Жаужүрек жауынгер

 Жаужүрек жауынгер

Қасым Таңшолпан
Қостанай облысы, Рудный қаласы Ы.Алтынсарин атындағы
Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледж 3-курс
Жетекшісі: Жайлаубаева Индира Жубаткановна

Данагөй халқымыз «Ел басына күн туғанда, ер етігімен су кешеді» деп бекер айтпаған.Елі үшін туған ерлер қалың қазақтың ортасынан оза шығып , отты майдан шебінде қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып өз Отанын қызғыштай қорғай білді. Халқымыздың маңдайына біткен ,елі үшін туып ,елі үшін жанын пида еткен жаужүрек жауынгерлері жетерлік .Осындай қаһарман ұлдардың бірі де бірегейі - Сұлтан Біржанұлы Баймағамбетов.Оны бүгінгі ұрпақ Ол 1920 жылдың сәуір айының 1- інде (кейбір деректерде 21 ақпанда) Әулиекөл ауданының Қояндыағаш ауылында шаруа отбасында дүние есігін ашқан.Орта жүздің Байғұлақ руынан шыққан.Жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татып, ес білген шақтан бастап аяулы апасы Зейнептің қолында тәрбиеленіп өскен.Себебі мына жалған өмірде жанына ең жақыны-ата-анасы - қалың қазақтың көгіне қара бұлт үйірілген ашаршылық жылдарында дүние салған екен.
1937 жылы Қояндыағаш ауылындағы Сұлтан оқыған мектеп төтеден келген тілсіз жаудың кесірінен отқа оранады.Амалдың жоқтығынан бала Сұлтанға ауылынан 7 шақырым шалғай орналасқан Қарақалпақ жеті жылдық мектебінен білім алуға тура келеді . Ең қызығы, болашақ батыр жас күнінен өжет,өршіл, қатал мінезді болған. Бала Сұлтанның мінезінің қиқарқылығы мен қыңырлығы оның 7 сыныпта оқуды еріксіз тастауына себеп болады.Мектептен шыққаннан кейін ,бір айдай оқымаған Сұлтан апасы Зейнепке шаруашылық жағынан көп жәрдемдеседі.Кейін сол жылы арада көп уақыт өтпей-ақ Сұлтанды Әулиекөл орта мектебіне 5 сыныпқа қабылдайды.Аталмыш мектепті ойдағыдай аяқтаған соң , отбасылық жағдайдың қиындығы мен түйткіл тіршілік тауқыметі әрі қарай білім қуып , арман-тілектерін жүзеге асыруға кедергі жасайды.Жасынан еңбекке қатты құштар Сұлтан пошта бөлімшесіне есепші болып ,жұмысқа орналасады. Араға көп уақыт салмай өз қызметін жауапты орындай білгендіктен, оны Құмсу ауылына пошта бөлімінің басшысы етіп тағайындайды.Кейін Әулиекөл ауылына көшіп келеді.
Батыр ұлдың жалынды жастық шағы әлемді дүр сілкіндірген 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысымен тұспа –тұс келді. Сұм соғыс халқымыздың басына төнген ең ауыр күндер болды. Ел қатарлы жаужүрек Сұлтан да 1940 жылдың қазан айында Қызыл Армия қатарына шақырылады. Ол полктік мектепті аяқтайды.
1941 жылдың маусым айынан бастап отты майданның бел ортасында жүреді. Ең алғашқыда мергендер ротасында ,кейіннен пулеметшілер бөлімшесінде қызмет етті.
Жыр алыбы Жамбыл атамыз жалынды жырға қосып жырлаған Ленинградты қанқұйлы фашистерден азат етуде Сұлтан Баймағамбетовтің де өз үлесі бар. Ол сол кезде 43 атқыштар дивизиясына қарасты 147 атқыштар пулеметшілер полкінің бөлімшесінде командир болды . Батырдың қайтпас қайсарлығын мына тарихи маңызы зор , майдандас досы Ханиф атаның естеліктерінен анық байқауға болады. «Баймағанбетов екеуімізде қалғаны бірнеше граната ғана. Біздің рота алға ұмтылайын десе, пулеметтен атқылаған оқ мұрша берер емес. Сол кезде Сұлтан : «Мен гранаталармен кеттім » , - деді ... Ол алты гранатаны алып,үздіксіз атқылап жатқан дзотқа қарай жылжи жөнелді.
Мен Сұлтанның амбразураға қарай байқатпай өтіп, бірінен соң бірі екі гранатты қалай лақтырып жібергенін анық қөрдім. Пулемет үнсіз қалды . Бірақ үнсіз қалған дзотқа таяу жерде өзгелер оқты қарша боратып жатты. Баймағанбетов жақын орналасқан дзотқа еңбектеп келіп, тағы да екі гранатаны лақтырды.Оқ толастар емес. Сұлтан одан сайын жақындай түсіп ,үшінші гранатаны сермеп қалды . Өте сәтті шықты .Граната амбразураға дөп тиді.» 1943 жылдың 22 маусымында кезекті Ленинград түбіндегі шайқастардың бірінде 50- ден астам қаһарына мінген ашулы дұшпанды батылдықпен жер жастандырды. Батырдың майдандасы және соңғы ұрысқа қатысушы Ханиф Гайнутдиновтің хатынан үзіндіде :«Сұлтан Баймағамбетов –менің майдандас жолдасым,біз онымен бірге көптеген ұрыстарға қатыстық.Былайша айтқанда , біз оны Сұлтан емес , көбінесе Саша деп атайтынбыз.Сұлтаннан гөрі оған осы бір қарапайым орыс есімі қаттырақ ұнайтын.Егер қайсы бірінің оны өз есімімен шақырар болсақ,ол саусағын шошайтып: - Тыныш! Құдай сақтасын,орыстар көмекке қайдағы бір сұлтанды шақырып жатыр деп,шу шығарып жүрер,-деп әзілдейтін» Бұдан С.Баймағамбетовтің әскери достарының ішінде сыйлы да ақжарқын жан болғанын аңғартады. Сол жылдың 25 шілдесінде Сұлтан Баймағамбетов жаудың арнайы салынған қорғаныс ұясының оқ жаудырып тұрған аузын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапты. Жүректі жауынгер орыс халқының ержүрек ұлы, Кеңес Одағының Батыры Александр Матвеевич Матросовтың ерлігін қайталады. Сол кезде ол бар болғаны 23 жаста ғана еді. Әттең ,сұм соғыс жасқа да, кәріге де қарап жатпады...
Елі үшін өз жанын пида еткен батыл жауынгер ерлігі ұрпақ жадында мәңгіге жатталғандай.Себебі сол бір отты жылдарды көзімен көріп ,жүрекпен сезіне білген асқар таудай аталарымыз бен аяулы апаларымыз тарлан тарихтың ақ парағында өшпейтін сиямен жазылғандай , ешқашан ұмытылмақ емес... Батырдың ерен ерлігі бағаланып , 1944 жылдың 21 ақпанында КСРО Жоғары Кеңесі Президумының шешімімен Сұлтан Баймағанбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. С.Баймағамбетовтің жанқиярлық ерлігіне көрші Ресей халқы тәнті болып, қаншама жылдар өтсе де,ерекше құрметтейді. Батыр рухына деген ерекше ілтипат сөзбен емес, іспен дәлелденуі мақтауға тұрарлық игі іс.Соның бірнешеуіне тоқталатын болсақ, 2001 жылы Санкт Петербург қаласының жанында орын тепкен Киров қаласындағы гимназияға батыр есімін берген болатын.Ал, білім ошағының ауласында Сұлтан атаға арнайы ескерткіш орнатылған.Тіпті ең қызығы аталмыш қаланың тұрғындары қазақ халқының ержүрек ұлының ерлігіне бас иіп, тағзым ету мақсатымен Қостанайға арнайы ат басын бұрып келгені көңілге ерекше серпін беріп, бойды мақтаныш билейтіні жасырын емес...
«Ер есімі –ел есінде» деген осы шығар, сірә! Қазақтың қаһарман ұлының есімі кіндік қаны тамған туған жерінде де ескерусіз қалған жоқ. Себебі, Қостанай қаласындағы орталық көшелердің бірі және Әуликөл ауылындағы орта мектеп батыр есімімен аталып, ескерткіш тұрғызылған.Елі барда ері ешқашан ұмытылмайтынын сөзсіз ұғынуға болады.Тіпті талантты режиссер Ерсайын Төлеубай батыр ерлігін насихаттау,ұлы ерлікті ұмытпау және дәріптеу мақсатында сахна төрінде «Ер Сұлтан» пьесасын қалың жұртшылыққа көркемдеп ұсынды.Әйтсе де қаншалықты ұлы батырды ұлықтадық , есімін ұмытпадық десек те ,әлі де кемшін тұстарымыз бар.Ол Сұлтан Баймағамбетов есімінің халық арасында аз насихатталуы деп топшылаймын.Себебі осы мақаланы жазуда Сұлтан Баймағамбетовтің өмірі мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі жайлы ана тілімізде материалдардың жоқтығы батырдың тұлғасын толық ашуға қиындық тудырды.Мұндай мәселемен менен бұрын да зиялы қауым өкілдері бетпе-бет кездескен. Оған дәлел еңбекқор режиссер Ерсайын Төлеубайдың мына сөзінен-ақ мәселенің мәнін түсінуге болады. «Көше мен мектептің атын бергенімен Сұлтан Баймағанбетов жайлы деректер тым аз. Яғни оның ерлігін насихаттау жағы жетіспейді. Қандай да мықты адамның ұлы тарихы сол ұлы істі атқарған кезінен емес, туған жерінен, туған аулының, өскен ортасынан бастап жазылады. Мен міне осының бәрін енгіздім. Ал өзінің архивін мен Алматыға барып қарадым. Екі-үш бет қағаз ғана.Сондықтан туынды көркем шығарма түрінде жазылған. Мұндағы кейіпкерлердің дені автордың қиялы мен пайымдауларының жемісі.» Болашақта жерлес қаламгер жазушыларымыз қарымды қаламымен , Отанға деген шынайы сезімнің әсерімен батыр атаға арнайы естелік кітап шығарса да аздық етпес, сірә! Жүйткіген уақыт ешкімге жеткізер емес... Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл толды.
Бұл- сол кездегі Кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін жас ұрпаққа насихаттайтын ,тарлан тарихта мәңгілік қалған күн. Ұлы Жеңіс жолында қыршынынан қиылған жерлесіміз Сұлтан Баймағамбетовтің ерлігі ұрпақ жадында және Ұлы Отан соғысының қатпарлы парақтарында мәңгіге қалмақ!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі