Баланың қызығушылықтары мен икемділігі


Баланың қызығушылықтары мен икемділігі
Баланың шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін ең бастысы жан-жақты жағдайлар жасау қажет. Дарындылықтың табиғаты шексіз. Дарын дегеніміз – адамның белгілі бір салада көрсеткен жоғары қабілеттілігі.
Дарынды, қабілетті балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін бүгінгі күні өте қажет, себебі дарынды адам, қабілетті адам басқаларға қарағанда көп пайда әкеледі. Әрбір талантты адам еңбекке бейім, ол шығармашылық тапқырлықпен жігерлі еңбек етеді. Сонымен дарынды, қабілетті, талантты бала деп баланың, ата-ананың, мектептің үздіксіз еңбегінің жемісін айтуға болады. Мектептің мақсаты – жан-жақты білімді, іскер, өздік ойлау жүйесі дамыған, адамгершілігі жоғары, қабілетті тұлға қалыптастыру, балалармен жүйелі жұмыс ұйымдастыру.
Дарындылықты дамытудағы басты мақсат – еліміздің зияткерлік қорын құру үшін адамзаттың ең талантты тобын пайдалану, жеке тұлғаның дарыны мен қабілетін жоғары деңгейге көтеру. Оқушылардың ақыл-ой қабілетін жетілдіру; шәкірттердің шығармашылық жеке дарындылығын дамыту; оқушыларды тәрбиелеуге олардың жан-жақты дамуын, еңбекке шығармашылық қатынасын, өмірлік, азаматтық белсенді позициясын қалыптастыруға және жоғары адамгершілік сапалары мен рухани құндылықтарының дамуына ықпал ету; дарынды балаларды оқыту мен дамыту; дарынды, қабілетті балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін ұйымдастырылған педагогикалық-психологиялық жағдайларды жақсарту.
Дарынды балаларды анықтау – баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ процесс. Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес (мысалы: сынақтан өткізу). Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет.
Биік танымдық қабілет, тұрмыс-тіршіліктің сырын ұғуға талпыныс баланың ерте жасынан туындайды. Сондықтан ізденушілікке баулу бастауыш сыныптан басталуы тиіс.
Бүгінгі таңда бастауыш сыныптан бастап оқушының сөйлеу қабілетінің дамуына әсер ететін жайға көп көңіл бөлуіміз керек. Себебі, тілі жетік оқушы кез келген жерде жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Ал тілі дамымаған оқушы біліп тұрғанының өзін өз дәрежесінде жеткізе алмай қиналады. Оқушының мұндай қиналысқа душар болуының бір ұшы бастауыш сыныпта балалардың жылдам оқу дағдысын қалыптастыру үшін минутпен оқыту дағдысы кеңінен қолданылады. Осы бастауыш сыныптың кезеңінде баланы жылдам оқуға қалыптастырумен қатар түсініп оқуын қадағалап отыру маңызды. Себебі оқушы мәтінді түсініп оқымай, әйтеуір тез оқысам деп құрғақ оқуы үлкен қателікке соқтырады. Кейін жоғары сыныпқа өткен сайын оқушыда түсініп оқу дағдысы бірте-бірте азаяды. Осыдан келіп кей оқушы кез келген мәтіннің не әңгіменің мазмұнын айтуда жаттандылыққа ұрынады. Осы орайда «Неғұрлым баланың қабілеті мен талантын дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады» деген американдық ғалымдардың пікіріне сүйенген жөн.
Сондықтан жалпы бала бойындағы дарындылықты анықтауда асығыстық жасауға болмайды. Ол үшін әуелі жас жеткіншектің бойындағы ерекшелік қасиетін анықтау үшін әуелі белгілі педагогикалық-психологиялық әдістер қолданамыз. Оқушыны зерттеу мен қабілетіне қарай даралауда құпиялық сақталады. Себебі: бала көңіліне қаяу түссе, оның бойындағы бар қабілет-қарымы өспейді, керісінше өшуі мүмкін.
Мұғалімнің дәстүрлі оқу үрдісінде негізінен шығармашылыққа уақыт жете бермейді. Сонымен бірге, дарынды бала өз ісінен ләззат алуға бейім болғандықтан, есте сақтау және қайталау әдісі оны біріншіден, тез жалықтырады, екіншіден, оның санасында «білімді толық игеру», яғни «сабақта өтілетін дидактикалық материалды толық білу» елесі пайда болады, үшіншіден, ол мұғалімге тәуелділікке төзе алмайды. Нәтижесінде дарын сөнеді. Дарындылық сөнбеуі үшін бала тұрақты түрде бақылауда болуы тиіс, тұрақты түрде шығармашыл деңгейде іс-әрекет жасау қажет, мұғалімге тәуелді екенін сезінбеу керек. Әр оқушы өздерінің мұғалімнің зерттеу обьектісінде тұрғанын сыныптастары бірін-бірі білмеу керек, бақылау табиғи түрде жүргізілу керек.
Мысалы: сыныпта тапсырманы орындаудағы белсенділігі; ұтқыр жауаптары, жаңа сабақты жылдам меңгеруі; үй тапсырмасын орындаудағы тиянақтылығы; қайталау сұрақтарына мүдірмеуі т.с.с бақылаулар жүйелі жүргізіліп отырылуы керек. Бұл — дарындылықты анықтаудың бастауыш сыныптағы алғы шарттарының бірі. Осылай әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін анықтап болған соң оларды дамыту жұмысы басталады.
Орта буынға келгенде дарынды балаларға арналған түрлі әдістерді қолдануға болады. Соның бірі — байқау әдісі. Ол баланың жеке бас ерекшелігіне, әрекеттеріне тікелей бақылау жүргізу арқылы анықталады.
Байқаудың әдіс-шарттары:
1. байқау үздіксіз жүргізілуі керек.
2. мақсатқа жету айқын көрсеткіштер жинақтайды.
(Мысалы: болашақта әдебиетші немесе тілші болам деген оқушы үнемі мақала, эссе, шығарма жазу сияқты жұмыстармен шұғылданып отыруы қажет, сонымен қатар мұғалім бұл оқушыны бақылап, байқап қол жеткен жетістіктеріне жүйелі қолдау көрсетіп отырса, оның бойындағы дарындылығы жүйелі дами береді).
Келесі әдіс — әңгімелесу әдісі. Мұнда алдын ала жоспарланған сұрақтармен қатар жанама сұрақтар рөлі ерекше. Әңгіме желісі үнемі проблеманы шешуге әкеп соқтырып отыруы қажет.
Балаға әсер ететін факторлар: ата-ана, мұғалім, мектеп, бұқаралық ақпарат құралдары, жолдастары. Жұмыс істеу барысында осы орталармен байланысын жете бақылап отыру керек.
Баланың қызығушылықтары мен икемділігін, ептілігін анықтау – кез келген психодиагностикалық анықтау сияқты өте күрделі мәселе. Мұғалім осы әдістемені қолдану арқылы оқушының дарындылық қабілетін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік алады.

Матенова Дамеш Тілекбайқызы 
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы 
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ,
Оқу жұмысы және мониторингтік 
қызмет бөлімінің бас маманы.


Источник: bilimdiler.kz
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу