Қиял-ғажайып ертегі: Елеместің көргендері

Қиял-ғажайып ертегі: Елеместің көргендері

Ертеде бір кедейдің үш баласы болыпты. Әкесі өлгесін жетім қалған балалары азып-тозып кетеді. Жетім балалар күн көру тәсілін іздейді. Сонымен балалар бір күні жолға шығады. Жолда келе жатқанда олардың алдынан екі жол кездеседі: біреуі—барса келмес, екіншісі—барса келер. Жетім балалардың ең кішісінің аты Елемес екен. Ағалары Елеместі барса келмеске жібереді де, өздері болса барса келермен кетеді.

Келе жатқан Елеместің алдынан бір көкжал қасқыр кездеседі де Елемеске тап береді. Сонда Елемес қасқырға: «Жегенің ас болсын!»—дейді. Касқыр: «О, достым, бұл менің құлағыма бірінші тиген жылы сөз, бұдан бұрын кез келгендер маған жегенің ас болмасын дейтін еді де, мен оларға ерегесіп тезірек өлтіретін едім. Сондықтан бұл жол барса келмес атанған. Енді мен сенімен дос боламын да, өле-өлгенше саған көмектесемін»,—дейді. Сүйдеп қасқыр кетіп калады. Елемес одан ары жүре береді. Елемес келе жатса, алдынан үлкен бір қала көрінеді. Сол қалаға келіп Елемес ас ішіп, тойынып, адам болады. Бір күні жер қазып, жұмыс істеп жүрген Елеместің күрегіне бірдеме ілініп шығады. Қараса алтын. Алтынды көрген Елемес одан әрі қазса, ат басындай алтын тағы шығады. Бір күні Елемес ұйықтап жатса түс көреді. Түсінде ағаларының халдері нашар екен, ол түсінен шошып оянады. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деуші еді. Осы байлықты жалғыз өзім көргенде не болады? Не болса да ағаларыммен бірге көрейін»,—деп тұра көшеді. Көшіп келе жатып, баяғы екі жол айрылатын жерге келгенде, өзінің ағалары кездеседі. Ағалары әбден жүдеп, үсті-бастары азып-тозып кеткен екен. Елемес ағаларына киім, тамақ беріп әбден тойдырады. Бірақ бұл жасаған жақсылығын ағалары білмейді. Олар Елеместі күндеп, қалайда өлтіруді ойлайды. Көп кешікпей-ақ олар Елеместі өлтіреді де, оның мал-мүлкін алып кетеді.

Бір күні баяғы қасқыр келе жатса, алдында бір топ қарға бір қонып, бір ұшып шуылдап жүреді. Қасқыр «бұл не?» деп қарға үймелеген жерге келсе, баяғы өзінің досы өліп жатыр. Енді не істеу керек? Қасқырға бір ой түсе кетеді. Ол тез жата қалып, жер бауырлап жылжып барып, қарғалардың арасынан патшасын ұстап алады. Барлық қарға «патшамызды босат» деп шулап, қасқырға жалынады. Сонда қасқыр қарғаларға: «Егер, сендер адам тірілтетін шөп әкелсеңдер, босатамын»,—дейді. Қарғалар «мақұл» деп қарқ-қарқ етіп, адам тірілтетін шөп іздеп, жан-жаққа ұшып кетеді. Қарғалар жер-көкті қоймай қарап, ақыры өлдім-талдым дегенде бір жерден адам тірілтетін, шөпті тауып алып, қасқырға алып кеп береді. Шөпті қасқыр алғаннан кейін қарғаларға: «Егер осы шөптен адам жазылса, патшаларыңды босатамын, жазылмаса, қайта іздейсіңдер»,—дейді. Шөпті суға салып жұмсартып Елеместің аузына салғанда, Елемес ұшып түрегеледі. Елемес есін жиып, қасқырға рахмет айтып, тағы да ағаларын іздеп шығады. Келе жатса, алдынан ауыл көрінеді, келсе, ағаларының үйі. Елемес келіп үлкен ағасының үйіне кіріп барса, өзінің әйелін көреді. Әйелі Елеместі көріп, талып қалады. Енді әрі қараса, әйелінің ірге жағында жатқан ағасын көреді. Ағасы ұйықтап жатыр екен. Ызаланып келген Елемес ашуын тоқтата алмай ағасын тамағынан ала түседі де, қылқындырып өлтіреді. Енді кіші ағасының үйіне келсе, ағасы сыртта жүр екен. Елемес танымаған кісі болып сәлем береді. Бұл ағасы інісін танымағанмен: «Үйге кір»—деп, үйіне апарып Елеместі сыйлайды. Ет жеместен бұрын қонақпен сөйлесіп отырып, Елемеске бар сырын айтады. Ол былай дейді: «Бір ініміз бар еді, сол інімді ағам «өлтірейік» деп қоймаған соң екеуіміз өлтірдік, сол інімді ағамның тілін алып көмбей кетіп едім, соны енді іздеп, сүйегін көміп келейін деп басына қоятын құлпытас жасап отырмын»,—дейді. Сонда Елемес кіші ағасына өзін таныстырып, өзінің басынан өткен халді айтып береді. Сөйтіп, ағайынды екеуі татуласып, жылап көріседі.


Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 20 секунд !!!



Комментарии для сайта Cackle