Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» хикаятындағы кейіпкерлер бейнесі (6 сынып, III тоқсан )

 Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» хикаятындағы кейіпкерлер бейнесі (6 сынып, III тоқсан )

Пән: Қазақ әдебиеті
Ұзақ мерзімді жоспар бөлімі: Мен балаң жарық күнде сәуле қуған...
Сабақтың тақырыбы: Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» хикаятындағы кейіпкерлер бейнесі
Оқу бағдарламасына сілтеме: 6.А/И2.Эпикалық,поэзиялық шығармалардағы автор бейнесін анықтау.

Сабақтың мақсаты:
Оқушылардың барлығы орындай алады:
Шығармадағы автор бейнесін анықтаймын.
Оқушылардың көпшілігі орындай алады:
Шығармадағы автор бейнесін өзге кейіпкермен салыстырамын.
Кейбір оқушылар орындай алады:
Шығармадағы кейіпкер бейнесін өз ойыммен, көркем тілмен жалғастырамын.
Сабақ барысы:
Топқа бөлу. Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру. Оқушылар шеңбер бойымен тұрып, бір-бірінің иығына қолын қойып, жақсы тілектер айтады.
Ой шақыру
1. Сайын Мұратбеков туралы не білеміз?
2. Жазушының қандай шығармаларын білесіздер?
3. Жусан дегеніміз не?
4. Жусанның иісі қандай болады?
Топтық тапсырма
Берілген үзіндіні оқыңыз. «Даналық кілті» әдісі арқылы
үзіндімен жұмыс жасаңыз.
1-топ. «Салыстыру» кілті.
Аян мен өзге балалардың бет-бейнесін, киімін, өзін ұстай білу қасиетін салыстырыңыз. Шығармада автор өз бейнесін қалай көсетеді? Себебін түсіндіріңіз.
Бағалау критерийлері:
- үзіндіден автор бейнесін анықтайды;
- кейіпкерлерді салыстырады.
2-топ. «Бағалау» кілті.
Жаңадан келген бейтаныс балаға өзгелердің жатырқай қарауының себебін анықтаңыз. Алғашқы таныстықты автордың ерекше бейнелеуіне баға беріңіз.
Бағалау критерийлері:
- үзіндідегі автор бейнелеуіне баға береді;
- іс-әрекеттің себебін анықтайды.
3-топ. «Егер де...» кілті.
Егер де автор болсаңыз Аян мен өзге балалардың алғашқы таныстығын қалай суреттер едіңіз.
Бағалау критерийлері:
- автор бейнелеуінен өзгеше суреттейді;
- қызықты етіп бейнелейді.
4-топ. «Керісінше» кілті.
Аян мен өзге балаларды керісінше бейнелеп, алғашқы таныстықтың қалай болғанын баяндаңыз.
Бағалау критерийлері:
- автор бейнелеуін керісінше суреттейді;
- ерекше көзқарас ұсынады.
Үзінді:
…Біз, балалар, көшеде екіге жарылып ап, қағазға топырақ орап, бұрқылдата лақтырып, атысып ойнап жүргенбіз. Ары өтіп, бері өткен кемпір-шал: «Желкең қиылғырлар-ай, соғыс аздай, бұл атысып ойнады дегенді қадай шағарды осылар, басқа ойын аз ба-ей!..» - деп ұрсып-ұрсып қуып тастайды. Бірақ олар кетісімен қайта жиналамыз. Қайта атысамыз. Желсіз тымырсық күнде бұрқылдаған май топырақ тұманша қалқып, шаңытып тұрып алады. Жуық арада сейіле қоймайды. Соның арасында тұншыға жүріп, көзіміз ғана жылтырап, бір-бірімізге «уралап» ұмтыламыз. Ойынның осындай бір қызу шағында біздің «атаман» - Садық кілт тоқтай қап:
- Әй, анау кім-ей? - деген.
Бәріміз сол нұсқаған жаққа қарадық. Анадай жерде: шолақ жең ақ жейде, тізеден жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай таза бір бала тұр екен. Біз қараған кезде ол өзінше әлдеқандай боп кейкиіп, екі қолын қалтасына сап шіреніп қойды. Ойынды тастай сала бәріміз бірдей топырлап жүгіріп әлгінің қасына келдік. Адам көрмегендей бір-бірімізді кимелеп, қоршалай тұра қалдық. Үстіміздегі киімнің кімдікі қара, кімдікі ақ екенін біліп болмайды, баттасқан шаң-топырақ. Шетімізден ит талағандай алым-жұлым, алқа-салқамыз. «Бұл кім-ей? Қайдан келген-ей?» - деп бірімізді біріміз түртпектей береміз. Өзіне бастан-аяқ шұқшия қарап шықтық. Ол да сынағандай әрқайсымызды бір-бір шолып өтті. Біздің ұсқынсыз түрімізге көңілі толмаған сияқты, шолақ танауын тыржитып қойды. Қоңырқай жүзі тершіп, маңдайындағы біркелкі етіп қиылған кекіл шашын үрлеп тұрды. Кекіліміз жоқ бізге оның сол қылығының өзі кереметтей сүйкімді көрініп, қызыға қарадық...
Дифференциациялық тапсырма.
Есікбай мен Аянның бейнесін өз ойыңызша жалғастырыңыз. Көркем тілмен бейнелеңіз.
Есікбай - сидаң бойлы, қол-аяғы қара қайыстай қатқан ұзын, жүгіргенде алдына жан салмайтын, өзі төбелесқор, сотқар бала еді. Кейде қараптан-қарап келе жатып әркімге бір ұрынатын жаман әдеті бар. Әлі жеткенді аяқтан шалып қап, болмаса басынан тоқай алып жылатып жіберетін...
________________________________________
Аян өте ақ көңіл, ақылды бала екен. Адамды іш тартып тұратын жайдары жүзі, не десең де тез көне кететін жұмсақ мінезі бізді бірден үйіріп әкетті. Ең жақсы қасиеті - ешкіммен төбелесіп, сөзге келмейтіндігі еді. Бір-екі рет кейбір шатаққұмар балалар тиісіп ие көрген өзіне. Аян үндеместен қабағын түйіп, ондайлардан сырт айналып кетіп жүрді....
_____________________________________
Бағалау критерийлері:
- кейіпкерлер бейнесін өз ойымен жалғастырады;
- көркем тілмен бейнелей алады.
«Ыстық орындық» әдісі. Оқушылар өз жазғандарын автор орындығына отырып, оқиды. Не себепті олай жазғанын түсіндіреді. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 371



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі