Жұмағали Саин (Жауынгер сөзі)

 Жұмағали Саин (Жауынгер сөзі)

Томырық өмір мінезі
Тосқауылға алған шақ,
Төтелеп талай тар кезең,
Төніп еді өлім жақындап,
Тоқайласа мен шаптым,
Тоспада ажал тұрғанда,
Тып-типыл боп жан-жақтың,
Тынысы құрып тұрғанда...
Тойтармай бетін қойғам жоқ,
Топырлап фашист қаптасын,
Төңкерілді дзоттар,
Төндіре мылтық атқасын.
Тоқсан кірдім қамалға
«Тоба деп көңілім басылмай»
Тұнжырап тұрды көкте бұлт,
Толастап күнім ашылмай.
Тон, мойын фашист жүрегін
Туралап қанжар сұғындым.
Толарсақтан қан кештім,
Тобылғы жастай жүгірдім
Тоғыз рет оқ өтті,
Тал бойымды аралап.
Тағы да жау мақтанды,
Тартыста мені жаралап,
Табанды тіреп зорландым,
Теріме сыймай кетті ашу.
Терістен шыққан бұлттай,
Теңізге селін төкті ашу.
Түйілдім қайта қат-қабат,
Тұнжырап өмір тұлданды,
Тобымен фашист баспалап,
Төбемде бұлт сұрланды.
«Аламыз» деп ұмтылды ол,
«Алмайсың» деп мен жаттым,
Айбынды «Максим» жалынын,
Ақырып жауға аңыраттым.
Жаралы жаным сау тартып,
Жарқылдап көзім от шашты,
Жазасын залым жау тартып,
«Жан сауғаға» жармасты.
Жабырқау тартқан көңілім
Жадырап сонда бір кетті.
Жабылдық біз де жан-жақтан,
Жау қамалды, дос жетті.
...Жаңылдым бір кез мен естен
Жансыз жатты тұла бой,
Жалыны өшті жүректің
Жарақат соңы осы ғой.
Жаһанды мүлде ұмыттым
Жер-ана алды құшақтап,
Жабылды қара кірпігім
Жарына тұйық сыр сақтап...
...Жаңбыр ма жауған сіркіреп,
Бетіме тамшы басылды.
Жан кіріп өлі денеме,
Айқасқан кірпік ашылды.
Тап осы кез дүние
Сұлу бір түспен сырланды,
Сабырым кетіп қарадым.
Сарп етіп ем бұл жанды,
Жас ойнағы елестеп,
Жан жарым да тіл қатты,
Жабықтым деп айтпа, дос!
Жан өмірі тым тәтті.
Қимылдап едім бір мезгіл,
Естідім сыбыр не ғажап!
Қара шаш Кавказ сұлуы
Қасыма келді жақындап.
Қадала қалдым мен оған,
Қарындас көзі күлімдеп,
Қалайша келген жайымды
Хабар етті біріндеп...
Қайран қалдым өмірге
Қуаныш, үміт аралас,
Ішімде сәуле жарқ етті.
Қара көзден ақты жас...
Жараны қайта байлады,
Жалғады сөнер өмірді,
Тірлік күндей кегінен
Көзіме нұры төгілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі