Ұстаздар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың Құрмет грамотасын алды


Ұстаздар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың Құрмет грамотасын алды
Қашықтан оқыту барысында еліміздің оқушыларына арнап “Balapan” (қазақ тілінде) мен “Еларна” (орыс тілінде) телеарналарында, бірнеше білім ресурстарында (Bilimland, Daryn online) телесабақтар жүргізуге қатысқан «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы «Нұр - Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің» жеті бірдей мұғалімі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың Құрмет грамотасымен марапатталды.

Оқу жылының аяғында Асхат Аймағамбетов телевизиялық сабақтардың түсіріліміне қатысқан педагогтармен қорытынды онлайн - кездесу өткізіп, ұстаздар қауымына үздіксіз оқу үрдісін ұйымдастырғандары үшін алғыс айтқан болатын.
Жұқтыру қаупіне, барлық қиындық мен тиісті тәжірибенің жоқтығына қарамастан, сіздер осы жұмыспен айналысуға келістіңіздер. Сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Сырт көзбен қараған адамға бейнесабақтарды түсіру оңай болып көрінуі мүмкін. 20 жыл тәжірибесі бар мұғалім үшін телесабақ түсіруде қандай қиындық туындауы мүмкін дейтіндер де бар, бірақ бұл – мүлдем басқа жұмыс. Шын мәнінде, камера алдында сөйлегенге қарағанда, үйреншікті сыныпта 25 баланың алдында сабақ түсіндіру әлдеқайда оңайырақ, – деген еді өз сөзінде Асхат Қанатұлы.
Бүгінде Нұр - Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімдері Камила Садуакасова мен Гульмира Умарбекова, математика пәнінің мұғалімі Дархан Қожамсеит, бастауыш сынып мұғалімі Ботагөз Рахимжанова, биология пәнінің мұғалімі Балауса Ерменова, химия пәнінің мұғалімі Айжан Елшібаева, физика пәнінің мұғалімі Айжан Касенова Білім министрінің Құрмет грамотасына ие болып отыр. Қашықтан оқыту жағдайында басталған 4 тоқсанда қазақстандық телеарналар арқылы 3 000 - нан астам телесабақ көрсетілді. Соның ішінде ең көп сабақ түсірілімі Халықаралық мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гульмира Умарбековаға тиесілі.
- 23 наурыз телестудиядағы сабақтар түсірілімінің алғашқы күні болды. Сол сәттен бастап мен тәулік бойы ұстаз болудың сырын ұғындым. Түнді сабақ жоспарын жазумен, презентация әзірлеумен өткізсем, таңертең телесабақтардың түсіріліміне асықтым. Ең алдымен, теледидар алдындағы оқушылардың сабақты түсінуін ойладық. Бізге сенім артушы халықтың көңіліне күмән, сеніміне селкеу түсірмеу – басты мақсатымызға айналды, - дейді ұстаз.
Осы орайда белгілі тележүргізуші, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт Нұр - Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің мұғалімі Гульмира Умарбекова жүргізген телесабақтарға қатысты пікір білдірген еді:
- Эфирдегі жұмыстың қиындығын мен жақсы білемін. Жобаның ұйымдастырушыларына ерекше алғыс білдіремін. Уақыттың тығыздығына қарамастан, мамандар жаңа форматтағы білім жүйесінің моделін сапалы жасақтаған. Гульмира Умарбекованың сабақтарына қарап, телеарнаға тіл тазалығы, классикалық эстетика, үлгілі әдеп қайта оралды деп айта аламын. Бұл еліміздің әр өңіріндегі ұстаздарға, оқушылар мен ата - аналарға қайталанбас үлгі болатыны анық, - дейді сенатор.
Осылайша елімізде қашықтан білім берудің берік негізі қаланды деп айтуымызға болады.
Сандуғаш КОЖИНА,
"Нұр - Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп" "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы


Источник: bilimdiler.kz
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
Пікір жазу