Дулат Бабатайұлы (Қылығың қылжаң, туысқан)

 Дулат Бабатайұлы (Қылығың қылжаң, туысқан)

Қылығың қылжаң, туысқан,
Қырт пенен мылжың ағайын,
Бәрінен де дауасыз,
Өсекті қайтіп бағайын?
Мақтан, күйшіл бүркіттей
Бабын қалай табайын?
Жағымпаз сөз әр кімге
Жұмсайтұғын малайым,
Арасынан жем тауып
Бәрі тегін жер тезек,
Қайсысын таңдап алайын?
Есіл сөзден пұл кетті,
Келемеж қылып атасын,
Алмай ақыл, батасын,
Мойынаалмай қатасын,
Шаруа десе жиреңдеп,
Өсек десе сүйреңдеп,
Қымыз аңдып қыдырып,
Бейпіл сөзге сыдырып,
Жалаң бастанып ұл кетті.
Ағайын араз мал үшін,
Аңдысып алды абысын;
Жаттай болып танысың,
Қазақтан мүлде түңіліп,
Артыңа қарап үңіліп,
Қайран талай жыл кетті.
Аңдығаны малың боп,
Тілегені бұлың боп,
Момыңды сорып сүлік боп,
Арам дауға келгенде
Жел жетпейтін күлік боп,
Қонақасы бермесе,
Ат - шапанға ілік боп,
Параны көздеп бай кетті.
Сөзден кетіп пәтуа,
Базнаң жүрмей татуға,
Аңдысып құда сүйекпен,
Көтеріп тастап иекпен,
Қадыр - қасиет іс кетті.
Ескіден қалған бұрынғы,
Патуалы ырымды,
Адаспастай даңғыл сол -
Қасым салған қасқа жол,
Шарға соғып із кетті.
Бермесең, жақын жау болып,
Бермесең, құрған ау болып,
Аяғы пәле дау болып,
Ұлғайып пәле қау болып,
Татқан дәм мен тұз кетті.
Күземе байтал кекілді,
Жетекшіл түйе секілді,
Шеше айтса кейін деп,
Жеңгесі айтса бейімдеп,
Киімін тастап қыз кетті.
Қонысына қона алмай,
Шаруалары оңалмай,
Бай мен кедей аңдысып,
Араласқан сан пысық,
Дөң асқан малы табылмай,
Біріне - бірі сеніспей,
Кешірім жасап келіспей,
Бет - бетімен ел кетті.
Дұрыс бастар басшы жоқ,
Әділетке шөлдетті,
Татуға өсек жүргізіп,
Пәленің отын өргізіп,
Қайран заман, аман бол,
Ер шөгіп, есер ер жетті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!