында Ойрантөбе жазығы бар. Мұнда қазақтар мен жоңғарлардың сұрапыл шайқасы болып өткен. Айырлы асуына таяу Торайғыр тауында Райымбек бастауы бар. Райымбекпен бірге жоңғарларға қарсы күрестің бел ортасында Сатай, Бөлек, Қойкелді, Қонақкелді, Қыстық, Малай, Байсейіт сынды батырлар жүрді. Райымбек батырдың мазары Алматы қаласында орналасқан және батыр атында көше бар. Алматы облысының бір ауданы Райымбек есімінде және ауылға аты берілген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу