Жұмбақтар жауабымен: Табиғат (4)

Жұмбақтар жауабымен: Табиғат (4)

Ақ шапанын үстінен
Алты ай бойы шешпеді.
Қара шапаны үстінен
Алты ай бойы түспейді.
Қысқы ақ қар, жазғы қара жер

Бөркін ағай киеді ошырайтып.
Томарға түскен қар

Қарағайсыз, тақтасыз,
Көпір салдым балтасыз.
Мұз

Адам тимей қағанағым жарылды.
Мұз

Суда жаралады,
Суда жоғалады.
Мұз[/b]

Қасқанасы қылтылдап,
Көз қарасы жылтылдап.
Ұзын-ұзын ұз келер,
Ұзын бойлы қыз келер.
[b]Ағынды су

Дедектейді, зырлайды,
Артқа мойын бұрмайды.
Өзен

Күлің, күлің, күлің ат,
Күліп өтті, көрдің бе?
Көлеңкесін көрсетпей
Жүріп өтті, көрдің бе?
Өзен

Өркешіне мұз артқан,
Шудасынан су аққан,
Мынау неткен қара нар,
Күншіліктен мұратқан?
Тау

Жеті ағам жерге түспейді.
Жеті қарақшы

Әне барды өзі,
Көрінбейді ізі.
Жел

Төгілген жерге ақ моншақ,
Ғайып болды сол шақта-ақ.
Бұршақ

Өнері жоқ, қолы жоқ,
Сурет салуды біледі.
Терезедегі қырау

Кетпейді қасымнан
Сипайды шашымнан.
Желпиді, өбеді,
Бетіме төнеді.
Емес ол жырақта
Көрінбес бірақ та.
Самал

Ауыл сыртында сайда,
Жатыр үлкен айна.
Көл

Ақ жылан аяғы да, көзі де жоқ,
Сөйлеген не бір ауыз сөзі де жоқ,
Тоқтамай қысы-жазы жүре берер,
Бір сәтке аялдайтын жері де жоқ.
Су

Аспанға ұшар бу болып,
Жерге қайтар су болып.
Бұлт

Көзі жасты,
Тұра қашты.
Бұлт

Алдымда әр түрінен жібек жіптің,
Аспанға әшекейлеп кесте тіктім.
Кемпірқосақ

Себелеп інжу шашады,
Сергітіп көңіл ашады.
Жауын

Екеуі де анасы,
Үш жүз алпыс бес баласы,
Отыз ор дуадақ,
Бес балақ сан,
Қырық сегіз патшасы.
Ай мен Күн, бір жылдағы және бір айдағы күндердің һәм бір жылдағы жұманың саны

Керегенің басында кетпен жаулық,
Кет десем де кетпейді неткен жаулық.
Күннің сәулесі

Азаяр қыста қызуы,
Молаяр жазда шыжуы.
Күн

Жағалдайдың түйесi
Жар жағалап келедi.
Сауырында таңбасы
Күйiп-жанып келедi.
Күн

Түбі мықты жаралған сегіз батыр,
Баяғыдан соғысып келе жатыр.
Кезек-кезек соғысып, жатып-тұрып,
Кім жығары белгісіз түбінде ақыр.
Қыс пен жаз, күн мен түн, тақ пен жұп, жақсылық пен жамандық

Қысты күні қаптап,
Қонып жатыр бақбақ.
Жапалақ қар

Түнеріп келіп,
Гүл егіп кетеді.
Жаңбыр

Өзі көкте,
Келбеті көлде.
Ай

Күндіз беті таза,
Түнде бетін әжім басты.
Аспан

Көрінбей-ақ көзіңе,
Күш танытар өзіңе.
Шайқап шарбақ, тал-бақты,
Зыр жүгіртер қанбақты.
Жел

Бейне бір жас балақан,
Шапалақтап алақан,
Жазда тұрып жоғары,
Күзде жерге қонады,
Қыста түсі оңады,
Бұл қандай зат болады?
Жапырақ

Ертеңгілік үлкен,
Кешкілік үлкен,
Талма түсте кішкентай.
Күн

Көк аспанды байытқан
Қара бұлтқа тәп-тәуір
Пайда болып ғайыптан,
Ғайып болды от-тамыр.
Найзағай

Көбелек секілді келгенде,
Кеткенде әбжылан сияқты.
Қар

Тіріде, басы аманда
Асылып тұрар әмәнда.
Аяғы жерге тимейді,
Аязсыз күнді сүймейді.
Сүңгі

Шешесі — су да,
Әкесі — суық.
Көктемде өлер,
Күз күні туып.
Мұз

Көл бетінде керуен жол.
Құс жолы

Бояуларым қашып кетті,
Көк қағазды басып кетті.
Қатарларын тізіп алды,
Арттарында ізі қалды.
Кемпірқосақ

Қазан толды кілкілдеп,
Қайнайды жәй бүлкілдеп.
Жаңбыр кезіндегі айдын

Күн күледі,
Жер түледі.
Бұл қай мезгіл?
Көктем

Дәмі де жоқ, түсі жоқ
Пайдаланбас кісі жоқ.
Су

Қара таудай буралар,
Қара бұйра шудалар.
Бура жерге шөгеді,
Бұлау терін төгеді.
Бұлт пен жаңбыр

Бой жаза алмай, ойнай алмай
Денең мұздап тоңады.
Бөбектерім айтыңдаршы
Бұл қай кезде болады?
Күз

Құйсаң шығар гүл өсіп,
Қатады қыста сіресіп.
Су

Көз жасты – жылауық,
Келе жатыр бір алып.
Жабырқаса жылайды,
Жадыраса тарайды.
Бұлт

Аппақ, бірақ сүт емес,
Аппақ, бірақ бор емес,
Аспаннан ол түседі,
Даланы ақпен жабады.
Қар

Жабағыны ұшырдым
Жерге моншақ түсірдім.
Жаңбыр

Гуілдейді құлаққа
Оны ешкім көрмейді.
Жел

Жиып-теріп болатын
Қанбаға астық толатын
Қызыл қырман ойнайтын
Қай мезгілде болатын?
Күз

Бос жер қалмай аспанда
Түнде шешіп тастаған
Моншақтардың аты не?
Қайсы әріптен басталған?
Жұлдыз

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?