Сарғайса да тарихтың әр парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады

 Сарғайса да тарихтың әр парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады

Манарбек Назерке
9-сынып, Иманғали Білтабанов атындағы орта мектеп,
Ақтөбе обл., Қобда ауд., Иманғали Білтабанов ауылы
Жетекшісі: Тулеубаева Нуршат Нурлыбековна

Уақытпен жарысқан заманда күн жылжыған сайын, тарихта қалар таңбалы оқиғалар орын алып жатыр елімде. Әрине, азаттықтың көк туын желбіреткен Алаш елінде тек ғаламат оқиғалардың орын алуы қуантарлық жайт. Бұл – біздің түп-тамырымыз ата-бабаларымыздың арқасы.
Ал, тарихтың бетін кейін қарай парақтап, 1941 жылға тоқталсақ... 1941 жыл, 22-маусым. Бар қазаққа белгілі қасіретті оқиға болған бұл жылы. Естігенде құлаққа түрпідей тиетін, жүрекке үрей, көңілге кірбің, жанарға мұң ұялататын «соғысты» алып келген жыл еді. Бала атаулыны «әкелетіп», ана атаулыны «ұлым», «жалғызым», «жарым» деп зарлатқан жыл болды. .
..Күңіренген дала...Қоштасу...Жылау...Қимау...Сағыну...Күту...Үмітін үзбеу... Осы бір қасіреттің барлығын әрбір қазақ баласы дәмін татқан еді. Жүректі жаралаған, көңілге күдік пен сағынышты қатар алып келген сұм соғыс әр шаңыраққа өз қатігездігін танытты. Алаңсыз тірлікте қым-қуыт тіршіліктің тып-тыныш күйін кешіп жатқан халық тағдырдың тепкісіне ұшырап, ауыртпалық қамытын киді. Әлемді дүр сілкіндірген соғысты көріп сабылған халық қайда барып қорғанарын білмеді.
Бұл соғыс бар қазақстандықтың басына қасірет әкелді. Жанары жәудіреп, біреуден аяушылық күткендей жанашыры әкесін қимай-қимай алысқа аттандырған қаршадай қазақ баласының басына қасірет алып келді. Қамқоршы һәм ақылшысы, отбасының ұйытқысы болып отырған отағасынан айырылған аяулылардың басына қайғы әкелді. Әкеден қалған жалғыз тұяқ ұлынан айырылған ана жүрегіне өшпес жара салды сұм соғыс. Талай ұл-қыз осы соғыстан соң жетімдіктің салмағын арқалады.
Жүрегін үрей мен үміт тұншықтырып тұрса да, елін қорғау үшін, болашақтың жарқын болуы үшін бір мақсатты арқалап майданға аттанған елімнің қайсар ұл-қыздары-ай... Олар енді оралмасын, туған жерге қайтып табан тіремесін сезсе де елі үшін алға қадам басты.
Майдан шебіне аттанғандардың арасында өмірге жаңа ғана қадам басқан жастар да болды. Жүректерінде туған жерге деген махаббаты тұнып тұрған қаршадай қазақтың батыр ұландары аттанған еді бұл жойқын соғысқа. Соның ішінде бар әлемге белгілі Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды қазақтың қос шынары бар-тұғын. Жауқазындай ғұмырларында соғыс қос қазақ қызын жастайынан қыршын етті.
Кеңес Одағы жауынгерлерінің мақсаты – фашизмді күйретіп, елге жеңіспен оралу еді. Осы мақсат жолында жан беруге дайын талай қазақ баласы өз еркімен сұранып, шытарманға толы сұрапыл соғысқа аттанды. Қолдарына қару ұстаған қазақ балалары алыс атырапта бас қосып, бірлігімен ел қорғады.
Майдан өмірі басталысымен ел азаматтары ерлігімен көзге түсті. Қаһармандықтың шебінде сап түзеп, «елім» деп соққан жүрегімен майданға аттанған Алаш ұландары қайсарлықпен ерліктің үлгісін көрсетті. Түн түндігін түрсе де, көз ілместен, кірпік қақпастан соғысты. Сұм соғыстың секунды әр адамзат баласы үшін сағатқа, минуты айға, айы жылға татитынтұғын. Олар майданда от пен суды қатар кешіп жүріп, жанкешті ерлік көрсетті. Толассыз атқан оқтар мен тынымсыз, қарша бораған бомбалардың астында жүріп-ақ адам сенгісіз ерлікті танытты. Ал туған елде қалған қазақ жұрты әкелерін, ағаларын, балаларын, апаларын тосумен жарғақ құлағы жастыққа тимей, зор үмітпен күтті. Тағдыр олардың бастарына қуанышты да, қайғыны да сыйлады. Өйткені, саусақпен санарлығы ғана елге оралып, отбасымен қауышты. Ал кейбірі отбасына, туған жерге деген сағынышын арқалап мәңгілік жаққа аттанып кетті.
Олар беймәлім сұрықсыз өмірге қадам басты. Олар жиһангерлік соғыстың бел ортасында жүріп, жерін қорғады. Олар қаратүнек фашизмге қарсы жандарын салып күресті. Олар ғасырға татитын 4 жылда жаумен арпалысты. Олар жараланды. Олар мүгедек болды. Олар үміт етті. Олар көз жұмды. Олар тарихқа аттарын алтын әріптермен жаздырып кетті. Олар тарихқа өшпес із қалдырды.
Майдан даласында 600 мыңнан астам қазақстандықтың ғұмыры үзіліп түсті. Қаншама аға-апаларымыз елге мүгедек болып оралды. Қаншама ақ жаулықты анаға қара қағаз келді. Елімді тоз-тоз еткен, даланы қанға бөктірген сұрапыл соғыс 1945 жылға дейін созылды.
1945 жыл, 9-мамыр күні ата-бабаларымыз ұрпаққа Ұлы Жеңісті аманаттап тапсырды. Иә, бұл күні адамзат баласы түгіл бүкіл тау да, тас та, ұшқан құс та қуанышқа кенелген күн еді. Осыдан 75 жыл бұрын басталған тар жол, тайғақ кешудің аяқталған күні. Содан бері 9-мамыр Ұлы Жеңіс күні болып жарияланды. Ерліктің өшпес ізін қалдырған боздақтардың рухына бас иіп, жеңісті сыйлаған ата-бабаларымызға сансыз алғыс айтамыз.
Өз мекенім, туған жерім, ұлы ордам Қобда жерінен ел қорғауға біраз батырлар аттанды. Солардың бірі әрі бірегейі – Әлия Молдағұлова болса, екіншісі – Иманғали Білтабанов. Иманғали Білтабанов Ленинград түбіндегі Одер өзені маңында жаумен болған шайқаста ерекше ерлік көрсетеді. Батырдың есімімен аталған ауылда тұрып, Иманғали Білтабанов атындағы мектепте оқитыным мен үшін зор мәртебе, қуаныш.
Қобда жері – батырлар мекені. Мен батырлар өсіп-жетілген, елін қорғаған жауынгерлердің жерлесі болғанымды мақтан тұтамын.
1941 жылдан бері талай күндер, талай жылдар зымырап өтті. Бірақ, сол күндер санамызда жаңғырып, мәңгі есте сақталады.
Талай ауыртпалықты басынан өткерген қазақ халқынан құралған Қазақстан дейтін елім бар. Елдігімізді әлем мойындаған, өшпес тарихы бар, мақтанарлық тұғырлы тұлғалары бар, мойымаған батырлары бар Қазақстанда тұрғанымды мақтаныш тұтамын. Зеңгір көк түсті байрақты әлем елдерінде асқақтату – менің арманым.
Қазір Қазақстан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатыр. Соның барлығы өткен бабаларымыздың арқасы. Біз, атабабаларымыздың зарығып жеткен тәуелсіздігін тұмарымыздай сақтауымыз қажет.
Күндер жылжып тарихтың ақ парағы сарғайып жатса да, онда жазылған оқиғалар ешқашан ұмытылмақ емес. Сол зұлмат жылдар ұрпақтың жадында мәңгілікке сақталып қалмақ. Оларды ешкім ұмытпайды, олардың ерліктері ешқашан да ұмытылмайды.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?