Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс!

 Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс!

Мәулен Ақниет
А.Үсенов атындағы жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы
Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы
Жетекшісі: Қияқова Гүлсара

Жеңіс! Қандай құдіретті сөз еді бұл! Осы бір сөзге төрт жылдай теңселген дүниенің қайғы қасіреті, ащы азабы, тәтті арманы, ой-қиялы сыйып жатыр.
Жеңіс! Кімде болса жеңіс туған сәтті өз өмірінің ең бақытты күніне санайды. Жеңіс! Сенің жолыңда қаншама қанды лайсаң қалды, сенің жолыңда қаншама қаһармандар қалды. Сол обаларда отыздап, қырықтап жауынгерлер жатыр. Сол обаларда жанып тұрған жұлдыздар - ер ұлдар мен қыздардың жүрек қандары емес пе!? Сол обалар етегінде оттай жанып тұрған гүлдер мәңгі өшпес ел махаббатының белгісі емес пе?
Майдан кешкен окопта сан түнеген,
Батыр туған бабалар салтыменен.
Қаруластар ел үшін ұрандаған,
Намыс болып шайқаста алаулаған
От пен жалынға оранған 1418 күн мен түн... Оның әр минуты, әр сағаты қауіп-қатерге толы болғанын сол жылдары қолына қару алып,Отан қорғауға аттанған майдангер ағаларымыз бен апаларымыз жақсы біледі. Жеңіс оңай келген жоқ. Жұдырықтай жұмылып, анталаған жауға қарсы тұра білудің арқасында ғана мүмкін болды. Асқан ерлік көрсетіп, Жеңіс күнін жақындатқандардың ішінде қазақстандықтар да көп еді. Олардың арасында соғыс техникалары мен құралдарын ұршықша үйіріп, жете меңгерген жандар да көптеп шықты. Оған ұшқыш, танкист, артиллерист, барлаушы, байланысшы, партизан, мерген сияқты сан түрлі мамандықтарды игеріп, жаудың бетін қайтарған ер-азаматтардың ерлігі куә бола алады. Ерлік пен қаһармандықтың теңдесі жоқ үлгісін көрсеткендердің алдыңғы шебінде ұшқыштар жүреді. Жалпы бұл соғыста жаужүрек 2420 ұшқыш Кеңес Одағының Батыры атағын алды.Тарихи ақиқатқа сүйенсек, 500-дей солдат пен офицер, оның ішінде 101 қазақ Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атаққа ие болды. Солардың қатарында мұндай айрықша атақты екі рет алған ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда, бір мәрте ие болған Нүркен Әбдіров пен Михаил Янко, араға ұзақ жылдар салып барып ұлы ерлігі мойындалған Бақтыораз Бейсекбаев пен Хиуаз Доспановалар бар. Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ даласының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовтың жеке қаржысына әскери ұшақ жасалып, ол ұшақ 701авиаполктің ұшқышы Қажытай Шалабаевқа тапсырылғанын жұртшылық жақсы біледі. Қажытай сол ұшақпен екі жылда 217 рет, оның ішінде 120 рет түнде ұшып, жау нысандарын бомбалап қайтқан. 1941 жылдың 16 маусымы күні қазақ ұшқышы, Алматы облысы Балқаш ауданының түлегі Бақтыораз Бейсекбаев жанып бара жатқан ұшағын жау техникасы шоғырланған жерге бағыттап қайтыс болады.иТарихи әділеттілік тек 56 жыл өткенде орнап, Бақтыораз Бейсекбаевқа Кеңес Одағының Батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы беріледі. Қыран тектес болмыс. Иығына планшет асып, басына шлем киген ұшқыштардың ұшағына отырар кезде бір мезет жымия күліп, қол бұлғағанының өзін олар жақсы ырымға балайды екен. Соғыс өрті күйіп-жанып тұрғанда, қиян-кескі шайқасқа кірісер алдында ұшқыштар ең қымбат жәдігер затын өздерімен бірге алып ұшатын болған.Қазақтар «сын сағатты жеңілдетеді» деп туған жердің топырағын мойнына бойтұмар қылып тағып немесе жан қалтасына салып ұшқан деседі. Бірақ оны ешқайсысы тіс жарып айтпаған. Қайталанбас қаһармандықтың мұзбалағы – ұшқыштар да сенім деген қасиетке бас иген ғой.
Жоқ, болмайды, мен өлмен,
Өшпес менде өмір бар.
Өліммен өмір күресте,
Өлімді өмір жеңе алар.
Біз алмастай қамал жоқ,
Дүлей дауыл соқса да.
Жеңбестей еш күш жоқ,
Алысса да, атса да, - деп жырлаған батыр да ақын ағамыз Баубек Бұлқышев осы қанды соғыстың құрбаны болды. Қанды майдан даласында қазақ қаламгерлері де қару мен қаламды қатар ұстап, сұрапыл жорық жолдарынан өтті. Амангелді секілді халық батыры атанған Бауыржан Момышұлы, ерлігі Алтын жұлдыз болып жарқыраған Мәлік Ғабдуллин бар еді. Жалында жанып өлген Абдолла Жұмағалиев, қамал бұзар қаһарлы сөзімен халық жадында қалған Баубек Бұлқышевтарды біз қадір тұтып, әр уақыт рухтарына бас иеміз. Олардың рухы жеңіс салюттерінің оттарымен бірге жүзеді. Жерде гүл болып жайқалады. Әдебиетте жарқ етіп көрініп, жұлдыздай тез сөнген Баубек Бұлқышев ағамыз небәрі 28 жыл ғана өмір сүрді.
Ол 1916 жылы Ұлытаудың бауырында, Қарағанды облысында дүниеге келді. Ауыл мектебінен білім алды. Оның өмірі нағыз жас адамның жалындаған өмірін елестетеді. Баубек жасынан алғыр, өжет болып өсті. 1932 жылы Қарсақбай зауытындағы фабрика –зауыт училищесінде оқыды. Нақ осы жылы әкесі мен шешесі қайтыс болады. 1935 жылы оқу іздеп Алматыға келеді. 1938 жылы есеп-экономика техникумының ІІ курсын бітіріп, қазақтың мемлекеттік баспасында іс басқарушы болып уақытша жұмыс істейді. Осында жүріп «Айсұлу» деп аталатын ұзақ поэмасын аяқтайды. Майдан даласында жүріп өзінің ызасы мен кегін өлең жолдары арқылы қардай боратты. «Комсомолская правда» газетіне майданның алғы шебінен жіберілген көсемсөз туындылары - «Шығыс ұлына хат», «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді», «Жауыздық пен махаббат», «Қымбатты украин қызы» кеңес адамдарының жан жүрегін тебірентті. Солардың бірі украин қызы Евдокия Дубина авторға былай деп жазды: «Сен қазақсың мен украин қызымын. Мен сені шексіз сүйемін, өйткені сен өнерді сүйе білдің, әрі композитор болуды армандадың. Елін сүйген құрметті қазақ жауынгері, аман бол. Бар күш– жігеріңмен фашист жендеттерін талқанда. Ал егер сен қатардан шығып қалсаң, сенің орныңа мен барамын, өзіңе ұқсап жауға ойран саламын». Соғыс... сұрапыл соғыс қанша үйдің адамын ұрлады, қанша үйде оттар сөніп қалды, қанша аналар ұрыс даласынан келген қаралы қағазға сенбей ұлдарын күтумен өмірден өтті, қаншама арулар жесірленіп, сәбилер жетімдіктің зарын тартты. Солардың бірі біздің жерлесіміз Ұлы Отан соғысының батыры А.Үсенов болатын. Ол 1924 жылы Түркістан қаласының Теке ауылында дүниеге келіп, кейін Түркістан темір жол станциясында вагон жөндеу депосының цех механигі болып жұмыс істеді. Кейін арын жалау, жанын алау етіп жауға аттанып, Қызыл Армия қатарына шақырылды. 112Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының құрамында Украина жерін жаудан азат ету үшін кескілескен шайқаста асқан ерлік көрсетті. Ол фашистің 8 танкісіне қарсы шығып, оны ілгері бастырмай, ерлікпен қаза тапты. Оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, қазіргі таңда туған жеріне, елдімекенге, мектепке, көшелерге оның есімі берілді. Біз оны әрдайым мақтан етеміз! Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңісіміз достықты шыңдаған, бірлікті жырлаған, ер намысы болып аталған, ел дауысы болып шақырған Жеңіс! Жауға аттанған ел ұландары Отанымыздың байтақ жерін қорғады, айдын көлін қорғады, өзі туған өңірін қорғады, ақ сүтін берген анасын қорғады, пәк күлкі шашқан баласын қорғады, парасатты данасын қорғады. Осы әділет жолында қасық қанын қиып ұрыс даласынан қайтпай қалған қаһармандар қаншама десеңізші. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тіршілігіміздің нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Міне, осынау қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан батыр ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас ие отырып, ол кісілердің бүгінгі ұрпақтарына қалдырған кең байтақ, азат елін, жерін қорғау, күту болашақ мына біздің қолымызда.
Еліміз үшін, жеріміз үшін құрбан болған батырларымызға мың тағзым!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!