Амангелді батырға Досай шешеннің берген батасы

 Амангелді батырға Досай шешеннің берген батасы

Уа, барша әлеумет,
Сардарға бата берейік.
Біріміз қалмай, бәріміз,
Батырға түгел ерейік.
Кәріміз бен жасымыз,
Патшаға қарсы аттанып,
Ер қаруы бес қару,
Бойымызға ілейік.
Бостандық үшін ту ұстап,
Батырға өміртілейік.
Қаһарман қол - сарбаздар,
Көк тілгендей жарқылдап,
Найзағайдай төнейік.
Қарсы келген дүшпанды,
Жермен - жексен көмейік.
Батыр киген ақсауыт,
Оқ дарысын демейік.
Алтын жапқан ақжебе
Көздеген жерден дәл тиіп,
Дәлдеп түйреп найзамен,
Жау қабырғасын сөгейік.
Алмас қылыш қолда ойнап,
Жауды өлімге бөгейік.
Батырға ерген ерлерге,
Батагөй болып жебейік.
Ата менен аналар,
Соңдарыңнан ереміз
Неге жүрсін демейік.
Боздақ үшін жанпида,
Көзіміздің қарасы,
Көңіліміздің санасы.
Өміріміздің мұрасы –
Жалғыз - жалғыз боздақты,
Жауға не деп береміз?
Бермейміз де ереміз,
Біз де қару қолға алып,
Атамыз тартқан сұр жебе,
Садақтан оқты себеміз.
Уа, халқым!
Көтеріңдер, қолдарыңды!
Өңшең жас ұландарым,
Жолдарыңа жан садаға,
Жараса жанды береміз.
Ботамыздан айырылып,
Бұл жерде не деп жүреміз?
Шыр айналып шырғалап,
Жандарыңда жүреміз.
Жасаған Ием жар бол деп,
Жанамыз да күйеміз!
Тілегімізді берер күн,
Алыс емес жақын тұр.
Бақыт күнін орнатар,
Ақсұңқар құс - алыбың,
Қол бастаған көсемің,
Қасыңда тұр анау батырың!
Батар күнмен батуға,
Атар күнмен атуға,
Тілектілеп, қол жайып,
Отыр мынау халқың да.
Құтты болсын бағыңыз,
Құтты болсын тағыңыз.
Ғаділдік қылып халқыңа,
Жаққан үстіне жағыңыз.
Патшадан көрдік зәбірді,
Қайғылы тұрған шағымыз.
Қайғыдан халқың арылсын.
Алтын ерлі ақ боз ат,
Астыңызда арысың.
15 мың сарбаз - қолыңа,
Қаһарман ерлік дарысын!
А, Құдайым оңдасын,
Барша әулие қолдасын!
Ғайып Ерен, Қырық шілтен,
Жан - жағыңнан қоршасын!
Күнің тусын оңыңнан,
Айың тусын солыңнан.
Ай мен күннің сәулесі,
Өмір бақи сөнбесін,
Қашанда болса жолыңнан!
Қолаң шашты қиғаш қас,
Ай мен күндей бір сұлу,
О да жүрсін соңыңнан!
Қабыл болсын бұл батам,
Пана болсын Хау Ана, Адам Атам!
Өзім өлсем артымда,
Сөзім қалсын халқыма!
Әумин!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!