Ұлтқа төнген ұлы қасірет

 Ұлтқа төнген ұлы қасірет

Каримова Назерке
студентка группы ШТ-13-1 Карагандинского колледжа актуального образования «Болашак»
Карагандинской области
Руководитель: Адамова Галия Шакеновна

Әлі есімде, біледі жұрт, біледі,
Ел басына қатер төнген жыл еді.
Қимастарын қан майданға ұзатып,
Қарс айырылған аналардың жүрегі.
Аманжол Шамкенов
Соғыс –барды жоқ ететін, тауды жер ететін, жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын ажал. 1941 жылда бастау алып, бүкіл КСРО қарамағындағы халықтың, оның ішінде қазақ халқының басына төнген бұл зұлмат та ұлы қасірет әрқайсымыздың жүрегіміздің төріне ұмытылмастай, ойып тұрып жара салды. Отан деп жүректері қарс айырылып, кіндік қаны тамған жерлерін қорғау үшін әкелеріміз, аға- бауырларымыз, тіпті апаларымызға дейін қолдарына қару алып, жалындаған жастық шақтарында қасиетті Отанымызды, туған өлкені қаңқұйлы жауға таптатпас үшін өрт пен оқтың арасындағы қанды кешуге аттанды. Асқар таудай әкеден, адал жардан, бауыр еті балаларынан айырылған ана байғұстың басына барлық ауыртпашылық түсті. Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр, азапты күндер болды. Төрт жылға созылған соғыстың көрсетпеген қиындығы, жетім- жесірді жылатпаған күні болмады. Майдан алаңына аттана алмай қалған қарттар, жас жеткіншектер мен денсаулығы жарамаған азаматтардың өкініштен өзектері өртенді.
Соғысқа жолдама ала алмаса да, соғыстағы қандастардың аман- саулықтарына тілеулес болып, қолдарынан келген қандай болмасын көмек қолдарын созуға ұмтылды. Иә, шынымен де ұрыстағы жауынгерлер ғана емес, сонымен қатар,туған елдің түтінін түтіндетіп қалған қарапайым халық та басынанқиын күндерді өткерді.Қанды қырғында ерлік үлгілерін көрсетпесе де, уақыттың қай мезгілі екеніне қарамастан ақ жаулықты аналарымыз, бесіктен белдері шықпаған өрімдей жас жеткіншектер аянбай еңбек етіп, майданға, яғни жеңісті жақындатуға бір түйір болсын дән жіберіп отырды. Қолдарына қару алмай, танкі мен ұшақта ұшып, соғысқа қатыспаса да, айыр, шалғыларын алып тылда еңбек етті. Тылдағы еңбеккерлер майдандағы батырлардың шығынымен қоса өздерінің де жағдайларын жасап отырды.Шаруалардың көбісі ақ жаулықты әжелер,ардақты да аяулы аналар, қыз-келіншектер болды.
Соғыс қырғыны күннен күнге ұлғайып, қара шаңыраққа жеткен қаралы хабарлардың саны да көбейді. Бейшара кейуана мен жесір қалған келіншектің қайғысы бір үйді ғана емес бірнеше отбасының басынан өтті. Бұл хабарды бір үйдің адамындай болып барлық ауыл адамдары қайғыларына ортақтасып, жұмыла көтеретін.
Қара қағазды алмаған ана шіркіннің жүрегінде үміт оты лапылдап, жалындап тұратын еді. Адамзат тарихында болмаған бұл қаһарлы, қанды қырғын, сұм соғысты тек қазақ халқы ғана емес, туған жерлерінен қоныс аударып келген басқа да ұлт өкілдері бастарынан кешті. Баспанасыз қалған адамдар мен жетімжесірге қонақжай халқымыз басқа түскен ауыртпашылыққа қарамастан құшақ жайып, бауырларына басып, бір үзім нанды бөлісіп жеп, бір үйдің адамындай, бауырдайболып кетті.
Ел басына туған қатерлі шақта Кеңес Одағының әскерлерімен кеуделерін от пен оққа тосқан миллиондаған ержүрек жерлестерімізБрест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Отанымыздың азаттығы мен тәуелсіздігін жан тәндерімен, қасық қандары қалғанша, қаһармандықпен қорғады. Қиян-кескі ұрыстарда ерліктерімен көзге түскен Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Қасым Аманжолов, Нүркен Әбдіров,Нұржан Қазыбеков және тағы да басқа қазақ батырларымыздың саны шексіз. Найзағайдай жарқылдаған отты ойы бар, қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін, ұрпақ мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жаратын әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш, Ұлы Жеңіске қаруымен де, қаламымен де үлес қосқан Бауыржан Момышұлы есімі, ерлігі мен үлгі- өнегесі жас ұрпақтың санасы мен жүрегінің төрінде.
Сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталуын күткен халықтың арманы орындалып, 1945 жылдың 9 мамырында қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев рейхстагқа ту тікті. Көптен күткен бұл жеңіс туы жалындағанда халықтың арқасынан ауыр жүк түскендей болды. Батырларымыз «Ұлы Отан соғысы батыры», «Еңбек ері», «Кеңес Одағының батыры» , «Қызыл жұлдыз», «Даңк» ордені атақтарына ие болып, медальдарын кеуделеріне тақты. Қан майданның қақ ортасында жүріп шайқасқа түскен, бейбіт күнді аңсап, жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан бірден бір адам ол менің туып өскен Нұраталды ауылымның тумасы, Ұлы Отан соғысы ардагері, үш мәрте Даңқ орденінің иегері Ботай Байзақов. Ботай Байзақов атамыз 20 жасында әскери ант қабылдап, алғашқы соғыс қимылдарына барлаушы ретінде Москваның оңтүстік батысындағы аудандарда қатысып, 286-ші атқыштар дивизиясының 860-ші полкінде пулеметші, бронь талқандаушы және атқыштар бөлімінің командирі қызметін атқарыпты.Ботай Байзақов 1995 жылдың 22 тамызында бақилық болды.Ол кісіні көзім көрмесе де, осы полкті басқарып жүріп, жаумен айқаста талай жеңіске жеткенін, ерлігі жайлы ауыл үлкендерінен, балалары мен немерелерінен еститінмін. Үш Даңқ орденінің иегері, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Қызыл жұлдыз» медальдарын төсіне қадаған ардагер, ауылға аман - есен келгеннен кейін қираған колхозды аяғынан тік тұрғызуға басшылық жасап, талай марапатқа ие болған екен. Есімде, мектеп қабырғасында оқып жүргенімде 9 мамыр жеңіс күніне арналған салтанатты жиындарда әрдайым Ботай атамызбен басқа да ардагерлерді еске алып, гүл шоқтарын ескерткіш басына қоятынбыз. Ауылымыздың мектебі мен бір көшесіне Ботай Байзақов есімі берілген.
Ерліктің нышанына айналғансың,
Мың жылда бір туатын дара жансың.
Ботай ата,батырлығың үлгі бізге,
Бір өзіңе тәңірдің нұры жаусын!
Дәл өзіңдей батырды елі сүйген,
Өзің жайлы жыр жаздым жүрегіммен.
Өмірден өткенменен, батыр ата,
Халықтың жүрегінің төріндесін.
Ашық аспан аясында тату өмір сүруіміз, тәуелсіздікті тізгіндегеніміз, тыныштықта күн кешуіміз ең алдымен жаратқан иенің, екіншіден соғыс майданында жандарын қиған ата-бабаларымыздың арқасы деп білемін. Олардың саны күннен күнге азаюда, қанша ғұмырлары қалғаны белгісіз.Кей кезде жаңалықтардан ардагерлерімізді соққыға жықты, тонап кетті деген суық хабарларды естігенде жүрегім қанжылайды. Неге бізге, ұрпақтарының қамы үшін өз жандарын қиған ардақты ата - апаларымызды құрметтеп, төбемізге көтермеске?
Сөз соңында, Жаратқан иеден соғыс оты қайта өршіп, бейбіт елдің балалары жауыздықты көрмесе екен деп тілеймін. Мен жеңімпаз әкелеріміздің, достық пен татулықты қастерлеген аға буынның жалғасы екенімді ардақ тұтамын. Миллиондаған адамның қаны мен жасы төгілген бұл ұлтқа төнген ұлы қасіреттің келешек ұрпақтың жады мен жанына салған жан - жарасы ешқашанда ұмытылмақ емес.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі