Cәбит Мұқанов (Жалшының зары)

 Cәбит Мұқанов (Жалшының зары)

Күн ұзын, әрі ыстық сарша-тамыз,
Соғып тұр аңызғақ жел, жылы нағыз.
Шаршадық жұмыс қылып күні бойы,
Үстіне оның тағы оразамыз.
Сусадық, тамағымыз кеуіп қалды,
Күн әлі ерте, бесінге жаңа барды.
Өткен күн аш өзекке айран іштік,
Бермейді байдың үйі жейтін нанды.
Азырақ дамыл алып ұйқтар едік,
Ұрсады ғой иеміз қалса келіп.
«Өлсең дағы жүре бер жұмыс бітсін,
Қойғам жоқ мен ақшаны тегін беріп»-
Деп біздің мазамызды алады ғой,
Істеліп қалмаған соң жұмыс өніп,
Түбінде ақы бермей қоя ма деп,
Жүреміз кешке дейін дел-дал болып.
«Молдалар жер астында бар,- деп,- тамық»
Қолына қорқытады құран алып.-
«Ораза ұстап, намазды оқымасаң,
Күйдірер,- дейді,- жанған отқа салып...»
Қиын-ау, ұстамасақ сол бір жері,
Сусыннан қиын шыжып жатқан жанып!
Көрмесек, «ол дүниеде» рақатты,
Көрмедік бұл дүниеде сәуле-жарық!..
Мінекей,- келіп қалдым біраз жасқа,
Құрбылар қатын алды менен басқа,
Жалғанда көз ашпадым жалшылықтан,
Ағарды мехнатпен сақал, шаш та!
Үйімде жалғыз ғана сиырым бар,
Қыз айттырсам алады көп қалыңмал,
Қырық жетінің аяғын тік бастырып,
Тағы да пәлен жүз сом ақша алар!..
Қолымда қазір оның бірі де жоқ.
Өтеуге тағы талай уақыт керек.
Өлсем-ақ ертең атым жоғалады,
Жалғаннан өттім енді ұрпақсыз боп!..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!