Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс

 Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс

Нұрлыбекқызы Фариза
8-сынып,Аққыстау орта мектебі
Атырау облысы,Исатай ауданы
Жетекшісі: Баделова Шолпан

«Бiздiң жүрегiмiз темiр емес. Бiрақ бiздiң кек отымыз қандай темiрдi болса да ерiтiп,күйдiрiп жiбере алады. Бiздiң үрейдi жеңетiн ең күштi қаруымыз бар,ол – Отанға деген сүйiспеншiлiк.»
Бауыржан Момышұлы
Соғыс...Сұм соғыс... Анасын баласынан, азаматты сүйген жарынан айырған, сан сәбиді жетім етіп, зар жылатқан, қаншама қаракөздің тұнық жанарына мұң ұялтқан қанішер сен емес пе ең?! Жүрегі тыныштық деп соққан, көңілі бейбітшілік деп ұрандаған әр адамның сенің атыңды естігісі келмес...Бірақ, сен барсың. Ол – ақиқат. Көңілі тар, дүниеқұмар жан барда,өкінішке орай, сен де боласың. Жегі құрттай әлемді жайпап,күйзелтесің, қиратасың, сан ғасырлар орнатқан мәдениетін күл етесің. Сені жеңер бір ғана күш бар. Ол – сүйіспеншілік. Өмірге, табиғатқа, адамдарға деген сүйіспеншілік адамды көп қауіптен аман алып қалар еді! Әттең,осы бір әдемі сезім бар адамзаттың бойынан табылып, жүрегін нұрландырса ғой, шіркін! Дегенмен, олай емес. Адамдар сүйіспеншілік сезімін атаққұмарлық, дүниеқоңыздық жолында құрбан етуде...
...Осыдан 75 жыл бұрын да солай болған. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия Кеңестер Одағына соғыс ашып, жеріміздің шетіне ескертусіз баса-көктеп кірді. Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ кеңес халқы жан-тәнімен отанын қорғады. Әрбір жан үшін кескілескен ұрыс болды. Қанішер неміс басқыншылары мен кеңес азаматтары аянбай шайқасты. Ұлы Жеңісті миллиондаған адамдар төрт жыл бойы минуттап, сағаттап сарыла күтті. Ақыры, олардың үміті мен сенімі ақталып, армандары орындалды.Дегенмен, Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс жолында небір асыл азаматтар мерт болды. Олар жауымен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті. Ана жарын жоғалтып жесір, бала ата-анасын жоғалтып жетім атанды. Фашистердің тұтқын лагерінде қаншама ана мен бала айуандықпен азаптап өлтірілді.
Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халықтарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыл ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған қайсар жауынгерлеріміз Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов, Қасым Аманжолов, Абдолла Жұмағалиев, Қайырғали Смағұлов,Талғат Бигелдиновтердің ерлігі кейінгі ұрпаққа өнеге.Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлермен қатар соғысқан Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапты. Ал, тылда қалған қарт аналар, әйелдер, бесіктен белі шықпаған балалар соғыстың қайғы-қасіретін арқалай жүріп, тынбай еңбек етті. Соғыс салған жара жазылды десек те,соғыс зардабы әлі ұмытылған жоқ. Жыл сайын соғыс кезінде із-түссіз кеткен жауынгерлердің бейіті,олардың ерлігі үшін жергілікті жердегі ұлттар қойған ескерткіштер Ресей, Белоруссия, Украина жерлерінен табылып, ұрпақтары тәу етіп қайтуда. Ұлы Отан соғысында елін қорғаған жауынгерлер ерлерін аялаған елдің есінде мәңгіге қалмақ.
«Сен құрметте оны!
Түсіндің бе,қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен де ұстап жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын»,-деп Әбу Сәрсенбаев жырлағандай, ол кездегі жауынгерлердің ерлігін айтып тауыса алмайсың. Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш - әрине, "бірлік”. Қаншама халық бір тудың астына бірігіп, күштерін бір арнаға салды.Ұлы Жеңіс–он бес одақтас мемлекеттердің ортақ мерейтойы. Бүгінгі жас ұрпақ пен көзі тірі соғыс ардагерлері әр жылы Жеңіс күні ескерткіш тақталарға гүл шоқтарын қойып, ерен ерлігін еске алады. Биыл Ұлы Жеңістің 71 жылдығында да бұл дәстүр орныдалары хақ. Біз, жас жеткіншек, өмірді сүюді, Отанды сүюді, оны шексіз құрметтеуді, туған жерді қорғауды ардагерлерімізден үйренуіміз керек. Олар қандай мақтауға да лайық. Тек олардың жылдан-жылға азайып бара жатқандығы ғана жаныма мұң ұялатады. "Ер есімі – ел есінде”,- демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ.
Соғыстың аты соғыс қой,
Жалмады талай арысты.
Мылтықтың оғы босқа ұшпай,
Өлiм мен өмiр алысты.
Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 71 жыл өтті. Бұл - сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған - туысқандарына, жақын - жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді. Ұзын бойлы, қара сұр Момыштың ұлы Бауыржан сол кезде отыздың үстіндегі жас жігіт еді. «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам»,- деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысып, өз ұрпақтарының, өз халқының намысын қорғағаны өз халқын шын сүйетіндігінен болса керек.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!