Жеңіс күні – абырой мерекесі

 Жеңіс күні – абырой мерекесі

Сағынтай Назгүл
7 сынып, Үшқұлын негізгі мектебі
Баянауыл ауданы
Жетекшісі: Шокаева А.А.

«Жеңіс» деген – жақсылықтың сыңары,
Жігер менен құштарлықтың құралы,
Күрескердің арманы мен ұраны,
Қуаныш пен мерекенің бұлағы.
Міне, биылғы жылы Жеңісімізге 71 жыл толмақ. Біздің бостандығымыз бен бақытымыз үшін, ел үшін, жер үшін күрескен ардагерлеріміз мәңгі естен шықпас. Жеңіс күні. Бұл күн адамзат қауымының есінен мәңгі кетер ме? Иә, ешкім де, ешқашан да ұмытылмақ емес! Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Оған 35 миллиондай адам қатысып, соның 20 миллионнан астамы құрбан болды. Қазақстандықтар бұл сында қаҺармандық көрсете білді. Соғыста миллиондаған әйелдер жесір, балалар әкесіз қалды, аналар ұлдарынан айрылды, соғыстың қайғысы өзегін өртемеген, оның құрбандығына шалынбаған отбасы қалмады. Ұлы Жеңіске ат салысуда тылдағы еңбекте апаларымыз бен аналарымыз уақытпен санаспай, ыстыққа күйіп, суыққа тоңа жүріп өз үлестерін қосқан. Алдыңғы шептен бой тасалау сияқты әдептер қазақтың майданда соғысқан ержүрек ұлдарына мүлдем жат болған. Бұған сол отты жылдарға «Правда» газетінде былай деген: «…Қазақтар майданда қаймықпай батыл соғысады» дей келе Одақтың бас газеті олардың ерлік ісқимылдарына дүркін-дүркін оралып отырған.
Осыдан 71 жыл бұрын бұл күні адамзат тарихы аңсаған жарқын күн, сарыла аңсаған сәт туды. Бұл бақыт Отанын шексіз сүйген, жеңіске сенімді ыстық жүректері лүпілдей соққан кешегі жігіт, бүгінгі айбынды тірек- өнегелі аталарымыздың арқасында келді. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлығы , олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі бүгінгі бейбіт күн жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Жеңіс күні – абырой мерекесі. Ұлы Жеңіске біз ерекше ғажап күшпен жеттік. Ол күш – бірлік, қаншама халық бір тудың астына бірігіп, күштерін бір арнаға салды! Ұлы Жеңіс - он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы! Соғыстың от-майданында жүріп «алты малтаны ас етіп», «толарсақтан қан кеше жүріп», елге жеңімпаз ретінде оралған олар соғыстың ерлік рухын, адам бойындағы бар қасиетке сын болған алапат қиыншылықта өзінің азаматтық арына дақ түсірмей, тіпті дәлірек айтсақ қазақ ұлты ұландарының ерлігі мен мәрттігі, жанкештілігі мен төзімділігі туралы бүгінгі ұрпаққа жеткізген кешегі өткен Бауыржан Момышұлы мен Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев бастаған жазушылар мен ақындардың шығармашылық ерлігін, бүгінгі ортамыздағы қайырымдылық пен әділдіктің, патриоттықтың жыршысы мен күзетшісіндей Әбдіжәміл Нүрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев, Қалмұқан Исабаев және басқаларды айту парыз.
Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500-ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Қазақстанда жасақталған 316 атқыштар дивизиясының (командирі генерал – мойор И.В.Панфилов) бөлімшелері 1941 жылдың 16 қарашасында Мәскеуге өршелене ұмтылған неміс басқыншыларының тегеурінді шабуылын тойтарып, жанқиярлық ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Волоколамск тас жолындағы Дубосеково бекетін қорғаған атақты 28 –ші панфиловшылар сапында Н.Есболатов, Ә. Қосаев, А.Қожабергенов, М.Сеңгірбаев сынды қазақ жауынгерлері қаһармандықпен шайқасты. Осы жылдың 18-21 қарашасында Мәскеуді жаудан қорғау шайқастарында ботальион командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлының сарбаздары асқан ерлік көрсетіп, даңққа бөленді. 1942 жылы Бородино селосының маңындағы қиян-кескі ұрыста қазақ жауынгері Т.Тоқтаров ішін оқ тіліп, ішек-қарны ақтарылып түссе де атысты тоқтатпады. Арыстанша алысып жүріп, 49 фашисті жер жастандырған Төлегеннің ерлігін асқақтатқан «Жас қазақ» әні бүкіл майдан даласына жайылды. Тарихқа «Сталинград шайқасы» деген атпен енген алапат ұрыс 6.5 айға (1942 жылдың шілдесінен -1943 жылдың ақпанына дейін) созылып, ақырында, неміс басқыншыларының бетін қайтарып, меселін басқан бетбұрысты кезеңге айналды. 1943 жылы Невель қаласы үшін ұрыста пулеметші Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапты. Оған Кеңес одағының Батыр атағы берілді. 1944 жылы жойқын шабуылға шыққан Кеңес әскерлері 900 күн жау құрсауында қалып, адамзат тарихы білмеген азапты күндерді бастан өткеріп жатқан Ленинград қаласын азат етті. «Ленинградтық өренім» деген жыр жолдап, аштық пен жалаңаштықтан қиналған қала тұрғындарының жігерін жанып, рухтарын көтере білді. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды. Шығанақ Берсиев сияқты еңбек ерлерімен қатар иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді?!
Мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыз фәни өмірден баз кешіп, бақилық болып жатыр. Әйтсе де, Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі, Қаныш пен Әлкей білімі, Мұхтар мен Ғабит, Ғабидендердің үні, Дінмұхаммедтің парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге.Отан үшін ерлікпен қаза тапқандарды ел әр уақытта да есінде сақтайды. Өйткені олар біздің бақытымызды қорғады. Отан үшін, ел үшін құрбан болды! Соншама жыл өтсе де, біз оларды үнемі еске аламыз. Батырлар туралы ән шырқаймыз, олар жайында ақындар мен жазушылар өлең, әңгіме, кітап жазады. Міне, біздер олардың ерлігін кітаптан оқимыз. Біздерден кейінгі ұрпақтар да қолыннан бұл кітапты тастамайтын болады, солар сияқты ер болсам деп армандайды. Оларды еш уақытта ұмытпайтын боламыз. Олардың қазақ жері үшін жасаған ерлігі шексіз. Біз қазір ардагерлердің арқасында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біздің осындай ержүрек қазақ батырларымыз баяғы заманда болмаса, мүмкін біздің өміріміз қазір осындай болмас еді. Сондықтан біз оларды құрметтеп, ұмытпау, қастерлеу керекпіз!
Ұлы Жеңіске 71 жыл. Осы санның астарында талай адамның өмірі, қоғам өзгерістері жатыр десеңізші?! Елі мен жері үшін жанын пида еткен ағаапалар рухы ұрпақ санасынан ешқашан өшпей, оларға әрқашан үлгі-өнеге боп қалары анық.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?!
Ол ақшаға сатқан сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын, - деп Әбу Сарсенбаев ақынымыз жырлағандай, олардың Отанға деген ыстық сүйіспеншілігі мен ерлігі артында қалған біздердей ұрпағына әрқашан айбынды да ержүректік үлгісі болып қала бермек. «Кез келген мемлекеттің қуаттылығы оның әскери күші мен табиғи байлығында емес, ұлттық рухының күштілігінде. Ұлы Отан соғысына қатысқан біздің апа-ағаларымыз да елін шексіз сүйген, асқақ рухы биік, туған жерінің намысын ту еткен жандар. Олар қандай құрметке де лайық...» -деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай қазақ қазақтығын Ұлы Отан соғысында, Тәуелсіздік жолында ерекше көрсете білді. Жеңіс-бұл қаһарлы 1418 күнді бастан кешкен жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің бойындағы бүкіл күшқуатын жұмсап жеткен ұлы мерекесі.
Отанға адалдық Ұлы Жеңістің 71 жылдығын атап өту, жауынгерлерді еске алу, ерліктерін насихаттау Қазақстанда патриотизмнің қалыптасуына септігін тигізері сөзсіз. Біз Жеңіс күнінжақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына бас иіп, олардың ерлігін құрметтеу – кейінгі буынның азаматтық парызы.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі