Менің сүйікті ауылым


Мақсаты: 1. Оқушылар ауылдың мәдени ортасы, тарихы және табиғи ортасы, шаруашылығы, экономикасы туралы білім алады.
2. Логикалық ойлау қабілетін өз ой, пікір тұжырымдарын байланыстырып сөйлеуін, сөйлеу мәдениетін дамытады.
3. Шығармашылық қабілеті дамыған, ұлттық сана - сезімі жоғары, білімге құштар, азаматтық ұстанымы берік, Отансүйгіштікке және адамгершілікке тәрбиеленеді.
Көрнекілігі:
1. Ауылым – алтын бесігім тақырып;
2. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың ауыл жайлы сөзі;
Ауылдың даласыз күні жоқ, Даланың ауылсыз құны жоқ
3. ҚР картасы;
4. Суретті ребус;
5. Сабақта пайдаланылатын тақырыпшалар:
- Тарих тіл қатқанда...
- Отты жылдарда.
- Елге еңбегі сіңген.
- Оқу - ағарту саласында.
- Болашақ жастардың қолында.
6. Бейнетаспа Ауылым;
7. Кітап көрмесі;
8. Кесте Мал шаруашылығы, Көгалдандыру.
Шығармашылық жұмыс түрі:
І топ Ақындар тобы; (ауыл, туған жер туралы шығармашылық жұмыстары)
ІІ топ Жасыл ел тобы; (ауыл және мектеп маңына егілген ағаштар саны туралы мәлімет береді)
ІІІ топ Сәулетшілер тобы; (ауылдың болашақ туризм орталығы Арасан жайлы макет даярлайды)
ІV топ Салыстырушылар тобы (Венн диаграммасы бойынша ауылдың өткені мен бүгінін салыстыру)
V топ Бізде қонақта
Ауызша журнал:
1 - ші беті: Білім ордасы.
2 - ші беті: Мектеп тарихы
3 - ші беті: Айналайын топырағыңнан, туған жер!
4 - ші беті: Мектебім менің, мектебім! (поэзия беті)
Кіріспе: Қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,
Жерімізді жау баспасын деп,
Елімізден құт – береке қашпасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз,- деген екен рухы мәңгі өлмейтін Қазыбек би.
Біздің Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстан! Қазақстан дегенде көз алдымызға кең байтақ дала, шексіз жазира дала елестейді. Яғни дала бейнесі көз алдыңа келеді. Бұл кең дала - қазаққа қымбат дала.
Жүрегім, жырым сенікі,
Кеңісті далам, кең далам.
Тудым, өстім есейдім...
Ен далам – анам, мен балаң!
Қазақ даласы шежіреге бай дала. Олай болса, бүгінгі сабағымызды суретті ребус шешуден бастасақ..
Ауылым – алтын бесігім
Ой қозғау:
Ауыл дегенді, алтын бесік дегенді, туған жер дегенді қалай түсінесіңдер? Ауыл кімдердің мекені? осы ой төңірегінде сөз қозғасақ..
(Оқушы ойлары тыңдалады)
Оқушы: Менің ойымша ауыл әр адамның ата - тегінің бесігі, арқа сүйері, балалық шақтың мекені. Атамекенге деген махаббат, Атамекенге деген сағыныш ауылдан басталса керек.
Оқушы: Қазақтың хандары мен батырлары, ғалымдары, ғылымдары мен қаламгерлері осы ауыл даласынан қанат қағып қияға ұшқан.
Оқушы: Қазақтың ұлы ақыны Абай, ұлы жазушы Мұхтар ауылдан шықса, батыр Бауыржан Момышұлы ауыл баласы.
Оқушы: Осы кең даладан тұңғыш ғарышкер ұшырылды, Қаһарман батыр Қасым Қайсенов, тіпті Елбасымыз Нұраға да ауыл перзенттері.
Мұғалім: Жақсы, олай болса, ауыл - әр адамның құтты, киелі мекені.
Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан,
Ұят болды, ұят болды - ау ауылдағы қауымнан,- деген өлең шумағында Мұқағали ағамыз не айтпақ болды?
Оқушы: Осы бір өлең жолдарында Мұқағали ағамыз бәрімізге ой салып, ауыл жағдайын жырласа, Елбасы жолдауымен Ауыл жылдары жарияланғанын білеміз. Бұл тарих беттерінде қала береді.
Оқушы: Ауыл десем, мал елестер көзіме,
Ауыл десем, дән елестер көзіме
Ауыл десем ер саламын құр атқа
Ауыл десем, ән естілер құлаққа,- дегендей, Ауылым әнін Толқын орындап берсін.
Мұғалім: Міне, ауыл жайлы бірер сөз қозғасақ, Ауылым – алтын бесігім тәрбие сағатында өз ауылымызға тоқтасақ.... (бейнетаспадан ауыл көрінісі)
Айхой, шіркін Сайхан менен Сауырым,
Ата – ана, құрбылар мен бауырым,
Қиындыққа мойымаған әр уақыт
Қайран менің өсіп - өнген ауылым!
Оқушы: Көкейде қайда ойласаң дана тұрақ,
Сыры мол шежірелі дара тұрақ
Атыңнан айналайын туған жерім,
Аяулы мекеніміз Қ а р а б ұ л а қ!
Оқушы: Ауылымыздың тарихына үңілсек...
Тарих тіл қатқанда...
Оқушы: Ұлан байтақ даламыз Қазақстанның бір бөлігі - Жер Ана төсіне табан тіреген Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы.
Алыста жүрсем аңсарым менің
Шөліркей қалсам кәусарым менің
Кеудемде жүрек сағына жаздап,
Сүйемін сені, Зайсаным менің!
Қарабұлақ ауылы Зайсан ауданының солтүстігінде 18 шақырымда орналасқан. Солтүстігі Қара Ертіспен, шығысы Шіліктімен шекараласады.
Оқушы: Ауылымыздың өткеніне оралсақ,, Зайсан - Өскемен тас жолы бойында бұлақ болып ағып жатқан суына байланысты қазіргі ауылымыз Қарабұлақ атаныпты. Ауыл осыдан 96 жыл бұрын осы бастау қасында жалғыз үй салынған екен. 1926 - 28 жылдары тұңғыш ауыл жерінде Пахарь, Красный луч коммуналары құрылды. Осы коммуналарды колхозға біріктіріп, нығайтуда Максим Воробьев, Федор Чечетов, Қожахмет Байсалов сынды адал азаматтар көп еңбек сіңірді.
Оқушы: 1930 жылы бірнеше ұсақ колхоздар Освобождение колхозы болып бірікті. 1939 жылы колхозы көпшілік орыс үйлерінен тұратын шағын шаруашылық болды. Осы жылдары ең алғаш қой малы аудан бойынша осы колхозда асылдандырылды.
Оқушы: Отты жылдарда.(музыка әуенімен) Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Освобождение колхозы майдан қажеті үшін өнімді еңбек етті. Жалпы аудан өңіріндегі ең ауыр, жауапты болған кезең – Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Соғыста зайсандықтар басқалармен қатар Москваны, Ленинградты, Беларуссияны, Қырымды қорғады. Солардың қатарында ауылдастар да бар еді. Жантасов Қайролда, Карипов Ануарбек, Садықов Молдақан, Тантыбаев Сейтқазы аталарымызды мақтан етсек, Ибраев Мүсілім, Базмұхамбетов Зәйіт, Өтемісов Ерақас аталар шежірелі қарттарымыз болып қалды.
Оқушы: 1955 жылы колхоз өте күшті өсу өркендеу жолында алға басты. Осы кезде колхоз төрағасы марқұм Қабақай Есенбаев еді. Совхоздың мамандандырылған негізгі шаруашылығы қоцй шаруашылығы деп танылды. Сөзіміздің басында айтып кеткендей асыл тұқымды биязы жүнді алтай кенс қойлары Сатпай фермасында өсірілді. 100 саулықтан 114 қозыға дейін алынып, өте жоғары деңгейде жүні қырқылған еді.
Оқушы: Елге еңбегі сіңген. Қой шаруашылығын өркендетуде есімі Одаққа танымал Шаймардан Мұқанов Социалистік Еңбек Ері атағы және Ленин Орденімен ардақталса, майталман шопан Қадылбек Тұраханов, Совет Жадайханов жоғары дәрежеге жеткені үшін үлкен наградаға ие болғандар. Ауылымыздың негізгі көшесі Шаймардан атаның атында.
Қазіргі таңда ауыл өсімдік, мал шаруашылығымен айналысады. Мал басы есебінің бірнеше жылдардағы өсуі салыстырмалы түрде кестеде беріліп, соған оқушылар тоқталып өтті.
Оқушы: (бейнетаспа). Қазіргі таңда 2927 халқы бар Қарабұлақ ауылында мәдениет үйі, әкімшілік, мектеп, кітапхана, мешіт, почта, байланыс торабы ауыл халқы үшін қызмет атқаруда. Сонымен қатар Түгін тартсаң майы шығар дегендей нарық заманында бой көтерген халықты жұмыспен қамтамасыз еткен балық зауыты, сонымен қатар көршілес жатқан ҚХР - нан инвесторлар келіп қомақты мұнай көзін іздестіру мақсатында ауыл адамдарын жұмыспен қаматамасыз етіп, ауылымыздың тұрмыс тіршілігі, әр үйдің әл – ауқаты жақсаруда.
Ән Туған жер
Оқушы: Иә, ауыл өмірі мектеп өмірімен тығыз байланысты. Мектеп тарихын ауызша журнал арқылы таныстырып өтсек бойынша...
Оқушы: 1910 жылы Зайсан - Өскемен тас жолы бойында бастау қасында жалғыз ағаш үй салынған. Осы үй маңдайына 1924 жылы тағдырдың өзі жарқыратып 5 бөлмелі шағын бастауыш орыс мектебін берген екен. Сол ағаш үйді қанатын жайып бүгінгі үлкен ауылға жеткізген осы шағын мектептің құдыреті еді. Ауыл мен мектеп тарихы, олардың тыныс тіршілігі бір - біріне тәуелді еді. 1932 жылы қазақ бастауыш сыныбы ашылып, оны ұстаз Ментай Ибрагимов басқарды.
Оқушы: Оқу – ағарту саласында. 1954 - 55 жылдары орыс - қазақ жетіжылдығы, одан кейін сегіз жылдық мектепке айналды. Жылма - жыл оқушы саны арта түсті. Мұғалімдер қатары Зайсан, Семей қалаларынан бітірген ұстаздармен толықты. Олардың қатарында Арғынбек, Құмаш, Камал, Әсия апайлар мен ағайлар бар еді.
Оқушы: 1963 - 64 оқу жылынан бастап орыс - қазақ орта мектебіне айналды, оған Абай Құнанбаев есімі берілді. Алғашқы мектеп директоры болып Мәкеш Әукебаев қызмет атқарды. Әр жыл сайын 65 - 85 шәкірттен бітіріп отырды. Сол кездерде көп жылдар бойы мектепке көңіл бөліп, қамқорлық жасап келген ауданның аса құрметті азаматы кеңшар директоры Қабақай Есенбаев мектепке сіңірген еңбегі үшін Қазақ ССР - нің оқу - ағарту ісінің үздігі белгісімен марапатталады.
Оқушы: 1978 - 79 жылында мектеп өмірінде жаңа кезең басталды. 1978 жылдың желтоқсанында 960 орындық мектеп үйінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жалпы мектеп басшылығында З. Тұрғанбаев, Қ. Бидахметов, Ж. Жұмаханов, және ұзақ жылдар бойы Н. Түйебаев, З. Мұқай қызмет атқарды. Қазіргі уақытта білімді де тәжірибелі мектеп басшысы Г. Ахтанова басқаратын білім ордасында 23 сыныпта және 2 даярлық тобында оқушылар білім алуда.
Оқушы: Журналымыздың 2 - ші бетін ашпас бұрын Нұржанның орындауында Жайлаукөл кештері әнін таңдасақ..
Топырағыңнан айналайын, туған жер - айдары бойынша сөз.
Табиғи дарынымен осынау шағын ауыл мектебінің атын республика, тіпті әлем жұртшылығына паш еткен ағаларымыз жайлы өз айтсақ....
Ән: Туған жер
Журналымыздың ІІІ беті: Мектебім, менің, мектебім. Поэзиялық жырларға арналады.
Мұғалім: Иә, мектеп пен ауыл өмірі бір – бірімен тығыз байланысты. Сабағымызды шығармашылық жұмыспен байланыстыра кетсек:
І топ: Ақындар тобы. (Ауыл жайлы өлең жолдары, бес жолды өлең шығару)
ІІ топ Сәулетшілер тобы. Ауылдың болашағын макет арқылы даярлап әкелді. Болашақ Арасан емдеу, демалыс орны.
ІІІ топ. Жасыл ел тобы.
Елбасының Жасыл ел бағдарламасы бойынша мектеп маңындағы ағаштар санының көрсеткіші (кесте бойынша) және алдағы уақыттағы көгалдандыру жұмысы.
Топ жұмыстары. Болашақ жастардың қолында айдарымен жүргізілді.
Қорытынды. Мұғалім: Бүгінгі сабағымызда ойымызға не түйдік. (Оқушылардың ойлары сұралады). Қазіргі мектепте отырған жоғарғы сынып оқушылары - ертең ауыл діңгегін нық ұстайтын азаматтар. Олар ауыл тарихын, мектеп тарихын естен шығармастай өз ауылына адал еңбек етіп, ауылды көркейтетін - 2030 жылдың жастары.


Источник: bilimdiler.kz
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу