Қиял-ғажайып ертегі: Қармақ салған жігіт

Қиял-ғажайып ертегі:  Қармақ салған жігіт

Бір жігіт бұрынғы заманда суға қармақ салып жүрді. Қармақ салып жүргенде күнінде бір балықтан артық түспейді. Бір күні қармағын салды, екі балық түсті. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Күнінде біреуден артық түсуші емес еді, маған бүгін екі балық түсті, мұны берген Құдай маған бірдеме берер»,—деді. Қармағын күнде салып жүрді. Күнінде екі балықтан түсіп жүрді. Бір күнде жігіт жатқан жерінен түрегеліп, беті-қолын жуып тұрса, қармағын салайын дегенде бір сары ит жүгіріп жігітке келді. Жігіт айтты: «Е, Құдай-ай! Қанша жылдан бері мен қармақ салып, бір балықтан алып жеп жатушы едім, енді маған, екі балық түсіп тұрғаны, біреуі иттің несібесі екен»,—деді. Бір балықты итке берді, бір балықты өзі жеді, итті жолдас қылды, екеуі жолдас болып жүрді. Екеуіне екі балықтан Құдай қанағат беріп жүрді. Сөйтіп, жүргенде екі балықтан түседі, бірін ит жейді, бірін өзі жейді.

Бір күні үш балық түсті қармағына. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Бізге Құдай тағы бір серікті берер». Күнінде үш балықтан түсті. Бірін ит жеді, бірін өзі жеді, бірін алып қояды. Ертеңіне екеуі түрегеліп, беті-қолын жуып тұрады. Бір ала мысық жүгіріп келді. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Ит пен жігіт айтты: «Бір тәуір мысық екен»,—деді—мұны берген Құдай тағы бірдеңе берер», – деді. Түнде үшеуі жатты, ертеңіне тұрды, қармағын салды, үш балық түсті, үшеуі үш балықты жеді. Үшеуі бір күні ақылдасты: «Біз бүйтіп жүрмейік, бір мал табайық»,—деді. Жігіт айтты: «Ит пенен мысығым, мен ел-жұртты білмеймін. Мал табатұғын жерлерің болса, мал табыңдар»,—деді. Мысық айтты: «Мына жақта бір бай бар, мына итті маған қосып бер, мен мына судан өте алмаймын, ит мені арқасына мінгізіп ар жаққа алып шықсын. Ар жақтағы байдың бір зымырық тасы бар деді, соны алып келейін, соны алып келсем Құдай бізге мал да берер, бас та берер». Ит пен мысық екеуі кетті. Ит арқасына мінгізіп мысықты ар жаққа алып өтті. Мысық итке айтты: «Итім, сен осы арада жата тұр, мен ауылға барып келейін». Мысық ауылға жүгіріп келеді, ауылға келсе, ауыл ас беріп жатыр екен. Мысық келді деп, әркім ет берді. Мысық етке тойды, бір қауым ет жеп алды. Жүгіріп қайтты, итке келді. «Итім—деді,—мына етті жеп сен осы арада жата тұр. Сен ауылға барсаң, ит таласа берер, мен саған тамақ әкеп берейін. Мен ауылға барсам «мысығым, мысығым» деп әркім ет берер»,—деді. Мысық жүгіріп ауылға барды. Әркім ет берді, мысық келді деп. Мысық бір қауым етті жеп итке әкпеліп берді. «Сен осы етті жеп жат»,—деді. Мен барып зымырық тасты алып келейін». Жүгіріп келді байдікіне. Бай айтты: «Ұры мысық келді, зымырық тасты ұрлап кетер». Күңдер оны, қуып жіберді мысықты үйге жолатпай. Мысық есітті де кетіп қалды. Бай айтты: «Зымырық тасты алып бер, мысық оны ұрлап кетер, аузыма салып жатайын». Мысық байдың айтқанын білді. Бай зымырық тасты аузына салып ұйықтады.

Жүгіріп мысық түнде қайтып келді. Бай шалқасынан жатыр, мысық келіп кеудесіне шығып отырды. Мысық қайтып түсті жерге, құмандағы суға құйрығын малып алды, байдың кеудесіне шықты. Суға малған құйрығын ұйықтап жатқан байдың танауына тығып алды. Бай түшкіріп қалды, аузынан зымырық тас ұшып жерге түсті. Мысық зымырық тасты алып қашты. Бай қуып-қуып жете алмай қалды. Мысық жүгіріп итке келді. Мысық айтты: «Зымырық тасты алып келдім». Ит айтты: «Жүрейік» деді. Иттің арқасына мінді мысық. Суда жүзіп ит жүрді. Келе жатып, судың ортасында мысыққа айтты ит: «Зымырық тасты маған бер. Мысығым, алып келген жақсы атын сен ал, апаратұғын жақсы атын мен алайын». Мысық итке айтты: «Итім, мен зымырық тасты саған берер едім, сен суда жүзіп келесің, сен аузыңды ашып отырасың, аузыңнан суға түсіп кетер». Ит айтты: «Бермесең, мен сені суға тастаймын» деді. Мысық қорықты, итке тасын берді. Судың шетіне жетіп келгенде иттің аузынан зымырық тас суға түсіп кетті. Судан шығып ит пен мысық жылап жігітке келді. Мысық айтты жігітке: «Зымырық тасты алуын алып едім. Ит иттігін қылды. Судың ортасына келгенде «зымырық тасты маған бер» деп ит айтты. Судан шыққан соң берейін деп едім, оған болмады, айтқан сөзге көнбеді, судың ортасында бер деді, бермесең, суға тастаймын деді. Қорыққан соң зымырық тасты бердім. Иттің аузынан суға түсіп кетті».

Жігіт итке ұрысты. Мысық айтты: «Ұрыспа, Құдай берсе зымырық тас табылар»,—деді. Үшеуі қармақ салып жүрді. Үшеуі бір балықтан алып жеп жүрді. Бір күні жігіт суға қармақ салды. Бір соқыр шабақ түсті қармағына. Жігіт айтты: «Соқыр шабақ түсті», – деді. Мысық айтты: «Көзін неғып шығарды, Құдайдың құдіретімен?». Шабаққа тіл бітті. Жігіт айтты шабаққа: «Көзің неғылып шықты?». Шабақ айтты: «Бір ит пенен бір мысық зымырық тасты алып келе жатқанда судың шетінде жусап тұрғанымда иттің аузынан тас түсіп кетіпті. Сонда зымырық тас тиіп көзім шықты»,—деді. Жігіт айтты: «Зымырық тас көзіңе түскенде қай жерде болдың?». Балық қай жер екенін көрсетті. Жігіт айтты: «Сен жерден зымырық тасты табармысың, балығым?» Балық: «Табармын,—деді.—Мені қоя бер, мен тауып әкпеліп берейін»,—деді.

Балықты қоя берді жігіт. Балық шолп етіп жүзіп кетті. Мысық жүгіріп барып балықтың түскен жеріне қарап тұрды. Мысық балықтың барған жерін көрді. Балық барып зымырық тасқа тигенін көрді. Мысық айтты жігітке: «Зымырық тас жатыр екен. Жігіт айтты: «Қанеки?». Мысық айтты: «Міне, жатыр» деді. Мысыққа жігіт айтты: «Қайтып оны алармыз». Мысық айтты: «Ит алмаса, біз ала алмаспыз». Мысық итке тастың жатқан жерін көрсетті. Ит мен алайын деп суға сүңгіп түсіп кетті, зымырық тасты алып келді. Мысық айтты жігітке: «Құдай бізге енді мал-бас берер».

Жігіт кешке таза шомылды. Зымырық тасты қойнына салып жатты. «Е, Құдай, мал бер, бас бер, өмір ұзақ жас бер»,—деп тілеу тіледі Құдайдан. Қатты ұйықтады, ертеңінде тұрды. Жақсы қатын қойнына жатқан, үстіне үй тігілген, астына төсек салынған, мың жылқы біткен, мың қой, мың сиыр біткен, мың түйе біткен, мың ешкі біткен. Бір қара жорға ат, күмістен ер-тоқымы бар, күмістен жүгені бар, күмістен құйысқаны бар, үйінің жанында байлаулы тұр екен. Ердің қасында күміс мылтық тұр. Ертең тұрды, малы көп бай болды. Қара жорға атқа мініп, аң аулауға кетті. Күнде қатын үйінде жалғыз қалады, өзі күнде аулағалы кетеді. Малын адам бақпайды, өзі келіп, өзі кетіп жүреді. Бір күні тағы аң атқалы кетті. Ол күнде қатын жалғыз отырады екен. Бір кемпір келеді. Қатын айтты: «Не қылып жүрген кемпірсің?»—деді. Кемпір: «Бір бейшара кемпірмін»,—деді. Қатын айтты: «Енді қайда барасың?». Кемпір айтты: «Бір бишара кемпірмін» деді,—тұрар үйім, барар жерім жоқ. Сен, балам, жалғыз екенсің, серік болып тұрайын, басыңның битін қарап беріп тұрайын». Кемпір тұрды. Кешке бай даладан келді. «Бұл не қылған кемпір?»—деді. Қатын айтты: «Бір бейшара кемпір, мен серікке алдым». Кемпір қатынмен үйде отырады. Бір күні байы аң аулап кетсе, бір адам қашып келеді, шаң шығады. Қашып бұ адам жігітке келді. Жігіт сұрады: «Неғылған адамсың?»—деді. «Неғылған адам болайын, артымнан өрт келеді, өрттің алдынан бір айдаһар келеді. Сол айдаһардан қорқып қашып келемін»,—деді. Жігіт айтты: «Қорықпа, айдаһарды мен атайын!». Жігіт аттан түсті. Мылтығын құрып отырды. Айдаһар жетіп келгенде жігіт атып жіберді. Айдаһар екі үзіліп өліп қалды. Қасына келген кісі айтты: «Сенімен Құдай дескен тамыр боламын, саған бір пәле жолықса, мені іздеп тап, атым менің—Жылан Баба. Аман бол, енді!»—деп айырылып кетті. Жігіт кешке үйіне келді. Ертеңіне тұрып қатынына айтты: «Е, қатыным» деді. Осы кемпір не қылған кемпір? Зымырық тасты ұрлап кетпесін!» Жігіт тағы да аң аулай кетті.

Кемпір айтты қатынға: «Балам, мен сенен кетемін. Құдай десіп тұрып едік, мен көңілімді аққа санап едім. Біреудің көңілі біреудікіндей болмайды екен. Енді мен кетейін». Жігіттің қатыны айтты: «Неге өкпеледіңіз?». Кемпір айтты: «Мен өкпеледім, сендердің менен жасырғандарың бар екен». Кемпір үйден шығып кетті. Қатын тысқары шықты. «Кетпе,—деді.—Сізден көп жасырған нәрсем жоқ еді, жасырған кішкене нәрсем бар екен, сонымды көрсетейін». Зымырық тасты сандықтан алды, кемпірге көрсетті. Кемпір: «Көрейін»,—деп қолына алды, сонан соң аузына қағып салып, жоғалып кетті.

Кешке жігіт келді, қатын жігітке айтпады. Ертеңіне жігіт түрегелсе, мал да жоқ, үй де жоқ, қатын да жоқ, бәрі де жоқ жігіттің жалғыз өзі қалған.
Жігіт ертеңіне тұрып, беті-қолын жуып, Құдайға налыс қылып жылаған. «Менің бір тамырым бар еді, соны бір іздесем екен». Іздеп кетеді. Бір заман болғанда іздеп тапты. Бір жылқышыға келді. «Бұл кімнің жылқысы?»—деді. «Жылан Бабаның жылқысы». «Сен Жылан Бабаның несі едің?» «Жылан Бабаның досы едім». Жылқышы айтты: «Енді қайда барасың?» «Жылан Бабаныкіне барамын». «Барғанда тамырыңнан не сұрайсың?». «Не сұрарымды білмеймін, қайдан білейін несі барын?». Жылқышы айтты: «Айтайын! Тамырдыкіне барарсың, барғанда тамырың айтар жылқымның жарымын алып кет деп. Сен оны алмағайсың. Бір ермек тасы бар, сен соны сұра. Өзге нәрсе берсе алма! Ол тасты саған берсе, мал бітер, бас та бітер». Жылқышыдан шықты, барып-барып Жылан Бабаның үйіне келді. Үйінің артына келіп еді екі жылан шықты. Атынан түсті. Жылан Бабаның үйіне кірді. Екі жылан қойнына енді, қонышынан шықты. Төсек үстінде екі жылан жатыр екен. Жыландардың бірі сілкінді, құбылып жатыр екен, тұрып кісі болды, Жылан Баба болды, амандасты, есендесті. Бұл үйдің ішіндегі жыландар бәрі кісі болды. Бірі—қатыны болды, бірі—келіні болды, ұлы да болды, қызы да болды. Той қылдылар, жақсы ас берділер. Ертең тұрдылар. Жылан Баба сұрады: «Тамырым, не сұрай келдің?» Жігіт айтты: «Сенің мен іштемеңді білмеймін». Жылан баба айтты: «Жылқымның жарымын берейін, ал»,—деді. Жігіт айтты: «Жоқ, жылқы өзімде көп, берсең ермек тасты бер маған». Жылан Баба ермек тасын алып берді.

«Бұ ермек тасым сандықтың ішінде екен, сен үйіңе келсең, оны аш, үйіңе бармай сандықтың аузын ашпа!».

Жігіт үйге кетті, үйіне жеткенде аузын ашты. Сандықтың ішінен мал да шықты, бас та шықты. Бай болды. Мың жылқы бітті, мың түйе бітті, мың сиыр бітті, мың қой-ешкі бітті. Бай болып, барша мұрат басына жетті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі