Баймолла Қареке ұлын жоқтау (Қазақ ауыз әдебиеті)

 Баймолла Қареке ұлын жоқтау (Қазақ ауыз әдебиеті)

Биссимилла сөзді бастайын,
Асығып айтып саспайын.
Көңілдегі шерімді
Ақтарып, жұртым, тастайын.
Арманда кеткен сабазым,
Аузымнан қайтып тастайын.
Жылаудан басқа шарам жоқ,
Қолымнан келер шамам жоқ.
Жыламайын десемде,
Қорланды көңілім амал жоқ.
Алдымда үлкен аға жоқ,
Бас болған әке, пана жоқ.
Кек алатын дұшпаннан
Ата менен баба жоқ.
Тым болмаса ақ, нақақ,
Айыратын адам жоқ.
Отыз да үш мың сахаба
Ол дүниеге көшіпті-ай.
Көптеген асыл сарбаздар
Бұл дүниеден өтіпті-ай.
Кеше де жүрген бәпиім
Ортамыздан кетіпті-ай.
Опасыз жендет мың шимай
Арманына жеткенін-ай!
Есіктің алды ұлын жар,
Айналуға болды тар.
Айналайын бапиім,
Бір көруге болдым зар.
Малым бір тауға өшіпті,
Түңлік бір бауын шешіпті.
Айламенен қу залым
Қолға алып, талай сарбаздың
Қанын судай шашыпты.
Көре алмай көзім қалды ғой,
Айта алмай сөзім қалды ғой.
Алдауменен өлтіріп,
Бір зынданға салды ғой.
Жолын тосып алды ғой,
Бара алмай елім қалды ғой.
Бір-ақ емес, он сегіз
Бәрі де сонда қалды ғой.
Асқар бір таудың басындай,
Бәрі де сайдың тасындай.
Бір көрге салып қор қылды
Үрімжінің басындай.
Солады көзім жылай-ай.
Қанды қан қашанда жібермес,
Жазасын берсін құдай-ай!
Алланың сүйген пендесі
Ақыреті нұр болар.
Пайғамбар өткен дүниеден,
Тағдырдан аман кім қалар,
Көкіректе шер қалар.
Қанауменен өткен соң,
Басыңда қайғы-мұң болар.
Орнына іздеп барайын,
Көз салып елім қарайын.
Бапиымды жұтқан жауыздың
Алла бір берсін сазайын!
Шашымды жуып тарайын,
Медет қып Алла қарайын.
Арманда кеткен бапиым,
Ұжмақтан болсын сарайың!
Әділ де заман келмеді,
Өмірден орын бермеді.
Күндіз бір түні қинауда
Жанға бір тыныш бермеді.
Қызыл тіл енді зарланба,
Асыл ер кетті арманда.
Дидарын Алла көрсетсін,
Ақыретке барғанда.
Алдымдағы тұрағым,
Ойланбай қайтып тұрамын.
Көңілімнің көні едің,
Сарқылмайтын бұлағым.
Пір пайғамбар Ыбырайым
Еске алып мойын бұрайын.
Артыңда қалған торы теңге,
Алладан медет сұрайын.
Жүз жиырма төрт пайғамбар,
Өлмейтін пенде қайда бар?!
Солардың бәрі өткенін,
Осыдан, жұртым, ойлаңдар.
Тура амалдан қалған жоқ.
Ажалдан өлсе, амал жоқ.
Ажалдан бұрын алған соң,
Ішімде қалған арман көп.
Көңілімнің күні едің,
Өмірге жаққан шырағың.
Иман беріп құдайым,
Ұжмақтан болсын тұрағың.
Көнбеске шараң жоқ екен,
Өлмеген соң шыдадым.
Әуеден ұшқан лашын,
Лашын жаяр құлашын.
Қинаумен алған залымның
Ұрпағы мендей жыласын!
Есіктің алды толды ғой,
Басыма қайғы салды ғой.
Екі шеше, төрт бала
Артыңда жылап қалды ғой.
Өзіңменен қоймастан,
Мал-мүлкіңді алды ғой.
Қосағынан айырылып,
Кіші шешем Наркесте
Жиырма жетісінде қалды ғой.
Керейдің биі Малиды-ай,
Сөйлесе, сөзі жағымды-ай.
Солармен теңдес бапиым,
Керей мен Найман тайындай.
Қазыбектен лақ биі—
Солармен теңдес бапиым,
Зарықтан көрді қандай күй.
Меркіттің биі Жаке би,
Сырлатып тіккен алтын үй.
Солардан теңдес бапиым,
Қалауда көрді қандай күй.
Өңірге ұзын тұрақ бар,
Тілеуін қабыл мұрат бар.
Жәкеден жалғыз Мұқаш бар,
Құдай-ау, соған қуат бер,
Бапиым еді кемеңгер,
Жылады, жұртым, демеңдер.
Жыламайын десем де
Шың шышай екен жемеңгер.
Сөзіне кезек бермеді,
Шындыққа орын бермеді.
Қинауға алып зарықпен,
Зынданға салып жерледі.
Орын бір алып қоймады,
Дүниеге көзі тоймады.
Мал-мүлікпен қазынаны
Оны да алды қоймады.
Халықтың жүгін арқалап,
Шыңжанға бас боп барып ед.
Алдауменен шың шишай
Қанды аузын салып ед.
Закария, Мами, Бейістай
Кеңеспен пішкен кейісті-ай.
Бейжінге бастап апарып,
Қазақ бір алған жеңісті-ай.
Өнер бір қойдың талантты,
Қолқауыз қойды талапты.
Бейжіңнен күрең тас әкеп
Қазақ біткен сізге қарапты.
Үрімжінің қаласын.
Жасаған әр ұлт баласын.
Оқуға түгел жинап едің,
Оқымасаң деп «қараң қаласың».
Жылқы ішінде септер көк,
Бәйгеге қостым жетер деп,
Үміттеніп жүруші ем,
Босанып бір күн келер деп.
Жан-жақты торлап алды ғой,
Құрығын басқа салды ғой.
Қара ниет, қу залым,
Бір ол емес,
Талайдың басын алды ғой.
Түнергендей туған жер,
Суалғандай шалқар көл,
Қабырғам кетті-ау, қайысып,
Құлаған соң асқар бел.
Сағынып та шөлдедім,
Дидарын да көрмедім.
Мен жыламай кім жылар,
Болмаса зиратын да көрмедім.
Ойпыр-ай, Алла, жалған-ай!
Жалғаннан көңіл қалғаны-ай.
Көре алмай қор боп бапиім,
Өмірім өтті-ау, армандай.
Айналайын, құдайым!
Бір өзіңе жылайын.
Қаралы күнді жамылып,
Басыма түсті-ау уайым.
Іші-бауырым езілді,
Ойласам, қайтіп шыдайын.
Елге де тыныш болып ед,
Кімнен бір ақыл сұрайын.
Кеуде толы қайғы деп,
Көзімнің жасын бұлайын.
Өртеніп барад өзегім,
Есімді қайтып жияйын.
Алланың ісі таңдандым,
Таба алмай ақыл сандалдым.
Келетін қолдан шара жоқ,
Бір Аллаға жол бардым.
Айналайын құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Артыңда қалған ұрпаққа
Өзіңнен медет сұрайын.
Қайғым болды жылымыз,
Көп жамағат біліңіз.
Көкірегіме шер толып,
Жылаумен өтті күніміз.
Бала-шаға жас құлын,
Ауырады жүгіміз.
Бәтиімнен айырылып,
Кетті ғой біздің шынымыз.
Жақсыны Алла қояр ма?
Жақсыны Алла қойғанмен,
Сұм қара жер тояр ма?
Бәтиімді ойлап жүдедім,
Тұншыққандай жүрегім.
Екі шеше, төрт бала
Не боларын білмедім.
Таралды Шыңжанға атың-ай,
Қағазда қалды хатың-ай.
Жылағанмен шара жоқ,
Оңғарсын Алла артыңды-ай!
Күнім бір оңынан туса екен,
Белін бір жұртым буса екен.
Бейуаздың ханы жібермей,
Жендеттің басын жұтса екен.
Торлаған аспан бұлтпенен,
Қозғалса халқым ұлтпенен.
Қанішер, залым, жендеттің
Төрт темірін құртса екен.
Жай оғы түскен жасылды-ай,
Жоғалттың талай асылды-ай.
Барлығын қайғы мұң басып,
Кегіміз тұр басылмай.
Қожанияз, Шәріпхан
Ардагер туған халқынан.
Осы асылдар қор болып,
Қамауда бірге зарыққан.
Солармен бірге бапиым,
Көрген бір күнін айтайын.
Он неше түрлі қинаумен
Өлтірді-ау, залым қайтемін.
Баруға жол бермеді,
Хат-хабар да келмеді.
Тым болмаса өлген соң,
Сүйегін де бермеді.
Қорқыс пен Санжы Арасан,
Шипалы сай Қарасан,
Сол жерлерден орын шолғызып,
Ел жұртына қарасқан.
Молладан білім, хат алған,
Жақсыдан ықылас-бата алған.
Қорқыста Қорен, Арасан,
Есімімен аталған.
Ел-жұртың отыр қия алмай,
Көзінің жасын тия алмай.
Қор болып өттің, қайтейін,
Қайда қалдың қаша алмай.
Тоқтатайын зарымды,
Силайын, жұртым, барымды.
Қадірлейін құрметпен
Ақсақалды кәріңді.
Бәпиім еді дарынды,
Ақылды туған жалынды.
Мұратыңа мұра боп,
Арнайын көпке барымды.
Тоқтау ғып енді жылайын,
Ақылға мойын бұрайын.
Жанашыр жақын ел-жұртым,
Өзіңнен ақыл сұрайын.
Көлге бір біткен құрақтай,
Бейістен енсін пырақтай,
Ниетімді Алла қабыл ғып,
Артына берсін құрақты-ай.
Медет бер, Алла, жылатпай,
Қол созып елден сұратпай.
Іште бір қалды ұрпағы
Екеуіне серік қып
Бере гөр, Алла, сол тұяқты-ай!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?