Жұмағали Саин (Қазақ қызы)

 Жұмағали Саин (Қазақ қызы)

(Орденді Күләшқа арнаймын)

Гуілдеген жел — айдалада сарнаған,
Желге серік мұңды дауыс зарлаған.
Бота көзім, қазақ қызы есімде,
Ескі күнің «өлдім, анажан»- даған.
Сонда сенің жұбайың еді жалған ән
«Туар Шолпан маған - дағы атар таң»,
Дегендей ең, толқынды еді өлеңің,
Айлы түнде бар даусыңмен шырқаған.
Кейде күй сап домбыраның қылына,
Қосып үнін жүрегіңнің сырына,
Орал, Алтай, Алатауды кездіріп,
Батырушы ең Сарыарқаны мұңына.
Әлсіз ғана сенен шыққан қайғы-зар,
«Ұстар тал жоқ, суға кеттім не амал?»
Деген кезің, қарындасым, есімде,
Көрші, міне жүрегімде ізі бар.
Күй менен ән, қыз бен жігіт далада;—
Құрсауында қан, қаралы замана,
Қылдан қайғы, тілден уайым төгіліп
Қалар мұра еді атадан жас балаға.
Міне бүгін Мәскеудің кең залында,
Қазақ қызы ел ағасы жанында,
Өлең мен күй, ойын мен би, өрістеп,
Думан етті түсті жаңа сарынға.
Мәскеу таңым, Кремль сөнбес күнім,
Қысып сүйді қазақтың қыз бен ұлын,
Дүниеге таратты радиомен,
Жаңа туған халықтың күй мен жырын.
Саған арнап Мәскеуде ән шырқаған,
Жырдан меруерт тізбекке алдым қалам,
Сар күмістей өлеңнің нақыштарын,
Байғазы деп кеудеңе мен де тағам.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі