Адам, жан, кісі, көп, көпшілік

 Адам, жан, кісі, көп, көпшілік

Адам бір-біріне қонақ.

Адам қайғысы - заман қайғысы.

Күн күркіресе, көп дүркірер.

Күйесіз қазан жоқ, қайғысыз адам жоқ.

Адам ойға тоймас, қасқыр қойға тоймас.

Тоқ адамды ұйқы басады,
Аш адамнан ұйқы қашады.

Ас адамның арқауы.

Құс жаманы саңғығыш,
Адам жаманы қаңғығыш.

Адам мен адам арасы, аспан мен жердей.

Жақсы адам елдің ырысы,
Жақсы сөз жанның тынысы.

Жақсы адам тауып сөйлейді,
Жаман адам қауып сөйлейді.

Жақсы кісінің ашуы - шай орамал кепкенше.

Аққу айдынын аңсайды,
Адам туған жерін аңсайды.

Отансыз адам - ормансыз бұлбұл.

Адам арын ойлайды.

Атамекен аясы - адамның жан саясы.

Адамның жүзі ақылдың айнасы.

Адам аласы ішінде,
Мал аласы сыртында.

Адам болып туған соң,
Адам болып өлу лазым.

Адам жүрген жермен адам жүреді,
Біреу білмегенді біреу біледі.

Адам көркі шүберек,
Ағаш көркі жапырақ.

Адам тастай берік,
Гүлдей нәзік.

Адам қатесіз болмас,
Көл бақасыз болмас.

Адам ұйымшыл,
Мал үйіршіл.

Адам болам десең, арыңды ақшаға сатпа.

Адамның сырты алдамшы.

Адамға адам жат емес.

Бір лақ екі адамды талтаңдатады.

Бір кісі мың кісіге олжа салар.

Ақсұңқардың баласы,
Алдына қоймай ас жемес.
Анық жақсы баласы
Адамнан туса жат демес.

Бағы тайған адамды
Түйе үстінен ит қабар.

Ауыр жол— атаңды сынайды,
Ауыр іс — адамды сынайды.

Сырын білмес адамға
Сырыңды айтпа.
Сырын білмес атанға
Жүгіңді артпа.

Жаман атқа жал бітсе,
Жанына торсық байлатпас.
Жаман адамға мал бітсе,
Жанына қоңсы қондырмас.

Екі тізгін жоқ болса,
Ат басын адам бұра алмас.

Ат қартайса,
Есекпен достасады.
Адам қартайса,
Төсекпен достасады.

Қатты күркіреген күн
Тез ашылады.
Қатты ашуланған адам
Тез басылады.

Кәрі ағаш — бұтағымен,
Кәрі адам — ұрпағымен.

Жаман көлдің суы ащы
Жаман адамның тілі ащы.

Сусыз жердің шөбі сұйық,
Суайт адамның сөзі сұйық.

Ағын су жолын табады,
Ақ адам оңын табады.

Ат болатын құлынның,
Бауыры жазық келер,
Адам болатын баланың,
Маңдайы жазық келер.

Ат болар тай саяққа үйір,
Адам болар бала қонаққа үйір.

Құс балапаны үшін тұзаққа түседі,
Адам баласы үшін азапқа түседі.

Адам сөзінен жазады,
Сиыр мүйізінен жазады.

Мал басынан байланады,
Адам тілінен байланады.

Адамның өзі жетпеген жерге
Сөзі жетеді.

Ат тұяғы—алтын,
Алысқа алып баратын.
Адам тілі алтын,
Алысты сұраптабатын.

Адам тілінен,
Ат аяғынан жазады.

Кесір сөзде — қырсық көп,
Кесір адамда — тыртық көп.

Ақын өлең айтпайды, жантайған соң,
Адам келмес үйіңе мал тайған соң.

Адам өмірге
Иықтап келеді,
Кетерінде «ұйықтап» кетеді.

Жақсы адам — жұрттың ырысы.

Ат аяғынан семірер,
Адам құлағынан семірер.

Адам сөйлескенше,
Жылқы кісінескенше.

Кісі аты тершіл,
Кісі киімі кіршіл.

Кісідегінің
Кілті аспанда.

Кісі қатесіз болмас,
Көл бақасыз болмас.

Ақылды адам айтқызбай біледі,
Ақ сұңқар қаққызбай іледі.

Аш адам ұрысқақ,
Ақсақ қой тырысқақ.

Сыртың сайлы болғанша,
Ішің майлы болсын.

Ақылсыз адам айқай келеді,
Жан-жағын жайпай келеді.
Ақылды адам жай-жай келеді,
Жан-жағын байқай келеді.

Қарау адам — күншіл,
Мекер адам — міншіл.

Сырты жалтырауықтың
Іші қалтырауық.

Қатты жауған күн
Тез ашылады,
Қатты ашуланған кісі
Тез басылады.

Әлсіз адам — сүріншек,
Ақылсыз адам — еріншек.

Талансыз адам — табансыз,
Алымсыз адам —шалымсыз.

Көп іздеген адам,
Көмбенің үстінен шығар.

Арман — адамға қанат.

Армансыз адам — алысқа бармас.

Мал дара тартады,
Адам қара тартады.

Су да ылдиға ағады,
Кішіпейілділік адамға жағады.

Адамнан үлкен ат жоқ,
Наннан үлкен — ас жоқ.

Адам бір терінің ішінде
Толады да, солады да.

Әлсіз адам жағымпаз,
Кербез адам — қырымпаз.

Болар адам — он бесінде бас болар,
Болмас адам — қырық бесінде жас болар.

Еңбек — адамның көркі,
Адам — заманның көркі.

Заман қамын ойлаған
Саналықтың белгісі.
Адам қамын ойлаған —
Даналықтың белгісі.

Өнерпаздың қолы игі,
Ұлы адамның жолы игі.

Ат жақсысын мақта,
Адам жақсысын жақта.

Жаман итті еркелетсең,
Аузыңды жалар.
Жаман адамды еркелетсең,
Жаныңды алар.

Алтын отта сыналар,
Адам жоқта сыналар.

Базарда мың адам бар,
Әркім сүйгеніне сәлем береді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 4 277



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!