Қош келдің Наурызым, ардақты



Қазақтың ұлттық киімін киген бүлдіршіндер және Жұмагүл әжей «Көңіл ашар»күйінің сүйемелдеуімен, мерекелік бағдарлама өтетін жерге орындарына келіп жайғасады.
Жүргізуші:
Армысыздар халайық!
Бармысыңдар халайық!
Наурыз тойын жұп жазбай,
Жылда қарсы алайық!
Балалар қар еріп, жер көгерді. Күн жылынып, мал төлдеп, ақ түйенің қарны жарылған күн туды. Бұл күні күн мен түн теңеліп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні, Ұлыс күні»деп атаған.
Жұмагүл әжей сізге балалар наурыз тойына дайындаған тақпақтарын айтып берсін.
1 - бала: Бақта бұлбұл сайрасын,
Сәнді көктем нұрымен.
Наурыз тойы жырымен,
Көңіл гүлдей жайнасын.
2 - бала: Қарды ерітіп жылғасы,
Наурыз келді жыл басы.
Шуақ төкті жарық күн.
Мейрамында халықтың.
3 - бала: Бата беріп атамыз,
Бата беріп апамыз.
Тәтті болып жасалған,
Наурыз көже дәмін татамыз.
4 - бала: Қош келдің Наурызым, ардақты.
Халқым саған бар үмітін арнапты.
Жылда осылай келе берсін жаңарып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.
(Осы кезде екі бала шауып жүгіріп, сүйінші сұрап шығады.)
- Сүйінші, сүйінші!
- Алақай, алақай!
- Дүниеге нәресте келді!
- Әже сүйінші! Өмірге немереңіз келді.
Әже: Не дейді? Шын айтып тұрсыңдар ма? Құлыным - ай! Қандай жақсы жаңалық, құдай тілеуіңді берсін.
Жүргізуші:
Әже сізге балалар бір тамаша ән орындап берсін.
«Көктем»әні орындалады.
«Балбырауын» күй әуенімен үш батыр келеді.
Қаракерей Қабанбай батыр:
Мереке наурыз жыл басы
Наурыз тойы құтты болсын!
Дендеріңіз сау, мықты болсын!
Аман есен болайық!
Баршаңызға тілегім осы халайық.
Қанжығалы Бөгенбай батыр:
Аманбысың, армысың, халқым менің,
Ақтарған кең даламның алтын кенін.
Ардақты Наурыз тойы, салтың елім,
Наурыз тойы құтты болсын
Халқым менің!
Шапырашты Наурызбай батыр:
Күн мен Айға әлемнің,
Берем ыстық сәлемін.
Қарттарыма сүйініп
Сәлем берем иіліп.
Ойын «Арқан тартыс»
Жүргізуші:
Наурыз - мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр гүл көктем.
Жарығыңмен, шуағыңмен Жер - Ана
Алып келдің жер бетіне гүл көктем!
Құрманғазының «Кішкентай» күйі орындалып, Жер - Ана үш қызымен кіреді.
Жер - Ана: Армысыздар, халқым менің! Мен қасиетті Жер - Анамын,
тіршіліктің көзімін. Бүгінгі Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын!
Осы мерекеге үш батыр да келіпті. Мен осы батырлар қатарына үш қызымды қосайын.
1 - қыз бала:
Ата - бабам тойлаған,
Наурызым, армысың?!
Қызығына тоймаған
Дархан дала, қарлы шың.
2 - қыз бала:
Мерекесі байырғы
Алды халқым қабылдап,
Ақ дастархан жайылды
Ошақта от жалындап
3 - қыз бала:
Ұлы күні Ұлыстың
Дастарханда барымыз
Құтты болсын, Наурыз
Сарқылмасын сары уыз.
Ән «Атамекен»
Жүргізуші:
Ал, құрметті халайық, осындай дүбірлі мерекеге қонақтар көп келеді. Біз сол қонақтарды қарсы алайық.
«Кең жайлау»күйінің әуенімен Қыдыр ата мен Тазша бала келеді.
Қыдыр ата: Ассалаумағалейкум, халқым! Наурыз тойларың құтты болсын!
Тазша бала:
Туа салып атандым Тазша бала,
Мендей аңқау болмас - ау басқа бала.
Наурыз тойы өтеді дегенді естіп,
Қыдыр атамен бірге келдім мен де осында.
Ән «Әз - Наурыз»
Ойын «Әтеш күрес»
«Бесікке салу» рәсімі тамашалаңыздар.
(Жұмагүл әжей көрсетеді)
Жүргізуші:
Жаңбырменен жер көгереді
Батырменен ел көгереді,- дегендей, қонаққа келген Қыдыр ата, Жер - Ана, Бөгенбай батыр бата берсін.
Қыдыр ата батасы:
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барса, жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Ұлыс береке берсін
Төрт түлік ақты болсын.
Бәле - жала жерге енсін!
Әумин!
Жер - Ана батасы:
Дастархандарыңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін,
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін,
Дендеріңе саулық берсін,
Наурыз бақыт әкеліп,
Тойға ұлассын тойымыз!
Әумин!
Бөгенбай батыр батасы:
Ұлыс бақты болсын,
Әр күніміз жақсы болсын,
Достығымыз берік болсын,
Білім - өнер серік болсын!
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын!
Күй әуенімен келген қонақтар шығып кетеді.
Жүргізуші сөзі: Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет.

Ақмола облысы, Көкшетау қаласы,
№1 Арман балабақшасының
тәрбиешісі Темирбекова Лаура Аугапасова


Источник: bilimdiler.kz


Комментарии для сайта Cackle