Жұмағали Саин (Толғау)

 Жұмағали Саин (Толғау)

Ал, жүрегім лепірді,
Елдің түйдек сырына.
Ақын тілін безеді,
Толғауына — жырына.
Ақын шапты ақыра,
Өшпендестің қырына.
Ақын міне қол созды,
Көкте күннің нұрына.
Ақын қосты дабысын,
Өмірдің айқын сынына.
Шыңына өмір, шыңынан
Жырына елдің, жырынан
Сөйле де тіл, шешендеп,
Минутте мың құбыла;
Түрлендіре күйді бас,
Домбыраның қылына!
Есерсоқтай қол сұқпа,
Ор қоянның жымына.
Еркіндей кір еңсере,
Күресті жайдан дуына!
Барыңменен мәзір ғып,
Түс өмірдің сынына.
Сынына өмір, сынына!
Сынына тұрмыс, сынына!
Ақ иықша саңқылда,
Қимылда, тіл, қимылда!
Үзілдір әнді таңдай қақ!
Жұрт балардай бұлбұлға
Әлем аңыз етердей,
Жаңалық тап, жыр жырла.
Бояушы болма жөнсізге,
Ретімен сыр сырла!
Ісіңді үлгі етерге,
Тексер, терге көп қырна!
Сонда сөзің теңелер,
Бағалыға, шын пұлға,
Қолында қызыл орамал,
Замананың жыршысы,
Өзің салды бір руға,
Сондықтан сен алғыр тіл,
Тақылдаған жалғыз тіл.
Жалғыз емес миллионсың,
Қимылда енді қимылда!!
Күмісті өмір, алтынды ой,
Мен қазбасам, кім қазар?
Сөз гауһарын тізбектеп,
Мен жазбасам, кім жазар?
Кеше Октябрь туғансың
Болып еді құл азат,
Жүректі тербей, сыр бере
Болған жоқ па тіл азат.
Тау жаңғырта күй толғай,
Арқырады үн азат,
Ішінде бұққан миллионның,
Ақтарылды сыр азат.
Тіл музыка бой жазды,
Жыр құйылды жыр азат,
Күйші, ақынға қарады,
Ел ынтасы анталап.
Құйылмасқа немене?
Енді елің сүймесе,
Не таппақсың тақылдап?
Ешкімге мадақ енші емес,
«Ақын» деген, бір атақ.
Жырыңа енді, жырыңа!
Сырыңа бұрыл, сырыңа!
— Мөлтілде, сиям, мөлтілде!
Сөзді боя суыңа!
Қағазда ойна он саусақ,
Қалдырғандай бір мұра.
Жарысында жай озба!
Оқтай зула — зымыра!
Ағынды судай арқырап,
Ақындық күшім жиыла,
Сөз толқыны аузыма,
Құйыла берші, құйыла!
Алтынды асыл берместей,
Не болып еді жырыма.
Қағазға теңмін мен неге?
Қай «піріме» сыйына!
Байқайын деп барыңды,
Салдым әдейі қиынға!
«Жасасынды» жаудырып,
Кірмекпісің жиынға?
Онда сенде не баға?
«Тиынды» саттың — тиынға.
Үлгісіз пішкен шекпенсің.
Сәндігін өмір,
сынына!
Жырына дүние, жырына!
Ленин салған айқын жол,
Кімдер шаппақ бұрыла.
Бұрқырат шаңын даланың,
Тозаңын тықпа ығыңа!
Жауға қарсы қол салдым.
Қылышымның қынына.
Қыңына қылыш,қынына!
Сұмына дүние,сұмына!
Ақ алмасым жалтылдап,
Ұмтылдым міне суыра!..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?