Бейбітшілік нұры тұнған көк аспан

 Бейбітшілік нұры тұнған көк аспан

Қашқынбай Кенжебек
11-сынып, Ақмола облысы, Бурабай ауданы,
Бурабай кенті Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебі
Жетекші: Искакова Сара Кагеновна

Пай! ПАй! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер.
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер.
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
М.Мақатаев
Қазақстан – Алтайдан Атырауға, Қаратаудан Көкшеге созылып жатқан қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы, ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең байтақ жер.
Жазира жерді мекендеген ата-бабамыз басынан қиын-қыстау күндерді аз кешірген жоқ. Жаугершілік замандарда қаншама батыр ұлдарынан айырылып, ұлы –құл, қызы – күң болып кетпесін деп, елін, жерін сақтап қалу жолында қаншама тер төкті. Ер басына күн туса етегімен су кешуге даяр ерлер ұлтарақтай жері үшін қасықтай қаны қалғанша аянып қалмады. Соның барлығы да жері, елі, ұрпағы үшін күресіп, жер жастанғандар. «Ер ел үшін туып, ел үшін өледі» деген мақал осыдан қалса керек. Тәуелсіздік жолында шейіт болған батырларын еліміз ұмытпай, тағзым етеміз.
Айдынды көлдер, асқарлы таулар, күні от шашқан шөлдер, арналы өзендер, ну ормандар, сылдырлаған бұлақтар Қазақстан жерінде. Даласы дархан, топырағы қасиетті, қойнауы қазыналы еліміз жерінің кеңдігімен, байлығымен мақтана алады.
Міне, ежелден еркіндік аңсаған қазақ халқы тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына табалдырық басты.
Тәуелсіздік! Қасиетті де құрметті осы ұғымның тереңіне зер салып, ой жүгіртіп көрейікші.
Қазақ елі ежелден басына пана болған мынау байтақ даласын қорғаумен келеді. Бұл ұлы далаға кімдердің көзі түспеді?! Алаш жұртымен екі ғасырдай соғысқан Ойрат ордасы, Абылайхан тұсында төрт ойратты түгел жұтқан Қытай империясы, одан бодандық бұғауын мықтап кигізген орыс патшасы, Оңтүстік өлкенің әбден зықысын алған Хиуа, Қоқан хандықтары. Осындай азулы жаумен арыстандай алысып, азаттық туын жықпай, ел тізгінін бермей, батырлар, хандар өмірден өтті.
Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозы-Бағы атты қоныста дербес хандықтың туын көтерді.
1723 жылы сау ете қалған қалың жоңғар бейқам жатқан бірліксіз елдің тоз-тозын шығарып, ел-жұртынан айырып, «Елім-ай» деп еңіретіп тентіретіп жіберді.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртыңнан айырылған қиын екен,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді, - деп қайғырып, қайың сауып,шөптің тамырын жеп, беті ауған жаққа босып кеткен елі үшін ет жүректері езілген Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты батырлар айбарлана жауға ұмтылды. 1986 жылғы желтоқсанның он алтыншы жұлдызында Алматыдағы Брежнев алаңында қазақтың сан ғасыр бойы күл астында бықсып жатқан қоламтадай булыққан ащы ызасы лау етіп, жалын боп аспанға атылды. Бұл жалын қызыл империяның күлін көкке ұшырар лаулаған өрттің тамызығы еді. Бұл күресте қыршын кеткен Қайрат, Ләззаттар халқымыздың азаттық үшін шалынған соңғы құрбандығы еді.
Озбырлық үшін тұншығып,
Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір шындық,
Ер Қайрат қыршын кеткен күн.
Қайғы езіп елдің еңсесін,
Міне, табалдырықтан аттаған жаңа жылмен келген ел тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы – азаттық ұранын ұрпағына ұлағат еткен бабалар үрдісінің жалғасы. Тарих үшін қас-қағым сәт азаттық аңсаған Алаш баласы ғасырдан қымбат, мың жылға айырбастамас – жиырма бес жыл! Ал ел тарихы бұл жиырма бес жылмен шектелмейді. Ғасырлар керуенінен түзілген тарих қатпарларында халқымыздың әлі де толық қатталмаған том-том шежірелері жатыр.
Бүгінде біз – тәуелсіздіктің берік тұғырына мінген егеменді елміз. Бейбітшілік нұры тұнған көк аспанда көк туымыз желбіреп, ұранымыз қалықтайды. Ұлан ғайыр кең байтақ жерімізде ұлты, діні басқа 130-дан астам ұлт өкілдері биік шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп жатыр.
Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етііп, абыройын асқақтатты. Осындай көшелі істердің жалғасы ретінде Қазақстан 166 жылдық тарихы бар EXPO-2017 көрмесін өткізуге бел буды. Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы»тақырыбын ұсынғаны белгілі.
Еуразияның жүрегі атанған Астанамызда Қазақстанның бірлігі жарасымды екенін дәлелдейтін тамаша Пирамида – келісім мен ынтымақтастықтың сарайы бой көтергеніне бірнеше жылдың көзі болды.
Қазақстан – бүгін, міне, жеке отау салтанаты жарасқан,
Бір отбасы, бір туысқан, бір-біріне қарасқан,
Тәуелсіздік астарынан барласқан,
Бір шынардың бұтағындай, күн нұрына таласқан, - демекші, бүгін міне достықтың туын тіккен, тәуелсіздігін алған Қазақстанымыз тіл мәртебесінің де туын биікке көтерген күн.
Еліміз Егемендік алған жылдардан кейін көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Өз тарихымыз, салт-дәстүріміз марапатталынып, Қазақстан Республикасының экономикасы, әлеуметтік тұрмысы тұрақты дамып келе жатқан Орта Азиядағы белді, беделді мемлекеттер қатарына қосылды.
Осындай Тәуелсіз, көркейген ел ішінде өмір сүріп, сапалы білім алып отырған біз, жастар, елдің болашағына жауаптымыз. Мәңгілік елді білімді ұрпақ қана жалғай алады. Ендеше, мол білімді ұрпақ – Қазақстан мына – біздер!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?