Көз жасымен суарылған гүл

 Көз жасымен суарылған гүл

Қазақ халқы… Бұл атау қайдан шықты, қалайша бұл халық солтүстігінен оңтүстігіне қарай 1600, батысынан шығысына дейін 3000 шақырымға созылып жатқан дархан даланың иесіне айналды? Әрине, тарлан тарих беттерінде әлемге қонақжайлығымен танылған халықтың хандық болып құрылып, бір киіз үйдің бір шаңырағының астындағы ошақта бір алау болып тұтанып, түтін түтеткен уақыты 1465 жыл деп саналады. Бірақ, қалайша әр түрлі жерден нәр алған ағаштар бықсымай жанып, киелі шаңырақтан түтін болып шығып, кең далаға тіршілік тынысын сездірді?! Ол халықтың тайға таңба басқандай мәдениетінің берік, тілі, ділі, дінінің ортақ әрі рухани байлықтарының меңіреу жатқан кең сахара төсіне тезірек сіңісіп кетуінен болса керек.

Ел басына күн туса, толарсақтан саз кешкен батырлар, ертеден шапса, кеште озған, ылдидан шапса, төске озған ақындар жүріп өткен сартап жолдарды жас ұрпаққа әйгілеп тұрған суреткер дала қаншама ұлы оқиғаларды ішіне бүгіп жатыр десеңші. Сондай оқиғалардың бірі салт – дәстүріміздің қаймағы саналатын Оңтүстік Қазақстандағы тұлпарлар туған, сұңқарлар қонған Түлкібастың төрінде де болған-ды.

Түн. Айлы түннен сүт еміп, тыныштықтың тамыры соғып тұрған даланы Ақсу мен Жабағылы жоталары құшағындағы бесігіне таңып алып, үнсіз тербетіп тұр. Мүлгіген дала тыныштығын бұзып, киіз үйдің шұрық тесігінен бұзық май шам жарығы сығалайды. Май шам орнынан қозғалмай тұрғанымен, екі түрлі жұмысты бірдей атқарып тұр екен. Оның бірі түнгі аспанның ерке жұлдыздарына қыр көрсетіп, жерден жарық шашып, қайсарлығын танытса, екіншісі үстінде жатқан тіршілік иесін мәңгілік ұйқы сапарына аттандырған төсекті құшып, жылап отырған, жасы 24-25 шамасындағы, маңдайын кекілімен бүркеген, аққұба өңді, айдай көрікті қызды жалғыз қалдырмайын деп, нұрлы жарығымен бидай өріспен өрілген шашынан сипап тұр. Қыздың көз жасының бұлақ болып төгілуіне не себеп болды екен, әлде басына түскен қиындықтарының көптігін бетіне сызық болып түскен әжімдері көрсетіп тұрған, жасы 50-53 шамасындағы ер адамның көз жанарының көмескіленіп бара жатқанына қайғыра ма? Білмедім... осы кезде қыз жанарының астында көз жасына суарылып жатқан оң қолына бір затты қысып алған. Дәнге ұқсайды. Иә, шынында да гүлдің дәні. Қыздың қолындағы қандай дән, төсегінде жатып, дүниауи тіршілікке тәуелсіз сапарға аттанған адамның бұл қызға қандай қатысы бар..? Оны білу үшін қыздың өткеніне оралайық...

Сарша тамыз кезі. Құдайдың мейірі түскен жердің жасыл көйлегін бездеуге арналған әшекей секілді қызыл-сары гүлдер жер-дүниені қыздырған күн – әкесіне қарай мойындарын бұрып, тамсана қарап тұр. Бірақ, бұл маңда табиғат тамашасынан ләззат алып тұрған олар ғана емес екен. Шоқының үстінде өскен алма ағашының көлеңкесінде алаша төсеп, түскі ас ішіп отырған екеу күн шуағын бойына сіңіріп тұрған жер-ананың нәзік қыздарынан көз алар емес. Жоқ, біреуі ғана қарап тұр, екіншісінің жанары оларды көргісі келсе де, тек қараңғылықты көреді. Қос жанары тар қапасқа қамалған, өзіне қымыз құйып отырған, көздері құралайдың көздеріндей моп-момақан 15-тегі қыз әкесінің маңдайына түскен әжімдеріне қарасаң, көп қиындықты басынан кешкенін байқайсың. Мына отырған құс мамығындай жұмсақ қолдарымен қымыз сапырған қызы дүние есігін шыр етіп аша сала анасынан айырылып, аяулы мейірімінен тысқары қалып қойған. Бір уақытта ой тереңіне сүңгіп кеткен әкесі бойын жиып алып:

– Қызғалдақ, қызым, айнала қандай күйге еніп тұр? Маған суреттеп берші,-деді.

– Әке, хакім Абай жырлаған «Жазғытұры» өлеңіндегідей күйге еніп тұр. Сізге ана бір жолы оқып берген едім ғой, есіңізде ме?

– Ұмытып қалдым-ау, сірә. Қайтадан оқып берші.

Жарайды, олай болса, тыңдаңыз.

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

...Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер,

Анамыздай... (бұл сөзді айтқанда көңілі сәл жабырқап) жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіне аспан төнер.

– Шынында да, қазақтың бас ақыны – Абай. Оның даналықтары 100 ғасыр өтсе де, мағынасын, мәнін жоймайды. Ал, ендеше, қызым, дастарқанды жинап үйге алып кір.

– Жарайды, әке, сіз де үйге жүріңіз.

–Жоқ, сен жинап алып, үйге кіре бер. Мен көзіммен көрмесем де, жүрегім арқылы сезетін табиғат аясында бола тұрайын.

Осындай мамыражай сәттерімен жарастықта өмір сүретін әкесі мен қызы он жылды да артқа тастады.

Жер-дүниені қыздырып, тірі пенденің жұмысын қиындатқан қырсық күн өз ісіне енді ұялғандай болып баяу ұясына еніп барады. Осыдан он жыл бұрын Абайдың «Жазғытұры» өлеңін әкесіне оқып берген алма ағашының астында он жылға есейген, шашына таққан ауыр шолпыдан бойын тік ұстап Қызғалдақ бейтаныс жігітпен сырласып тұрды:

– Дінмұхаммед, мені кешір. Мен ешқашан асқар тауым әкемді ауру күйінде бұлай тастап кете алмаймын.

– Қызғалдақ, өмірден жалғыз өтпесің анық қой. Мен сені күтемін. Сен – менің өмірімнің қызғалдағысың. Шұбайқызылдан тапқан бақытымды енді ешкімге бермеймін.

– Дінмұхаммед, маған болған ізгі сезімдерің үшін мен де саған ризамын. Мен үшін, ең бастысы, әкем қиындық көрмесе екен. Оның қос жанары менмін. Менен қол үзсе, оның күні не болмақ?

– Иә, осылай бір-бірін сүйген қос ғашық көздің жауын алған Шұбайқызыл бөктерінде шырайлы сезіммен қимай қоштасты.

Осылайша Қызғалдақ әке махаббатын жоғары қойып, алдағы күндерге үміт артты. Себебі, оның жүрегінде әкесі – гүл, ал махаббаты – гүлге ынтыға қонған көбелек секілді еді. Ол жүрегіне егілген әке атты гүлді ешқашан жұлып тастай алмайды, себебі гүл тамырынан, тіреуінен айырылғанда солады.

Жанары жасқа толып, махаббатынан қол үзген Қызғалдақ үйіне келгенде, әкесі төсек үстінде жүрегін ұстап жатыр еді.

– Әке, саған не болды? Әке, мені жалғыз тастап кетпеші, өтінем сенен.

– Қызым, менің жүрегімдегі бір Тәңірінің өзі жаққан тіршілік оты сөне бастаған сияқты. Ол от сөнгенде, оны қайта тұтандыру мүмкін еместігін сен өте жақсы білесің. Сол себепті сен мына гүлдің дәнін ал. Осыны егіп, оны суарып жүр. Мен осы гүлдерге жоғарыдан күн болып, нұр шашып тұратын боламын, – деп, ауыр күрсініп, мәңгілікке көз жұмды. Сол күннен бастап Қызғалдақ ару әдемі гүлдің дәнін егіп жылай-жылай күндерін өткізеді. Әкеге деген сағыныш, сүйгеніне болған сезім мен алқызыл шоқының әсерінен қыздың жүрегін ән кернеді. Міне, Шұбайқызыл әні тұңғыш рет осылай туған еді.

Бүгінде әке аманаты орындалған. Түлкібастың төрінде Қызғалдақ қыздың көз жасымен суарылған қызғалдақтар күн шуағынан нәр алып өсіп, жауқазындардың ең әдемісі, патшасы саналып жүр. Тіпті, еш жерде кездеспейтін бұл гүлге шет елдіктер «Грейг қызғалдағы», «Кауфман қызғалдағы» деген атау беріпті. Қызғалдақ қыз өмірден озғанда жергілікті халық сұлулық пен махаббат нышанына айналған шоқыны қыз жүрегінен шыққан әсем әннің құрметіне Шұбайқызыл атаған. Бір қызығы, қызғалдақтар көз жасымен суарылғаннан ба, 40°С суықта, 50°С ыстықта да жайқалып өсіп тұра береді екен.

Көктем мезгілі. Күн-әке айналасын шуағына бөлеп тұр. Шұбайқызыл шоқысын тұтастай көмкерген Қазақ қызғалдақтары күнге қарап мойнын соза ұмтылып тұр.

1Қызғалдақ – қыздың аты

2Шұбайқызыл – әннің аты


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі