Ілияс Жансүгіров (Қақпан)

 Ілияс Жансүгіров (Қақпан)

Жамылып иығына жамаулы тон,
Далаға Иса шықты таң атқан соң.
Оранып ақ кебінге өліпті өлке,
Шымқанып шаңқан киіз, қалыпты құм.
Әуенің тиірмені түнде жүріп,
Тастапты ақ ұлпаға жерді көміп.
Қадап тұр үскебегін таңғы ызғырық,
Аспанның, артын ашып, таңын түріп.
Атқан таң, ақша қарлы ала кеуең,
Жылмиып жұмыртқадай қыр мен өзен.
Тұйықтап туырлығын терең көлдер,
Қалтырап тал, қамыс тұр ренжіген.
Антұрған, арамза туып жатып,
Күшігін қаншық жатыр шуылдатып.
Қыстауға көтеремдей жабу жауып,
Қойыпты қар кірпігін қимылдатып.
Қайтадан қапыл-құпыл үйге кіріп,
Уа қатын! - деді жылдам көжені жылт,
Әуе ашык, қалғып жатыр қанды сонар,
Мұндайда отыра ма үйде жігіт!
Па, шіркін! Қырда қызық міне бүгін,
Жортар ма ед Ақөзектің тарғыл құмын.
Түлкіні алтай қызыл бұлаңдатып,
Қуатын қайда менің ат-айғырым.
Шаңқиып сонар дүние, ертеңгі уақ,
Қыстаудан шықты малтып құзғын тұмақ.
Айғыздап ақпа төсте малтады аяқ,
Жылытпа ішкен маңдайынан бу бұрқырап.
Қамысты жара-мара, түре-мүре,
Түндегі жетті малтып түбегіне.
Жеткенде қақпан құрған жемтігіне,
Ырылдап қоя берген міне бір не?..
Жортқанда ойды-қырды, тамақ айдап,
Қалыпты қанды қақпан, қасқыр шайнап.
Қақпанды қазықгаған, арс-ұрс қауып,
Ызалы долы шіркін жатыр шайнап.
Тұқырта тұмсығынан ұрды қатгы,
Қаңқ етті, серейді де, дір-дір қақты.
Көкжалға қанды қақпан ажал болып,
Жылы қан тұмсығынан жылжып ақты.
Жалмауыз, жауыз қорқау түзде жүрген,
Тентек, сұм, теріс азу, тентіреген.
Қылғаны ұрлық-зорлық өмірінде,
Несібін елден жеген, жерден жеген.
Қораға қашаннан бұл шапқан қатты,
Жарып жеп жабағыны, жылқы тартты.
Адасқан жалғыз-жарым адамды алып,
Қуалап қой сорлыға талай шапты.
Бөрі етті, бөлтірігін жемір етті.
Жарлының жалғызын жеп еңіретті.
Боздатып боз інгеннің ботасын жеп,
Бұзаусыз не сиырды мөңіретті.
Тиіп ап бала алдынан бес ешкіні,
Жеп кеткен кеше ғана жемтік міне.
Алғанда жау жағадан, бұл етектен,
Қабынған қыс аңғары жаман жылы.
Қу қақпан, күйсіз қақпан, жарлы қақпан,
Майланып, бүгін қасқыр алды қақпан.
Сілейіп, қанжулы боп жатты көкжал,
Ығыр қып елге шапқан, зар жылатқан.
Тасқындап тас жүрегі, тулап тайдай,
Жарқылдап, жабырқау жүз, күліп айдай,
Кезі ойнап, желбезегі желбелеңдеп:
«Болатын болды-ау,- деді,- көйлек пен шай.
Қақпаным! Жауымды алдың, алдың азық».
Деді де, әлді қолын алды жазып.
Сүйретіп құзғын тұмақ үйге қайтты,
Орнында қан, сауысқан, қалды қазық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі